ЕГЕМЕНДIКПЕН ЕНШIЛЕС ҚҰНДЫЛЫҚТАР

ЕГЕМЕНДIКПЕН ЕНШIЛЕС ҚҰНДЫЛЫҚТАР

ЕГЕМЕНДIКПЕН ЕНШIЛЕС ҚҰНДЫЛЫҚТАР
ашық дереккөзі
403

Таяуда “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XII съезi өткенi мәлiм. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев “Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы – бiздiң ортақ болашағымыз үшiн” деген тақырыпта сөз сөйледi. “Индустрия” бiзге таныс болғанымен, бұл жолы оның мағынасы өзгеше сипат алды. Осы және бiздi елең еткiзетiн “инновацияның” да қарапайым мәнi өзiмiзге таныс еңбек мәселесiне келiп тiреледi. Бiрақ тиiмдi еңбек, қарқынды еңбек. Қара күшке емес, ой күшiне, тапқырлық пен ұсынықтылыққа сүйенетiн еңбек.

Ал еңбекке құлықтылық бар, қабiлеттiлiк бар. Оны ұйымдастыра бiлу — мемлекеттiк деңгейдегi үлкен өнер. Қиын проблемалардың бiрегейi еңбек бөлiнiсiне де қатысты екенiн мансұқ ету қиын ғой. Көптеген қайшылық, түсiнбестiк осы тұстан шығуы мүмкiн.

Елбасы ұлы Абайдың “ақыл, қайратқа” байланысты пiкiрiн алға тартқанда, әдебиет, ғылым, өнердiң өндiрiс пен экономикаға адам факторы арқылы белгiлi бiр қайшылықтан болса да қатыстылығы айқындалатыны туралы ой қанатын қомдайтынын байқадық. Халықты қажытатындай дағдарысқа қарсы Абайдың сөзi дат айтатындай. Бүкiл қандастары мен отандастарының ерiк-жiгерiн Елбасы руханият қайнарындағы ой асылынан тағлым алу дағдысын еске түсiрумен қайрап-жанитын тәрiздi.

Түрiк, корей мемлекеттерiнiң өмiрiнен алынған мысалдар басқа түскен қиындықты халық жекешiл ниетпен емес, отансүйгiштiк рухтың, ұлттық намыстың құдiретiмен ғана жеңе алатынын әдемi айғақтайды.

Тәуелсiз Қазақстанның мұндай төтенше жағдайларға қамсыз келмегенi көңiлге сенiм ұялатады. “10 жылда сыртқы сауда айналымы 10 есе”, “денсаулық сақтау мен бiлiм берудi қаржыландыру 8,5 есе ұлғайғанын” сезiну үмiт көрiгiне дем қосады.

Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның шикiзатқа ғана телiнiп, жерқорақ боп қалмауын бұрыннан айтып келе жатқанын бiлемiз. Ендi инновациялық технология жайлы сөздiң нақты iске айналуы негiзгi басым да өзектi тұжырымдама ретiнде түйiнделуi — күрделi уақыттың қажеттiлiгi ғана емес, мұқтаждығы әрi болашақ үшiн шынайы бағдарлама.

Бұл тұрғыда ғылым мен бiлiмге артылар салмақ ауыр. Сәл ертерек Елбасы жобалаған 15 ұлттық зерттеу лабораториясының бiрi — нанолаборатория қазақ бiлiмiнiң Алтын ордасы, биыл 75 жылдық мерейтойын атап өткелi отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде iрге тебуi кездейсоқтыққа жатпаса керек. ҚазҰУ — бүгiнгi күндерi елiмiздегi оқу орындары арасында өзiнiң көшбасшылық туын биiк көтерiп келедi. Бұған байланысты өткен жылы ҚазҰУ-да жаңа үш сатылық оқу жүйесi бойынша алғашқы 60 философия докторлары (PhD) дайындалып шыққанын айтса да аз емес. Гуманитария саласындағы зияткерлiк әлеуеттi арттыру мақсатында Абай институты ашылды.

Жақында Шығыс Қазақстан облысына сапары барысындағы Аймақаралық инвестициялық форумда Н.Ә. Назарбаев инженер мамандығын игерушiлер қатарын өсiруге аса зор көңiл аударды. Студенттердi ғылымға өндiрiс арқылы тартудың әлемдiк тәжiрибесiне меңзедi. Демек, сол студенттерге дәрiс берiп, алған бiлiмiн ұқсатуға үйрететiн әрi күндiз де, кеште де ғылымның меһнатын тартумен жүретiн еңбек торылары — ұстаз-ғалымдар мен iргелi, қолданбалы зерттеу салаларындағы маман ғалымдардың қажеттiлiгi де, жауапкершiлiгi де ұлғая түспек. Ал техника тетiгiн ғана түсiнiп, басқа тiршiлiкке құлағын бiтеп алатын маман толық мәнiндегi адамдық деңгейге жете алмас едi. Кәсiптiк бiлiм гуманитарлық, яғни адамилық бiлiм нәтижелерiмен ұштасқанда ғана кiсiлiк мәдениет қалыптасады. Сөз бiлмеген адамның ел басқара да алмайтыны — тарихи шындық. Ал сөз дегендi бiз филологияның төңiрегi деп қана отырған жоқпыз, бүкiл руханият, парасат әлемiнiң қысқаша синонимi ретiнде келтiрiп отырмыз.

Елбасы ойларының бiрпарасы экономикалық дағдарыс кезiнiң өзiн iлгерiлеуге баспалдақ етуге қатысты. Ауыл шаруашылығы кластерiн дамытудың бiз үшiн болашағы зор екенiне күмән жоқ. Тәжiрибесi бар зиялылардың пiкiрiне қарасақ, бұл жаһандық экономикалық дағдарыс адамзаттың өмiр сүру машығына қайтадан жаңаша көз салуды қажет етедi. Яғни адами құндылық кiрiс-шығыспен ғана өлшенбейдi. Ай-күн аманшылықта да, ауыртпалық тұста да пейiл мен сананың арқасынан жүк түспейдi. Мемлекет басшысы халық бiрлiгiнiң, ұлтаралық татулықтың жақсылыққа жұмылдырғыш күшiн осындайда өткiр сезiнiп, елiмiздегi саяси-әлеуметтiк ахуалдың тұрақтылығын егемендiкпен еншiлес екендiгiне көзiмiздi жеткiзедi.

Бақытжан МАЙТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң

профессоры, филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары