ЕУРОПАНЫҢ ТӨРIНЕ ҚАЗАҚ ШЫҚСЫН…

ЕУРОПАНЫҢ ТӨРIНЕ ҚАЗАҚ ШЫҚСЫН…

ЕУРОПАНЫҢ ТӨРIНЕ ҚАЗАҚ ШЫҚСЫН…
ашық дереккөзі
218

Аз-кемi жоқ, бес айдан соң Қазақстан Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төраға болмақ. Бас-аяғы бiр жылға созылатын өкiлеттiлiктiң бiздiң өкiмет үшiн саяси маңызы жоғары болып тұр. ЕҚЫҰ төрағалық етуге дайындық iсiне Елбасыдан бастап, Министрлер Кабинетiнiң айрықша мән беруi осының айғағы.

Кейбiр саясаткерлер бұл оқиғаны халықаралық хаттамаларда ғана жазылатын қатардағы оқиғаның бiрi деп қарастырады. Құрылғанына отыз бес жыл толғалы отырған ұйымның күнделiктi жұмысына тәуелсiздiк алғанына он бес жыл ғана болған Қазақстан айрықша жаңалық енгiзе қоймасы анық. Дегенмен, бұл оқиғаның жас мемлекеттiң өзi үшiн тиiмдi тұсы көп болмақ.

Ең әуелi, Орталық Азия ғана емес, ТМД елдерi iшiнде, тiптi Азиялық елдер iшiнде Қазақстан Еуропадағы беделдi ұйымға төрағалық ететiн алғашқы мемлекет болғалы тұр. Осының өзi Қазақ елiнiң аймақтағы сөзiнiң салмағы арта түсерiне кепiл.

Екiншiден, Қазақстанның төрағалық мерзiмi экономикалық дағдарыстың ушығып, энергетикалық, азық-түлiк дағдарысына ұласу қаупi артып тұрған кезге тұспа-тұс келiп тұр. Бұған халықарлық саясаттағы ушыққалы тұрған мәселелердi қосыңыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде дамыған елдердiң басын қосып, басқосуларда бастамашылық бiлдiру де үлкен батылдықты қажет етпек. Егер осы сыннан сүрiнбей өтер болса, бұл – Қазақстанның төл мемлекеттiлiгiнiң iргесi мықты деген сөз.

Елбасы Ақордада өткен жиында ЕҚЫҰ төрағалық ету iсiне айрқыша мән беретiнiн жасырмады. “Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудi мен стратегиялық ұлттық жобалардың бiрiне жатқызамын. Бұл – бiздiң елдiң тәуелсiздiк жылдарында жеткен үлкен жетiстiктерiнiң бiрi және оның беделiнiң өсе түскендiгiнiң белгiсi деп бiлемiн” дедi Президент.

ЕҚЫҰ құрамында 56 мемлекет бар. Аты айтып тұрғандай, түрлi аймақтардағы мемлекеттердi қауiпсiздiк, экономика және адам құқықтары мәселелерi бойынша бiр пiкiрге ұйытуды көздейдi.

Қаңтар айында Қазақстан өз төрағалығының тұжырымдамасын ұсынуы керек. Ұйымдастыру мәселелерiн тездету үшiн Президент Сыртқы iстер министрлiгiне қарасты арнайы республикалық комиссия құруды тапсырды. Алдағы жыл ЕҚЫҰ үшiн ғана емес, Қазақстан үшiн маңызы зор болмақ. Төраға ретiнде Қазақстан жаппай қырып-жою қару санын қысқартуға, экологиялық мәселелердi шешуге, энергетикалық және азық-түлiк қауiпсiздiгiн арттыруға, сондай-ақ ұлтаралық және конфессияаралық татулықты нығайту мәселелерiне айрықша назар аудармақ.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары