“ШӘМIЛ БIЗДIҢ ПАТШАМЫЗ”
“ШӘМIЛ БIЗДIҢ ПАТШАМЫЗ”
Шәмiл тұтқындағы орыс солдаттарына бiрыңғай жақсы немесе жаман қарады деп кесiп айту қиын. Имам алдымен қолға түскендердiң өзiне қандай пайда әкелетiнiне үлкен мән беретiн. Оларды орыстардың тұтқынындағы өз сарбаздарымен алмастыруға және шаруашылық жұмыстарын жүргiзуге пайдаланды. Шәмiл әсiресе, патша әскерiнен қашып келгендердi құшақ жая қарсы алды. 1840 жылы ол өзiнiң наибтарына былай деп жазады: “Орыстардан қашып келгендер бiзге адал адамдар болып табылады. Сондықтан сiздерден тұтқындарға жақсы қарап, олардың өмiр сүруiне жағдай жасауды бұйырамын”.
19 ғасырдың ортасында Патша үкiметi мен әскербасылардың қатал саясатынан қашып, таулықтарды паналаған орыс солдаттары өте көп болды. Әсiресе Шәмiл жеңiске жете бастаған кезде қашқындар легi тым көбейiп кетедi. Кавказдағы генерал-лейтенант Олшевский генерал- лейтенант Граббеге жазған рапортында бұл жөнiнде былай деген: “1842 жыл. Қаңтардың тоғызы. Өте құпия. Бұған дейiн әскери қашқындарды шешендер ең қиын жұмыстарға жеккенi, Мәртебелiм, сiзге мәлiм деп бiлемiн. Ендi Шәмiл бұрыннан қалыптасқан осы дәстүрдi өзгертiп, барлығын азат етуге пәрмен бердi. Ол ауқатты адамдардың қарамағындағы қашқындарды сатып алып, кейбiрi күшпен тартып алуда. Шәмiл оларға қару берiп, өзiне сақшы етiп қызметке қоюда. Қашқындарға баспана салуға рұқсат еттi. Осы кезге дейiн шешендер қашқындарға қатты қарап келген. Таулықтарды паналағысы келген солдаттар олардың қаталдығынан сескенiп, қашудан қаймығатын. Ендi мұндай еркiндiктi естiген солдаттардың, әсiресе қашқын поляктардың қатары көбейетiн сияқты. Қаупiм расталса, мұндай солдаттарды бiрден атып тастауды ұсынамын”. Генерал-лейтенант бекер қауiптенбеген болып шықты. Көп ұзамай осы жылдың қыркүйегiнде Петербордан “тәкәппар таулықтарды қашқындарды қайтаруға көндiру қажет” деген патшаның жарлығы келедi. Бiрақ, таулықтар тұтқындарды қайтарған жоқ. Бұл бастама сәтсiз аяқталды. Шәмiл қолынан iс келетiн қашқындар мен тұтқындарды бағалай бiлдi. Мәселен, Балахани деп аталатын қамалды алғанда қолға түскен солдаттарды түрлi жұмысқа орналастырады. Бiреуi барабаншы болса, ендi бiрi қару жасаумен айналысты. Араларында ұсталар, сағат шеберлерi мен ағаш шеберлер де көп болды. Тұтқыннан босаған қатардағы жауынгер Максимов Даргода (1840-1845 ж. Шәмiлдiң астанасы) болғанда қолдарына кiсен салынып, қапаста жатқан 15 шақты орыс офицерi мен түрлi жұмыстар iстеп жүрген 500-дей қашқын солдаттарды көргенiн айтқан. Шәмiл оларға арнайы қоныс бөлiп, бәрiне тынығып алуға жағдай жасайды. Кейiн бұл кiрмелер соғыс кезiнде зеңбiректiң жанында жүрiп, зеңбiрек бұзылса оны жөндеуге жауапты болды. Олар бос уақыттарында бақша өнiмдерiн ектi, жүзiмнен шарап жасап, мереке күндерi көпшiлiкпен бiрге көңiл көтеретiн. Шәмiл оларға iшiмдiкке рұқсат берiп, қарамағындағыларға қашқындарды ренжiтпеудi қатаң тапсырды. Имамның қамқорлығын көрген солдаттар оған шын ықыласпен қызмет етiп, кейiн тiптi бiрнешеуi исламды қабылдайды. Соғыста қаһармандық көрсеткендерiн имам “Ерлiгi үшiн” деген күмiс медальмен марапаттап отырды. Жұрт көмегi қажет болғанда солдаттарды жұмысқа сұрап алатын. Еңбекақыларын солдаттар өздерi алып жүрдi. Имам олардың маңдай терiмен тапқан теңгелерiне тиiскен жоқ. Тағы бiр деректерге Шәмiлдiң жағына өтiп кеткен Нижегород полкының драгуны Родимцев туралы айтылады. Ол Дылым ауылына қоныстанып, жергiлiктi қызға үйленедi. Имамға берiле қызмет еткен Родимцев бiр ұрыста үлкен ерлiк көрсетiп, кеудесiне күмiс медаль тағады. Таулықтар мұсылман болған солдаттарға құрметпен қараған. Куәгерлердiң сөзiне қарағанда, “Мереке кезiнде Шәмiлдiң отарынан жүздеген сиыр мен қой сойылып, олардың етi кедей таулықтар мен тұтқындағы орыстарды тамақтандыруға жұмсалған. Имам барлығын асқан жомарттықпен жарылқап, қажет еткендерге ақшалай тарту жасап отырған”. Осындай сыйды көрген солдаттар сырттай оны “Шәмiл бiздiң патшамыз” деп атады. Имамды олар қатты кұрметтедi. 1859 жылы имам Шәмiл соңғы рет соғысқа қатысады. Таудағы қамалдардың бiрiнде болған шайқаста бекiнiстегi 30-ға жуық орыс солдаты оны қасық қаны қалғанша қорғайды. Кейiн тұтқынға түскен соң Калугада жатқан Шәмiлге бұрынғы тұтқындар мен қашқын орыс солдаттары арнайы iздеп келiп сәлем берген. Осындай оқиғаның бiрiн пристав Руновский өз көзiмен көрiптi. Приставтың айтуынша, бұрынғы тұтқындардың бiрi Шәмiлдi көрiсiмен жүгiрiп келiп, оның қолын сүйген. Руновский кейiн солдатты былай деп сөзге тартады.
– Сен неге Шәмiлдiң қолын сүйдiң? Ол сенiң қожайының емес қой. Тауда сендердi сүйiңдер деп күштеген шығар, бiрақ мұнда оны несiне қайталадың?
– Бiзге Шәмiлдiң қолын сүюдi ешкiм бұйырған жоқ, – деп жауап бередi бұрынғы тұтқын, – мен оны өз қалауыммен iстедiм.
– “Өз қалауыммен” дегенiң қалай?
– Ол жақсы адам. Шәмiл тұтқындарға жақсы қарады. Егер қожайындарымыз бiзге күш көрсеткенiн естiсе, Шәмiл тұтқындарды өзiне қайтарып, бiздi ренжiткен адамды жазалайтын. Мен өз көзiммен оны талай рет көрдiм.
– Ол сонда сендерге, тұтқындарға жақсы қараған ба?
– Жақсы қарады, Мәртебелiм, Исаға сенбесе де ол өте мықты адам.
Бiрде Шәмiлдiң Калугадағы үйiнiң ауласына әлдебiр қарт солдат кiрiп келдi. Поляк солдаты “Бiздiң бұрынғы императорымыз Шәмiл қайда? Мен оны көргiм келедi. Ол тұтқындарды қорғап, Даргода бiзге үнемi жақсылық жасайтын” деп дауыстап жiбердi. Шәмiлге бейтаныс бiреудiң келiп тұрғанын естiртедi. Терезеден тысқа үңiлген имамды көрген солдат, оған иiлiп сәлем бердi. Сосын бұйымтайын айтты. Шәмiлден он рубль алған солдат үлкен алғыс айтып, көңiлi көтерiлiп керi қайтып кетедi.
Тұтқынға түскен имамға барлық құрмет көрсетiлдi. Дағыстаннан келе жатқанда мыңдаған адам ұлы имаммен жолда жылап қоштасады. Еркектер мен әйелдер оның шапанының етегiнен сүйiп жатты. Қыркүйектiң 15-i күнi, Харьковтың түбiнде Шәмiл орыс армиясымен дәстүрлi кездесуге келген император Александр екiншiмен жүздестi. “Мен сенiң ақыры Ресейге келгенiңе өте қуаныштымын,– дейдi император,– бұл оқиғаның бұдан ертерек болмағанына өкiнем. Сенен өткен iстерiң үшiн тәубәға келудi сұрамаймын. Саған барлық жағдай жасалады, бiз дос болып қаламыз!– дедi”. Шәмiлдiң Ресейдегi сапары ары қарай жалғасты. Мәскеуде Кавказдың аты аңызға айналған қос билеушiсi Шәмiл мен генерал Ермолов кездеседi. Арада бiр ай өткен соң имам Петерборға келдi. Ол бұл кезде қасиеттi соғысты түбегейлi тоқтатып, толығымен орыстарға берiлген болатын. Калугада ол ауласында бау-бақшасы мен мешiтi бар, ең жақсы үйлердiң бiрiне қоныстанды. Кейiн имамның Дағыстанда қалған отбасы да түгел осында жеткiзiледi. Император бұл үйге жыл сайын қазынадан 20 мың рубль бөлгiзiп, имамның өзiне жыл сайын 15 мың рубльдей пенсия тағайындады. Бұл сол кездiң нарқымен өте көп ақша болатын. Деректерге қарағанда, 1850-шi жылдары Шәмiл жыл бойы жасаған жорықтан мұндай ақша таппаған көрiнедi. Дегенмен қанша жақсы болғанымен қапастың аты – қапас. Шәмiл Меккенi де естен шығарған жоқ. Ол сапар шегудi армандады. Бiрнеше ай өткен соң ақыры жолға шығуға рұқсат алады. Бiрақ отбасы мүшелерi әлдеқандай жағдай бола қалса деген қауiппен Ресейде қалдырылды. Меккелiктер әйгiлi имамды қошаметпен қарсы алды. Оның көргiсi келгендердiң көп болғаны соншалық, түрiк полициясы жұртты тәртiпке шақыруға тура келедi. Көп ұзамай Шәмiл Меккеден Мединаға аттанды. Алыстан Мединадағы мешiттiң күмбезiн көрген имам жылап жiбередi. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) құлшылық қылған ғибадатханада Шәмiл Аллаға былай деп жалбарынды: “О, тәңiрiм, О, менiң Жаратушым! Егер менiң ниетiмдi, тартқан азаптарым мен дiн жолындағы күресiмдi дұрыс деп тапсаң, менi пайғамбарыңның жанынан алыстата көрме. Маған сүйiктi құлыңның қасынан орын бере гөр!”. Көп ұзамай Ресейге “Шәмiл қатты науқас. Жақын күндерi жүрiп кетуi мүмкiн” деген лауазымдағы хаттар жiберiлдi. 1871 жылы ақпан айының төртi күнi имамға өзi жалбарынып сұраған Мединадан топырақ бұйырды. Оның денесi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз жерленген жерге әкелiнiп, жаназасы оқылады. Шәмiл Мединадағы ең қастерлi орындардың бiрi – Жәннат-әл-Бақыр зиратына жерлендi.
Жолымбет МӘКIШЕВ, Журналист