ӨТПЕЛI КЕЗЕҢ ӨТТI. ЕНДI ҚАНДАЙ ЖЕЛЕУ БАР?
ӨТПЕЛI КЕЗЕҢ ӨТТI. ЕНДI ҚАНДАЙ ЖЕЛЕУ БАР?
Қазақ елiн әлем таныды. Елдiң экономикасы өтпелi кезеңдi бастан өткерiп, қарқынды дами бастады. Халықтың әлеуметтiк тұрмыс жағдайы да жылдан-жылға аз да болса жақсарып жатыр. «Неге аздап жақсарады, неге көбiрек жақсармайды? Бiздiң жерiмiздiң астының бәрi тұнып тұрған қазба байлық болса да, халқымыз кедейшiлiктен неге арыла алмайды?» деген сұрақтар екiнiң бiрiнiң көкiрегiнде сайрап тұр.
Неге жыл сайын тек Елбасы айтса ғана зейнетақы, жалақы мен шәкiртақы деңгейi көтерiледi? Сонда қыруар қызметкерi бар Үкiмет не бiтiредi? Неге ай сайын өсiп жатқан бағалардың өсу қарқыны мен деңгейi есептелiп, халыққа берiлiп жатқан жәрдемақы, зейнетақы, шәкiртақы мен жалақы деңгейiн тез көтеру мәселесiн шешпейдi? Әлде бiздiң Үкiмет қауқарсыз, қуыршақ Үкiмет пе? Үкiметтiң инфляция деңгейi 8-10 пайыздан аспайды деген қате есебiнiң кесiрiнен зейнетақы мөлшерi 9-10 пайыз ғана көтерiлiп, қазiр бiрнеше есеге шарықтап өскен базар нарқына iлесе алмай қалды. Бұған дәлелдi мынадан-ақ көруге болады: мысалы, Шымкентте өткен күздегi бiр бөлке нан 20 теңге болса, қазiр – 45 теңге, 1 кг. күрiш 90 теңге болса — қазiр 210 теңге, 1 кг. қант 110 теңге болса — қазiр 220 теңге, бiр қап ұн 1500 теңге болса — қазiр 3800 теңге, яғни баға 250-300 пайызға көтерiлiп кеттi. Бұл — 2008 жылғы ахуал, ал биыл жағдай оңалады деген еш үмiт жоқ. Бұған электр қауаты, газ бен жанармайдың қымбаттауын қосыңыз. Үкiметтiң баға көтерiлуiне жол бермеймiз деген уәдесi құр сөз болып қалды. Жасаған әрекеттерi бағалар қымбаттап болған соң ғана сол деңгейде ұстап тұруға бағытталуда. Нарықты ауыздықтауға шамасы келмеген соң халық жағдайын нарық қыспағына қиналмайтын жағдайға жеткiзудi тез шешу керек едi. Ол үшiн зейнетақы мен шәкiртақыларды кемiнде 2 есе (200 пайыз) көтеру керек едi, бұл билiктiң қолынан келмедi. Осы арада Елбасымыздың 2008 жылға арнап ұлттық қордан 54 млрд. теңге қосымша бөлгiзгенiн ескерiп айтып отырмын. «Өтпелi кезеңнен өтiп, экономикамыз ТМД елдерiнiң алдына шықты» деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз, ал халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсартуға бар қаржыны қимаймыз. Есесiне, жылына зейнетақыға 1500-2000 теңге үстеме қосқанды жарияға жар саламыз. Әсiресе, 17 мыңнан 35 мыңға көтерiлген жөргекпұлды 7 ай бойы күнде теледидардан қайталап айтқанына даладағы бiздер ұялдық. Сол жөргек пұл қазiргi нарыққа байланысты 100 мың теңгеге көтерiлу керек екенiн Үкiмет қашан ойланады? Тәуелсiздiк көшi түзелiп, бәсекелестiкке қабiлеттi 50 елдiң қатарына қосылу жолындағы жорығымызда мәдениетiмiз бен ұлттық салт-дәстүрiмiздi алға сүйремесек қатты сүрiнуiмiз мүмкiн екенiн де Үкiмет әлi пайымдай қойған жоқ. Егемендi елiмiзге тиесiлi кең байтақ жерiмiздiң егесi әрi мұрагерi қазақ ұлты болғандықтан сол негiзгi ұлттың айбыны — тiлi мен дiлi екенi кiмге де болса белгiлi.
Тiлi өлген ұлттың өзi де тарих бетiнен жоғалатынын ескерсек, бұдан 18 жыл бұрын мемлекеттiк тiл атанған қазақ тiлiнiң өз елiнде көзi ашылмай, түртеңдеп, көп болып сүйеумен келе жатқанына елiм дейтiн, ұлтым дейтiн азаматтың жүрегi сыздар-ау. Елбасымыз бұл жайлы да ескерiп: “Екi қазақ қазақша сөйлесiңдершi”, — дейдi немесе “15 жылда аюға да тiл үйретуге болатын едi, неге мемлекеттiк тiлде сөйлемейсiңдер” — дегенi де әзiрше оң құлақтан кiрiп, сол құлақтан шығып кетуде. Неге? Себебi мемлекеттiк тiлге деген нақтылай қажеттiлiк жасалмаған, сондықтан Конституциядағы “Ресми тiл — орыс тiлi” дегенге сүйенiп, Президент сөзiн де тыңдамайтын халге жеттiк. Тiл комитетi басқармаларының адамдары Шымкент көшелерiн аралап, iлiнген жарнамалар мен мекеме аттарын көрiп, заң талаптарын орындамағандарға “Мынау қатеңдi түзетiңiз”, — деп түсiндiредi, ескертедi. 4 айдан кейiн қайта тексерсе, сол қате күйiнде тұра бередi. Жалынады, одан прокуратураға шағымданады, бiрақ нәтиже болмайды. Прокуратураның да шамасы келмейдi. Түрлi заңсыздықтарды анықтап, тыйым салып жатқан Прокуратура неге дәрменсiз?
Өйткенi, Конституцияның 7-бабының 2-тармағының күшiн тоқтатпайынша прокуратураның да шамасы келмейдi екен. Сонда кiм кiнәлi? 1995 жылы қабылданған соңғы Конституцияда 7-баптың 1-тармағына “Мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi” деп бекiтiп алып, 2-тармақшаға орыс тiлi барлық жерде мемлекеттiк тiлмен бiрдей қолданылатын ресми тiл деп бекiткенi сол кездегi жағдайға байланысты дұрыс болған шығар, бiрақ одан берi 14 жыл өттi ғой. Өзге ұлт өкiлдерiнiң бәрi де: “Жердiң де, елдiң де егесi қазақ халқы болғандықтан және өзiмiз осы елде өсiп-өнiп, бақытқа бөленiп жатқанда бiз қазақ тiлiн неге үйренiп, қазақтың салт-дәстүрiн неге мойындамайық?! Бiз бұдан былай қазақтың тамаша салт-дәстүрiн құрметтеп, тiлiн жаппай үйренейiк, ол тiл – ұлтаралық қатынас тiлi болуға да лайық”, — деседi. Мұны өзбек те, түрiк те, татар да, тiптен орыстар мен немiстер де айтып жатқанда 7-баптың 2-тармағының күшiн жою үшiн кiмге жалтақтап отырмыз. Бұл ұсынысты жұртшылыққа 2003 жылдан берi жыл сайын айтудамыз, бiрақ Үкiмет селт етер емес. Осыған дейiн-ақ 15 млн. 350 мың халықтың 61 пайызы қазақ ұлты және түркiтiлдестер 75 пайызды құрап тұрғанда 22 пайыз орыстың тiлiн өзге ұлт өкiлдерiнен ерекше бөлiп алып, “ресми тiл” атағын ұстап тұруы өзге ұлт өкiлдерiнiң құқығын таптаушылық болып есептелуге тиiс едi. Соңғы санақта қазақтар 67 пайызға жетiп отыр, ал бiздiң енжар Үкiметiмiз әлi баяғы сарынмен жүрiп келедi. Әдiл жазылған Конституцияда мемлекеттiк тiл бiреу ғана болады, өзге ресми тiл деген артықшылық ешкiмге берiлмеу керек.
Сондықтан мемлекеттiк тiл өз тұғырына отырсын десек кесе көлденең тұрған “ресми тiлдiң” күшi тез арада жойылады деп Ата Заңға өзгерiстi Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болғанға дейiн енгiзу керек. Сонымен қатар мемлекеттiк тiл iске асу үшiн: бiрiншiден, мемлекеттiк қызметтерге үмiткерлер, депутаттық мандаттарға ие болғысы келетiндер мемлекеттiк тiлден тестiлiк сынақтан өтпей тiркеуге алынбайды деп, екiншiден, мемлекеттiк барлық бюджеттiк мекемелерде iс-қағаздары мен жиналыстары (синхронды аудармасы болса құптаймыз) мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуiне мекеме бастығы тiкелей жауапты, iстi жолға қоя алмаған бiрiншi басшы қызметiнен босатылады деп заңға өзгерiс енгiзiлу керек. Бұдан былай мемлекеттiк тiлдi оқытуға және мемлекеттiк тiлдi бiлген өзге ұлт өкiлдерiне қосымша жалақы тағайындау сияқты бюджет қаржысын (2008 жылы 5 млрд. теңге қосымша бөлiнгенiн ескерiп) артық шығындауды 2009 жылға 50 пайызға, 2010 жылы 25 пайызға қысқарту туралы шешiм қабылдау керек.
Сондықтан мемлекеттiк тiл iске асуы үшiн, үшiншiден, Қазақстанда араластiлдi балабақшалар мен мектептердi қазақ тiлдiге түгел ауыстыруды тез арада аяқтау керек.
Төртiншiден, интернетте (ғаламторда) ашылып жатқан үкiмет басшыларының, министрлердiң, облыс әкiмдерi мен департамент басшыларының сайтында берiлген ақпаратта 85-80 пайыз мемлекеттiк тiлде болуын Тiл комитетi қадағалайтындай құзiретке ие болуы керек және мемлекеттiк тiлде анықтама нұсқаулығы жоқ дәрiлер мен ұялы телефондарды әкелуге қатаң тыйым салынуы тиiс.
Бесiншiден, балабақшалардың барлығында тәрбие iсiн мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшiрудi 2010 жылы аяқтауға тиiспiз. Елiмiздегi 7821 мектептiң қазiр 3788-i қазақ мектебi болса, 2009 жылы 4770-ке жетуi керек, яғни 61 пайыз болуы тиiс, ал 2010 жылы қазақтiлдi мектеп саны 5500-ге жетсе ғана мемлекеттiк тiлдiң көсегесi көгерiп, ұлтаралық қатынас тiлiне айналады. Бiлiм және ғылым министрi барлық жоғары, орта оқу орындарында мемлекеттiк тiлде оқытуды iске асыру үшiн оқулықтар дайындауы керек.
Алтыншыдан, медицина, бiлiм беру, салық жүйесi мен халыққа қызмет ету орталықтары және құқық қорғау мекемелерi мен көлiк-коммуникация мекемелерiн мемлекеттiк тiлге толық көшiрудi 2009 жылы аяқтау қажет және теледидарларда берiлетiн хабарлардың уақыты тәулiгiне 70 пайыздан кем болмауы керек.
Жетiншiден, бiрiншi басшыларды қызметке мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгерген тұлғалардан iрiктеп тағайындау керек. Осы арада Астана қалалық Тiл комитетiнiң төрайымы Оразкүл Асанғазықызы 2007 жылғы 4-сәуiрде барлық мектеп директорларын жинаған кездесуде қала әкiмiнiң қойған негiзгi талабын былайша еске алғанын жеткiзе кетсем деймiн: “Елбасының тапсырмасы бойынша Астана 2007 жылдың 1-қаңтарынан iс-қағаздарды толығымен мемлекеттiк тiлде жүргiзу керек болса, сiздерде бұл iс 26 % ғана орындалған, ендi 1 айдан соң өтпеген мектеп директорына сөгiс жариялаймын, 2 ай өткен соң қатаң сөгiс, ал 3 айда да өтпегендер қызметтерiнен босатылады”, — деп нақты айтқан соң сол сәуiр айының 24-жұлдызындағы тексеруде барлық iс-қағаздар 100% мемлекеттiк тiлге көшкенiн бiлдiк. Осыдан-ақ мемлекеттiк тiлдiң тағдыры бiрiншi басшыға байланысты екенiн түсiнуге болатыны кiмге де болса белгiлi шығар. Астана әкiмiнiң қабылдаған оң шешiмi барлық облыс, қала, аудан әкiмдерiне үлгi боларлық шешiм болғандықтан Елбасының тапсырмасын, Конституцияның талаптарын бұлжытпай орындағысы келетiн әкiмдер әркiмге бiр жалтақтай бермегенi жөн.
Ұлтаралық қатынасты жақсартатын негiзгi құрал — қашанда мемлекеттiк тiл екенiн ұмытпайық, әсiлi!
Балабек Есбайұлы,