НАРЫҚ ПЕН ПАЙЫЗДЫҚ КӨРСЕТКIШТЕР

НАРЫҚ ПЕН ПАЙЫЗДЫҚ КӨРСЕТКIШТЕР

НАРЫҚ ПЕН ПАЙЫЗДЫҚ  КӨРСЕТКIШТЕР
ашық дереккөзі
267

Шiлiңгiр шiлдеде азық-түлiктiң кейбiр түрi арзандағанмен, ақылы қызмет көрсету мен коммуналдық төлемдер (су, жарық, жылу, газ т.б.) бағасы өстi.

ҚР Статистикалық агенттiгiнiң хабарлауынша, 2009 жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстаннан сыртқа әкетiлген тауарлар бағасы 2008 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, 18 пайызға; ал елiмiзге әкелiнген тауарлар құны 4,3 пайызға төмендептi. Оның iшiнде, экспортталған шикiзат – 7,4%, жартылай дайын өнiмдер – 4,7%, дайын тауарлар 3,8%-ға арзандаған. Ал импортқа келсек, шикiзат – 13,2%, жартылай дайын өнiмдер – 2,5%, дайын тауарлар 2,2%-ға құнсызданған. Үстiмiздегi жылдың алғашқы жарты жылдығында қара металдардың экспорттық тасымалдау құны – 35,7%, көмiр – 30,6%, мұнай – 17,4%, мұнай шикiзатынан өңделген өнiмдер – 10,8%, түрлi-түстi металдар 5,1%-ға дейiн арзандаса, керiсiнше, бағалы тастар – 31,2%, мырыш – 9,1%-ға қымбаттаған. Құнсыздану процесiнен астық нарығы да шет қалмапты. Мысалы, аталған уақыт аралығында бидай – 27,7%, мақта – 11,2%, күрiш – 6,3%-ға арзандаса, есесiне, жүннiң бағасы 6,9%-ға өскен.

Отандық экономиканың нақты саласын дамыта алмай жатқан Қазақстанға терi өнiмдерi сырттан тасылатыны белгiлi. Ал әлемдiк экономикалық дағдарыс баға саясатын қайта сүзгiден өткiзiп, бiраз заттың құны түстi. Мәселен, үстiмiздегi жылдың басынан берi терi мен пластмассадан жасалатын бұйымдар – 26,4 пайызға, ағаш бұйымдар – 25,4 пайызға, бояулар мен лактар – 25,2 пайызға, қағаз – 13,1 пайызға арзандаса, дәрi-дәрмектiң бағасы соңғы айларда, әсiресе, күнi кешегi ұлттық валютаның девальвациясынан кейiн 27,3 пайызға өстi. Ал кофе – 9,6, шай – 1,8, қант – 1,4%.

Бүгiнде базардағы баға саясатына қарай Қазақстандағы күнкөрiс деңгейi де “тонын” ауыстырып кидi. Статагенттiктiң хабарлауынша, 2009 жылдың шiлдесiнде елiмiздегi жан басына шаққандағы күнкөрiс деңгейi орташа есеппен алғанда, 12 948 теңгеге тең болған. Халық тұтынатын азық-түлiктiң негiзгi түрлерiнiң тұтыну көлемiне байланысты есептелген күнкөрiс деңгейi 2008 жылдың шiлдесiне қарағанда, 3,3 пайызға өсiптi. Халық көп тұтынатын азық-түлiк тiзiмiнде ет пен балық (18,8%), сүт, жұмыртқа мен май өнiмдерi (14,9%), жемiс-жидек пен көкөнiс (14,7%), нан өнiмдерi (9,2%), қант пен шай (2,4%) бар. Бiр қызығы, шiлiңгiр шiлдеде тамақ арзандаса, азық-түлiкке жатпайтын тауарлар керiсiнше, қымбаттаған (0,4 пайызға), сондай-ақ, ақылы қызмет көрсету – 0,8 пайызға, дәрi-дәрмек пен кiтап – 0,5 пайызға, мата мен ыдыс – 0,6 пайызға, құрылыс материалдары – 1,4 пайызға, жанар-жағар май 3 пайызға дейiн өсiптi. Коммуналдық қызметте – газ (3,6%), суық су (1,6%), орталықтандырылған жылу жүйесi (1,3%), жарық (1,2), ыстық су (1%), темiр жолдағы жолаушылар көлiгiнiң қызметi (2,4%), денсаулық сақтау мен мәдениет саласында (0,7%) да баға қымбатшылығы байқалған. Ескеретiн жайт, инфляция деңгейiн байқататын тұтынушылық баға көрсеткiшi тауарлар мен қызмет (508 ұстаным бойынша) бағасындағы өзгерiстердi анықтайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары