ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА: БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР
ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА: БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР
2009 жылдың соңына қарай әлемдiк экономиканың ахуалы жақсара ма, әлде дағдарыстың екiншi толқыны қайталана ма? Сарапшылар пiкiрi саналуан. Бiрақ жылжымайтын мүлiк нарығындағы жағдай қайта шиеленiссе, дүниежүзiлiк экономиканың халi мүшкiл болатынына сенiмдi.
Сарапшылардың көпшiлiгi қаржылық дағдарыстың Жер шары экономикасын тұралатып тастайтын екiншi толқыны қайталанады деп алаңдаулы. Ал кейбiр сарапшының пiкiрiнше, екi жылдан астам уақыт дүниежүзiлiк экономиканы әбiгерге салған дағдарыс еңсерiле бастады. Өткен аптада АҚШ Федералдық қор жүйесiнiң экс-басшысы Алан Гринспен Америкадағы рецессия аяқталуға жақындағанын және экономикалық көрсеткiштердiң жоғарылауы мүмкiндiгiн көлденең тартқан. Iле-шала сөз алған әлемге танымал экономист – Нуриэль Рубини 2009 жылдың соңына қарай экономикалық дағдарыстың ауыздықталатынын, екi жылдан кейiн америкалық ЖIӨ көлемi шамамен, 1 пайызға көбейетiнiн айтты. Рубинидiң пiкiрiмен санаспайтындар кем де кем. Өйткенi, 2006 жылдың қыркүйегiнде, яғни, қаржылық дағдарыс басталмай тұрып, Халықаралық Қаржы Қорының семинарында АҚШ-тағы жылжымайтын мүлiк нарығындағы келеңсiздiктердi, ипотекалық несиелеудегi қаржылық қатердi, халықаралық қаржы жүйесiне керi әсер ететiн факторларды болжаған болатын. Алайда, Халықаралық Қаржы Қорының мамандары Гринспен мен Рубинидiң оптимистiк көзқарасына кереғар пiкiрде. Олар әлемдiк экономикалық көрсеткiштер үстiмiздегi жылы 1 пайызға өспейтiнiн, керiсiнше, 1,4 пайызға қысқаратынын көлденең тартады. Оған себеп, қаржылық дағдарыспен күрес мақсатында жұмсалған қаражат көлемi бүгiнде 11 трлн. доллардан асып түскен көрiнедi. АҚШ-қа тиесiлi банк жүйесiндегi қаражат тапшылғының екiншi толқыны коммерциялық жылжымайтын мүлiк нарығындағы тұрақтылықты шайқалтып, оның кесiрi тағы да дүниежүзiлiк экономикаға тимек. Қазiргi таңда америкалық банктер алдындағы қарыздары 1,8 трлн. долларға жеткен жекеменшiк борышкерлер рецессияның керi әсерiнен көрпелерiне қарай көсiлуге мәжбүр. Яғни, олар жаңа офистер, сауда орындары сияқты басқа да құрылыс нысандарын салуға қатысты жобалары мен жоспарларын жүзеге асыруға ертеңгi күнге деген сенiмсiздiктiң кесiрiнен, қаражат шығынынан қорқасоқтайды. Жалға алу ақысының төмендеуi мен тұтынушылық сұраныстың қысқаруы құрылыс жұмыстарына байланысты несие алған офис қожайындарының ипотекалық қарыздарын ай сайын кешiктiрмей өтеп тұруларына қиын тиюде. Халықаралық Қаржы Қорының сарапшылары коммерциялық жылжымайтын мүлiк нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшiн бiрнеше жыл керектiгiн айтады. Айтпақшы, экономикалық көрсеткiштердiң өсетiнiне сенген Алан Гринспен де егер жылжымайтын мүлiк нарығындағы жағдай тағы ушығатын болса, оның соңы жақсылыққа әкеп соқтайтынын ескерткен. Дағдарыстың екiншi толқыны 2010 жылдың басына қарай көршiлес Ресейде де болады деп болжауда. Рубинидiң оң көзқарасына қосылған кейбiр халықаралық мамандар әлемдiк нарықтағы мұнай бағасының арзандауын уақытша құбылысқа теңгерiп, АҚШ пен Қытайда байқалып отырған экономикалық өсiм мен көмiрсутегiлерге деген сұраныс деңгейiнiң артуы арқасында дүниежүзiлiк экономика аяғынан тiк тұратынын айтады. Goldman Sachs экономистерi таратқан мәлiметте үстiмiздегi жылдың соңына қарай WTI сортты мұнайдың бiр баррелi 85 долларға бағаланатыны айтылған. Халықаралық энергетикалық агенттiк таратқан деректерге сүйенсек, әлемдiк нарықтағы көмiрсутегiлерге деген тұтынушылық сұраныс деңгейi 2010 жылға қарай тұрақтанбақ. Тұрақтандыру шараларына үлес қосатын мемлекеттер арасында Қазақстан да бар. Агенттiк сарапшыларының пiкiрiнше, келесi жылдан бастап “қара алтынға” деген сұраныс көлемi 1,7 пайызға көтерiлмек. Тәулiктiк баррельге шаққанда, бұл 1,4 млн. баррельге тең. Аталған көрсеткiштi 2009 жылмен салыстырған мамандар алты айдан кейiн өндiрiлетiн мұнай қарқыны үстiмiздегi жылы өндiрiлген өнiмге қарағанда, 85,2 млн.-ға (тәулiктiк баррель) дейiн өсетiнiн көлденең тартады.
“Қалталы” мемлекеттер экономикаларын тұрақтандыру және дағдарыспен күрес үшiн 9,2 трлн. доллар бөлсе, қаржылық ахуалы мәз емес елдер 1,6 трлн. долларды қанағат тұтыпты. Оның 1,9 трлн. доллары мiндеттi өтемдерге бағытталса, қалған бөлiгi кепiлдемелер мен қарыздарға кеткен. Экономиканы сауықтыруға жанталасқан әлем үкiметтерi қарыз бен кепiлдеме ретiнде салған қаражатты дүниежүзiлiк экономика түзелгеннен кейiн қайтарып ала алады. Бiрақ сарапшылар дағдарыс кесiрiнен туындайтын қаражат тапшылығы (дефицит) бiраз iске қолбайлау болатынын көлденең тартады. ХҚҚ-ның деректерiне сүйенсек, үстiмiздегi жылы “Үлкен жиырмалық” – G20 мүшелiгiндегi әлемдегi ең iрi 20 мемлекеттiң 2009 жылдың соңына қарайғы бюджет тапшылығы орташа есеппен алғанда, ЖIӨ-нiң 10,2 пайызын құрамақ. Бұл Ұлы Отан соғысынан кейiн қайталанбаған келеңсiздiк. Болжам бойынша, бюджет тапшылығынан әсiресе, АҚШ (13,5%), Ұлыбритания (11,6%), Жапонияда (10,3%) орын алады. Мамандар қауымы қаражат тапшылығын мемлекеттiк кiрiстерге ауыр тиген ғаламдық экономикалық құлдыраумен байланыстырады. Дағдарыспен күреске деп бөлiнген 11 трлн. доллар да “жығылғанға жұдырық” болғаны анық. Әрине, бұл дүниежүзiлiк экономиканы жаппай жайлай бастаған рецессияны ауыздықтауға, бiрқатар экономикалық келеңсiздiктердi тоқтатуға сеп болғанын ешкiм жоққа шығара алмайды. Алайда Халықаралық Қаржы Қоры экономиканы тұрақтандыруға бөлген қыруар қаражаттың ақталу, ақталмауына күмән келтiредi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ