“ИТ ҚОРЫҒАН ЖЕРГЕ ӨШ” НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕСТIҢ “БАҒЫ” НЕГЕ АШЫЛМАЙДЫ?

“ИТ ҚОРЫҒАН ЖЕРГЕ ӨШ” НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕСТIҢ “БАҒЫ” НЕГЕ АШЫЛМАЙДЫ?

“ИТ ҚОРЫҒАН ЖЕРГЕ ӨШ” НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕСТIҢ “БАҒЫ” НЕГЕ АШЫЛМАЙДЫ?
ашық дереккөзі
597

Қазақ қоғамын iштен iрiткен дерт – коррупцияға қарсы күрес жариялаған Үкiмет жемқор шенеунiктердiң қолына кiсен, аяғына тұсау салуға қанша тырысқанмен, пара алуға дәндеген мемлекеттiк қызметкерлер саны күн сайын өсуде. Бұл отандық және шетелдiк кәсiпкерлерге кедергi әрi елiмiздегi “көлеңкелi бизнестiң” “гүлденуiне” сеп.

Бүгiнгi таңда, ҚР аумағында 2300-ден астам iрi кәсiпорын бар. Оның 115-i – шетелдiк, ал 130-ы – бiрiккен кәсiпорындар. Отандық ауыр және жеңiл өнеркәсiбi тұралаған, экономикасының “кiндiгi” көмiрсутегiлерге байланып қалған Қазақстанда шетелдiк инвесторлар негiзiнен мұнай мен газ саласын таңдайтыны айтпаса да түсiнiктi. Өткен аптада USAID ұйымдастырған дөңгелек үстелде қазақ қоғамын iштен iрiтетiн дерт – сыбайлас жемқорлықтан отандық және шетелдiк кәсiпкерлiкке келетiн кедергiлер талқыға салынды. Қазақстандағы Кәсiпкерлердiң тәуелсiз ассоциациясының вице-президентi Тимур Назханов пен Қазақстандық жылжымайтын мүлiк федерациясының вице-президентi Александр Калинин: “Бiздiң елiмiзде бекiтiлген қағидалар мен қабылданған заңдар бойынша кәсiпкерлiкпен айналысу мүмкiн емес. Сондықтан бизнестi жауып тастаған әлдеқайда тиiмдi” деген мәлiмдеме жасады. Кәсiпкерлер қауымы қазақ шенеунiктерi кәсiпкерлiкке қатысты заңды дайындау барысында бизнесмендердi уысында ұстап отыратын мүмкiндiктердi қоса қарастыратынын айтады. Мысалы, 2006 жылы қабылданған ҚР “Жекеменшiк кәсiпкерлiк туралы” Заңда қазақ кәсiпкерлерi аталған заң жобасын дайындауға жауапты парламенттiк жұмыс тобына ұсыныс ретiнде бiрнеше түзетулер мен өзгерiстер, толықтырулар жолдапты. Ұсыныстың iшiнде шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге қатысты тармақ та болған. Жұмыс тобының мүшелерi толық келiсiп, сенаторлар қостаған кәсiпкерлер ұсынысы көп кешiкпей тиiстi министрлiктер тарапынан “құйрық-жалын” “күзеп” қайтыпты. Яғни, министрлiктер қосқан екi тармақта қаржы полициясы, салық органдары мен кеденшiлер кез келген уақытта шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге толық құқығы бар деген жолдар жазылған. Осының кесiрiнен отандық кәсiпкерлердiң қаққан дабылы мен жанайқайы ұысынысымен бiрге адыра қалып, қазақ бизнесi шенеунiктердiң ойыншығы мен “майшелпегiне” айналды. Былтыр жыл соңынан басталып, күнi кеше – 1 шiлдеге дейiн жалғасқан шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге жарияланған мароторий итке лақтырылған сүйекпен тең болды.

Дөңгелек үстел барысында USAID-тың Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының жетекшiсi Кеннет Мак қазақ жерiнде тер төгiп жатқан шетелдiк инвесторлардың кәсiпкерлер үстiнен қозғалып жатқан сот процестерiне алаңдаушылық танытып отырғанын айтты. Құрама Штаттарда салықтан жалтарғандар ауыр қылмыс жасағанмен теңгерiледi. Салық төлеуден қашатындардың заң жүзiнде қатаң жазаға тартылатыны сондықтан. Бiрақ соған қарамастан, Мак мырзаны қазақ шенеунiктерiнiң салыққа қатысты қолданатын шаралары алаңдатады: “Қазақстанда экономикалық қылмыс жасағандарды жазаға тарту, экономикалық қылмыс дегенде, әкiмшiлiк жаза мен қылмыстық жаза қолданудың аражiгi ажырату төмен. Егер шетелдiк компания 17 мың доллар салық төлемесе, бұл заң бұзушылық қымыстық тексерулерге ұласып, әлгi компанияның басшылығына қауiп төнедi. Осы себептi, кез келген кәсiпорын, тiптi, ең iрi, әлемге танымал деген компания жетекшiсi тұтқынға алынбас үшiн Қазақстаннан жыраққа бас сауғалауға мәжбүр болады. Менiңше, бүгiнде шетелдiк инвесторлардың Қазақстан экономикасына батыл инвестиция құйып, қазақстандық сот пен кеден жүйесiне сенiммен қарауы үшiн кәсiпкерлiкке қатысы бар барлыққа заңға өзгерiстер енгiзiп, әрекет ету шараларын өзгерту қажет”.

Сарапшылар кәсiпкерлiктi тексеретiн органдар санын шектеудi тез арада қолға алу керектiгiн көлденең тартады. Қазiргi кезде тексеру органдарының әрқайсысының қолында кәсiпкерлiктi тексерудi жүйелейтiн кем дегенде 2-3 кодекс, 5-10 арнайы заң, жүздеген заңдық актiлер бар. Бұл туралы А.Калинин: “Кәсiпкер сансыз заңдар мен заңдық құжаттардың барлығын бiрдей бiлмеуi мүмкiн. Қағазға қатысты мәселелерде мүлт кететiн жайттар мiндеттi түрде кездесетiнi айқын. Тексеру органдарына қарсылық пен наразылық ретiнде кәсiпкерлер заңсыз бизнеске кетудi жөн санайды. Елiмiзде көлеңкелi бизнестiң гүлденiп жатқаны сондықтан. Осының кесiрiнен салық ретiндегi қырауар қаржы мемлекеттiк бюджетке түспейдi, қазақ қоғамы қанша қаражаттан қағылады” дейдi. Негiзi дамыған елдерде кәсiпкерлiктi тексеретiн органдар саны 2-3-еуден аспайды. Есесiне, билiктiң де, салық төлеушiлердiң де жандары тыныш.

“Жығылғанға – жұдырық”, шағын және орта кәсiпкерлiкке банктер тарапынан келетiн қиындықтар да жетерлiк. Бұл мәселеге орай, А.Калинин: “Кез келген iрi банкте қаржылық-өндiрiстiк топ жұмыс жасайды. Аталған топтар қолдарындағы мүмкiндiктердiң арқасында iрi кәсiпкерлерге қысым жасап, олардың мүлкiн күштеп тартып алуды мақсат етедi. Бiр кездерi кәсiпкерлер банктерден несие алу үшiн кепiлдiкке иелiктерiндегi мал-мүлкiн қойғаны белгiлi. Қазiр қаржы тарту өте қиын әрi бизнеспен айналысу да күрделi. Есесiне, қаржылық дағдарыстың арқасында банктер пайдаға шаш-етектен кенелуде. Мысалы, кәсiпкер қойған кепiлдiк құнды қайта бағалауда тым төмен бағалап, бiр кездерi миллион долларға бағаланған мүлiктi 200-300 мыңға теңгередi. Дәл осы бағамен банк кәсiпкердiң мүлкiн алуға жанын салады. Қазiргi таңда мен осы мәселеге орай көп кәсiпкерлерге кеңес берiп, сарапшы ретiнде сансыз сот процестерiне, прокуратура мен Ұлттық Қауiпсiздiк комитетiндегi дауларға қатысып жүрмiн” дейдi.

Басқосуда бiздiң елiмiздегi шетелдiктер қалталылардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Мак мырза мемлекеттiк органдар тарапынан заң бұзушылықтарға жол беретiн жайттар кездесетiнiн айтты: “Кейде Қазақстандағы еуропалық және америкалық компанияларға кедергiлер мен қиындықтардан қолдан жасайтын кездер болады. Өйткенi, ол компаниялар заңды сақтайды, заң бұзушылықтардан бойларын аулақ салады. Шетелдiк компаниялардан “Қай мемлекетте жұмыс iстеудi қалар едiңiз?” деп сұраңызшы. Олар: “Қазақстаннан Құдай сақтасын!” деп жауап бередi. Сондықтан Қазақстандағы кәсiпкерлiкпен айналысу мен билiкпен арадағы қарым-қатынас ашық, жария болуы шарт”. Алайда, шетелдiк iскерлер қауымының қазақ билiгiне таққан айыбымен Үкiмет мүшелерi келiспейдi. Жуырда баспасөз өкiлдерiне мәлiмдеме жасаған ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов: “Билiк тарапынан шетелдiк инвесторларға қысым жасау әрекеттерi болған емес. Бiз керiсiнше, оларды қызықтыратын жағдайдарды жасауға күш саламыз. Оның үстiне, әлемнiң дамыған 50 елдерiнiң қатарына енудi мақсат етiп отырғанымыз белгiлi” деп мәлiмдедi. Министрдiң пiкiрiнше, шетелдiк инвесторларға қарсы “қолдан жасалатын кедергiлер” мен “жасанды заң бұзушылықтарға” қатысты әр жайтты жеке-жеке қараған жөн. Шенеунiк осылай мәлiмдегенмен, кәсiпкерлер қауымы мемлекеттiк қызметкерлер арасында жемқорлардың күрт өскенiн айтады. Назханов пен Калинин айтқан пiкiрлерге қосылған Қазақстандағы Кәсiпкерлер форумының төрағасы Райымбек Баталов: “Америкалықтардың сөздерi шындыққа жанасады. Бұл туралы қазiр Үкiметте де әңгiме қозғалуда. Шынында да, шикiзаттық емес салада кәсiпкерлiкпен айналысу өте күрделi. Бiрақ инвесторларға қарсы шара қолдану жоқ, қиындықтың түбiрi басқада. Өкiнiшке қарай, бiздiң елiмiз бен оның заңдарын сақтауға немқұрайды қарайтын шетелдiк инвесторлар бар” дейдi. Мак бастаған инвесторалар тобы Қазақстанда үкiметтiк емес ұйымдардың қатарында болатын және жемқорлыққа қарсы күресетiн тәуелсiз кеңес құруға ұсыныс бiлдiруде. Қазақстандағы жемқорлық туралы жеректердi тiзбелеп, арнайы мониторинг жүргiзумен айналысатын бұл кеңеске кез келген мүдделi азамат пен кәсiпкерлер мүше бола алады. “Сондай-ақ, кеңес жергiлiктi және ұлттық бағдарламаларыға бөлiнген бюджеттiк қаражаттың қалай және қайда жұмсалып жатқанын бақылап отырады” деп мәлiмдеген Мактың ұсынысы құлаққа жағымды. Алайда, оны iске асыруға билiк мүдделi болса игi. Өйткенi, дөңгелек үстелге арнайы шақырылған шенеунiктердiң келмеуi – көңiлге күдiк.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары