Әдiл ТОЙҒАНБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ҚЫРЛАРЫ
Әдiл ТОЙҒАНБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ҚЫРЛАРЫ
Саптаяқтың сабынан қарауылдайтын бақауылдар халықты қаз-қалпында сақтап қалу үшiн қам жегенсiп, билiктiң бiтпейтiн уәделерi мен тыйым салуды қолайлы көргенде өз жобаларына соншалықты арзан әрi сенiмсiз iргетас соғып жүргендерiн сезiне қоймайды. Егер бәрi де оп-оңай болса, онда олар орнатқан тұрмыс дағдысын да жеңiл (бiр ғана қаулымен) күйретуге болады.
Бақауылдардың бұрандалы ұлттық өмiр салты, дiлi мен мәдениетi расында да қорғап-қорғаштауды қажетсiнедi, жәй айтқанда, кембағал: сәл ғана желпiген самалдан көкжөтелге айналуы оңай.
Жаңаны қабылдай алмайтын, шындап келсек — онымен қандай қарым-қатынаста болуды бiлмейтiн бақауылдар жаңалық атаулыға бiтiспес күрес ашады. Осыдан соң оның да барша өмiрлiк жиған-тергенiн ескi-құсқы деп жариялағанға таңданатын не бар? Егер оның консерватизмi ескi-құсқы қабылдаушының күңкiлi, соқыр тышқанның шыққан Күнге наразылығы деп қабылданса таңданарлық нәрсе ме?
Бұған қарамастан барша ұлтшыл-бақауылдар бiртектес — олар тым тәкаппар, нақты өмiрден тым-тым алыста, тым бұлыңғыр. Олардың бойынан “Нелiктен ешнәрсе дұрыс болып шықпады?” дегендi ойланбай-ақ алдын ала түсiндiруге дайындық көзге ұрып тұрады. Олар — өзгелердiң құйтырқы ойынындағы алдын ала жеңiлушiлер. Ескiшiл және ебедейсiз, тұнжыр әрi ұсақшыл олар, өздерiнiң тарихи мiндеттерiн — ұлттық идеяны әбден былғап бiткен, өзгелердi өткенмен күштеп қайта қоспақшы. Әрине, археолог әрбiр сынықтарды абайлап үрлеуге құштар болса орынды: бұл — оның кәсiбiнiң негiзгi өзегi. Бiрақ осы заманғы, тартысқа толы құбылған саясатта ұлтшылдықты қорғауға үмiткер болсаң, онда атқарар рөлiңнiң сапасы мүлдем басқа болуға тиiс. Ең әуелi атойшыл болуға тиiссiң. Кейiнгi қатардағы жайттарды емес, ұлттың мiндетiн, оның басты мәселелерiн бiрiншi орынға қою керек. Өзiндiк ерекше нышандар мен қисындар өте жақсы-ақ, дегенмен ең әуелi солардың басын бiр арнаға тоғыстырар Идея ауадай қажет.
Бұл — өзiмiз батыл түрде мойындағымыз келместен ұзақ жылдардан берi дәп түбiнде тоңмойын кейiпте сипақтап тұрған меңiреу қабырға — империя мен резервация арасындағы тас қабырға. Әйткенмен де, халық қалай болғанда да нақты бiр жағында өмiр кешуi тиiс. Үшiншi жол жоқ. Ал әр нәрсенi өзiне тиесiлi атымен атауға даяр болмау өмiрден мүлдем тыс қалғандықты ғана бiлдiредi, өзге ештеңе емес.
Бiрiншi нұсқа бақауылдықты, жан сала қорғауды қажетсiнедi. Мiне, сондықтан да ә дегеннен-ақ қисынсыздыққа ұрынады. Неден қорғануға тиiспiз? Өмiршеңдiк тұрғыдан ұтымдылық атаулының баршасынан кең жайылған жайттардың бәрiнен бе әлде? Тиiмдiнi ұтымды пайдалану орнына тас қамал қорғану. Сондықтан да бақауылдар жастар мен қалалықтарды бiрден қатерлi қауым ретiнде қарастырып, анық ақпаратқа қолы жетпейтiндер немесе оны пайдалана алмайтындар, тiптi қолданғысы келмейтiндердiң жағына шығады. Бiздi қоршаған әлемдегi қақпағы жабулы өмiрдiң сценариi бәсекелестiкке қабiлетсiздердiң жүрегiнен кең қолдау табары сөзсiз. Ненiң әсерiнен — бiлiмсiздiк, енжарлық немесе жас мөлшерiнiң әсерiнен бе, бұл онша маңызды емес. Ұлтшыл бақауылдар әманда жолы болмайтындарға ғана мұңын шағады, барлық жерде жағдай осылай.
Әрине, мұндайлардың кiлтiн бұрау да оп-оңай екенi мүлдем басқа жайт. Күрделi әлеуметтiк уәж нұсқаларының орнына табиғи жабайы сезiмдерге қозғау салады. Ұлттық мәселеде бақауылдық позициясын ұстансаң болды — өзгелердiң ойынындағы ең қарабайыр тұлғаға айналарың аян. Резервация ұлтшылдығы — бұл әрқашан қалай да тiрi қалудың амалы. Ал тiрi қалуды ғана көксеу халықты қарабайырландырады. Бақауылдар кiмдердi үлгi тұтатынына қараңызшы. Жат көрiнетiн ғалымдық ауқымдасу тұсында қандай мемлекеттер әрқашан өзiнiң ауылдық егемендi тамырластығын ылғи табандылықпен қорғаштауда?
Мәселен, Эстония. Хуторлық дiлi берiк қаймақ елi, он тоғызыншы ғасырдағы ұлттық идея теоретиктерiнiң арманы.
Этнографиялық мұражай сипатын әспеттеуге еселенген тиiмдi ауыл шаруашылығы. Ашық аспан астында жалпы халықтық ән шырқау, мiне, қазақ және орыс ұлтшыл-бақауылдардың жүзеге асқан арманы. Әлбетте, жаппай қанат жайған ұлттық тiл, көбiне — ұлттық киiм-кешек. Батыс Украина, iшiнара Шығыс Еуропа, тiптi Бельгия (оның фламандтық бөлiгiнде) да осы қатарда.
Этнографиялық ұлтшылдық, сүт өндiрушiлер мен кондитерлердiң жеңiмпаздығы, өндiрiстен аулақ “мәдени” даму үш себептен қазақ ұлтына жарамсыз. Бiрiншiден, бұл егде адамдардың соқпағы. Тiптi, жас мөлшерi тұрғысынан қылшылдаған болса да, этнографиялық ұлтшылдар дiрiлдеген шапаты шалдар болып қала бередi. Жаппай енген модадан бас тартқан балалар, әрине, бұл күлкiлi-ақ. (Ондаған жылдар бойы самаурынның алдында қиялға батып отыратын славянофильдер осы сияқтыны армандаған едi-ау). Бiрақ, ескiлiктiң сақталып қалуы үшiн таусылмайтын әсем заттар сақталған әженiң сандығы қажет. Жоғарыда айтылған елдердiң барлығы да этнографиялық таусылмас байлыққа ие және әжейлердiң сандығы да жетерлiк. Бiрақ, бiздiң қазақи он тоғызыншы-жиырмасыншы ғасырымыз соңына нақты әрi аса тиiмдi iзбасарлық қалдырған жоқ, бiздiң ұлттық ошағымыз — элегияның емес, трагедияның аймағы. Бiз — өзiмiзден сәл ғана бұрынғыны әспеттеуге тиiс емеспiз. Керiсiнше, тарихи тұңғиықтан қайта биiкке көтерiлуiмiз керек. Мiне, бiздiң эстондардан басты айырмашылығымыз осы: бiздiң жылы самаурынымыз, әжемiздiң сандығы мен жанға жайлы өткен күндерiмiз жоқ. Бiздiң шежiре — зұлматтардың тарихы.
Егер бұдан әрi өмiр сүретiн болсақ, бұл әншiлер алаңқайындағы зейнеткерлердiң тiршiлiгi емес, буырқанған жастық, бұла күштiң өмiрi болмақшы.
Екiншiден, ескiлiк өмiр iш пыстырады. “Жалпы жаман” емес, бiрақ бiз үшiн iш пыстырарлық жайт. Бiз тегiмiз жағынан қара шаруа емеспiз, бiздiң қастерлейтiндерiмiз мүлдем басқа, бiз басқа ұранға үн қосамыз, бiз үшiн көшпендiлер, тiптi, қарақшы болса да, жауынгерлер қымбат… әйтсе де, шаруаның сылбыр, бапты кемеңгерлiгi бiз үшiн жат.
Одан жеңiске жетелейтiн себеп iздейтiндей, этникалық ұлтшылдық тым көрнекi және ауқымы да тар. Бiзге от керек. Үлкен, жарқын, тигендi күйдiретiн алау қажет. Кiшкентай пеш емес, бәрiн қорытатын алып пеш керек. Тыныштық пен енжарлық керексiз, бiз басқа тарихи кезеңдi бастан кешудемiз. Қартайған шағымыздағы әңгiме басқа. Сол шақта естелiк айтар этнографиялық бұрышымызды мiндеттi түрде саламыз.
Үшiншiден, Қазақстан ешқандай Бельгия немесе Эстония бола алмайды. Мүмкiндiк бермейдi. Алып державалармен түйiсер бұрыштарымыз тым өткiр, шикiзат қорларына бай территориямыз тым ұлан-ғайыр. Тым тәттi кесек. Мұндай жерде этнографиялық резервация салынғанмен, ұзақ тұра алмайды.
Резервация ұлтшылдығы — өткен тарихы жұтаң, өмiрден алар еншiсi аз шағын халықтарға қолайлы. Келешегi өткенге қатысты шексiз естелiктерден ғана тұратындар үшiн тиiмдi.
Егер резервация ұлтшылдығы сыртқы әлемге сенiмсiздiк және оған қарым-қатынасы бұйығы болып қалу болса, ал империя ұлтшылдығы — ашықтық, өткiрлiк пен алысқа құлаш ұрудан тұрады.
Егер осындай үлгi бойынша дамып жатқан халықтарды салыстырсақ, онда айырмашылықтар бiрден көзге ұрады. Олардың негiзгiсi — резервация халықтары әбден қалыптасқан жәдiгер болып келетiнi. (Адамдар, әлбетте, өмiр сүредi немесе өмiр сүруге ұмтылады — бiрақ, ұлтшыл-бақауылдардың пiкiрiнше, мұндай халықтар тек қана бiр нәрсеге жарамды, көне қалпында қала берудi қажетсiнедi). Ал империя халықтары әрқашан даму сатысында, құбылыста болады.
Империяның адамы болудың жолы ашық, мiне, олардың басты белгiсi осы. Империя халқына қосылуға болады. Ең бастысы, көптеген адамдар осыны қалайды. Бiр кездерi римдiк атануға мүмкiндiк болғаны сияқты, американдық болуға да болады. Iшiнара (өйткенi, онда империя артта қалған) ағылшындық немесе француз атануға да болады (отарлаудан құтылған елдердiң элитасының бiрқатары осылай етiп, өздерiнiң тағдырын жаңа отанмен байланыстырды). Кеңестiк кезеңде sovietske айналу да оңай едi — испандық иммигранттардың талайы осындай өзгерiске ұшырады! Еуропалық ақ адам да мұсылман ұлтының бөлшегiне айналды — Лоуренс Аравийскийдiң тағдыры осыған дәлел.
Нақты өмiрге сай тiрi тiл, сабадан аспайтын, бiрақ тоқтаусыз құйылып тұратын өзге ұлттың қаны араласқан мәдени матрица, бұл талай халықтар армандайтын, тек өз ұлтың ғана жүзеге асыра алған арман — мiне, империяның шын белгiлерi. Бұл — Рим, Моңғол, Британ империяларының да арманы едi… Империя Жерұйыққа ие болғысы келетiн, сол Жерұйыққа айналуға даяр халықты шыңдап шығарар нұсқа. Әр түрлi қандардың қосындысы шынайы Ұлтты түзетiнi сондықтан. Мыңдаған “тайпаларды” шексiз бөлшектену мен керi кетуге мәжбүр еткен он тоғызыншы ғасырдағы мемлекеттiлiктi мiндеттеген ұлыстар емес. Өйткенi, iзгi адамдық байланыстар жоғалған империялардың қалдықтарында әрқашанда жалпы ұлттық мемлекеттiк идея паш етiледi. Яки, адамдарды осылайша шексiз бөле беруге болады. Бұл да iске асты — өткен ғасырда “ұлттық мемлекеттер” маңындағы әбiгерлер ондаған миллион адамның өмiрiн қиды. Тiптi, жаппай кiсi өлiмi мен өмiрлiк кеңiстiктердi талқандаған дiни соғыстардан да қантөгiстi болғандығы рас. Югославиядан бастап, Руандаға дейiн зор құрбандықтар шалынды.
Әсiлi, “ойкумена болу” майдың майлылығын арттыруға қарағанда анағұрлым қызықты. Немесе, он алтыншы ғасырдағы ұлттық киiм үлгiсiн зерттеуге қарағанда да өзiндiк нақышы бар. Қысқасы, әркiмдiкi өзiне.
Қазақтар “шыңғыстық” таңдауға бет бұрған қалыпты жағдайды қалады. Шығыс Тұран, Орталық Азия кеңiстiгi бұл тарихи жетiстiктерге арналған дайын сахна. Мұны бiз жасамасақ, басқа бiреулер iлiп алып кетедi. Көзiмiз айқын жететiн бiр нәрсенi ұғып алайық — ұсақ ұлттық мемлекеттер циклi өттi. Ол әмiраралық өткел болатын. Фрагменттеу Синтезге өз орнын босатып бердi.
Империялық ұлттың таңдауы қандай болмақ? Қайтарымы бар ма және анағұрлым тиiмдi бағыты қайсы?
Бұл ретте үлкен империялық жобаға шығу мүлдем эксклюзивтi болмақ. Бiз ұлтты жоқтан қалыптастырған Америка емеспiз, Австралия да емеспiз. Бiз қазақ ақиқатын, қазақ шынайылығын сақтап қалуға тиiстiмiз. Және де ешқандай да жаңа тарихи екпiнге немесе соңғы ғасырларда қайшылықтарға тап болған ауыртпалықтарды ысырып тастағанымыз абзал.
Бiздiң миссиямыз мынау — ұлттың рухын сақтап қалатын қазiргi заманғы консерватор болу. Алайда, оны әлдеқандай бiр қалбырдағы затты сақтағандай емес, кемел болашаққа лайықты жетiстiктердi жеткеретiн рухтың үлгiсiн ұлықтауымыз тиiс.
Ауқымды мiндеттерге бейiмделген қазiргi заманғы ұлттық мемлекеттiң үлгiсiн құрған ләзiм. Бiрақ, мұның алдында әуелi ұлттық мемлекеттiң iргесiн нықтап алған дұрыс. Бұл кезеңге селқос қарайтын болсақ, бiз өзiмiздi жоғалтып аламыз, ешнәрсеге де қол жеткiзе алмаймыз.
Мемлекеттiк құрылыс саласындағы ұлттық деген ұғымға ерекше екпiн берудiң сөкеттiгi жоқ, мемлекеттiлiктiң абстрактiлi азаматтық форматы ешбiр олжа бере қоймас. Елдiң унитарлы үлгiсi. Ұлттық тiлге сапалық тұрғыдан қарап, бұған да айрықша мән берген жөн. Аз ұлттардың экономикалық және мәдени белсендiлiгiнен қорқатын дәнеңе жоқ, оларды саяси белсендiлiктен аластату керек. Өтпелi кезең жағдайларында ұлттық квоталардың аймақтық немесе салалық қолданылуына жол берiле бередi. Ұлт пен мемлекет мүдделерiнiң кез келген қақтығысында ұлттың ұпайы ғана түгенделедi. (Оның дербес рөлi кез келген тұрақтылық құндылықтарынан артық, оның мүдделерiн тұрақтылықты тәуекелге салып та жүзеге асырады)
Республикалық, ұлттық демократиялық ұстаным сөздiң тура мағынасында ұлттық болып табылмайды, керек десеңiз оның көп тармақтарына қайшы келетiн тұстары да бар. Оның ұғымы — ұлт қорғанысы, ал адамдарды ұлттық шен шекпенге қарай тiзiп қойып, ұпай жинаймын деу бос әбiгерге түсiредi. Ол өзгенiң қорасына көз сүзбейдi, ол өзiнiкiн қорғайды.(Етекке емес, еңiске сүйрейтiн халық: “Бiздiкi үздiк емес, үздiгi бiздiкi!” дейдi) Мұндай ұстаным дамыған әлемге, мәдени әркелiлiкке және республикадағы үш тұғырлы тiлге қосылу ерекшелiктерiнен туындап отыр. Ұлтты тар қапасқа қамап тастасақ, бұл оны әлсiз, ерiксiз, жiгерсiз етедi, бiз оны әркелкi әлемде кез-келген жаңашылыққа атылып шығатын белсендi ролiн қалыптастыруымыз қажет.
Ұлттық демократиялық ұстаным планета бетiнен күллi ұлттық айшықтарды өшiретiн жаһандану және кез келген өзгерiстi өзекке тебетiн, сөйтiп өткендi өктем ететiн дәстүрлiлiк арасында қалықтап тұр.
Осылайша көптiлдiлiк қазақтардың ұлттық құндылықтарын кемсiтiп жатқан жоқ, керiсiнше құндылықтарды мақсатты түрде көбейту қазақ халқының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыра түспек.
“Ашық әлемдегi ашық мемлекет”. Әлемдегi өзiндiк қайталанбас Жолын айқындай отырып, мемлекет консерватизм мен стагнацияға деген қалауын және белсендiлiгiн қалайды. Мемлекет көптеген мүдденiң негiзгi тетiгi болуы тиiс, ал мұндай тетiкке ол мемлекетке шетел азаматтары ықылас танытқан жағдайда ғана айналады. Сондай-ақ инновациялық ғылыми-техникалық бағдарламалар да аса қажет, бұл бағдарламаларды шетел мамандары орындау барысында оларға жұмыс атқару қызықты әрi ұзақмерзiмдi және тұрақты келiсiмшарттар негiзiнде қызмет атқарған мемлекетте, қазақтың бiртектiлiгi үшiн оның негiзгi бөлiгi болмай-ақ жұмыс iстеу өте тиiмдi. Бұл қалыпты үрдiс.
Ұлттық арман сияқты, ұлттық мәдениет те күштеп берiлетiн нафталин болмауы тиiс, ол мәселен, жапондық мәдениетке бәсекелестiк деңгейдегi өркениеттiк стандартқа айналуы тиiс. “Қазақы” деген сөз тек өзгелердiң мүддесiнiң нысаны ретiнде ғана тиiмдi.
Бiздiң тарихи бетбұрысымыз құрлықтың екi бұрышына — Түркия мен Жапон мемлекеттерiне бағытталған. Екi мемлекетте де ұлттық ұлылық өткен күндермен драматургиялық ажырауға негiзделген нағыз идеалы. Шамадан тыс дәстүрлiлiк (мәселе Дай Ниппон Тэйкоку мен Османға қатысты) мезi етедi. Өткен күндер де мезi етедi. Өткендi ой безбенiнен өткiзуге болар, дегенмен әсiре сiлтеу наркологиялық тәуелдiлiкке соқтыруы мүмкiн.
Десек те, ұлттық демократия американдық демократияға елiктемеуi тиiс. Гректiк, скандинавиялық демократия бар жерде, қазақы демократияға не кедергi?
Қазақтың болашағы мемлекетте тұратын әрбiр азаматқа ашық мүмкiндiктер беретiн “ұлттық репатриация” бағдарламасының негiзiнде де қаланады.
Қазақы үлгi — бұл америкалық арманның melting pot-ы емес, жаңа бiртектiлiк буырқанған қазанда пiспей қалған үлгi. Дегенмен, ол ұлттық резервация да емес. Қазақы бiртектiлiк — тiрi, өмiршең. Ол өзгертулер мен пластикаға жол бередi, ол кез келген тiрi ұлт секiлдi өзгелердi өзiне қарай бейiмдейдi. Француз болуға мүмкiндiк бар екен, қазақ болуға да мүмкiндiк бар. Бұл “қазақстандық” болғаннан әлдеқайда тәуiр.
Абсорбция күшпен өзiне баурай алмайды, дегенмен мемлекеттiң мақсаты — ашықтық және өз дербестiгiнiң осындай перспективасын қалайтындарға көмек көрсету. Яғни бұл, жаңа “ұлттық репатрианттардың” тiлдiк бiлiмдiк стандарттар мен еңбекпен қамту және нақты өмiрлiк мүдделерiне деген талаптарының жоғарылығын көрсетедi.
Мұны қалай ма, немесе қолынан келе ме — ол адамның өз құқығында. Қазақстан шекарасында әрбiр ұлттың азаматы өзiн қауiпсiздiкте және бейқамдықта сезiнуi керек, ешкiм оның жеке әлемiне қол сұқпауы тиiс. Дегенмен ол итальян ұлтының өкiлi өзiн Англияда немесе, дат ұлтының өкiлi өзiн Индияда қалай сезiнсе мұнда да ол өзiн тура солай сезiнуi керек.
Бұл қалыпты нәрсе — кез келген елде аз ұлттар бар, бiрақ ол көпұлтты мемлекеттiң өзегi емес. Көп ұлтты мемлекеттiлiк жөнiнде ауыз толтырып айтар мысал аса көп деп айта алмаймыз. Бәлкiм үздiгi Канада шығар, мұнда да квебектiк проблеманың азаматтық әлемге тигiзер керi әсерiн жоққа шығарып қайтпекпiз, өрескелi Югославия болар (түсiнiктi қажет етпейдi).
Объективтi үрдiс айқын: бiр ел — бiр халық. Объективтi тұрғыда айтқанда бұл былай: Республиканың халқы — қазақтар және қазақ азаматтығы бар, немесе жоқ басқа ұлт өкiлдерi.
Бұл ретте, азаматтық бiрыңғайда айқындалады: ол қазақ халқының тағдырына (адам сол елде жұмыс iстеп, салығын төлейдi, өзiнiң сайлау құқығын жүзеге асырады), атсалысу, қазақтың ұлттық жобасына қатысу, қазақ тiлiн тұғырына қондыру.
“Мәдени репатриация” ретiнде осындай ауқымды бағдарлама шеңберiнде қойылған мiндеттер ұлттық тiлдiң мәртебесiн көтеруге ұйытқы болуға қабiлеттi, ал бұл әуелi бiзге ең қажеттi шарт. Шынтуайтқа келгенде, ағартушылық, зерттеу, баспа саласы, тiлдiк жобаларына жол ашады, — яғни, қазақтың түлеуi ұғымын қисынсыз қиял мен ас үйiнен әрi аспайтын пiкiрталастардан арашалап, ақиқатқа алып келедi. Республиканың ұлттық-демократиялық бағдарламаның қисыны елдiң болашаққа қағар есiгiнiң кiлтi: — осы!