“ТӘУБӘ” ДЕГЕН АҚЫН

“ТӘУБӘ” ДЕГЕН АҚЫН

“ТӘУБӘ”  ДЕГЕН АҚЫН
ашық дереккөзі
412

Елiмiз егемендiк алғанда дiнiмiз де еркiндiктi сезiнген едi. Намазға жығылушылар, ораза тұтушылар, мешiтке барушылар қатары көбейдi. Ислам дiнiнiң хақтығы турасында айтылып, жазыла бастады. Баспасөздерде арнайы беттер мен хабарлар бой көрсеттi. Сәрсенбек Бекмұратұлы дәстүрлi дiнiмiздi елiмiзде алғаш насихаттаушылардың бiрi.

Ол кезде Қазақ радиосында қызмет атқаратын. “Ислам дiнi – имандылық үнi” деген тақырыппен тұрақты хабар берiп отырды. Дiни мамандар аз болатын. Соған қарамастан Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының қызметкерлерiн және мешiт имамдарын хабарға шақырып, сұхбат жүргiздi. Оншақты мәрте әуе толқынынан берiлген тiкелей хабарларға, “дөңгелек стөл” басындағы әңгiмелерге қатысқаным, сұхбат бергенiм есiмде. Дiнге сусындаған халықтың тiлегiн қамтамасыз етуде бұл хабарлардың белгiлi бiр деңгейде көмегi болғаны да рас.

Жастардың дұрыс жол таңдауына бағыт сiлтеп, өзге дiндер мен сектарларға кiрiп кетуден сақтандырды.

Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ жастары арасында тұмар тағу сәнге айналды. Әрине, жастар оның дiнге ешқандай қатысы жоғын бiлген жоқ, ислам дiнiмен келген салт-сана деп ұқты. Осы кезде Сәрсенбек Бекмұратұлының республикалық “Жас Алаш” газетi мен “Ислам әлемi” журналында “Тұмарды қазақ не үшiн таққан?” деген мақаласы жарық көрдi. Мақалада тұмардың қайдан шыққандығы, халқымыз оны не үшiн қолданғаны, дiнге қатысы жоқ екендiгi айтылды. “Тұмар – халқымыздың ұғымында киелi мағынаға ие болған. Сан ықылым заман бұрын қағаз жоқ, тауар қат кезеңде сауда-саттық жасап алысқа сапар шеккен немесе соғыс жорықтарына аттанған бабаларымыз мал терiсiнен жүрекке ұқсатып, үшбұрышты етiп тiгiлген қалташыққа туған жердiң топырағын толтырып алып шығатын болған. Ол қалташықты тұмар деп атаған. Туған жерге деген шексiз құрметтiң, перзенттiк парыздың белгiсi болса керек бұл… Тұмар атауының төркiнi туған жермен байланысып жатқанын белгiлi жазушы, ғалым, ғылым докторы Ақселеу Сейдiмбеков өзiнiң “Барың мен жоғыңды парықтау” деген (“Жас алаш”, 12 маусым, 1999 ж.) ғылыми зерттеуiнде тұмар сөзiнiң байырғы түркi тiлiнде туған жер (тума+иер) дегендi бiлдiретiнiн айтады”. Менiнше, осы мақаланың жастардың бетiн берi қаратуға септiгi тигенiнде еш күмән жоқ. Қазiр тұмар тағып жүрген жастарды сирек ұшыратасың.

Тәуелсiздiк алған соң, жаңа жүйе қалыптасты. Елiмiздi Президент, облыстар мен аудандарды әкiм басқаратын болды. Осы тұста Сәрсенбектiң “Меккенiң әкiмi” деп аталатын өлеңi жарияланды. Мекке әкiмi Хазiрет Ғұмардың кеңсенiң әрбiр затын ұқыпты пайдаланатыны, кiсiге қиянат жасамайтыны жырға арқау болды:

Сақтау керек мұсылмандық жүйенi,

Хақ-Тағала әдiлдiктi сүйедi.

Қазынаның әрбiр мүлкi – елдiкi,

Ал, ел деген – халық қой ол киелi, – деп келедi өлең шумақтары. Ел тiзгiнi қолына тиген басшылардың елге жақын болуына, обал-сауапты бiлуiне осы өлең үндеп тұрғандай. Халықты имандылыққа, парасаттылыққа тәрбиелеуге қызмет еткен Сәрсенбектiң мұнан да басқа өлеңдерi мен дастан, толғаулары жазылды. Солардың бiрi Хазiретi Әлiнiң өмiрiнен алынған “Тәубе” өлеңi. Бiр жорықтан жеңiспен келе жатқан Хазiретi Әлi кенеттен бойында күшi тасып, көңiлi көтерiлiп “Ех, шiркiн, егер дүниенiң тұтқасы болса, ұстап тұрып шыр көбелек айналдырар едiм” дейдi. Қасында келе жатқан Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: “Батырым, асып-таспа. Астамшылық сөйлеуге болмайды” деп оны сабырға шақырады. Арада бiрнеше уақыт өткенде Пайғамбар (с.ғ.с.) Хазiретi Әлiнi алма әкелуге жұмсайды. Жолда келе жатқан батырдың алдынан қақпақ кездеседi. Астындағы дүлдiлi үркiп жүрмеген соң лақтырып тастамақшы болып, әрi-берi жұлқылағанға қақпақ қозғалмайды. Аттың үстiнде шiренiп отырып, қос қолмен тартады. Бiрақ қақпақты қозғай алмайды…

Осы жағдайды Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға айтқанда: “Е-е, ол баяғы өзiң iздеген қақпақ емес пе? Менiң асып-таспа дегенiм осы…” дейдi. Мiне, осы көрiнiстi ақын жыр жолына түсiредi.

…Астамшылық орға жығар қайда да,

Ұлық болу тән бiр ғана Аллаға.

Өркөкiрек, паңдық және менмендiк

Дiндi бұзар, бермес жанға пайда да.

Әрбiр iстiң күткен абзал ақырын,

Бiр сөз үшiн қанша жүдеп жасыдың.

Хақ-тағала кешiрiмдi қашан да,

Тәубаға кел, сабаңа түс, батырым!

… Ажыратқан жасық пенен асылды,

Пайғамбардың мәндi сөзi нақылды

Ой салды да,

Әлi батыр табанда

Бiр Аллаға тағзым етiп бас ұрды.

Бiз үзiндi келтiрген “Тәубе” деп аталатын бұл өлең елiмiздiң аға газетi “Егемен Қазақстанның” бiрiншi бетiне (1996 жыл, 27-шiлде) басылды. Аға газетке мақала шығарудың өзi оңай шаруа емес. Әңгiме бұл жерде өлеңнiң қоғамға қажеттiлiгiнде болып тұр. Аға газет сол қажеттiлiктi ұға бiлген.

Сәрсенбектiң дәстүрлi дiнiмiз тақырыбына жазған өлеңдерi мен толғаулары “Мұхаммедтiң мөрi” деген атпен кiтап болып (2000 жыл) жарық көрдi. Өзiмнiң күнделiктi дәрiсiмде осы кiтапты оқу құралы ретiнде пайдаланып жүрмiн. Кiтаптағы дiни жырлары мен мерзiмдi баспасөзде жарияланған материалдарын талдай берсек бiр мақалаға сыймайтыны белгiлi. Оны мақсат етпедiм. Айтпағым алпыстың асқарына шығып отырған қарымды қаламгердiң халықты имандылыққа үндеудегi қажырлы еңбегi туралы азды-көптi ыстық ықыласымды бiлдiру ғана. Көзiқарақты оқырман өз бағасын берiп те жатыр, бере де берер. Имандылық, адамгершiлiк, ұлттық салт-дәстүр Сәрсенбек Бекмұратұлын қажытпайтын, қайта қайраттандыратын және шабыттандыратын тақырыбы.

Нұралы қажы ӨСЕРҰЛЫ, заң ғылымдарының докторы,

профессор, дiнтанушы.

Серіктес жаңалықтары