“ШАЯН ШӨЛГЕ, ШОРТАН КӨЛГЕ, АҚҚУ КӨККЕ” СҮЙРЕП...
“ШАЯН ШӨЛГЕ, ШОРТАН КӨЛГЕ, АҚҚУ КӨККЕ” СҮЙРЕП...
Жаңа оқу жылының басталуына бiр ай ғана уақыт қалды. Кешегi күнге дейiн екi, үш ауысымда қысылып-қымтырылып бiлiм алып келген оқушылар оқу жылын жаңа мектепте қарсы ала ма? Жемқорларға жем болған мектеп құрылысы жұмыстары әдеттегiдей мезгiлiнен кешiгiп, дер кезiнде пайдалануға берiле ме? Бұл жағы күңгiрт.
Үкiмет тарапынан қабылданған “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының тетiгi iске қосылғалы берi 2 жылдың жүзi болса да, жағдай көңiлге қуаныштан гөрi жұбаныш ұялатып келедi. Газетiмiздiң өткен санында аталмыш бағдарлама аясында iшiп-жеп қойған басшылардың үстiнен қылмыстық iс қозғалғанын және құрылыс нысандарын арзанқол, сапасыз материалдардың есебiнен тұрғызғандығына байланысты заңсыздықтың әшкереленгенiн ашына жазған едiк. Бiр-екi күндiкте ғана Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасы бойынша мектеп нысандарының межелi уақытынан кешеуiлдеп жатқандығына шүйлiгiп, алдағы үш аптаның iшiнде тездетуге тапсырма бердi. Ал Бiлiм және ғылым министрi Түймебаевтың пiкiрiнше, кейбiр бiлiм нысандарының құрылыс жұмыстарының жарты белден тоқтап қалуына оған қажеттi құрал-жабдықтар мен материалдардың күрт қымбаттап кетуi себеп болған көрiнедi. Шын мәнiнде, мектеп салуды өз мойнына алған мердiгерлер мен құрылыс компания басшылары бөлiнген қаражатты дiттеген жерiне жұмсамай, бас-көзсiз талан-таражға түсiрiп үлгергенi көзге түрпiдей көрiнiп тұрған жоқ па?
Әсiресе, қандай да бiр iске келгенде бастапқыда белсендiлiк танытып, ақыр соңын сиырқұйымшақтандырып жiберетiн шымкенттiк шенеунiктер “100 мектеп” бағдарламасын да жемсауыттың көзiне айналдырды. Жаңа оқу жылы басталғанда жауырды жаба тоқыған орын жетiспеушiлiгi мәселесi көсе-көлденеңдей беретiнiн ескерсек, 100 мектептiң 34-iнiң осы аймақта салынуы да бекер емес. Биылғы оқу жылына дейiн оның 18-i пайдалануға берiледi деп кесiлiп-пiшiлсе де, әзiрге 14 бiлiм ошағын тапсыру болжанып отыр. Ал, осы 14-iнiң өзi 1-қыркүйек Бiлiм күнiнде есiгiн ашса да, түйткiлдi мәселенiң бiр шетi ағытылар ма едi, кiм бiлсiн? Оңтүстiк өңiрге қарайтын аудан, қала, елдiмекендердегi оқушылардың тозығы жеткен ескi мектептi қанағат тұтып, бiлiм алып жатқаны былай тұрсын, облыс орталығы – Шымкент қаласының өзiнде 2 мектеп апатты жағдайда тұрса, 13 бiлiм ұясы үш ауысыммен бiлiм берiп келедi екен. Әрине, оңтүстiк өңiрдiң бала туу саны жағынан алдыңғы қатарда екенiн қаперге алсақ, мектепке деген сұраныстың тек бүгiн ғана емес, кеше де, ертең де, тiптi, жыл сайын арта түсетiнi түсiнiктi жайт.
“100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасына жеткiлiктi мөлшерде қаржы бөлiнгенiмен қоймай, нақты түрде жүзеге аспай отырғандығына не себеп? Әлде, бұған билiктiң төңiрегiндегi осы бағдарламаға тiкелей жауапты тұлғалардың салғырт қарағандығы “жығылғанға жұдырық” бола түстi ме? Қаржыны бөлу бар жерде оны қадағалау жағы қатар жүрмейтiн бе едi? Әсiлi, аттың тiзгiнiн бос жiберiп қойған бақылау мекемелерiнiң өзi жүрдiм-бардым көзқарас танытып, науқаншылық әдетке бой алдырып алған-ау шамасы. Әйтпесе, “Судың да сұрауы бар” демекшi, әлемдiк қаржы дағдарысы алқымнан қысқан уақытта әрбiр бөлiнген ақшаның да септiгi тиер өз орны болмайтын ба едi?
Қанша жерден күйiп-пiссек те, кез келген игi шараны оңтайлы түрде iске асыру барысының басы-қасында бiлiктi әрi тәжiрибелi басшының жүргенi абзал. Мәселен, көп нәрседе үлгi тұтар iстерi басым Ресейдi алайықшы. Жергiлiктi билiк жаңа оқу жылына деген дайындықты баяғыда бастап жiберген. Оқу жылы аяқталып, мектеп түлектерiнiң кешi өте салысымен Премьер-министр РФ Бiлiм және ғылым министрi А.Фурсенконы қабылдап, 1-қыркүйек – Бiлiм күнiне дейiн бiлiм ошақтарының күрделi жөндеуден өтiп, сақадай-сай болуын талап еттi. Тапсырма берiлдi екен, оны дер кезiнде орындаған ұтады. Тiптi, тәртiпке шақыра отырып, жұмылған жұдырықша кiрiсудi жаны сүйетiн президент Д.Медведевтiң: “Егер мектептер оқу жылына дайын болмаса, оның директорлары мен мұғалiмдерi кезектi демалысына жiберiлмесiн” деген қатаң үкiм шығаруының өзi ортақ мүдденiң қамын ойлап отырғанын аңдатпай ма?
Соңғы кезде бастауыш сынып оқушыларының бағдарламасы қиындап барады. Әрбiрден соң, бiрiншi, екiншi сынып оқушысы оқитын оқулықтардың тiлi ауыр, сөзi жатық емес. Кейде берiлген тапсырманы бала тұрмақ, өзiмiздiң де түсiнiп жарытуымыз қиынға соғып жатады. Шұбалаңқылық пен астарлы сөзден құралған, яғни, баланың ұғымына жат сөз тiркестерi мен сөйлемдер жиi көрiнiс табады. Оның үстiне оқулық шығаруда мемлекеттiк тендердi қандай баспа жеңiп алса, соның оқулығын сатып алуға лажсыз мәжбүрсiң. Бiр-екi жылдан кейiн тағы бiр екiншi баспаның жолы болса, сол жылы соның дәуренi жүретiнi үйреншiктi жайтқа айналғаны күнi бүгiн емес. Алдын-ала қамданып, қажет деп тапқан оқулықты түгелiмен сатып алған ата-ананың қайтадан шығындануына тура келдi. Себебi, Алматы қаласының бiлiм ошақтары 2008-2009 оқу жылын “Алматыкiтап” баспасының оқулығымен ашқан едi. Қаперлерiңiзде бар шығар, бұл баспаның тап бастауыш сыныптарына арналған оқулықтары баспасөз беттерiнде талай сынға ұшырады. Бiрақ түсiнiксiз жазылған оқулық авторлары өз пiкiрiн дәлелдеп, “бүгiнгi таңда кез келген тапсырманы балаға оңай жолмен жеткiзуге болмайды. Бала кiшкентайынан “ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен”жүруге құлықтанбауы керек” дегендi айтып едi. Жөн делiк. Әдетте әр баланың қарым-қабiлетi, ойлау жүйесi, қоршаған ортаға деген көзқарасы әр түрлi ғой. Бiреуi тез қабылдағанмен, екiншiсiне кәдiмгiдей ауыр тиюi мүмкiн. Мұның бәрi де оқу жүйесiнде ескерiлуi тиiс дүниелер. Ал, бастауыш сынып оқулықтары расымен де, қиындатыла түссе, оқу жүйесiне 12 жылдық бiлiм беру енгiзiлсе, бастауыш мектептi 5 жылдық етудiң ауылы алыс емес сияқты.
Бұған дейiн елiмiз бастауыш сыныптарды бес күндiк және алты күндiк бойынша оқытып та көрдi. Қазiр де бәзбiр бiлiм ошақтарының бастауыш мектеп санатына жататын 1-4 сынып оқушылары бес күн, кейбiрi алты күн оқиды. Алайда, балаға бiлiм нәрiн сiңiре бiлу, әсiресе, оның әрқайсысының кiрпiшiнiң кетiгiн тауып қалау оңай шаруа емес. “Баланы бастан” тәрбиелеу керектiгi деген сол. Сол себептен де ата-аналар мен мұғалiмдер бастауышты 1-5 сынып аралығы деп есептеу қажеттiгiн айтады. Айтпақшы, бұл жөнiнде пiкiрталас Ресейде қызу талқыға түсiп кеттi. Бастауыш мектепке арналған жаңа стандарттың негiзiн қалаушылардың бiрi Александр Адамский: “Егер бастауыш мектеп 5 жылдық және 5 күндiк болса, оқу бағдарламасының қиындығы азаяр едi. Сосын 5-сыныпқа келгенде баланың да ақылы кiрiп, ә дегеннен әртүрлi пәннен беретiн мұғалiмнiң талабына да бiрте-бiрте үйренер едi. Баланың аты — бала. 4-сыныпты бiтiрiп, 5-сыныпқа өткен оқушыдан өз пәнiне жауапкершiлiкпен қарауын сұрайтын мұғалiм ертеңгi күнi оның оқуға деген ынта-жiгерiн құм етпесiне кiм кепiл?” деген дәйектi мысалдарын ұсынады. Әзiрге сарапшы-маман пiкiрiнiң дұрыс және бұрыс жақтары таразыға тартылып жатыр. Бiрақ қай жағынан алып қарасақ та, бастауыш мектептiң 5 жылдық болуынан ұтпасақ, ұтылмайтын факторлар жеткiлiктi секiлдi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ