ҚАМБАЛАР АСТЫҚҚА ТОЛАДЫ
ҚАМБАЛАР АСТЫҚҚА ТОЛАДЫ
Әлемдiк нарыққа ұн экспорттауда – Еуроодақ пен Түркиядан кейiнгi үшiншi орында, ал астық мәселесiнде 6-орында тұрған Қазақстанда егiн биыл мол жиналмақ.
Қазiргi таңда Қазақстан әлемдегi ең iрi астық экспорттаушы елдер арасында 6-орынға ие. Ал әлемдiк нарыққа ұн тасымалдауда Еуропалық Одақ пен Түркиядан кейiнгi үшiншi орында. Мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру үшiн 19 млрд. доллардан астам қаражат бөлiндi. Бұл көрсеткiш елiмiздiң ЖIӨ-нiң 14 пайызына тең. Ресми дерек көздерi таратқан мәлiметтерде ауыл шаруашылығындағы ағайынға көрсеткен көмектiң егiстiктi 1,6 млн. гектарға дейiн өсiруге жағдай жасағаны айтылады. Осының арқасында үстiмiздегi жылдың күзiнде 400 мың гектар жерiне дәндi-дақыл себiлген Алматы облысындағы астық қамбалары соңғы 10 жылда болмаған қарқынмен тола бастайды. Сарапшылардың сөздерiне сүйенсек, егiннiң жартысы ендiгi жиналып алынған, ал жыл соңына дейiн жалпы көлемi 1 млн. 200 мың тонна егiн алынбақ. Әр гектарына 22 центнер дәндi-дақылдан келетiн алматылық диқандар Қазақстанға сырттан тасымалданатын астықтың көлемiн едәуiр қысқартуға сеп болумен бiрге Қазақстанның өзге аймақтарын да бидаймен қамтамасыз етуге мүмкiндiк алды. Оның үстiне, былтырғы қуаңшылыққа қарағанда, биыл егiс алқабындағы абыр-сабыр екi есеге көп. Былтыр қамбалары ортайып қалған алматылықтар бидайды елiмiздiң солтүстiк аймақтарынан тасыған болатын. Осы себептi, iшкi тұтынушылық сұранысты қамтамасыз ету мақсатында, бiр ғана Ақмола облысынан 175 мың тонна астықты сатып алған едi. Биыл жағдай басқаша. Мысалы, ерекше екпiнмен алға шыққан аудандар қатарындағы Сарқандта гектарына 24 центнерден астық жинауда. Отандық телеарналардың бiрiнен сұхбат берген сарқандтық шаруа қожалығының басшысы Манарбек Қанабеков кейбiр алқаптардағы астық көлемi (әр гектарына) 40 центнерге дейiн жететiнiн, ал орташа есеппен алғанда, 25 центнер болатынын жеткiздi. Шiлде айының соңында жасаған мәлiмдемесiнде ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев биыл астық былтырғыға қарағанда, 1,5-2 млн. тоннаға (таза салмақпен – 14 млн. тонна) көп жиналатынын айтты. ҚР Статистикалық агенттiгiнiң мәлiмдеуiнше, 2008 жылы қазақ даласында таза салмақпен 15,6 млн. тонна дәндi-дақыл алынған, оның 6 млн. тоннаға жуығы экспортқа шығарылған. Ресми деректерге сүйенсек, ең көп астық 2007 жылдың еншiсiнде – 22,6 млн. тонна. Әрине, астықтың молдығына ауа райының қолайлылығы да өте маңызды. Сондықтан мамандар биылғы межеге қатысты нақты болжамдардың тамыздың ортасына қарай белгiлi болатынын айтады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ