Бибiгүл ТӨЛЕГЕНОВА: ЕШБIР “ГАУҺАРТАСҚА”, ЕШБIР “БҰЛБҰЛҒА” КӨҢIЛIМ ТОЛМАЙДЫ
Бибiгүл ТӨЛЕГЕНОВА: ЕШБIР “ГАУҺАРТАСҚА”, ЕШБIР “БҰЛБҰЛҒА” КӨҢIЛIМ ТОЛМАЙДЫ
Бибiгүл апа Төлегенованы жүзбе-жүз көруiм алғаш рет. Талай рет экраннан көрген, талай рет сахнада шырқаған әнiн естiген бiзге Бибiгүл апаның түрi жақсы таныс. Қазақтың бұлбұл құсы атанған әншi апамның есiгiн қаққанымда әуелде қобалжығаным да рас. Апам үйде жалғыз екен. Шiлденiң шiлiңгiр ыстығы қойсын ба, таңдайымды кептiрiп, шөлiркеп кiрдiм. Апам да менiң осы бiр халiмдi бiрден аңғарса керек, аяқ киiмiмдi шешiп жатқанымда-ақ, “Шөлдеген шығарсың, ыстық шәй iшесiң бе?” деп сұрады. “Апа, шәй емес, су берiңiзшi” деппiн. Салқын суды сiмiрiп алған соң, апамның соңына iлесiп, төр бөлмеге беттедiм. Сол баяғы өзiм экраннан талай көрген сұлу әншi апама ерiп келем. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдi” демей ме, апамның жүзiнен әлi де сұлулықтың сыны кетпеген. Ашық-жарқын қалыпта әншi апаммен әңгiмемiз жарасып жүре бердi.
— Бүгiнде бiзде жақсы композиторлар қалмады ғой. Арамызда жалғыз жүргенi Ескендiр Хасанғалиев ғана. Қазiргi композиторлардың не жазып, не қойып жүргенiн кәсiби әншi болсам да түсiнбеймiн, — деп бастады Бибiгүл апа әңгiмесiн. — Таңертеңнен кешке дейiн бiрнәрсенi азынатып, жоқтау айтып, жылап отырғандары. Неге жылайды, неменесiн жоқтайды, соны түсiнбеймiн. Құдайға шүкiр, олардың жағдайы жақсы, төрт құбыласы тең дегендей. Неменесiне сондай әндер жазады екен деп, соған таңқалам. Және де бұрынғы ақындар сияқты ақындар да жоқ қазiр. Философиясы терең дүние жаза алмайды. Бұрынғы кездегi дүниенi қайтарып ала алмайсың. Заманға сай дегендей, олар да өз заманына сай дүниелер жазып жүрген шығар. Бiрақ, бәрiбiр солардың бүгiнгi жазып жүрген дүниелерiн түсiнбеймiн. Қазiргi композиторлардың, ақындардың өлеңдерiнде тереңдiк жоқ. Олардың көбi тез-тез ұмытылып кететiн шығармалар. Шәмшi Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтiң, Сыдық Мұхамеджановтың, Әбiлахат Еспаевтың шығармаларына қандай ақындар сөз жазған! Қазiргi ақындар неге оны көрмейдi? Олардың бiлiмдерi жетiспейдi, ойлары саяз деп ойламаймын. Ырғағына қарай өздерiнiң өлеңдерiн жазатын болуы керек. Бiрақ, бұрынғы ақындардың өлеңдерi де терең болатын. Iшкi сарайыңды ашатындай, көңiл көкжиегiңдi кеңейтетiндей соңғы он жылда бiр ән естiген жоқпын.
— Әншiлерiмiздiң арасынан ше? Ерекше дауысты әншiнiң әнiн естiдiңiз бе?
— Әншiлердiң көбi шала сауатты адамдар боп кеттi. Көбi кәсiби әншi емес. Домбырасын соғады да, шыға бередi. Керек десеңiз, олардың көбi нотаның не екенiн бiлмейдi? Алдын-ала жазып алады да, соны бiр күнде тақпақтап, жаттап алады. Болды. Олардың таяздығы сол, фонограммаға сенедi. Соның ырғағынан шығып кетпеудi ойлап тұрады. Әндi олай айтқаннан кейiн, ән шықпайды ғой. Өйтiп айтқан, математикадан есеп шығарғанмен бiрдей. Ән деген iшкi жүректен, кеудеден шығуы керек. Сонда ғана ол тыңдарманының көңiлiнен шығады. Тереңнен шықпай ән ән болмайды.
— Әншiлiк қасиет Алладан берiлетiн дарын ба, әлде арнайы мектептен өтудi қажет ете ме?
— Құдайдың берген дарыны бiр бөлек. Қанша мектептен өтсе де, Құдай дарын бермесе, ол адамнан жақсы әншi шықпайды. Адамның талабы болмаса, дарыны болмаса, консерваторияға да кез келген адам түсе алмайды ғой.
— Ал, сiз қалай келдiңiз?
— Мен көркемөнерпаздар үйiрмесi арқылы келдiм. Сонау бала кезден, мектепте оқып жүрген кезiмде де, жұмыс iстеген кезiмде де ән айттым. Ерте жұмысқа араластым. Жұмыс iстеп жүрген жерiмнен Алматыға байқауға келiп, оқуға қалдым. Ал, қазiр әншiлер оған бармайды. Қандай жақсы әншiлердiң өзi мектепке бармайды. Жеңiл табыстың жолына кеткендi тәуiр көредi. Ешнәрсе еңбексiз берiлмейдi. Талантың басыңнан асып тұрса да, еңбек етпесең болмайды. Қазiргi әншiлердi “жеңiлдiң астымен, ауырдың үстiмен” жүргендер деп санаймын. Бiр ән жаздыртады, сосын ол әндi өзi айтады. Ол сахнаға шықпай кетсе, әлгi ән де ұмытылады. Мәселен, Шәмшiнiң әндерi қаншама уақыт болса да, бiреуi де ұмытылмайды. Кез келген қарапайым адамнан сұрасаң да, бiрден айтып бередi. Қаншама жаңалыққа елiктесек те, өзiмiздiң түбiмiздi ұмытпауымыз керек. Ең басты нәрсе осы. Бүгiнгi композиторлар Еуропаға елiктеп кетiп жатыр. Сол елiктеудiң арқасында не жазып, не қойғанын өздерi де бiлмейдi. Қазiр космостың заманы деп, бәрi шапшаң болып кеттi ғой. Соған сәйкес әндер де көбейiп кеттi. Кәсiби әншi болғаннан кейiн, мүмкiн бiрсыпыра консервативтi мiнезiм де бар шығар. Бiрақ, қазiргi әндерге көңiлiм толмайды. Шынымды айтсам, шаршаймын. Музыканы қатты ойнайды. Эстрадалық концертке шақырғанда, жарты сағаттан астам уақыт отыра алмаймын. Шығып кетем, иә, концерттiң аяғына дейiн, құлағымды басып отырам. Ондай концертке барғанда адам демалу үшiн бармаушы ма едi. Бiздiң кезiмiзде концерттерiмiзге адамдар демалуға келетiн едi ғой. Бiздiң айтқан әндерiмiздi залға жиналған қауым қосылып айта беретiн. Қазiр қосылып айтпақ түгiлi, шаршап шығасың.
— Сiз әндi қалай таңдайтын едiңiз?
— Ең әуелi сөзiне мән беретiнмiн. Сөзге мән бермесе, ол ән болмайды. Кей-кейде кәсiби әншiлердiң өзiне ұрсам. Сөзiн емес, дауыстарын көтеру үшiн шыңғырып кетедi. Ол дұрыс емес. “Сенiң бұл дауысыңнан әнiңдi ешкiм түсiнбейдi. Сен сол дауысыңа сөзiңдi сал” деп ұрсам. Әйтпесе, “гокку, гокку” дегеннен кiм не түсiнедi?! Әр адам өзiнiң ең әуелi ұлттық мәдениетiн сақтау керек. Ұлттық музыкасын орындай бiлуi керек. Одан кейiн классикаға баруы керек. Кейде консерваторияда оқытқанда, халық әндерiн айтпа деп жатады. Ол дұрыс емес. Халық әндерiн айтпаса, ол қалай қазақтың әншiсi болады. Бiле бiлсеңiз, ең мықты композиторлардың шығармаларының өзiнде халық әндерiнiң саздары кездеседi. Соның бәрiн түсiну керек қой. Қандай ән жазсаң да, ол сенiң ұлттық қасиетiңдi көрсетiп тұру керек. Бiз ұлттық қасиетiмiздi көрсетпеймiз. Шет елге барсақ, сол елдiң дүниелерiн алып келiп, таң қалдырдық деп жатамыз. Олар таң қалмайды. Ұлттық мәдениетiмiз керек оларға. Қыздарымыздың өзi шет елге барғанда, ашық-шашық киiнiп барады. Өткенде Араб әмiрлiктерiне барып, қобызды тартып отырған қыздарды теледидардан көрiп, мен ұялдым. Ол неге керек? Қобыз ұстағаннан кейiн, ұлттық қасиетiңдi сақта. Ол нағыз ұлттық аспап емес пе? Менiң осыған жаным ауырады.
– Сiз бүгiнгi әншi қыздарымыздың орындауындағы “Гауһартасты” тыңдап көрдiңiз бе?
— Шынымды айтсам, менiң ешбiр “Гауһартасқа”, ешбiр “Бұлбұлға” көңiлiм толмайды. Мақтанғаным емес. Халықтың өзi, мен отырған кезде, сахнада бiреу “Гауһартасты” орындап жатса, маған келiп: “Апа, сiз тұрған кезде неге орындайды?” деп айтып жатады. “Ол мен үшiн жазылған ән емес қой. Айтсын, орындасын” десем, “Тым болмаса, сiзден артық айтса қайтедi” дейдi. Қайтедi ендi, солай орындаса. Бiздiң әншiлерiмiз халық әнi ме, классикалық дүние ме, осыны түсiнбейдi. Мен жас кезiмде бақытты болдым. Өйткенi, түсiнбеген жерлерiмдi сұрайтын аға-апаларым болды. Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Жүсiпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты әншi аға-апаларымнан бастарын қатырып, сұрап алатынмын. Сөйтiп үйрендiм ғой. Мен де ауадан түскен жоқпын. Ал, бүгiнгi жастар сұрауға намыстанады. Сұраса, төмендеп қалатын болуы керек.
— Олар да сiзге сын айтушы ма едi?
— Мен ондайға жеткiзбейтiн едiм. Бiрде әлi есiмде, театрға келiп, Қыз Жiбектi айтамын деп жүргенiмде, Күләш апам: “Ей, кiшкентай, қазақшаға тiлiң келiңкiремейдi, әуелi тiлiңдi жөндеп алу керек” дедi. Ол кiсi бiздiң бәрiмiздi “кiшкентай” деп еркелететiн. Менiң тiлiм орысша шыққан едi. Орыстың арасында туып-өскем. Орыстың арасында жұмыс iстегем. Консерваторияны орысша оқығам. Түсiнуiн түсiнем, бiрақ сөзiм жоқ. Берiде ғана үйрендiм ғой. Қазiр маған ешкiм: “сен қазақша оқымағансың” деп айта алмайды.
— Расында, тiлiңiзге қарасам, орысша оқыған адамға ұқсамайсыз…
— Алматыға алғаш келгенiмде бiр сөз қазақша бiлмеушi едiм. Жұбанов менi талай рет кабинетiне шақырып алып, бiр жарым сағат отырғызып қоятын. Соңында жылап шығатынмын. Ол кiсi қазақша сұрайды, түсiнем, жауап бере алмаймын. Қазақша сөйле дейтiн. Сөйтiп, қиналып жүрiп, қазақша үйрендiм ғой. Адам баласы алдына мақсат қойса, үйренедi бәрiне. Шықпаса шығару керек. Қазiр бiз қазақ тiлi деп шырылдап жүрмiз ғой. Мен саған айтайын, әуелi бала тiлдi өзiнiң үйiнде жетi жасқа дейiн естiп, өсуi керек. Өйткенi, жетi жасқа дейiн қарапайым қазақ тiлiмен жүредi ғой. Соны үйренедi. Содан кейiн мектепке барады. Ал, бiз бiрден тәртiпке түсiргiмiз келедi. Өйтiп, тiлдi дамыта алмаймыз. Теледидарды қоссаңыз, тiлдi дұрыс бiлмейтiн жастар сөйлеп отырады. Жастарды емес, неге үлкен кiсiлердi шақырмайды? Балалар сол үлкендерден үйренедi ғой. Солардың айтқанын жадына қабылдайды. Мен неге тiлдi бiлмесем де, түсiндiм. Орысша оқыдым, орысша сөйледiм, бiрақ қазақшаны түсiндiм ғой. Өйткенi, ауылда жүргенiмде қазақтың үйлерiне қонаққа жиi баратынбыз. Сол үйлерде үлкен қариялар отырып, эпостық жырларды жатқа айтатын. Қолында кiтабы жоқ, ештеңесi жоқ, қарапайым адам әлгi жырларды жатқа соғады. Қазiр ондай жоқ. Пушкинге тiлдi кiм үйреткен? Қарапайым күтушiсi үйреткен. Лермонтов кiмнен үйренген? Қарапайым күтушiсiнен үйренген. Солардан орыс тiлiнiң мәйегiн үйренген. Содан олар үлкен ақын боп шықты. Мiне, тiлдi үйретудi, тiлдiң мәйегiн сiңiрудi балабақшадан бастауымыз керек. Балабақшада балаларға қазақша тақпақ жаттату қажет. Соның бәрiн әуелi олар құлағымен естидi.
– Жақсыны да, жаманды да дейсiз ғой.
— Жақсы менен жаманды да құлағымен естидi. Бiрден кiтап оқығаннан ештеңе шықпайды. Соған менiң қарным ашады. Бiздiң тең жартымыз орыс тiлдi қазақ. Бiздiң әдеби тiлiмiзде де мiн көп. Көше бойларында неше түрлi жарнамалар iлулi тұрады. Соларды көргенде, қалай ұялмай осыны iледi екен деп ойлаймын. Осыны аударып берген кiм екен деп соған жыным келедi. Ендi не iстейсiң? Оның бәрiн жөндейтiн тiл маманы емеспiн. Өзiм де қарапайым тiлден үйрендiм. Ары қазбаласа, грамматика жағынан мен де сүрiнуiм мүмкiн. Бiрақ, ең бастысы әкемнiң тiлi құлағымда қалды ғой.
— Әкеңiз қуғын-сүргiнге ұшыраған кезде анаңызбен қалдыңыз ба?
— Әкемдi атып жiбердi. Анамызбен қалдық. Анамызды ноғай дейтiн. Осында келгеннен кейiн татар болды. Қазақша таза сөйлейтiн. Қазақтың әндерiн таза айтатын. Анамның айтқан сөздерi, әндерi құлағымда қалып қойды. Қанмен берiлгеннен шығар, тiлдi үйрену де маған жеңiлiрек болды.
— Әншiлiк қабiлет анаңыздан дарыған болды ғой.
— Анамнан дарыды. Семейде жүргенде ноғай дейтiн едi. Мында келгеннен кейiн татар дейтiн болды ғой. Мен татардың әндерiн айтқанда, анам маған таң қалатын. “Тiлiң шүлдiрлеп, мынаның бәрiн қайдан айтып жүрсiң” дейтiн. “Үйретейiн бе?” десем, “Жоқ, керегi жоқ. Маған қазақ әндерi жетедi” дейтiн. Анамның түсi сары едi, мойны ұзын болатын. “Тым болмаса, апа, мойным сiзге тартпады ма?” десем, “сенiң мойның әкеңе тартқан” деп күлушi едi.
— Қанша ағайынды едiңiздер?
— Үйде алты қыз болдық.
— Әкеңiздi ұстап әкеткенде қанша жаста едiңiз?
— Жетiде едiм ғой. Бәрiн өз көзiммен көрдiм. Бәрiмiз қызылшамен ауырып жатқанбыз. Әкем Қатонқарағайда хатшы болып жұмыс iстейтiн. Көбi менi қатонқарағайлық дейдi. Негiзiнде Семейде туып өскем. Қатонға барсам, олар “бiздiкi” дейдi, Семейге барсам, олар менi “семейлiк” дейдi. Мен оларға “бүкiл қазаққа ортақпын” деп күлем. Қалай бөлiнем. Бәрi жақсы көрiп жатса. Адам сыйлағанның құлы ғой.
Әкемдi сонда ұстап әкеттi. Содан әкемiздi көрген жоқпыз. Соңғы пороходпен Семейге келдiк. Онда әкемнiң жалғыз iнiсi бар едi. Ол кiсi де қайтыс болыпты. Сонымен жылап, еңiреп бiз қалдық.
— Сiздiң әкеңiздiң фамилиясы басқа болуы керек екен, сiздердiң фамилияларыңыз өзгерiп кеткен дегендi басылым беттерiнен оқыған едiм.
— Фамилияны өзгерткен менiң әкем. Ашаршылық жылдары әкемнiң әке-шешесi қайтыс болыпты. Олар Абыралыда тұрған екен. Абыралыдан Семейге қалай келгенiн бiлмеймiн? Тентiреп жүрiп, әке-шешеден айрылады. Ағаларына барады. Тортанбай деген атамыздан туған ағасына барады. Барса, ол үйдегi жеңгесi қуып жiберiптi. “Ашаршылықтан өзiмiз де әрең күнiмiздi көрiп жатырмыз. Тағы бiр жетiмдi асырай алмаймыз” десе керек. Сол жылдары Мусин диiрменi деген болды. Сол жерде әкемнiң нағашы ағасы жүк тасушы болып жұмыс iстейдi екен. Сол кiсiнiң фамилиясы Төлегенов болған. Сол кiсi әкемдi жанына алып, диiрменге жұмысқа апарып жүрiптi. Сол жерде әкем жүк тасушыларға қапшықтар берiп отырыпты. Қолында ешқандай құжаты жоқ. Содан нағашы ағасы: “Бұл менiң балам, фамилиясы Төлегенов” деп айтады ғой. Сөйтiп, бiз Төлегенов болып кеттiк. Содан кейiн, соғыс кезiнде Ғазиз ағамыз бiзге келiп, жылап отырып, “өз аттарыңызды алмайсыңдар ма?” дедi. Бiздiң өз фамилиямыз Байқонысова болуы керек едi. Бiрақ бiз қалай өз фамилиямызды аламыз, егер әкемнiң фамилиясы Төлегенов болса… Мен Байқонысова болып кетсем, әкем менiң кiм болады. “Жоқ” дедiм. Анам да “бұл балалар әкесiнен Төлегенов болып қалды, Төлегенов болып кетедi” дедi.
— Бiрге туған бауырларыңыздың да сiз сияқты ерекше дарындары бар ма едi?
— Бiр сiңлiм консерваторияны бiтiрiп, он бес жылдай жұмыс iстедi. Былтыр қайтыс болды. Бәрiмiздiң дауысымыз ұқсас. Тараз жақта бiр апам бар. Ол әншi болған жоқ. Ол да сол жердiң Бибiгүлi болып жүрген. “Сен Қазақстанға Бибiгүл болсаң, мен Таразға Бибiгүлмiн” деп мақтанатын. Мәриямгүл деген қызым жолымды қуып келе жатыр едi. Өкiнiшке қарай, қызым менен бұрын кеттi.
— Жас кезiңiзде айтқан әндерiңiз сақталып па? Дауысыңыз басылған таспалар бар ма екен?
— Менiң бiр жақсы жерiм, радиоға жеке әншi болып түстiм. Мәскеуден арнайы бригада келiп, дауысымызды жазатын. Соның арқасында көптеген шығармаларым жазылып сақталған. Ескi. Бiрақ, сақталып қалыпты. Екi томдық анталогиямды шығардым. Әр анталогияда бес-бес диск бар. Сол дискiлердiң iшiнде ең бiрiншi аузымды ашып ән айтқанымнан бастап, кейiнгi жылдарға дейiн жазылған әндерiм бар.
— Ең алғаш қай әндi орындаған екенсiз?
— Консерваторияда оқып жүргенiмде, “Алматы таңы”, “Мен көрiм” деген екi әндi жаздыртқам екен. Сол таспалар бар. Сол кездегi әндерiмдi тыңдағанда маған бiртүрлi қызық болып тұрады. Даусым да көп өзгермептi. Қазiр шынайы, кәсiби әншi болғаннан кейiн, дауыс өзгередi. Тыңдағанда, бiртүрлi қараймын. Өзiмдi өзiм тыңдағанда, қазақша айтқан әндерiме көбiрек мән берем. Кейбiр сөздердi дұрыс айтпаған шығармын деп ойлаймын. Қағазға қарап айтып отырғанда, сөзiнен жаңылмайын деп, кейбiр әрiптердi шала айтқан кездерiм де болыпты. Кейiн, әрбiр әрiптi дұрыс айтуға тырыстым. Қазiр теледидарда отырып, әрiптердi бұзып оқып отырады. “Бiтедi, кетедi” деп, созып айтып жатады. Сондықтан, теледидардың қыздарына ұрсам. “Қазақша сөйлегенде әрбiр әрiптердi дұрыс айтуың керек, ел саған қарап үйренедi” деймiн. Әсiресе, ң әрпiн айта алмайды екен. Музыкадан хабары бар адамның слухы жақсы болады екен. Бiрден қағып алам. Кез келген елдiң әнiн айтқанда, олар маған таң қалатын. “Сiз бiздiң тiлiмiзде әндi қалай таза айтасыз?” дейтiн. Тiптi, Арменияға барғанымда, бiр армян маған: “сiзде армянның қаны жоқ па?” деген. Бәлкiм, Алла Тағалам маған сондай қасиет берген болуы керек. Менiмен бiрге өскен таза қазақтың қыздарының қазақшасында акцент бар, менен ондай таба алмайды.
— “Қазақфильм” түсiрген фильмдерге ән жазып көрдiңiз бе?
— Бұрынғы түсiрiлген бiрен-саран фильмдерде менiң дауысым бар. Кейде естимiн де, мынаны қай уақытта жазғам деп таң қалып жатам. “Бiздiң сүйiктi дәрiгерде” қазақша нұсқаларының бәрiн өзiм айттым. “Дала қызы” фильмiне де өзiм жаздым.
— Ән мәтiндерiн тез жаттайтын ба едiңiз?
— Ондай ұмытып қалған кездер болды ғой. Қазақша түсiнгеннен кейiн мағынасына жақын сөздердi тауып алатынмын.
— Шет елге жиi шыққаныңызды бiлемiз. Көп елдерде болдыңыз ба?
— Ой, көп қой.
— Қазiр консерваторияда жұмыс iстейсiз бе?
— Қазiр консультант болып қызмет атқарам. Ендi болды ғой. Филармонияда он бес жылдай жұмыс iстеген екем. Жиырма бес жыл театрда жұмыс iстеппiн. Жиырма бес жыл консерваторияда сабақ бердiм. Ендi қазiр мұғалiмдер шәкiрттерiн әкелiп көрсетедi. Соларға кеңес берiп тұрам. Бiраз жыл демалғаннан кейiн, қайта баруға тура келдi. Жарайды, жастарға жол көрсетейiн деп бардым. Қайтып барғанымда, кеткенiм дұрыс болған екен дедiм. Қазiргi кезде оқудың өзi де бiртүрлi өзгерiп кетiптi. Сондықтан, консультант болып жүргенiм жақсы. Өзiм де шаршаймын. Кезiнде көрсеттiк, жасадық. Жететiн шығар деп ойлаймын. Аллам бұйыртса, күзде сексенге толайын деп отырмын. Аманшылық болса, шәкiрттерiмдi жинап, өзiм де ән айтып, шәкiрттерiмдi көрсетсем деген ойым бар.
— Сiзге қазiр арнайы зейнетақы тағайындай ма?
— Өзiме тиесiлi алатын зейнетақым бар. Жылына бiр рет стипендия алам. Көбi бiлiп алған. Стипендия алған кезде хабарласып жатады. “Апа, баламның мектепке киетiн аяқкиiмi жоқ едi” дейдi бiреуi. Бiреуi: “апай, наныма ақша жоқ” деп келiп жатады. Сол келгендерге азын-аулақ ақшалай көмектесiп тұрам. Жан жақтан хат көп келедi. Кейбiреулер тiптi, әке шешемнiң жылын берейiн деп едiм, бiр жылқы алуға ақша берiңiзшi деп сұрап жатады. Қайдан бiлсiн, Бибiгүл апа болғаннан кейiн, ақшасы көп деп ойлайтын шығар. Әйтеуiр, үздiксiз ел-жұрттан хаттар келiп тұрады. Ал, өзiмнiң жағдайыма келсем, жаман емеспiн.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА