БАКИЕВТIҢ ЕКIНШI ЕКПIНI
БАКИЕВТIҢ ЕКIНШI ЕКПIНI
Өзбекстан мен Тәжiкстан арасында байқалған кейiнгi әскери-саяси тұрақсыздық белгiлерi Қырғыз елiнде де қылаң бердi. Республиканың арнайы қызмет өкiлдерi Жалалабад қаласының iргесiндегi Созақ ауданындағы Ташбұлақ елдi мекенiндегi тұрғын үйлердiң бiрiн паналаған жанкештiлердi залалсыздандыру жөнiндегi операциясын жүргiздi. Мамырдың 26-сында шекара маңындағы Ханабад қауiпсiздiк қызметi мен iшкi iстердiң блок-постына жасалған шабуылды ұйымдастырған жанкештiлер Қырғыз жерiнен келдi деген Ташкенттiң айыптауы қисынсыз емес едi.
Жанкештiлердiң iзiне түскен Қырғыз арнайы қызмет өкiлдерi олардың бәрiнiң бастары түйiскен тұсын аңдыды, Операцияны Республиканың Мемлекеттiк Ұлттық Қауiпсiздiк комитетiнiң “Альфа” арнайы бөлiмшесi жүргiздi. Бiр үйде бүркелген жанкештiлер қарап қалмаған. Қарсы оқ жаудырып, ауылдың астаң-кестеңiн шығарды. “Альфалық” қызмет өкiлдерiнiң бiрi жантәсiлiм еттi, ал МҰҚК сарбаздары жанкештiлердiң түгелдей тамырына балта шапты. Ташбұлақ оқиғасы бойынша “Терроризм” және “Заңсыз әскери жасақ ұйымдастыру” баптары бойынша қылмыстық iстер қозғалды. Өзбекстан аумағында болған соңғы қақтығыс салдарынан ешкiмнiң де тұтылмағанын ескергенде, қырғыз арнайы қызмет өкiлдерiнiң бұл операциясы сәттi өттi деп айтуға негiз бар.
Ұрыс орнында бес Калашников автоматы, “Мұха” гранатометтерi, жарылғыш заттарды даярлау жөнiндегi нұсқаулар, әскери киiм-кешек және т.б. заттар табылды. Ресми емес ақпарат көздерiне қарағанда Әндiжандағы терактiлердi тап осы жанкештiлер жүзеге асырды деген сөз бар. Үкiметтiк емес агенттiктердiң хабарлауына қарағанда Әндiжан қаласының тұс-тұсында төрт күштi жарылыстың орын алғаны бар едi. Сондықтан да Өзбекстанның билiгi қаланың кiреберiстерiне блок-постылар орнатып, күзет мәселесiн күшейткен-дi. “24 кg” қырғыз ақпараттық агенттiгi келтiрген құқық қорғау органдарының мәлiметтерi бойынша Жалалабад iргесiнде опат болған жанкештiлердiң Өзбекстан Ислам қозғалысының мүшелерi екен де Қырғыз азаматтары санамайды.
Сондай-ақ әлгi жанкештiлер Пәкiстанда әскери лагерлерьдiң бiрiнде арнайы дайындықтан өткен деген мәлiметтер де расқа айналды. Мұны Қырғыз МҰҚК қайнарларына иек артқан республика Жогорку кенешiнiң депутаты Рашид Тағаев нақтылай түскен. Өзбекстан мен Тәжiкстандағы әскери қақтығыстар Пәкiстандағы соғыс салдарынан туындады, ондағы үкiмет әскерi тәлiптердiң ығында жүрген Өзбекстан ислам қозғалысының (ӨИҚ) жасақтарын ысырып тастады деген болжамдарды сарапшылар бiр емес, бiрнеше рет айтқан. Ол расқа айналды.
Пәкiстандағы, Ауғанстандағы және Орталық Азиядағы жаңа тәуелсiз мемлекеттердегi оқиғалардың өзара байланысы Ташбұлақ операциясының маңызды аспектiсi болып табылады. Осы елдердiң бәрiнде iс насырға шауып кетсе болғаны, бiттi, бiрiне-бiрi тiзбектеле кете барады. Қырғыз саясаткерi М.Сариевтiң пiкiрiнше Тәжiкстанда Бiрiккен тәжiк оппозициясы жағында азаматтық соғысқа қатысқан Мулло Абдулло дейтiн дала командирiнiң жасағы пайда болуы үрей туғызады. Оның жасағы 1000 адамға барып жығылады. Егер, олар Қырғызстанның Баткент облысына тап берсе, Өзбекстан әскерi Тоқтоғұл ГЭС-iне көз сүзедi. Шiлденiң 23-iнде президенттiк сайлау, егер болжам расқа айналса, Қырғыздағы жағдай тым ушығып кетедi. (“Тазар” интернет-басылымында жарияланған сұхбаттан).
Жалалабад маңындағы жанкештiлер тобын жою Бiшкектiң Манас аэропортындағы американдық әскери базаны әзiрге қалдыра тұрайық деген шешiмiмен тұспа-тұс келiп отыр. Ол қазiр транзиттiк орталыққа айналып, американдықтарға бүкiл инфрақұрылымды қалдырған. Ендi американдықтардың айтар уәжi бар. Олардың басты қарсыласы-лаңкестiкке шырмалған тобыр.
Қырғыз арнайы қызмет өкiлдерi жанкештiлермен алысып жатқанда, Тәжiкстан қауiпсiздiк қызмет өкiлдерi мен жергiлiктi милиция 2009 жылдың қаңтарында республикада заңсыз тiркелген “Салафия” дiни ағымының 40-қа жуық өкiлiн тұтқындады. “Фергана.ру” ақпарат көздерiне сенсек, ұсталғандарға “Ұлттық жершiлдiк, дiни алауыздық” баптары бойынша айып тағылып отыр. Бұл ағым 2005 жылдан басталған. Қазiргi таңға дейiн салафиттердiң 20 мыңға жуық мүшесi тiркелген. Олардың көбi Пәкiстан, Йемен, Сауд Аравиясы ислам оқу орындарында оқыған. Сол мезетте Өзбекстанда “Хиз-бут-Тахрир” партиясының 6 жақтасы қамауға алынды.
Ал бұл аралықта Қырғыз елiнде президенттiк сайлау науқаны өзiнiң кезектi сатысына қадам басты. Әуелi ең жоғарғы билiкке таласуға жиырма адам ниеттенген. Кейiн алтауға түстi. Олардың бәрi Қырғызстан жұртшылығына танылып үлгiрген тұлғалар. Десек те, қазiргi президент Құрманбек Бакиевке анау айтқандай бақталастық жасай алатындар некен-саяқ. Әйтсе де, әлiптiң артын бағалық.
Женiшбек Назарәлиев – дәрiгер-писхолог. Президенттiкке бiрiншi рет таласып отырған жоқ. Өз дауысын үмiткерлердiң бiреуiнiң пайдасына ысыра салуы бұл кiсiнiң дағдысына айналғаны қашан! “Жомарт” қозғалысының көсемi Нұрлан Мотуев – көмiр магнаты. Үмiткерлердiң тiзiмiнде құқық қорғаушы Тоқтайым Үмiтәлиева да бар. Ол үкiметтк емес ұйымдардың төрайымы. Бұрынғы премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың басқаларына қарағанда бiршама мүмкiндiгi барға ұқсайды. Ол оппозияциядан бiрыңғай кандидат ретiнде ұсынылып отыр. Тағы бiр үмiткердiң есiмi – Темiр Сариев, “Ак-Шумкар” партиясының жетекшiсi.
Құрманбек Бакиевтың өзiне келсек. Ол өзiне нық сенiмдi секiлдi. Сайлау алды науқанын ойдағыдай жүргiзуде. Ел алдына шығып, бағдарламалық мәлiмдемелерiн жасаудан жалықпай-ақ келедi. Зейнетақыны 50 пайызға көтерудiң алғышарттарын да жасап қойды. Қамбарата-2 ГЭС-i құрылысы қарқынды жүрiп жатыр. 2009 жылдың соңына қарай пайдалануға беремiз дептi. Бұл Қырғызстан тәуелсiздiгi жылдарындағы ең елеулi жетiстiк деп бағаланып отыр бұқаралық ақпарат құралдарында. Президент Секретариаты талдау қызметiнiң басшысы Мелис Жунушалиевтiң сөзiне қарағанда, “Республика басшысының командасы басқарудың жүйелiк реформасына “жан” бiтiрiптi, сайлаудан соң үкiметтiң экономикалық саладағы рөлi арта түседi екен.
Бакиевтiң тасасында жүрген оппозиция тым әлсiз көрiнедi. Президенттiң жеке басына “тас лақтырудан” әрi аса алмай отырған оппозиция өкiлдерiнiң бағдарламасы да солғын.
Мiне, осындай оқиғалар тiзбегiнде қырғыз бен өзбек ағайындардың арасының суып кеткен жайы өздерiңiзге белгiлi. Әлгi Әндiжан облысындағы тәртiпсiздiктер екi ел арасындағы дипломатиялық соғысқа ұласып кете барған. Ташкент: “Жанкештiлер Қырғызстаннан келдi” деп мәлiмдеуден жалығар емес. Екi ел трансшекаралық өзендерге өз беттерiнше қарайды, шекара делимитацияланған жоқ.
Дәл осы шаруға кiрiссе ғой проблема дегенiң белуардан шыға бередi. Өйткенi жер дауы басқадай жанжалдарға ұласып кете ме деп екi ел де аяқ тартатындай.
Негiзгi 2009 жылдың 18 тамызында, американдықтардың Қырғыз жерiнде, Заң аясында жүруi аяқталуы тиiс. Олардың елден кетуге деген ниетi әзiрге байқала қойған жоқ. Бакиевтiң де олардан құтыла қойғысы келетiн түрi көрiнбейдi.
Бұл аралықта Б.Обама авиабазаның жабу қажеттiлiгi туындаған жоқ деп мәлiмдеп үлгердi. Ол ол ма, базаның жаңа қолбасшысы тағайындалды, полковник Кристофер Бенстi полковник Блейн Холт алмастырды, мамыр айында американдықтар базада қызмет көрсететiн мердiгер ұйымдармен келiсiмдi 2010 жылдың жазына дейiн ұзартыпты. Тiптi Вашингтон мен Бiшкек арасында “Манас” авиабазасын пайдалану жөнiндегi арендалық төлемдi жылына 350 млн.долларға дейiн ұлғайту мәселесi де оң шешiмiн табуға әзiр екен.
Мiне, Құрманбек Бакиевтiң сыртқы саяси қадамдары осындай. Оның үстiне ақылдасу алаңы ретiнде орталығы Бiшкек болсын деп, ұсыныс айтқан ол “Үлкен Орталық Азия” аймағында халықаралық проблемаларды талқылаудың ошағына Қырғыз астанасы қолайлы деп есептейдi. Маусымның басында Ауғанстан президентi Хамид Карзай да Құрманбек Бакиевке қоңырау шалып, “Манасты” жаппауын өтiнiптi. Ал, Екатеринбургте өткен ШЫҰ басқосуында оңаша кездескен Карзай мен Бакиев Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыруға қырғыздардың үлес қосуы мәселесi жан-жақты талқыланыпты.
Мiне, сөйтiп Құрманбек Бакиевтiң шоң қимылдары аңғартқандай, “Манас” авиабазасы американдықтарға бұдан былайда қызмет жасай бермек.
Ғалымжан Мелдеш