ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ САЙЛАУ: АВТОРИТАРЛЫҚ РЕЖИМНIҢ ҚАЙТА ОРАЛУЫ МА?
ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ САЙЛАУ: АВТОРИТАРЛЫҚ РЕЖИМНIҢ ҚАЙТА ОРАЛУЫ МА?
Қырғызстан оппозициясының жоспары бойынша кеше — яғни 29 шiлдеде шiлденiң 23-iнде өткен Қырғызстан президентi сайлауы нәтижесiне наразылық шеруi өткiзiлуi тиiс едi. Әржерде “сайлау нәтижелерi өрескел бұрмаланды” деген мәлiмдеме жасаушы қырғызстандық бiрiккен оппозиция лидерi, Қырғызстан президенттiгiне үмiткер Алмазбек Атамбаев 29 шiлденi оппозицияның жаппай қарсылық акциясын ұйымдастыратын күнi ретiнде мәлiмдегенi белгiлi.
Бiрақ, кешегi күнгi мәлiмет бойынша Қырғызстанда тыныштық. Алмазбек Атамбаев осыдан 4 жыл бұрынғы оқиғаны қайталап, Қырғызстанда бейбiт революция жасауға бел буып отырғандықтарын айтқанымен, бұл жолы Құрманбек Бакиевке халықты қарсы қоя алуы екiталайға айналған сынды.
Қырғыз оппозиционерлерi осыдан 4 жыл бұрын бұрынғы билiктi орнынан ауыстырған демократ Құрманбек Бакиевтiң аз уақыттың iшiнде авторитарлық басшыға айналғанын айтып, дабыл қағуда. “Ол Асқар Ақаевты тағынан тайдырып Қырғызстанда бейбiт төңкерiс жасағанымен, алға қойған демократиялық талаптардың бiрде бiрiн жүзеге асырған жоқ” деп айыптайды олар. Сарапшылар “Бакиевтiң жеңiсi — сайлаушылардың 50-60% дауысымен ерекшеленiп, Алмазбек Атамбаев сайлаушылардың 20-30%-ын иеленсе де, ешкiмнiң қытығына тимес едi. Бiрақ, ол сайлауда 90% дауыс жинап жеңiске жеткен Орталық Азия елдерiнiң өзге лидерлерi — Ильхам Әлиев пен Түркiменбашының жолын қайталап, авторитарлық жүйеге бiр табан жақын қалды” деген пiкiр айтуда. Егерде сайлау нәтижелерiнiң бұрмаланғаны туралы халықаралық бақылаушылар да өз хаттамаларында жазбағанда, оппозицияның дабылы ескерiлмес те едi. Қырғызстанның “Азаматтық ұйымдар одағы” президент сайлауында өрескел бұрмаланушылықтар болғанын мәлiмдесе, Сайлау нәтижесiн бақылау жөнiндегi ұйымдардың Еуропалық желiсi сайлауда жүйелi заң бұзушылықтардың болғаны жайында баяндама жасаған. ЕҚЫҰ (ОБСЕ) миссиясының өкiлдерi Қырғызстандағы президент сайлауы дұрыс өтпедi дей отырып, ЕҚЫҰ стандарттарына сай келмегендiгiн сөз еттi. Бұл мәлiмдемелерде Бакиев әкiмшiлiк ресурстарға бой алдырған және БАҚ-тағы тең емес үгiт кампаниясының нәтижесiнде қол жеткiзген делiнген.
Қалай дегенмен, Қырғызстандағы президент сайлауының нәтижесi бойынша президент Құрманбек Бакиев сайлаушылардың 88% дауысына ие болып, президент тағына қайта отыратын болды. Әзiрге Қырғызстандағы Конституциялық сот сайлаудың әдiл, барлық конституциялық талаптарға сай өткенi жайлы мәлiмдеме жасаған жоқ. Алайда, Құрманбек Бакиев оны күтпестен 28-шiлдеде теледидардан халыққа Жолдауын жариялап үлгердi. Мұнда Бакиев өзiнiң екiншi президенттiк мерзiмiнде атқаратын мiндеттерi мен алға қойған мақсаттарын жария еткен. Әрине, оппозиция Құрманбек Бакиевтiң бұл қылығын да сынап, мiнеп жатты. Бiрақ, Бакиев оны елеп-ескермедi.
Құрманбек Бакиев бұл Жолдауында Ресейдi ең маңызды стратегиялық әрiптесi ретiнде атаса, АҚШ, Қытай, Түркия, Жапония және Сауд Аравиясымен өзара қарым-қатынастың жаңа сатысына көшу керектiгiн сөз еткен. Бакиевтiң Еуропа жайында тiс жармауы да былайғы сарапшылардың назарынан тыс қалмаған. Сондай-ақ, Бакиев Орталық Азия одағын құру идеясын қолдайтындығын және Орталық Азия елдерiмен бiрлесiп шешуге тиiстi маңызды iстерде жалғыз өзi шешiм қабылдамайтындығын айтқан. Әсiресе, жылда басты проблемаға айналатын су ресурстарын бiрлесе пайдалану iсiнде алғырлық және көрегендiк таныту қажеттiгiн баса айтқан.
Кейбiр болжамдарға қарағанда, Қырғызстан президентiнiң инагурациясы, 2 немесе 3-тамызда өтуi мүмкiн. Дәл осы күндерi — Ыстық көл жағалауында 31 шiлде мен 1 тамыз аралығында Қырғызстанда Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының ресми емес саммитi өтпек. Алайда, ресми Бiшкек бұл ақпаратты әзiрге растай қойған жоқ.
Есенгүл Кәпқызы