1518
“СЫРТЫНДА НҰРАТАНЫҢ БАЛҚЫМ ЖАТЫР...”
“СЫРТЫНДА НҰРАТАНЫҢ БАЛҚЫМ ЖАТЫР...”
ХVI ғасырдың аяғына таман Сейiтқұл, Ораз қажылар бастаған Сыр елi халқының бiр тобы Нұрата бойына қоныстана бастағаны ел әңгiмелерi мен тарихи деректерде айтылып та, жазылып та жүр. Атақты Әзiлкеш ақынның Болық қызбен айтысында:
«Сыртында Нұратаның Балқым жатыр, Бiрталай Балқы деген халқым жатыр.» дегендегi Балқысы Шөмекейге қарайтын рудың бiр тармағы. Демек, Әлiм, Шөмен (Шөмекей) тайпаларының бiраз бөлiгi Самарқанд, Бұхара, Науаи, Тамды өңiрiн, тiптi Қарақалпақ аймағын мекендегенiн аңғарамыз. Ақындар жырында айтылғандай Нұрата бөктерiн мекендеген 40 мың түтiн Алшын дегенi Әйтеке мен Айтқұл билерге де қатысты. Әйтекенiң әкесi Бәйбекпен замандас болған, “Алты аспаннан” шыққан бидiң бiрi – Айтқұл болатын. Айтқұлдың есiмi Әйтеке бимен қатар Нұрата және Қызбибi тауы етегiндегi ел һәм Сыр елi арасындағы өз рулары ғана емес, Кiшi жүздi басқарғандардың арасында биiк тұлға қатарында айтылады. Шамамен 400 жылдан бергi мерзiмде Айтқұл бидiң ұрпақтары Нұрата мен Қарақалпақстан, Қазалы, Қармақшы өңiрiнде жайғасып қоныстанған. Тiптi, Қарақұмдағы жаз жайлауынан Бұхара мен Хиуа хандығының жерiне қарай Шөмекей тайпасының Аспан, Бозғыл руынан 2000 шаңырақтың көшкенi жайлы Орынбор қазақтарын басқару комиссиясына жазылған мәлiмдемеде (1863 жылдың 29 шiлдесiнде) көрсетiлген. Сондай-ақ Айтқұл би бастаған Аспандардың 1644-1700 жылдардағы Нұратадағы жай-жағдаяттарын қарақалпақ жазушысы Жұбатқан Мұратбаев өзiнiң “Айыр тилли, әдил үнли адамдар” атты кiтабында баяндаған. КЕДЕЙ МЕН ХАНКЕЛДI, ҚОСҚҰЛАҚ ХАҚЫНАН БIРЕР СӨЗ Арғы бабалары Шөмекей тайпасынан тарайтын, ел аузында Алты Аспан деп аталатын рудан шыққан Ханкелдi би (кейде батыр деп те аталған) Жәнiбекұлының есiмi сонау Нұрата мен Сыр елiнде кеңiнен тарап, ауызша бүгiнгi заманға да жеткен. Ханкелдi бидiң өмiр сүрген уақыты Қоқан, Бұхара мен Хиуа хандықтарының Сыр елi қазақтарын билеп-төстеп тұрған шағына тұстас келедi. Бiрде би бабамыз Орта Азиядағы хандықтардың бектерiмен, ендi бiрде Кiшi жүз қазақтарын бодан еткен орыс патшалығының генералдарымен елшiлiкте болған. Кейбiр шенеунiктерiмен кездесiп, ортақ келiсiмге келген кездерi,кейде жүз шайысқан шақтары да болыпты. Ауызша әңгiмелерде бiреу асыра мадақталып, ендi бiреу тым жамандалып кететiнi белгiлi. Дегенмен, ауыз әдебиетiнде болмаса ел аузындағы әңгiмелерде аттары айтылған көптеген батырлар мен билер хақындағы сөздердiң бiразы шындыққа жол сiлтейдi. Ақын-жыраулардың өлеңдерiн оқып, тұлғалы азаматтардың есiмдерiн мұрағат құжаттарынан, сирек кездесетiн кiтаптардан сарыла iздегенде тарихи шындыққа қаныға түсесiң. Жәнiбектен тараған Кедей, Ханкелдi; Кедейдiң балалары Түрке, Жомарт, Пұсырман, Қосқұлақтардың, Ханкелдiден тараған Бейбiт, Амалдық билер мен Төлебай палуан қазақ халқының тағдырында елеулi еңбек атқарған жандар. Ресейдiң елшiсi болып келген бригадир-генерал-майор Тевкелевтiң күнделiгiнде Кедей, Ханкелдi, Қосқұлақ билердiң есiмдерi жәй аталып қана қоймай, олардың биiк тұлғасы көрiнедi және патша генералдарының бұл билермен санасқаны да сезiлiп тұр. 1735 жылғы бiр жазбада Ханкелдiнi Ташкенттен келген би десе, ендi бiр құжатта Барақ сұлтанның тапсырмасымен Тевкелевке Ханкелдi батыр қызметшiсiмен келгендiгi айтылады. Тевкелев өз қабылдауында болған билер мен жасауылдарға сыйлық жасайды. Олардың қатарында Шөмекей Кедей бидiң баласы – Түрке, Аллаяр бидiң балалары – Ақтамбердi, Тұрымбет т.б. есiмдерi айтылып, оларға қызыл шұғадан мата бергенiн және жасырын түрде тағы да ашық түстi шұға бергiзгенiн де анық жазып қалдырыпты. 1748 жылдың 21-шiлдесiнде Айшуақ сұлтан мен Досалы сұлтанның өкiлi Байбек батыр және Әбiлхайыр ханның жасауылы Шөмекей руының биi Ханкелдi мен Кедей бидiң баласы Пұсырман, Аллаяр бидiң баласы Айтембеттiң Ресей елшiсi М.Тевкелевтiң қабылдауында болғаны айтылады. Бұл Айшуақ сұлтанның ерекше тапсырмасы екендiгi айтылған. Осы жылдың 22-шiлдесiнде Айшуақ сұлтан генерал-майор Тевкелевке арнайы хат жазады: “…Байбек же все ваши словесные наставления хотя мне со изьяснениями и доносили, однако я еще для подлинного уверения послал к вам Кангелдия ясаула, через которого и слышать желаю. 1748 год.” На подлинном татарском письме ево, Абулгаир-ханского сына Айгюван салтана, чернильная печать приложена”. Бұл жазба құн жетпейтiн тарихи құжат екенi сөзсiз. Әбiлхайыр хан Қожахмет сұлтанның орнына басқа баласын Ресей патшалығына аманатқа берудi Қаракесек биi Қожанай, Шөмекей Кедей би және Орта жүздегi шақшақ Бөкенбай батырмен ақылдасқан. Ал, ханның хатын алғаннан кейiн Тевкелев Әбiлхайыр ханға хат жазып, оған жоғарыда аты аталған билермен қатар Шектi руының биi Мойнақты, Жаппас биi Өтетiлеудi, Жетiрудан Төлебай бидi, Бағаналы-Найман Өтеген батырды өзiне кеңесу үшiн жiберудi сұрапты. 1748 жылдың 6-тамызы күнi М.Тевкелев Қашқардан шыққан керуен келгендiгiн, Ханкелдi мен Байбектiң керуенге қамқорлық жасауын өтiнген. Бұдан шығатын қорытынды Ханкелдi, Байбек, Кедей бидiң орыс-қазақ қатынастарына жiтi араласып, беделдi би болған, тiптi олармен Әбiлхайыр хан және орыс патшасының елшiсi генерал Тевкелев ерекше санасқан. Хан мен генерал арасында Ханкелдi елшiлiкте жүрдi деуге де болады. Кедей бидiң ұлы Қосқұлақ Әбiлхайыр ханның өлiмi туралы нақты дерек берген тұлғалардың бiрi. Әбiлхайыр хан өлiмiне байланысты 4 биден тұратын комиссия құрылып, оның басшылығына Бағаналы-Найман руының биi Олжабай, Төртқара биi Қаратоқа, Қаратамыр Мәмбет пен Қаракесек Қазанай белгiленген. Олар әртүрлi болжамдарды мұқият сараптай келе Барақ сұлтанды бiржола ақтаған. 1763 жылдың күзiнде Хиуа маңында көшiп жүрген түрiкменнiң Жаумiт тайпасы мен хиуалық өзбектердiң керуендерiн Төртқаралар талап, Шөмекей-Алушы, Қосқұлақтар және Шөмекей жiгiттерi мен Шектiлер Жаңадария, Қуаңдария, басқа да өзендер бойындағы 10 мың жылқыны барымталаған. Кiшi жүз қазақтары сөз жүзiнде Ресейге бағынып бодан болдық дегенмен, iсжүзiнде өз бетiнше өмiр сүрген. Аллаяр би Бұхарадан шыққан керуендердi (200 түйелiк) Орынборға жеткiзуге келiсiп, ауылынан өтiсiмен-ақ Аллаяр би 130 адамнан тұратын қолмен Орскi қорғанына (1761) жеткiзбей тонаған. 1764 жылы Бұхар керуенбасшысы Ерназар Мақсутов (350 түйемен) басқарған керуендi, Император сарайына арнайы сатып алынған дүниелердi Кедей бидiң балалары Түрке, Қосқұлақ, Жомарт аталған. Сыр сүлейлерiнiң ұстазы атанған Балқы Базар (1842-1911) өзiнiң Көнек Жалғасбай болып жырлаған толғауында: …Айтқұл менен Жәнiбек, Ұлы әруақтың орны едi, – десе, Бақа биге арнаған толғау-жырында: “…Ежелден халыққа жол айтқан, Жәнiбекұлы Ханкелдi мен Кедейсiң. Бiр iстi алсаң ойыңа, Ермейтiн жан жоқ жолыңа”, – деп Аспан руынан шыққан атақты билердi атап өткен. Кедейдiң iнiсi Ханкелдi де осы өлең жолдарына лайық. Елдi бiрлiкке, ердi ерлiкке шақырған, ислам дiнiн ардақтау iсiн ХХI ғасырдың басында ерекше қолдаған Ханкелдi бидiң ұрпағы Жаңабайдың ұлдары қасиеттi де киелi өңiр болып саналатын, талай тарихи сырлар мен жырлардың куәсiндей болған “Сарыбұлақта” қазiр жұртшылыққа мұсылмандық шуағын шашып, рух беретiн Алланың үйi – мешiттi өз қаржыларына салып, бұдан 270-300 жыл бұрын өмiр сүрген бабаларының игiлiктi iсiн жалғастырып отыр.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, журналист.