ТАҒЫ ДА ҚОСТАНАЙДА...

ТАҒЫ ДА ҚОСТАНАЙДА...

ТАҒЫ ДА ҚОСТАНАЙДА...
ашық дереккөзі
236

МЕКТЕПТI ЖАБУ — АУЫЛДЫ ЖАБУДЫҢ АЛҒАШҚЫ САТЫСЫ ЕМЕС ПЕ, АЛ АУЫЛДЫ ЖАБУ — ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗ ЖАСЫНА ҚАЛУ ЕМЕС ПЕ?

Қазақстанның болашағы — қазақ тiлiнде

Қазақстан Республикасының

Президентi Н.Ә.Назарбаев

Қостанай облысы, Қарабалық ауданының “Айна” газетi (орыс тiлiнде ғана шығатын тәрiздi?!) қолымызға түстi. Аталған ақпарат құралының 2009 жылғы 9-шiлде күнгi 27 (447) нөмiрiнде газет редакторы Мария Сапарованың “Урнекская школа: быть или не быть?” (“Өрнек мектебi жабыла ма, жоқ па?”) мақаласы жарияланған екен. Аудандағы бұрын-соңды жап-жақсы жұмыс iстеп тұрған үш қазақ мектебiнiң екеуi жабылып, үшiншiсiнiң тағдыры қыл үстiнде екендiгi баяндалған. Әрине, оқушылар санының аздығынан, ұстаз-мамандарының тапшылығынан. Естуiмiзше, Тастыөзек, Өрнек мектептерi өткен ғасырдың сексенiншi жылдарының ортасында пайдалануға берiлген жаңа ғимараттар едi деседi. Әрi орта мектептер болған да. Мағынайдағы бiлiм ордасы орталаудан “жоғары көтерiле алмай” жабылған ескi мектеп. Өрнектiң төл перзентi, Халық ағарту iсiнiң үздiгi, еңбек ардагерi Түркенов Рамазан (1926-1987жж) деген кiсiнiң отыз жылдан астам еңбегiнiң арқасында Мұқаметжан Серәлин аты берiлген Өрнек мектебi бiразға шыдап-ақ едi, әттең… Келесi 2010 жылы жабылмастан басқа амалы құрығандай, яғни келесi оқу жылының басына дейiн жұртқа басқа жаққа көшiп, орнығуға кеңес берiлгендей. Ең қызығы: аталған мектептер “Ауыл жылдары” атанған 2002-2005 жылдары өтер-өтпестен жабылып жатыр, яғни Қостанай өңiрi атқамiнерлерi қызметiнiң нәтижесiнен сыр берiп тұрғандай.

Мектеп жабылса, ғимарат бұзылады, жұрт амалсыздан көшедi. Көшiп-қону аз қаражатты қомсынады, шығындану қажет. Барған жерiнде жұмыс болса жақсы, ал табысы көл-көсiр жұмыс екiнiң бiрiне бұйыра бермейдi. Үй-жай сатып алу немесе жалдап тұру оңай шаруа емес. Жалпы, жылы орнынан халықты қозғау — бәлкiм, әкiм-қара үшiн оңай шаруа болар, жұрт үшiн жақсы шешiм емес. Осындай жағдайға жеткен халық шенеунiктерге қандай бата бередi? Әр жерде осылайша мектеп жабылса, ауыл құрыса, проблема шешiлмей, қайта асқынатыны белгiлi. Бұл облыстағы, жалпы елiмiздегi әлеуметтiк ахуалдың күрт төмендеуiне өз үлесiн қоспайтындығына кiм кепiл? Президенттi қолдаған, Үкiмет саясатына адал мемлекеттiк қызметшiлер бұлай жасамас болар.

Елбасымыз Н.Назарбаев: “Ауылды көтеру керек!” дейдi, “жұрттың қаладан ауылға жұмысқа баруын қарастыруымыз керек!” дейдi, “жаңа мектептер салу керек!” дейдi, “халқымыз ауқатты тұруы керек!” дейдi. Ал, Қостанай облысында осы тапсырма қалай жүзеге асуда? Мәселен, Қарабалық ауданының (бүкiл облыс бойынша осылай шығар-ау, кiм бiлсiн?) атқамiнерлерi халықпен кеңесiп: “Ауылды қалай сақтап қалуға болады?”, “Ол үшiн қандай iстер атқарылуы тиiс?” деген мәселенi халыққа оңтайлы шешiп бере алды ма? (алдыңғы екi қазақ мектебiнiң жабылып қалғаны осы өзектi мәселелердiң қаншалықты дұрыс, не бұрыс шешiлгендiгiн бiлдiрсе керек.)

Бұл мәселенi шешудiң бiрден бiр дұрыс жолы: Оралмандарды осындай ауылдарға тартуды көздеу, мамандарды шақыру, үй салу, жол салу, “сұранып тұрған” ауадай қажет кәсiпорындар ашу, ұлттық тағамдар, кiлем-алаша тоқу iсiн қолға алу, жылыжайлар, құс, мал фермаларын ашу, құрылыс материалдарын жасайтын жұмыс орындарын ашу, жиһаз шығаратын мамандарды тарту, көлiк байланысы, телефон желiсiн тарту (бұрын болған едi) т.б. Бұдан басқа шие шырынын, қақ, шие қайнатпасын т.б. жасап қалаларды қамтамасыз етсе. Бұл жердiң орманы қалың, үйдiң, қораның iргесiнен бастау алатын қайыңды тоғайдың iшi-сырты шиелiк, шөбi шүйгiн. Мал шаруашылығына тиiмдi өлке. Халық жетiскеннен үдере көшкен жоқ, жағдай жасалмағандықтан, жұмыс болмағандықтан кеттi. Жұмыс демекшi: “картоп шашу”, “мал ұстау” ауыл адамына “жұмыс емес”. Оған еңбекақы алатындай кәсiпорында жұмыс iстеу керек. Ұжымда еңбек еткендi қалайды. Аз-маз тиын-тебен бала оқытуға, киiнуге, көржер алуға қажет. Әйтпесе, қорасындағы малы, ауласындағы бау-бақшасы қазақ отбасы дастарқаны мәзiрiнен артылмайды. Сондықтан ауылды көтеру үшiн тұқым, жанар-жағар май ғана емес, алдымен кәсiпорындар, жылыжайлар ашқан жөн. Осындай шаруаларды “дөңгелетiп” әкету үшiн қомақты қаражат қажет, Үкiметтен, қалтасы қалың ағалардан көмек керек. Ауылдың түбiне жететiн арақ. Сатуды, iшудi тыйып, елдi мекенге мешiт салған дұрыс. Әйтпесе, iстiң бәрi далада қалмақ.

Елбасы саясатын жүзеге асыру үшiн халықпен жұмыс атқару қажет, мектептi, ауылды сақтау үшiн тер төгу керек. Ұрпақтың қамын Президентiмiз Н.Назарбаев тәрiздi ойлайық, Елбасыдан үлгi алайық. Ол Астана салып жатса, қостанайлық әкiм-қара ауылды сақтап қалуға дәрменсiз. Қазақ мектебiн жабу — болашақ тамырына балта шабумен тең. Қаладағы қазақ мектебi ауыл қазағы есебiнен емес, қала қазағы есебiнен толықтырылса да жығып артылады. Ауыл табиғи тiршiлiгiнен қол үзсе — келешегiмiз не болмақ? Ойланайық, ағайын, ойланайық!!! Мектептi жабу — халық тағдырымен ойнау тәрiздi, сондықтан “мектептердi қайтсек сақтап қаламыз?” деп ойлайық. Сол үшiн күресейiк.

Қостанай облысы Қарабалық аудандық “Айна” гәзетiнiң сайты: http://karabalik.info)

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары