“КЕМЕДЕГIНIҢ ЖАНЫ БIР”
“КЕМЕДЕГIНIҢ ЖАНЫ БIР”
Редакциямызға қоңырау шалған бiр топ оқырман 800-ден астам үлескерге баспанасыз қалу қаупi төнгенiн айтып, БАҚ өкiлi ретiнде араша түсудi өтiндi. Қанша адамның тағдырына бей-жай қарай алмағандықтан, құрылыс алаңында өткiзiлетiн үлескерлер жиылысына қатысуға келiстiк. Бастапқыда “үлескерлердiң қаржысын қалтаға басып алып, қарапайым азаматтарды қанқақсатқан бiр құрылыс компаниясының былығы шығар” деп ойлағанбыз. Сөйтсек, қателесiппiз.
Әп дегеннен байқағанымыз, ауасы таза, қаланың шулы өмiрiнен алшақ, батысқа қарай созылған құрылыс алаңында жұмыс қайнап жатыр. Әр жерден бой көтере бастаған ғимараттар көп. Қарақұрым халық жиналған бiр нысанның жанына жақындай бергенде қолына микрофон ұстаған бiр келiншекке тұра ұмтылған бiр жiгiттi айнала қуып жүрген күзетшi жiгiттердi байқадық. Әлгi жiгiт қолындағы дауыс зорайтқышымен бiрдеңелердi ара-тұра айқайлап қойып, микрофон ұстаған келiншекке ұмтылып-ұмтылып қояды. Жақындай бере “Жиналысты бұза алмайсыңдар! Үйiмiздi бәрiбiр салып аламыз!” деп айқайлағандардың ашына шыққан дауысы жеттi құлаққа. “Апырай, Айдың, Күннiң аманында бұл не қылған соғыс? Ұрыс салып жүргендер – кiмдер?” деген сауалдың жетегiнде, жайлап оқиғаның анық-қанығына жетуге кiрiстiк. Бiрден ол мүмкiн болмады, әрине. Бiр сағаттан астам уақытқа созылған жиылыстан (дұрысы, ұрыс-керiстен) кейiн тараптарды әңгiмеге тарта бастадық. Сөйтсек, бiздiң куә болғанымыз 1005 үлескерге арналып салынуы тиiс “Елисейские поля” коттедждер қалашығы мен “Елiм-ай” көп қабатты тұрғынүй кешенiнiң болашақ тұрғындары арасында өрбiген жанжал екен. Қолына микрофон ұстаған келiншек – “Алтын Сарай” кооперативiнiң төрайымы Светлана Шумейко. Мәселенiң мән-жайын ол былайша түсiндiрдi: “Осыдан 3-4 жыл бұрын мыңнан астам үлескер “Елисейские поля” коттедждер қалашығы мен жеке мектебi, балабақшасы, дүкендерi, кинотеатры, емханасы т.б. бар “Елiм-ай” көп қабатты тұрғын үй кешенiн салдыру үшiн қаражат құйған болатын. Қазiргi таңда үлескерлердi ең алдымен құрылыс нысандарының пайдалануға берiлетiн мерзiмi мен оның келешегi жайлы сұрақ толғандырады. Өйткенi, “Елисейские поля” КҚ үлескерлерiнiң кейбiрi (жаңа ғана өткiзiлген жиналысты бұзуға талпынғандар солардың қатарында) “бүйректен сирақ шығарып, құрылыс жұмыстарын тоқтатып тастауға және 900-ден астам үлескердi үйсiз-күйсiз, қаражатсыз қалдыруға тырысып жүр. Олар аталған екi құрылыс жобасын жүзеге асыруы тиiс “Казкоммерцинженеринг” ЖШС-нiң бұрынғы басшыларының өз мiндеттерiн жауапкершiлiкпен атқара алмағандығын және лауазымдарын жеке бас пайдалары үшiн асыра пайдаланғандарын алға тартады. Бiрақ олар қазiр мiндеттерiнен шеттетiлiп, iстi үлескерлер өз қолына алғанын ескергiсi келмейдi. Үлескерлердiң арыз-шағымы бойынша қылмыстық iс қозғаған Алматы қаласы Бостандық аудандық соты “Казкоммерцинженеринг” ЖШС-нiң бұрынғы бастығы Асқар Оразбаевты 6 жыл бас бостандығынан айыруға үкiм шығарды. Үлескерлер үшiн қуанышты жағдай, соттың шешiмiмен, активтердiң бүтiндiгi сақталып, құрылыс алаңдарындағы жұмыстарды қайта жалғастыруға, яғни, мыңдаған адамның өз баспанасына қол жеткiзуiне мүмкiндiк бердi. Асқар Оразбаевқа қатысты сот процесi кезiнде оған тиесiлi және оның қатысы бар барлық еншiлес компаниялардың үлесiн үлескерлердiң еншiсiне беруге шешiм қабылданды. Осыған орай, “Казкоммерцинженеринг” ЖШС басшылығы мен оған қатысушылардың құрамы, құрылысты жүргiзетiн кәсiпорынның корпоративтiк және әкiмшiлiк басқаруларының жүйесi түбегейлi өзгердi. Көпшiлiктiң шешiмi бойынша, құрылыс компаниясы ретiнде “Казкоммерцинженеринг” (“ККИ”) ЖШС өзгерiссiз қалдырылып, оның басшылығына тәжiрибелi маман – Сапарғали Нүкенов тағайындалды. Құрылыс нысандарындағы жұмыстарды жалғастыруға, қаражат құюға келiсiмiн берген инвестор да анықталған. Алайда, инвестордың қазiр қойған басты талабы: құрылыс жүргiзетiн компанияның жұмысы мен бөлiнген қаражаттың мақсатты бағытта жұмсалуын бақылауды тұтынушылық кооператив толық қолына алуы тиiс. “Елисейские поля” коттедждер қалашығы мен “Елiм-ай” көп қабатты тұрғын үй кешендерiнiң үлескерлерiнен құрылған “Алтын сарай” тұтынушылық кооперативiнiң басқарма құрамы мен оның төрағасы үлескерлердiң жалпы жиналысында сайланып, кооператив заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеуден өттi. Мен – “Елiм-ай” КҚТК үлескерiмiн. Көпшiлiктiң өтiнiшiмен, осы кооперативтi басқаруға келiстiм. Заң бойынша, аталған екi кешенге тиесiлi барлық активтер, құқықтар мен мiндеттер бұрынғыша “Казкоммерцинженеринг” иеленiп, серiктестiк өз үлескерлерi мен “Doccop Development” ЖШС үлескерлерiнiң алдындағы мiндетiн өтеуге, ал “Алтын Сарай” кооперативi құрылыстағы жалғыз қатысушы ретiнде “ККИ” қызметiн ұйымдастыруға және оның заңға қатысты келешегiн анықтауға құқылы болады. Бүгiнде осы iске араласуға ынталы барлық үлескерлердiң қатысуымен комиссия құрылған. Комиссия құрамына бұрынғы құрылысты салушы кәсiпорын мен оған тиесiлi барлық компаниялардан активтердi қабылдап алатын және оны өткiзетiн, қолдағы техниканы, құрылыс материалдары мен құрылысы аяқталмаған нысандардың саны мен сапасын сараптайтын қажеттi мамандар да тартылған едi” дедi. Оның айтуынша, үстiмiздегi жылдың 20 мамырында “Елисейские поля” КҚ мен “Елiм-ай” КТК алаңдарында құрылыс жұмысы қайта жалғасын тауыпты. Әңгiме барысында “Казкоммерцинженеринг” ЖШС басшысының орынбасары Сәкен Жайлауов үстiмiздегi жылдың 1 желтоқсанына дейiн “Елисейские поля” алаңына орналасатын 408 коттедждi пайдалануға беру және шiлде-тамыз айларында “Елiм-ай” көпқабатты тұрғын үй кешенiне қазандықтар қойып, кешендi алдағы 2010-2011 жылдарында пайдалануға беру жоспарланып отырғанын көлденең тартты.
Қазiргi таңда Алматы облысының әкiмдiгiнде инвестормен, кооперативпен және құрылысты жүргiзетiн компаниямен ортақ келiсiмге келу мәселесi қарастырылуда. Алайда, үлескерлердiң бүгiнгi проблемасы – активтерiн құрылыс салынып бiткенше өз қолдарында сақтап қалу. Бұл туралы С.Шумейко ханым: “Өкiнiшке қарай, үлескерлердiң 10 пайыздан сәл ғана асатын бөлiгi атқарылған қанша iстi жоққа шығаруға, құрылыс жұмыстарының тезiрек аяқталып, баспанаға қол жеткiзуге деген құлшынысына кедергi келтiруге тырысып жүр. Құрылыс нысандарына қатысты тұлғалардың барлығын алаяқ деп айыптап, барлық деңгейдегi құқық қорғау органдарына, мемлекеттiк мекемелерге, депутаттар мен отандық бұқаралық ақпарат құралдарына арыз-шағымды қарша боратып, құрылыс жұмыстарын тоқтатып тастауға және үлескерлер арасында iрiткi салуға әрекеттенiп жүргендер де – солар. Ат төбелiндей ғана азғантай топтың мақсаты бiреу ғана – үлескерлерге тиесiлi активтердi қайтарып алып, оларды өзара пышақ үстiнен үлестiрiп алу. Осылайша, “Елисейские поля” мен “Елiм-айдың” 800-ден астам үлескерiн тақырға отырғызу. Өйткенi, құрылысы бiтпеген нысандардан қалған қазiргi сома 1005 үлескердiң барлығына бiрдей жетпесi Айдан анық. Құдайға шүкiр, бастапқыда баспанамызға тезiрек қол жеткiзейiк деген бiздiң игi бастамамызды түсiнбегендердiң көпшiлiгi бүгiнде бiздi қолдауға көштi. Әп дегенде Ө.Кеңесбаев бастаған 168 шағымданушының 40-тан астамы Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына жазған арыздарын керi қайтарып алып, құрылысты жалғастыруға мүдделiлiк танытты. Қуанарлық жайт, бастапқы райынан қайтқандар саны күн сайын артып келедi. Олардың көпшiлiгi өздерiнiң атынан сотқа шағым жазылғандығынан тiптi, бейхабар екен. Үлескерлердiң басым бөлiгi кезiнде Кеңесбаевқа берген сенiмхаттарын соттағы арыздарымен бiрге керi қайтарып алып жатыр. Олар Кеңесбаевтың сотқа арыз бергенi туралы хабарламағанына наразы. Осы себептi, көңiлiне күдiк алған сот 168 үлескердiң барлығына қайта хабарлама жiберiп, егер арыз-шағымға келiсетiн жағдайда сотқа келiп, өздерiнiң келiсетiндiгiн бiлдiру керектiгiн айтты. Алайда, үлескерлердiң көпшiлiгi сотқа келген жоқ. Демек, бұл олардың Кеңесбаев пiкiрiмен келiспейтiндiгiн байқатады” дейдi. Бүгiнде инвестор тарапынан қойылып отырған басты талап – үлескерлер арасында бейбiт және ортақ келiсiмге келу. Яғни, үлескерлер құрылысты жалғастыруға бiрауыздан келiсуi тиiс. Сот пен отқа оранған жерден ақшалы азаматтардың бойды аулақ салатыны белгiлi. Осы орайда, “Елiм-ай” КҚТК мен “Елисейские поля” КҚ үлескерлерiнiң 2009 жылдың 28 наурызы күнi инвестордың қатысуымен өткiзiлген жалпы отырысына қатысқан үлескерлердiң 99,9 пайызы құрылыс жұмыстарын жалғастыруға келiссе, екi үлескер қарсы дауыс берiптi. Жалпы кез келген жиылыста үлескерлердiң басым бөлiгi құрылыстың жалғастырылғанын қолдап, дауыс бередi екен. Бiр қызығы, өзара келiсiмге келе алмай шаршаған үлескерлерге Үкiмет тарапынан да мемлекеттiк тұрғыда қаржылай көмек көрсетiлiп жатқан көрiнедi. Мысалы, 2009 жылдың 29 қаңтарында С.Шумейко бастаған топтың өтiнiшi бойынша ҚР вице-премьерi Өмiрзақ Шөкеевтiң қатысуымен өткiзiлген кеңесте “Елiм-ай” мен “Елисейские поля” құрылыс нысандары орналасқан жерге де “Премьера” тұрғын үй кешенiмен бiрге сыртқы магистралдық жүйе құрылысына қаражат бөлу туралы шешiм қабылданып, осы мақсатта мемлекет тарапынан 5,3 млрд. теңге бөлiнедi.
Құрылыс алаңында өткiзiлген жиылыста жақ-жақ болып айтысқандарды сабырға шақырған Қазақ сейсмикалық тұрақты құрылыс пен сәулет ғылыми-зерттеу институтының жетекшiсi Марат Әшiмбаев: “Үстiмiздегi жылдың мамыр айында құрылыс алаңына келгенде бұл жер қаңырап бос жатқан болатын. Қазiр осыдан үш апта бұрын басталған құрылыс едәуiр еңсерiлген. Осы қарқыннан таймаса, келесi аптада кейбiр үйдiң шатыры жабылатын шығар. Мен Кеңесбаевқа берген сенiмхатымды қайтарып алып, құрылыстың тезiрек аяқталуын қолдап отырмын. Сiздердi де солай iстеуге шақырамын” дей келе, Кеңесбаев бастаған топқа бұрылды: “Құрылыс жұмыстарының жалғастырылғанына не үшiн қарсылық танытатып отырғандарыңызды түсiнбеймiн. Бүгiнде үлескерлер үшiн ең бастысы, құрылыс жұмыстарына кедергi келтiрмеу. Мен бүгiн мүдделi азаматтардан арнайы топ құрып, жиылыстың хаттамасында азаматтарға тиесiлi жер телiмiн үлескерлерге қайтарып алуды ұсынамын. Өйткенi, бүгiнде қарапайым халықты тақырға отырғызып кететiн алаяқтар өте көп” дедi. Жиылыс барысында үлескерлердiң жанжалына куә болған журналистер қауымы Өмiрбек Кеңесбаевты да әңгiмеге тартуды жөн көрген едi. Алайда, мәселенiң ақ, қарасын ажыратуға ұмтылған баспасөз өкiлдерiне бұл жерде жұмыс iстеу тым қиын болды. Диктофон мен микрофондарға тұра ұмтылғандар, журналистер қауымына қалай және қайтiп жұмыс iстеу керектiгiн “үйреткендер”, аты-жөндердiн ашық айтудан қашқақтаса да, қызылкеңiрдек айтысқа қызу араласқандар… Кiмнiң ненi қалайтыны, кiмнiң қай тараптан екендiгi түсiнiксiз, әркiм өз жағына қарай тартады. Адам аяғы басыла бере, журналистiк зерттеудi қайта жалғастыруға мүмкiндiк алдық. Жиылыс кезiнде Кеңесбаев бастаған топ “Үлескерлерден канализация, су құбырлары үшiн қосымша ақы талап етiлiп отыр” деген болатын. Бiрақ оны “Казкоммерцинженеринг” ЖШС Бас директоры Сапарғали Нүкенов терiске шығарды: “Канализация, су құбырларының барлығына ешқандай қосымша ақы алынбайды. Тек үлескерлер үйлерiне дейiн әкелiнген қазандықтан газды өздерi тартып алуы үшiн 300 АҚШ доллары ғана қажет. Өйткенi, бұл жерлердегi коттеждерде асүйлер әр түрлi бағытта – бiрi оңтүстiкте, бiрi солтүстiк пен батыс не шығыста орналасқандықтан, яғни, жүйелi түрде орналаспағандықтан, бiз кiмге қалай қарай тартылу керектiгiн бiлмеймiз” дедi. Айтпақшы, құрылысқа қарсы топ құрылыс жұмыстарының сапасы мен пәтерлердегi шаршы метрлердiң қысқартылып тастауына наразы екен. Мұның мәнiсiн С.Нүкенов былай түсiндiредi: “ЖШС-нiң бұрынғы басшысы Оразбаев тарапынан құрылыс нысандарына қатысты жұмыстарда жiберiлген кемшiлiктер көп. Мысалы, кезiнде дұрыс есептемеудiң кесiрiнен көп үлескердiң пәтерiндегi шаршы метрлер жетiспейдi. Үйлердiң iргетастары қаланып, қабырғалары тұрғызылып қойған. Не iстемек керек? Шаршы метрлер жетiспейдi деп, оларды жаппай қайта бұзбаймыз ғой. Оразбаев түрмеге қамалып, заң жүзiнде жазасын өтеп жатыр. Бiздiң қолымыздан басқа не келедi? Есептеп көрсем, үлескерлер кезiнде коттедждердiң әр шаршы метрiн орташа есеппен алғанда, 840 долларға сатып алған екен. Экономикалық дағдарыс жағадан алған дәл қазiргi уақытта мұндай арзан бағаны еш жерден кездестiре алмайсыздар. Кез келген басқа нысанға кiрiп сұрап көрiңiздер, кем дегенде әр шаршы метрi 1400 долларға бағаланады. Ендi екi жылдан кейiн осы үйлердiң шаршы метрi 2000 доллардан кемге бағаланбайды. Демек, бұл жанжалдың астарында материалдық және экономикалық мәселеден гөрi саяси астар басым жатыр. Бiз, яғни, 800-ге жуық үлескер беймәлiм мүдделi топ сотқа шағымдану, үлескерлер арасына iрiткi салу арқылы инвесторларды үркiтiп, құрылыс алаңындағы жұмыстарды тоқтатып, осының арқасында құнсызданып қалған үлескер активтерiн (жер, газ) болмашы тиын-тебенге иеленудi көздеп отыр деп күдiктенемiз. Қазiр менi ұрам-соғам, өлтiрем деп қорқытатындар көп. Сонда менiң жазығым не? Мен де басқалар сияқты құрылыс тез аяқталса деген тiлектiң жетегiнде жүрмiн”. Қоқан-лоққы мен психологиялық тұрғыда қысым жасаулар кооператив жетекшiсi С.Шумейконы да айналып өтпептi. Ол: “Өлтiрiп кетем”, “Әпкем – полицей. Қалтаңа есiрткi салып жiберiп, түрмеде шiрiтем” деген қоқан-лоққы жасаушылар көп. Мысалы, 2009 жылдың 27 маусымында үлескерлердiң кезектен тыс өткiзiлген жалпы жиылысында маған Кеңесбаев отырыстағы 300-ден астам адамның көзiнше “Сендердiң бастарыңды алу үшiн ақша төлеймiн” деп ашық айтып салды. Қазiр бiздiң көңiлiмiзде баспанасыз қалам деген үреймен бiрге жеке бастың амандығына да алаңдаушылық бар” дейдi. Оның мәлiмдеуiнше, қазiр “Елисейские поля” КҚ-ның бiр бөлiгiнде құрылыс жұмыстарын жүргiзуге заң жүзiнде рұхсат ететiн құжаттар қолға тиген. Алайда, “Елiм-ай” КҚТК тұрғызуға рұхсат ететiн құжаттар әлi қабылданбапты. Ұзақ уақыт бойы құрылыс нысандары ашық аспан астында қалғандықтан, әлi пайдалануға берiп үлгермеген коттедждердiң сапасына айтарлықтай нұқсан келiп, кiрпiш қабырғалары бұзылғандықтан, қайта қалпына келтiрудi қажет етедi. Құрылысшылар қауымы егер тез арада нысандардың шатырлары жабылмаса, келесi жылы олардың орнын сипап қалатындарын айтып, дабыл қағуда. Әрине, мұндайда желге ұшқан үлескерлер қаржысы туралы сөз қозғау артық. Өйткенi, iргетасын су шайған нысандарды қайта тұрғызғаннан басқа амал жоқ. Оның үстiне, “Елисейские поля” КҚ үлескерлерiнен ипотекалық несиелеу жүйесi бойынша түскен қаражаттың жартысына жуығы “Қазкоммерцбанк” АҚ-мен жасалған келiсiм-шартқа сәйкес, депозиттiк есепшотқа салыныпты. Ол қаражат арнайы белгiленетiн сыйақымен бiрге үлескерлерге берiлген уәденi орындағаннан кейiн ғана қайтарылуы тиiс. Сол себептi, бүгiнде қаражат “Елiм-ай” көп қабатты тұрғын үй кешенiнiң құрылысына бағытталған. Ал “Елiм-ай” құрылысты жүргiзуге рұхсат ететiн заңдық құжаттар алынысымен-ақ, “Елисейские поля” коттедждерiмен бiрге iске асырылмақ. Әлi салынып бiтпеген баспанасы әлдекiмдерге қолды боп кете ме деп алаңдаған үлескерлердiң еңбегiнiң арқасында “Казкоммерцинжеренирнг” ЖШС ҚР Үкiметiнiң отандық экономиканы тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттiк бағдарлама шеңберiндегi мемлекеттiк көмек көрсетiлетiн компаниялар тiзiмiне iлiнiп, құрылыстың уақытылы аяқталуы Алматы облысы әкiмiнiң тiкелей бақылауына көштi. Облыстық әкiмдiк қызметкерлерi, архитектуралық-құрылыс жұмыстарын қадағалайтын облыстық құрылымдар өкiлдерi және үлескерлер кооперативi мен құрылысты жүргiзетiн компания өкiлдерiнiң қатысуымен арнайы топ құрылған.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ