ЕСКI ТАНЫСТАР
ЕСКI ТАНЫСТАР
Айбаланың отбасы Алматыға келгендерiне он жылдан асып қалды. Ол кезде Алматының аты қазақ болғанымен, заты қазақ емес едi. Қаймана қазаққа қаладан үй алмақ түгiлi, тiркелуiдiң өзi қиын екен.
Әртүрлi әкiмшiлiк кедергiлер, бұйрық-нұсқаулар жай қазақтар үшiн Алматыны жабық қалаға айналдырған. Айбала күйеуi екеуi басқа қалада оқу бiтiрiп, жұмыс бабымен осында келген-дi. Бiрақ, тұрғын үй мәселесiн өздерi шешетiн боп келiсiлген. Әрең дегенде, қаланың өзiне емес, облыс аумағындағы қалаға iргелес бiр мекеменiң жатақханасына уақытша тiркелуге тұрды. Одан екi жылдан кейiн тұрақты тiркеуге алынып, содан соң ғана пәтер кезегiне тұруға рұқсат алды. Осындай ережелердi қандай адамдардың ойлап тапқанына ақылың жетпейдi. Не деген сұрқия, зымиян саясат! Жай қазақ өмiр бойы малдың соңында жүре берсiн, оқымасын, санасы оянбасын, өзiнше ойлап, өзiнше өмiр сүрем деп бас қатырмасын деген сұрқия ниет. Алматыға келгендерiне де әне-мiне дегенше, бес-алты жыл көздi ашып-жұмғанша өте шықты. Осы мерзiм iшiнде қанша пәтер ауыстырғандарын санаса адам жаңылатындай. Кiмнiң үйiнде пәтер жалдап тұрмады бұлар!? Бiресе ұйғыр шалдың, бiресе орыс кемпiрдiң, бiресе дүнген әйелдiң дегендей. “Қонақ көп келедi, туыстарың үзiлмейдi, мазамызды алады”, — деп көп шыдатпайды. Көшуге де әбден еттерi үйренiп алды. Өз елiңде, өз жерiңде емес, құдды бөтен елде жүргендейсiң. Қайсысы болса да дiкең-дiкең етiп, қит етсең қуып шығам дейдi. Өз үйiңе аяғыңның ұшымен кiрiп, башпайыңмен байқатпай шығасың. Не деген сұм заман, не деген сорлы уақыт!? Айбала күйеуi екеуi пәтерден пәтерге көшiп жүрiп жатақхананың бiр бөлмесiне де қол жеткiздi-ау, әйтеуiр. Баяғыда Жиренше шешеннiң: “Қайран менiң өз үйiм, кең сарайдай боз үйiм” — деген сөзiнiң мән-мағынасын ендi түсiнгендей. Қалада дүниеге келген тұңғыш қызы екi жасқа аяқ басқан. Көп пәтерлi үй сияқты жобамен салынған екен. Жатақхана бес қабатты, сәулеттi, анадайдан көзге шалынады. Бөлмелерi кең, даңғырап тұр. Сол жалғыз бөлменiң өзi, Жиренше шешен айтқан кең сарайдай боп көрiнген. Өзiң би, өзiң қожасың. Күйеуi екеуi бақыт деген осы шығар деп ойлаған. Көпке дейiн қуаныштары басылмай жүрдi. Көршiлерi де өздерi сияқты жаңадан үйленген өңкей өрiм жастар. Атыраудан, Алтайдан Көкшетаудан, Шымкенттен дегендей, жан-жақтан келiп осы жерде бастары қосылған. Қазан-ошақтары да, той-томалақтары да бiрге. Ынтымақтары жарасқан тату-тәттi көршiлер. Балалардың арсындағы жарастық, достық қандай. Кез келген бөлмеге кiрiп кетедi де, қызықты ойынға басады. Ойыншықтары да аралас. Сенiкi, менiкi деп керiлдесу жоқ. Сол бiр бөлмеде әрi демалады, әрi қонақ күтедi, әрi ұйықтайды. Ал, адамдардың ықылас пейiлдерiн айтсайшы! Аядай бөлмеден ертелi-кеш адам аяғы үзiлмейдi. Алматыға қыдырып келген туған-туыстары, оқитын, жұмыс iстейтiн iнi-қарындастары бiрiнен соң бiрi ағылып келiп жатады. Көңiл сиса, адам да сиысады екен-ау. Сол бiр өмiрдi, сол бiр кездердi қатты сағынады. Қандай жақсы, балдай тәттi шақтар едi. “Адамның күнi адаммен” деген. Осы күнi оңаша пәтер, оңаша үйi болғанмен, сол бiр тiлектес, мұңдас, сырлас достарға айналып кеткен көршiлерi жетiспей-ақ тұрады. Арнайы iздеп бармасаң, не шақырмасаң, қайдан жолығасың?!
Дәл осы мезгiлде коммунизмге жетемiз деп жүрген алып ел қас пен көздiң арасында құлап түстi. Тарихтың дөңгелегiн керi айналдыру мүмкiн емес екен. Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi екi-үш жылда қоғам да, адам да, сана да мүлдем өзгерiп кеттi. Бұрынғы дұрысың бұрысқа, бұрысың дұрысқа айнала бастады. Еркiндiк, бостандықпен бiрге жұмыссыздық, жетiспеушiлiк, кедейшiлiк құрығын сүйрете келдi. Мейлi, жалғыз бөлме болса да, баспанаң болғанға не жетсiн?! Осыған да қолы жетпей жүргендер қаншама.
Кәсiпорын жабылған соң, әркiм өз қамын өзi жасауға кiрiстi. Жеке кәсiпкерлiк, сауда-саттық дегендей.
Бұлар екiншi қыздары туылған соң бұрынғы бөлмесiне тағы бiр бөлме қосып алған болатын. Ендi жеке меншiкке айналдырып алған соң, әжептәуiр үй болып қалды. “Әр баланың өз несiбесi болады” деген рас екен-ау” — деп ойлаған өздерiнше. Жұмыр басты пендеде арман деген бiте ме. Сол жатақхананың екi бөлмесiн реттеп, жөндеп сатты да, туған-туыстарының көмегiмен үш бөлмелi кәдiмгi жайлы пәтер сатып алған. Төбелерi көкке жетiп қуанды.Үш қызы мәз. Телефон, газ, ыстық су, суық су — бәрi бар. Жұмақ дерсiң. Мүлiк дейтiн бұларда қай бiр мүлiк бар дейсiң?! Ескi диван, темiр керует, тоңазытқыш, телевизор ғана бар. Әйтсе де “Кедей болсаң, көшiп көр” демекшi, зат-мүлiктерi үлкен жүк машинасына әзер сиды. Жаңа пәтердiң бөлмелерi үлкен-үлкен. Қойған заттары көрiнбей қалды. Терезелерi кең де жарық. Құр қабырғалар қалқиды да қалды.
“Басымызда баспанамыз бар. Несiне уайымдайық. Елмен бiрге көремiз”, — дедi әншейiнде күйгелектенiп жүретiн күйеуi осы жолы сабыр танытып. Жатақханадағы көңiлдi у-шуға үйренiп қалған бастары мұндай үйге үйрене алмай жүрдi алғашында. Адамдардың түстерi суық, бөтен, жат көрiнедi көздерiне. Амандассаң, әзер амандасады. Тiлдесейiн десең тосырқай қарайды.
Бiр күнi Айбала балалардың киiм-кешегiн жуып, есiк алдына жаюға шыққан болатын. Керiлген жiпке киiмдердi бiр-бiрлеп iлiп жатқан.
— Апай, сәлеметсiз бе, — дедi бiр дауыс желке тұсынан.
Жалт бұрылып қарап едi, көнетоздау киiнген, өңi жүдеулеу, бетiнiң аздаған секпiлi бар қара торы жүздi жас келiншек имене қарап тұр екен.
— Амансың ба, сiңлiм. Кел, кел, — дедi ол жылы қабақ танытып.
— Ту-у, бұл жерде де қазақша сөйлейтiн қазақтар бар екен-ау. Жаңа бiр жерде әлдебiр қазақтар орысша сөйлеп, жерден алып жерге салып едi. “Ауылдан келген қаңғыбастар жүргiзбейтiн болды, “надоели” деп дүрсе қоя бердi. Бiрдеңе сұрап, бiрдеңе бер дегенiм жоқ. Тым құрыса бiр ауыз жылы сөзiн айтса да болады ғой. Содан сiздi көрiп қуанып тұрғаным ғой, — дедi жақын бiр туысын тапқандай.
— Бiз бұл үйге жақында көшiп келдiк, бұрын жатақханада тұрғанбыз, — дедi. Айбала. —Үйбай, далада неге тұрмыз, жүр, үйге кiрiп сөйлеселiк.
— Үйге кiргенiм ыңғайсыз шығар, бейтаныс адаммын ғой, — дедi келiншек тартыншақтап.
— Неге кiрмейсiң, қазақ емеспiз бе. Босағада тұрғаның жөн болмас. Бiр-екi кесе шай iшесiң, — деп Айбала қоярда-қоймай оны iшке кiргiздi. — Айтпақшы, есiмiң кiм, — дедi Айбала дастарқан жайып жатып.
— Айжан.
— Жақсы ат екен. Отыр, қысылма, — дедi шай құя бере.
Адамды айтқызбай-ақ түсiнетiндiгi, дастарқан жасардағы қолқабысы қатты ұнап қалған… Мұндай қасиет нағыз ауылда өскен қыздарда ғана болады ғой. Бiр-екi кесе шайдан соң, Айжанның маңдайы тершiп қоя бердi.
— Апай, рахаттанып қалдым. Бүгiн күнi бойы тiзе бүкпей жүрмiн. Жөндi шай iше алмап едiм. Сiзге үлкен рахмет, —дедi. Айжан риза кейiппен.
— Қысылма, айналайын. Қанғанша жақсылап iш! — Айбала жаны ашып отыр. Айжанның қиналып жүрген жайы барын ұққандай болды да: — Иә, Айжан. Шаруаңды айта отыр, — дедi сөз арасында.
— Мен осы төңiректен пәтер iздеп жүр едiм. Мынау iргедегi базардағы асханада iстеймiн. Тұратын жердiң ыңғайын таппаймын, ылғи туыстардың, таныстардың үйiнде дегендей анда бiр, мұнда қона жатып, жағдайым болмай жүр. Қазiр жалғызбастымын. Алты жасар қызым бар. Аға-жеңгемнiң қолында қалды. Әке-шешем ерте қайтыс болып кеткен. Ауылда жұмыс жоқ, — деп Айжан бар сырын жайып салды.
— Бәсе, өзiм де солай ойлап едiм. Пәтер жалдап тұру дегендi бiз де бастан өткердiк қой. Мұнда жаңадан көшiп келдiк. Әзiрге ешкiмдi де танымаймын. Пәтерге жiберетiндер болса сұрастырып көрейiн. Кейiнiрек хабарласарсың, — дедi Айбала қолдан келер басқа шара жоғын бiлдiрiп.
— Апай, пәтер табуын таптым ғой. Бiрақ, ақшасын бiр айға алдын ала бер дейдi. Ондай ақша менде қайдан болсын. Бөлiп-бөлiп төлеуге көнбей қойды. Не iстерiмдi бiлмей басым әбден қатты. Екi-үш ай жұмыс iстеп, жалақы алсам аяққа тұрып кетер ем. Қызымды да қолыма алып, осы жердегi мектепке оқуға берер едiм, — дедi Айжан жылап отырғандай болып.
Айбала ойланып қалды.
— Бiз де үйде бес-алты жанбыз. Қатты қиналып жүр екенсiң, не iстесем екен, — деп дағдарып тұрды да:
— Мүмкiн, бiзбен бiрге тұрарсың, бiрер ай жағдайың түзелгенше, — дедi.
— Апай, шын айтып тұрсыз ба? — деп жас келiншек Айбаланы құшақтай алды. Өз құлағына өзi сенбегендей.
— Шын айтып тұрмын. Кешкiсiн сенiң жағдайыңды ағаңа айтып көрейiн. Түсiнетiн шығар. Ертең хабарлас.
— Апай, сiзге рахмет. Жақсылығыңыз құдайдан қайтсын, — деп қуанышы қойнына симаған Айжан үйден шығып кеттi. Кешкiсiн Айбала болған жайтты күйеуiне жеткiзген. Ол да қарсы болмады, өзiң бiлерсiң дегендей сыңай танытты.
Айжан ертеңiне тым ертелетiп келiптi. Айбаланың есiктi күлiмдей ашқанын жақсылыққа жорыған болуы керек:
— Апай, аға рұқсат бердi ме?! Не шештiңiздер? — дедi апыл-ғұпыл. Үмiт пен күдiк араласа тұнған көздерi жәутең қағады.
— Заттарыңды алып, көшiп келе берсең болады. Бiрақ, әуелi шай iшiп ал, —дедi Айбала оған.
— Рахмет, рахмет, — деп қуанған Айжан шайға қарамастан асыға басып кеттi.
Айжан жұмыстан кеш қайтады. Құрқол келмей, балаларға оны-мұны алады. Айбала: — Жоқтан өзгеге ақшаңды шаша бермей, өзiң жина. Балаларға ештеңе алушы болма, — дедi қатаң тапсырып. Айжан қолды-аяққа тұрмайтын пысық, ширақ, тындырымды екен. Үй iшiн жиысып, ас-су қамдауға да көмектеседi қолы қалт етсе.
— Қой, саған жұмыс iстеткенiм ұят болар. Онан да дем алсаңшы, — деп Айбала қанша айтса да болмайды. Бар шаруа бiткенде апалы-сiңiлi жандардай шүйiркелесiп шай iшедi.
— Бұл төңiректе сырласып, әңгiмелесетiн ешкiм жоқ. Сенiң келгенiң маған жақсы болды ғой, — деп Айбала ағынан жарылған.
— Апай, сiздi маған құдай жолықтырған шығар. Бұл жақсылығыңызды өмiр бойы ұмытпаспын, — дедi Айжан көзi суланып.
— Айжан, бұл туралы айта бермешi. Әйтпесе ренжiп қаламын, — дедi Айбала.
— Әке-шешемнiң кенжесi едiм. Өзiм ұнатқан жiгiтке тұрмысқа шыққам. Кездейсоқ жол апатынан қайтыс болды. Қатты қайғырдым. Кiшкентай қызыммен жесiр қалдым. Аға-жеңгем ауылда жұмыс болмаған соң: “Қалаға бар. Мүмкiн жұмыс табарсың, болмаса сауда-саттықпен айналыс. Қызыңа алаңдама. Үйдегi үш-төрт баланың бiрi болып жүредi,” — деп менi көндiрдi. Бiр жағынан, әлi жас қой, теңiн табар деп те ойлаған болулары керек. Ол емеурiндi айтпай-ақ түсiндiм. “Өлген артынан өлмек жоқ” деген, тiрi адам тiршiлiгiн жасайды. Кiм бiледi, бәлкiм теңiмдi тауып қалармын деп те үмiттенем, — дедi Айжан сөзiн жалғастырып.
— Саған жар, қызыңа әке болатын мейiрiмдi жан табылып қалар. Әлi жассың ғой, — деп Айбала оны жұбатып қойды. Бiрер айдан соң-ақ Айжанның тiрлiгi оңға басқан. Азын-аулақ ақша жинап, базардан орын алып, саудаға кiрiсiп те кеттi. Өз iсiне пысық, жинақы, ұқыпты болғандықтан iсi алға жүре бастады.
— Сiздер мен үшiн қысылып-қымтырылдыңыздар. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын! Мен жеке пәтер таптым, — деп Айбаладан рұқсат сұрады.
— Тағы да бiраз тұра тұрсаң да болар едi ғой. Несiне асықтың. Мейлiң, солай шешсең бопты. Бiрақ бiздiң үйдiң есiгi сен үшiн әрқашан ашық. Ұмытпай келiп тұр, — дедi Айбала Айжанды шығарып салып жатып.
Екеуi бiрiн-бiрi қимай көздерiне жас алысып, сүйiсiп қоштасты.
Айжан Айбаланiкiне ретi келгенде соғып тұрады. Екеуi әңгiмелесiп, шай iшедi, сырларын айтысады.
— Өзiң әдемiленiп, тым сұлуланып кетiпсiң. Киiмдерiң де жарасып тұр. Менен ештеңе жасыра алмайсың. Көздерiң бәрiн айтып тұрған сияқты, — дедi Айбала оған тағы бiр келгенiнде.
— Ту-у, апай! Не деген сезiмтал едiңiз. Бәрiн қайдан бiлiп қойдыңыз, — деп Айжан қызараңдап қалды. — Бұған дейiн де сөз салған кiсiлер болған. Бiрақ кiшкентай қызым бар екенiн бiлсе болды, ат-тондарын ала қашады. Кейбiреулерi уақытша ермек еткiлерi келедi. Бұл еркек дегендердi қойсаңшы. Әйелi, бала-шағасы барлар да айналдырады. Ұят-жоқ қой оларда, — деп Айжан мұңын шақты. —Жақында өзiмнен бiраз үлкен бiр кiсiмен таныстым. Жiбi түзу жан сияқты. Үйленейiк деп ұсыныс жасады. Не iстерiмдi бiлмей басым қатып жүр.
— Саған не ақыл берейiн. Өзiң де бала емессiң. Оң-солыңды танып қалдың. Әйтеуiр бәрiн ақылмен шеш. “Мал аласы сыртында, адам аласы iшiнде” деген. Алданып қалып жүрме. Қазiргi адамдар қиын болып барады ғой, — деп Айбала бiлген ақылын айтқан. Арада үш-төрт ай өттi. Айбала үйге оны-мұны, майда-шүйде алғалы базарға барған болатын. Кездейсоқ Айжанға ұшырасқан. Хал-жағдай сұрасып, қуанысып қалды.
— Апай, мен әнеукүнi айтқан кiсiге тұрмысқа шықтым, — дедi ол жүзi бал-бұл жайнап.
— Айналайын, бақытты бол. Ұзағынан сүйiндiрсiн. Қосағыңмен қоса ағар, — деп Айбала ыстық ықылас бiлдiрдi.—Қап, бiлмей қалдым. Сыйлығымды сонан кейiн ретi келгенде берейiн.
— Апай, ештеңенiң керегi жоқ. Сiздiң жақсылығыңызды өмiр бойы ұмытпаспын, — дедi ол қоштасып.
Сонан соң арада тағы да бiраз уақыт өттi. Ойда жоқта Айжанға жолығып қалды. Бес-алты жас шамасындағы қыз баланы жетектеп алыпты.
— Мынау, менiң қызым. Аты —Жұлдыз, — дедi Айжан.
— Е-е, айналайын, Жұлдыз десе жұлдыз екен. Бақытты бол, — деп Айбала қыздың маңдайынан сүйдi.
— Өзiң қалайсың. Ай-күнiң жақындап қалған сияқты. Қыз ба, ұл ма күткендерiң? — дедi Айбала мейiрлене жымиып. — Аман-есен босанып, қол-аяғыңды бауырыңа алуыңа тiлектеспiн.
— Рахмет, рахмет, — дедi Айжан. Даусы бiртүрлi көңiлсiздеу шықты.
— Не болды, көңiл-күйiң жоқ қой. Әлде бiр жерiң ауыра ма? — дедi Айбала күдiктенiп. Осыны күткендей:
— Апай, мен масқара болып қалдым ғой, — деп Айжан еңiреп жылап жiбердi.
— Қой, даусыңды шығара берме, қызың қорқып қалар. Сабыр қыл, не жағдай, — дедi Айбала оны құшағына алып, маңдайынан сипап басу айтты.
— Мен алданып қалыппын. Әйелi, бала-шағасы бар бiреу болып шықты. Ендi не iстерiмдi бiлмей дал болып жүрмiн.
— Болар iс болды. Сен көп нәрсе ойлай берме. Iшiңде бала барын ұмытпа. Қалғанының бiр мәнiсi болар. Айтпақшы, қайда тұрып жатырсың өзiң?
— Таныс құрбымның пәтерiнде. Сiздерден алыс емес.
— Е-е, онда жақсы екен. Көп уайымдай берме. Бiрдеңе қажет болса, мына Жұлдызды жiберерсiң. Әйтпесе, телефон соғарсың, — деп Айбала Айжанды жұбатып, қош айтысты.
Бiр күнi Айжанның қызы Жұлдыз асығыс жүгiрiп келдi. Өңi бозарып кеткен. Сөйлей алмайды. Бар болғаны:
— Мама, мамам, — дей бердi екi көзi жасқа толып.
Айбала Жұлдызды жетектеп асығып-үсiгiп жеткен.
Сөйтсе, Айжан үйде босаныпты. Жедел жәрдем шақырып үлгермептi. Сәбидiң кiндiгiн де өзi кескен. Айбала тез дәрiгер шақыртты да, Айжанды шақалағымен перзентханаға жөнелттi. Екi күннен соң перзентханаға Айжанды iздеп барған. Ана мен нәрестенiң де жағдайлары жақсы болғандықтан ертерек шығарып жiберiптi. Үйдiң де, пәтердiң де нөмiрiн ұмытып қалыпты. Әрең тапты. Жөргек, ит көйлек, тағы да басқа заттар алып Айжанға келдi. Оның қазiр ақшасы жоғын бiлетiн. Жұмыс iстемесе ақша қайдан болсын?! Бiраз азық-түлiк апарды, азғантай ақша бердi.
— Апай, сiз болмасаңыз мен не iстер едiм. Өмiр бойы қарыздармын, — деп көзiне жас алды жас ана.
— Сен жылама, мықты бол. Ендi балаң бiреу емес, екеу. Өзiң үшiн емес, осылар үшiн өмiр сүресiң, бекем бол, — дедi Айбала. — Бiрдеңе қажет болса, Жұлдызды үйге жiбер…
Үш-төрт күннен кейiн Жұлдыз келiп тұр. Қолында тiлдей қағазы бар. Айжан берiп жiберiптi. “Апай, тiптi нанға да ақшамыз қалмады. Сiзден ұялып қанша шыдасам да болар емес. Өзiме емес, балаларыма қиын тиiп тұр. Шамаңыз келгенше азық-түлiк, қаржы жағынан қарассаңыз,” — дептi.
Үйдегi бес-алты жан азын-аулақ жалақыға қарап отыр. Қайтедi, қол ұшын бермесе болмас. Айбала қыздың қолына ұн, қант, майға қоса шамалы ақша бердi де Жұлдызды шығарып салды.
Одан соң да шамасы жеткенше Айжанға қол ұшын берiп тұрды. Сәбиi жасына толысымен Айжан қайтадан базарға сауда жасауға шығып кеттi. Түске дейiн үлкен қызы балаға қарайды. Түстен кейiн күтушi әйел қарайды ақысын алып. Анда-санда қыздарын ертiп Айбаланiкiнде болып кетедi. Бiрде: “Апай, “Аузы күйген үрлеп iшедi” дегендей, жасы үлкендеу болса да бiреудi тауып берсеңiзшi. Мына екеуiн асырап-бағу жалғыз өзiме оңайға соғып жүрген жоқ. Осылар үшiн бәрiне шыдап өзiмдi құрбандыққа шалуға әзiрмiн. Алатын адам болса оты мен кiрiп күлiмен шығар едiм”, — деп мұңын шақты.
Айбала үндемедi. Үндемегенi —ойында оған көздеп жүрген адамы да бар едi. Бiрақ, әзiрге Айжанды алдын-ала дәмелендiргiсi келмедi. Әуелi сол адаммен сөйлесiп көрудi жөн санады. Жақында көршi үйге Талдықорғаннан бiр кiсiлер көшiп келген болатын. Ауылдың қарапайым адамдары. Сөйлесiп,танысып қалған. Сөз арасында әжей үлкен ұлының жасы елуге толғанын, бiрақ жалғызбасты екенiн, соны үйлендiрмей жаны тынбайтынын айтқан болатын. Ұлы ақылды, жуас, момын екен. Алдында бiреуге үйленiп, ажырасып кетiптi. Анау әйел үлде мен бүлдеге оранып алып, ақшасын, дүние-мүлкiн жинап, бiр түнде тайып отырыпты. Оның үстiне қалаға да үйрене алмай жүргендiктен бе, анда-санда ұрттап қоятын көрiнедi. Бiрақ салынып iшкен емес, ешкiмге зияны жоқ. Айбалаға “Ұлыма ретi келсе бiреудi таныстыр, қарағым, сауабына қаларсың” — деген. Әжейдiң ұлының аты —Асан. Айбала сырттай таныс, амандасып жүредi.
Бұл әңгiмеден кейiн Айжанға осы жайдың шет-жағасын жеткiзген.
— Апай, сiз айтсаңыз болды. Жөнi дұрыс кiсi болса, етегiнен ұстайын, — дедi ол бiрден көне кетiп. —Қыздарымды атына жаздыртайын.
Сөйтiп Айбала Айжанды ретiн тауып Асанмен таныстырған.
— Жас бала емессiздер. Ар жағын өзара шеше жатарсыздар, — дедi ол. Содан кейiн Айбала Айжанды екi-үш ай көрмей қалды. Артынша Асан кептi Айжаннан дерек бiлейiн деп.
— Аға-ау! Сiздi таныстырдым, жолықтырдым. Ендi кеп оның жөнiн менен сұрағаныңыз қалай? Өзiм де бiраз болды Айжанды көрмегелi — дедi аң-таң болып.
— Әйелден жүрегiм шайлығып қалған басым. Ары-ойланып, берi ойланып, ырғалып-жырғалып жүргенде таппай қалдым ғой. Iздемеген жерiм жоқ.
— Аға-ау, ұнатсаңыз сол кезде-ақ шаужайына жабысатын адам едiңiз ғой. Қыздарының фамилиясын сiздiң атыңызға аударатын болып шешкен. Сiзге одан артық қандай дәлел керек, оның кет әрi еместiгiне, — деп Айбала күйiп-пiстi.
— Кешiр, айналайын. Менен бiлместiк бопты. Ақымақ басым соны ендi түсiндiм, — деп Асан басып шайқап өкiнiшiн бiлдiрдi.
Арада үш-төрт жыл уақыт өттi. Бiрде Айбала кенже қызын ертiп киiм-кешек сататын базарды аралап жүрген болатын.
— Апай, сәлеметсiз бе, —деп бiреу құшақтай алды да, бетiнен сүйдi.
— Апыр-ау! Қайдан көрiп едiм. Жүзiң таныс сияқты ғой, — деп есiне түсiре алмай қиналды.
— Танымай қалдыңыз ба, мен Айжанмын, — дегенде барып сасқанынан: — Амансың ба, қыздарың өсiп жатыр ма, денi-бастары сау ма? — дедi үстемелетiп. — Өзiң әдемi болып өзгерiп кетiпсiң. Тiптi, танымай да қалдым ғой.
Шыныда да Айжан сұлу, көрiктi келiншекке айналыпты. Шаштарын келтелеу қылып қидырып, сәндi киiнiптi. Бәрi өзiне жарасып тұр. “Әйтеуiр, жағдайы жаман емес сияқты,” — деп ойлаған Айбала.
Жанында өзi қатарлы, әлде сәл үлкендеу болар, орта бойлы, қара торы, жылы жүздi, қияқ мұртты жiгiт бар. Бұл кiм екен деп ойлап үлгергенше, Айжан: — Мынау күйеу балаңыз болады, — дедi соны бiлгендей.
— Бақытты болыңдар! Дұрыс болған екен. Не тұрыс?! Үйге жүрiңдер, қонақ боласыңдар, — дедi Айбала шын көңiлiмен.
—Рахмет, Айбала апай! Бiз қазiр Талдықорғанда тұрамыз. Сауда-саттықпен айналысамыз. Тауарға келген бетiмiз. Сау болыңыз, — дедi бетiнен сүйiп қоштасып. Айбала қол ұстасып кетiп бара жатқан Айжан мен оның күйеуiнiң соңынан сүйсiне қарап, ұзақ тұрып қалды…
Әлсейiт ОСПАНОВ