МЕДВЕДЕВ ТМД ТIЗГIНIНЕН АЙРЫЛЫП ҚАЛА МА?
МЕДВЕДЕВ ТМД ТIЗГIНIНЕН АЙРЫЛЫП ҚАЛА МА?
31-шiлде мен 1-тамыз аралығында Бiшкекте Ыстықкөл жағалауында Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымына мүше елдердiң бейресми саммитi өтпек. Бүгiнде Шолпан ата резиденциясында Қырғыздың қайта сайланған, алайда, инауграциясы әлi өтпеген президентi Құрманбек Бакиев саммит қонақтарын қарсы алуда.
Ресейдiң басты одақтасы Белоруссиямен арада қара мысықтың жүгiрiп өткенiне бiраз уақыт. Беларусь президентi Александр Лукашенко соңғы кездерi Ресейдiң ықпал ету аймағы саналатын – ТМД және Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының бас қосуларына бойкот жариялап, қатысудан бас тартып жүрген едi.
Бұған дейiн Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының саммитi маусымның орта шенiнде Мәскеуде өткенi белгiлi. Екi ел арасындағы “сүт соғысының” салдарынан ресми Минск аталған саммитке наразылық танытып, қатысудан бас тартқан едi.
Ал, 21-шiлдеде Мәскеуде Ресей президентiнiң кубогына арналған ат жарысы аясында ТМД елдерiнiң бейресми саммитi болып өткенi белгiлi. Бұл саммитте де Беларусь президентi бой көрсеткен жоқ. Бұның барлығы Ресейдiң қытығына тиiп қана қойған жоқ, сонымен қатар, ресми Мәскеудiң алаңдауына да негiз болып отыр.
Егерде, бұл саммитке Александр Лукашенко келмейтiн болса, онда Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының мәнi де жоғалатындығы сөзсiз. Өйткенi, өткен жолғы саммиттен бас тартқан Беларусь ондағы қабылданған барлық құжаттарды заңсыз деп мәлiмдеген болатын. Онда қабылданған құжаттардың негiзi – жедел әрекет ету ұжымдық күштерiне байланысты болған едi. Ал, бұл мәселе Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының негiзгi тетiгiне айналуы қажет болып отыр. Екiншiден, Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының тiзгiнiн Александр Лукашенко ұстауы тиiс-тұғын. Егер, бұл жолы Лукашенко бой көрсетпегенде, Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының бұдан арықарайғы өмiр сүруi екiталай болар едi.
Ресейге қыр көрсетiп жүрген Лукашенко екi ел арасындағы құрылуы тиiс одақты “аяқталмаған жоба” деп көрсетiп, бұдан ары қарайғы сыртқы саясатының АҚШ-қа қарай ойысатынын айтқан.
Беларусь жағы бұл саммитке қатысуы арқылы, 500 миллион доллар несиеге қол жеткiзуi мүмкiн.
Жыл сайын Мәскеуде шiлденiң ортасында ТМД елдерiнiң бейресми саммитiн өткiзу дәстүрге айналғаны белгiлi. Бұл саммит аясында Ресей президентiнiң кубогына ат жарысы өткiзiлiп тұрады. Биыл да дәстүр бойынша Медведев ТМД-ға мүше 12 елдiң басшыларын Мәскеуге шақырды. Алайда, оның бұл ұсынысын 4 президент аяқасты еттi. Олар – Украина президентi Ющенко, Белоруссия президентi Лукашенко, Түркiменстан президентi Бердiмухамедов және Өзбекстан президентi Каримов.
Халықаралық сарапшылар, “бұның соңы ТМД-ының тарап тынуымен аяқталады” деген пiкiрде. Президенттердiң бейресми бас қосудан бас тартуын батыстық басылымдар “Медведевтi 4 президент құрметтемейдi” деп айдарлапты. Мәскеудегi бұл кездесуде негiзгi нысанаға алынған мәселе – Таулы Карабах шиеленiсiн бiржақты ету болғаны белгiлi. Армения мен Әзiрбайжан президенттерiнiң өзара келiссөзiне Медведев пен Қазақстан Президентi Назарбаевтың ара ағайындық атқарғаны да мәлiм. Алайда, ТМД-ға мүше 4 мемлекет басшыларының бұл бей ресми саммитке келмеуi – Ресейдiң де амбициясына керi әсерiн тигiзiп, аймақтағы жетекшiлiк рөлiн жоққа шығарғаны да айқын.
Ал, Ресей бұл жолғы Қырғыз саммитiнде жедел әрекет ету ұжымдық күшiн құру және оның алдағы iс-тетiктерiн ақылдасуды басты нысана етiп отыр. Ал, ТМД елдерiнiң басшылары Ресейден өзiне қажеттi келiсiмдерге қол жеткiзудi мақсат етуде. Егер, ресми Мәскеу бұл жолы ойлағанын жүзеге асыра алатын болса, НАТО-ға қарсы тұрар балама ұйымды дүниеге келтiрiп, соның аясында, өз күшiн бекемдеп алар едi. Ресейге өкпелi Александр Лукашенко оның бұл ойын аяққа таптамаса болғаны.
Есенгүл Кәпқызы