ТЕМIРЖОЛ ЖӘНЕ ТАРИХИ ҚИЯНАТ

ТЕМIРЖОЛ ЖӘНЕ ТАРИХИ ҚИЯНАТ

ТЕМIРЖОЛ ЖӘНЕ ТАРИХИ ҚИЯНАТ
ашық дереккөзі
177

Ұлан-ғайыр территориясының жалпы көлемi, сайын даласының шексiздiгi жөнiнен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан темiржолдар желiсiнiң жалпы ұзындығы тұрғысынан да дүниежүзiнде жетекшi орындардың бiрiн иеленiп қана қоймайды, сонымен бiрге халықаралық аса маңызды магистральдардың түйiсер тұсы. Оңтүстiк пен солтүстiктi, батыс пен шығысты байланыстырып жатқан аса түйiндi тоғыз жолдың торабы. Сондықтан да Қазақстан үшiн темiржол саяси тұрғыдан да аса маңызды, экономикалық әрi әлеуметтiк салмағы ерекше құрылым.

Қазiргi таңда елiмiздегi темiржолдың жалпы ұзындығы 14 мың километрге жуық және бұл көрсеткiш заман талабына сай жылдан-жылға тоқтаусыз өсiп келедi. Сонымен бiрге оның өткiзгiштiк қабiлетi – жолаушылар мен жүк тасымалдау мүмкiндiгi де артып отырғаны аян. Осыған орай елiмiздегi темiржолдардың 5 мың километрден астамы қос табанды болса, 4 мың шақырымға жуығы толықтай электрлендiрiлген. Яки, ересек адамдардың санасында қалыптасқан көне темiржолды – жол жағалай жүгiретiн мықыр әрi қисық ағаш бағаналар мен қара түтiнi будақтап, бiр бағытта ғана асықпай жылжитын жайбасар поезды қазiр кездестiре алмайсыз.

Айдынды мұхитпен шектеспейтiн, ашық теңiзге шығу мүмкiндiгi мүлдем шектеулi Қазақстан үшiн темiржол әу бастан-ақ экономикалық, тарихи маңызы жағынан теңдессiз стратегиялық сала болып қалыптасты әрi осылай болып қала беретiнi де еш күмәнсiз. Тiптi, мемлекетiмiздегi жүк тасымалының 68 пайызы, жолаушылар тасымалының 57 пайыздан астамы осы темiржолдың үлесiнде болып отыр және бұл ауқымды көрсеткiш жылдан жылға үздiксiз өсе түспекшi. Оған толықтай экономикалық негiз және мүмкiндiк бар. Сондықтан бұл стратегиялық сала – елiмiздiң экономикалық қауiпсiздiгiн ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттiк және ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етушi басты салалардың бiрегейi ретiнде ежелден ерекше назарда ұсталып келгенi белгiлi.

Әсiлi, адам жады, зердесi өте әлсiз. Күнделiктi тұрмыс пен тынымсыз қам-харекеттiң үздiксiз жетелеуiндегi жұмыр басты пенде шiркiн жеке басының ғана емес, туған елiнiң тағдырындағы елеулi тарихи оқиғаларды да көбiне ескерусiз қалдыратыны өкiнiштi-ақ. Ал ұлағатты тарихтың үйретерi мен естен кетпес сабақтары мол.

Ең өкiнiштiсi, қазiргi замандастарымыз Қазақстан жерiнде ең алғашқы темiржол желiсi осыдан бiр ғасырдан уақыт бұрын – 115 жыл бұрын пайдалануға берiлгенiн мүлдем ұмытты деуге мәжбүрмiз. Тарихи зердемiздiң таяздығы, елiмiздiң өткен тарихына құрметпен қарап үйренбеген енжарлығымыздың кесiрiнен осынау аса маңызды мәселеге әлi күнге жарытымды назар аударылмай отырғаны нағыз тарихи қиянат.

Сөзiмiздi таратып айталық. Ресми тұрғыдан Қазақстан темiржолының ең алғаш қалыптасқан жылы – 1904 жыл деп тұжырымдалады және бұған осы күнге дейiн еш күмән келтiрiлген емес. Яғни, осы тұрғыдан келсек, биыл Қазақстан темiржолының 105 жылдығы кеңiнен аталып өтiлуге тиiс. Өйткенi, осынау стратегиялық сала бойынша қазiргi таңда орасан зор күш – 150 мыңнан астам қарапайым адамдар күндiз-түнi құлшына еңбек етiп, тәуелсiз Қазақстанның экономикалық дамуы мен өркендеуi, әлеуметтiк тұрғыдан гүлденуi үшiн аянбай тер төгуде. Ал бұл тәуелсiз Қазақстан халқының 1 пайызға жуығы екенiн ұмытпауымыз керек. Яғни, бұлар халқымыздың ауыр еңбекке толық қабiлеттi басым бөлiгi заманауи озық технологияны игерген ең маңдай алды бөлiгi.

1904 жылы қазiргi Қазақстанның ең алғашқы тарихи астанасы Орынбор қаласы мен Орталық Азияның сол кездегi ең iрi қаласы болып саналатын Ташкент арасындағы транспорт қатынасын нығайтатын жалпы ұзындығы 1668 шақырымдық темiржол құрылысы басталғаны белгiлi. Бұл – сол жылдарда еш теңдессiз, аса ауқымды әрi аса қиын құрылыс болатын. Бас-аяғы бiрнеше жылдың iшiнде осынау күре жолдың бойындағы Ақтөбе, Орал, Түркiстан, Қызылорда, Арал, тағы басқа қалалар күрт өсiп, аса iрi және ерекше маңызды өндiрiс, транспорт орталықтарына айналды. Көптеген шағын қалалар мен стансалар жаңадан бой түзеп, дамыды. Мұны жоққа шығаруға қақымыз жоқ. Алайда, тарихи шындық тұрғысынан келетiн болсақ, Қазақстандағы алғашқы темiржол құрылысы аталған кезден бақандай он жыл бұрын жүргiзiлген едi. Елiмiздiң территориясындағы ең алғашқы мұндай құрылыс ХIХ ғасырдың соңғы кезеңiнде қолға алынғанын тарихи құжаттар қапысыз дәлелдейдi. 1893-1894 жылдары Покровская Слобада-Орал арасын жалғастыратын жалпы ұзындығы 369 шақырым болатын тар табанды темiржол пайдалануға берiлдi және мұның 113 километрi бүгiнгi Қазақстанның жерiнде салынды. Бiр сөзбен түйiндесек, биыл Қазақстан темiржолының 115 жылдығы екендiгiне еш күмән жоқ.

Әрине, қазiргi күрделi ахуал – әлемдiк қаржы және экономикалық дағдарыс осынау аса маңызды тарихи мерейтойды қоғамдық назардан тыс қалдырып отыруы да ықтимал. Әйтсе де мұны күнделiктi қарапайым елеусiз оқиғалардың санатына жатқызу да әбестiк. Шынайы тарих үшiн оқиғалардың үлкендi-кiшiлiгi маңызды емес. Сонымен қатар, кiшiгiрiм оқиға үлкеннiң көлеңкесiнде қалып, көңiл тасасында бiржола ұмытылса өкiнiштi.

Қазақстанның темiржолы соңғы жылдары елiмiзде табысты жұмыс атқарып жүрген салалардың бiрi. Қалыптасқан обьективтi қиындықтар мен экономикалық iркiлiстерге қарамастан елiмiздiң темiржолымен тасымалданар жүк көлемi жылма-жыл ұлғайып келе жатуы сөзiмiздiң дәлелi. Мәселен, 2008 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан темiржолдарымен тасымалданған транзиттiк жүк көлемi 2007 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Мұндай өсiм жолаушылар тасымалында да байқалады. “Қазақстан темiр жолы” Ұлттық компаниясы Отандық экономиканы қолдай отырып, тауар сатып алуда отандық кәсiпорындардың қызметiне басым бағдар берiп келедi. Мұның өзi темiржол инфрақұрылымын өз күштерiмiзбен жақсартып, жаңғыртуға жол ашумен қатар, ұлттық компания мұқтаж болып отырған құрал-жабдықтар мен тауарлар өндiретiн ксәiпорындар алдағы 5 жылда 26 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкiндiк алмақшы.

Қорыта айтсақ, Қазақстан темiржолының жаңа қиырлары Қазақстан тәуелсiздiгiнiң баяндылығымен астасатыны күмәнсiз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары