346
ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА ТYРТКI БОЛҒАН НЕ?
ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА ТYРТКI БОЛҒАН НЕ?
Шiлiңгiр шiлде айының алғашқы жексенбiсi әлем халқын дүр сiлкiндiрдi. Бұл күнi Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында ұлтаралық қақтығыс орын алып, елдiң тыныштығы бұзылды. Қанды оқиға қаладағы фабриканың бiрiнде ұлтаралық кикiлжiңнен басталған. Ол кезде екi ұйғыр қаза тапқан. Алайда, жай төбелес жанжалға ұласып, қас пен көздiң арасында қанды қырғынға айналған. Қытайдың “Синьхуа” ақпарат агенттiгiнiң хабарлауынша, соңғы мәлiметтер бойынша, Үрiмшi қаласындағы қақтығыстар нәтижесiнде құрбан болған адамдар саны 184-ке жеткен.
Әзiрге аймақтағы бей-берекетсiздiк қалпына келер емес. Қаладағы бой көтерулерге байланысты жұма күнi коменданттық сағат тәртiбi қайта енгiзiлiп, қала тұрғындарына кешкi сағат 19-дан кейiн көшеге шығуға қатаң тыйым салынды. Қазiргi уақытта, Үрiмшiдегi мыңдаған адам қаладан кетiп жатыр. Қаланың орталық автовокзалындағы жолаушылар ағымы екi есеге артып, күн сайын бұл жерден 10 мыңға тарта жолаушы бас сауғалауға асығуда. Кейбiр дерек көзiне сүйенсек, қанды оқиға Гуаңдуң провинциясындағы ойыншық шығаратын зауытта тұтанған. Әлемнiң әр түкпiрiне хабар таратқан ақпарат құралдары бiрнеше ұйғыр жiгiтi зауытта қытай қызын зорламақ болған деген ақпарат жариялады. Қалың қытай мен ұйғырлар зауытта төбелесiп, сол жерде 2 ұйғыр жiгiтi көз жұмған. Төтенше оқиғаға 400-ден астам полицейлер тартылып, жағдай қалыпқа түстi. Алайда, бiр айдан кейiн Үрiмшi көшелерiне 3 мыңнан астам ұйғыр ұлтының өкiлдерi шеруге шығып, тергеудiң әдiл жүргiзiлуiн талап еткен. Бейбiт шерудiң соңы полицейлердiң қару қолдануына мәжбүр еткен. Яғни, бұған қол қусырып қалмаған қытайлар екiншi күнi өш алуға кiрiстi. Ал, Дүниежүзiлiк ұйғыр конгресiнiң мүшесi Қаһарман Қожамбердi: “Жастардың неге көшеге шыққанын Қытай үкiметi айтпай отыр” дейдi. Оның айтуынша, Гуандон өлкесiндегi 600-ге жақын ұйғыр жұмыс iстейтiн ойыншық фабрикасында жұмысшыларға берiлген жатақхана өте нашар және қытайлар өздерi iстемейтiн жұмыстарды ұйғырларға iстетедi екен. Жасыратыны жоқ, Шыңжаң – көп уақыттан берi ұлтаралық жанжалдардың ордасына айналды. Орын алған қақтығысқа ұйғырлар мен қытайлықтардың арасындағы әл-ауқатының үлкен айырмашылығы, дiн мен мәдениетке мемлекеттiк бақылаудың орнатылуы, сондай-ақ Шыңжаңға қытайлықтардың ағылып келуi себеп болған деген де дерек бар. Қытай үкiметi Үрiмшiдегi ұлтаралық даудың тұтануына АҚШ-та тұратын Дүниежүзiлiк ұйғырлар конгресiнiң төрағасы Рәбия Қадыр түрткi болды деп айыптады. Жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң хабарлауынша, конгресс төрағасы қақтығыс басталар алдында Үрiмшiдегi ағасына телефон соққан. Бiрақ бұл айыпты негiзсiз тағылып отыр деген ол бұл оқиғаға мүлде қатысы жоқ екендiгiн айтты. “Ағама телефон шалып, тек ұрысқа араласпауын ғана өтiндiм. Шерудiң шығуына Гуаңдонгдағы қақтығыс түрткi болды. Негiзiнде Шыңжаңдағы ұлтаралық жанжалдың бiрден-бiр себебi – Қытайда үстемдiк еткен коммунистiк билiктiң ондаған жыл бойы жалғасқан репрессиялық саясаты” деп, Қытай билiгiнiң ұйғырларға көрсетiп отырған қысымына халықаралық қауымдастықтың назар аударуын сұрады. “Бiз Қытай үкiметiнiң ондаған жылдар бойы ұйғыр ұлтына қысымшылық көрсетiп келе жатқанын бiлемiз. Ұлтымыздың құқығын қорғау үшiн жасаған кез-келген әрекетiн Қытай билiгi экстремизм немесе сепаратизм деп санайды. Үрiмшiде бейбiт шеруге шыққан халықты аяусыздықпен басып-жаншуға шарасыздық танытқаннан басқа амалымыз жоқ” деген мәлiмдеме жасады. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi ұйғырлардың диаспорасы наразылық шараларын өткiзiп, Қытай елшiлiктерiне шабуыл жасаған. Қазiргi кезде Үрiмшiде бей-берекетсiздiк бiршама басылды. Тәртiптi қадағалауға әскери күштер сақадай-сай жұмылдырылды. Қытай билiгiнiң өкiлдерi бұл бей-берекетсiздiктi шетелдегi ұйғыр диаспораларының әдейi ұйымдастырып отырған қоқан-лоққысы екенiне сенiмдi. Олар: “Заң алдында бәрi бiрдей. Көшеде бүлiкке қатысқандар лауазымына қарамастан, қатаң жазаланады. Бiз бұл қақтығысты ұйымдастырған адамдардың “Аль-Каеда” сияқты шетелдiк лаңкестiк ұйымдарда арнайы жаттыққанын анықтап отырмыз. Қытай үкiметi елдiң тұтастығы мен аймақтағы ұлтараздыққа iрiткi салуға бағытталған бұл күштерге қарсы тиiстi шаралар қолданбақ” деп баса айтты. Жанжалдан мың жарымнан астам адам жараланған, қамауға алынғандардың саны да екi мыңға жуықтайды. Қытай үкiметi бұған қоса, Үрiмшi қаласындағы қақтығыс кезiнде құрбан болғандардың туыстарына 100 миллион юань көлемiнде өтемақы төлейтiндерiн хабарлады. Ресми деректер бойынша, қазiргi уақытта ДНК сараптамасы арқылы қаза тапқан 100-ден астам адамның аты-жөндерi анықталған. Ал қақтығысқа қатысып, қамауға алынғандардың басым көпшiлiгi – студенттер. Үрiмшiнi толықтай бақылауға алған әскерилердiң мәлiмдеуiнше, өткен тәулiктен берi кейбiр аудандарда бұзақы топтардың кiшiгiрiм бас көтерулерi тiркелген. Оның үстiне, қаладағы сауда орындарында азық-түлiктiң бағасы 2-3 есе көтерiлiп кеткен. Шыңжаң провинциясы орталығынан күнiне 10 мың адам кетiп жатыр. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Қақтығыс басталғалы берi 1900 қазақстандық отанымызға оралды. Сыртқы iстер министрлiгi қалыптасқан жағдайға байланысты ел азаматтарына жақын арада Шыңжаң Ұйғыр автономиясына сапар шегуден бас тартуды ұсынып отыр. Сондай-ақ осы орайда Қазақстандағы Қытай елшiлiгiне аталмыш аймаққа сапарды жоспарлап отырған қазақ азаматтарға виза беруге шек қою туралы уағдаластыққа қол жеткiзiлiптi. Осылайша, Шыңжаң автономды аймағы Қытайдың Тибет секiлдi шиелiнiскен өңiрiне айналды. Бүгiнде Шыңжаң автономды аймағында шамамен 10 миллион ұйғыр тұрады екен. Ал дербес мемлекет болуды аңсайтын күрдтердiң саны 35 миллионнан асады. Саясаттанушылардың пiкiрiнше, ұлтаралық текетiреске iшкi саясатта кеткен кемшiлiктер итермелеген. Тiптi, Шыңжаңның өзiнде көптеген сеператистiк ұйымдар су бүркуi мүмкiн. P.S. Алдыгүнi Қытай полицейлерi мен сеператистердiң тағы бiр қақтығысы орын алды. Соның салдарынан Қытай сақшылары екi ұйғырды атып өлтiрiп, бiреуiн ауыр жарақаттады.Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ