ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ

ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ

ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ
ашық дереккөзі
226

Аспанында жақсы тiлектiң жып-жылы нұры көлкiгендей жайма-шуақ күндердiң бiрiнде Сыр-Арал өңiрiндегi Қазалы, Арал аудандарына жол түстi. Ағайынмен көзайымның елеусiзi деген болмайды. Ал бiздiң сол жол — сөз киесiн, өнер қасиетiн сыйлаған көпшiлiк алдында бiрқыдыру өткендi пайымдап, көрген-бiлген, жиған-тергендi ортаға салатын шығармашылық есептi сапардың нақ өзi едi.

Ағайын пейiлi алғаусыз. Ел-жер ықыласына жан марқайды. Рухы сарқылмаған халайықтың көңiлi мен сезiмi кемерлеген дариядай толымды көрiндi. Бұл — сабақты бөлек әңгiме…

Қазалы жерiнде, жауапты сапар жолында болсын, жай бiр тiрлiк iзiнде жүргенде болсын, тәу етiп, тағзым жасап өтетiн елеулi орындар жетедi. Соның бiрi және бiрегейi — Жанқожа батыр бабамыздың кесенесi. Бiздiң мақсатты жол да сондай аруақты орынды айналып өткен жоқ. Ал, Арал жерi… Қай өлке де киеден кенде емес. Арал өңiрiнде қаншама тарих куәсi және соларға қатысты, шашырап-шашылған мың-сан аңыз-әфсана жатыр! Сол рухани мол қазынаны бүгiнгi iзеттi де зерделi ұрпақ жүйелеп, саралау iсiн түбегейлi қолға алған сыңайлы. Соның еңсегей бойлы, ерек шоқтықтысы — Арал шаһары төрiнде, жаңа тарихтағы ұрпақтың төлтумасы — “Тәуелсiздiк Монументi” бой көтерiптi. Осы кешен биiгiнiң қабатында жақсылар әруағы, ел қасиетi, Арал айбыны еңсе көтерiп, рух асқақтатып тұр.

Әйтеке би бабамыз бастаған он бiр данагөй, Сартай батыр ұранына көтерiлгендей он бiр ел қорғаны, Нұртуған шайырдың әуезiне iлескен iспеттi он бiр жыр дүлдiлi — есiмдерi тасқа қашалып, ел көңiлiнiң төрiне, тарих парақтарының бетiне алтын әрiптермен жазылып, мәңгiлiкке орнығыпты. Осы санаттың бас-аяғы, әзiрге, отыз үш!.. Таспихтың бiр қайырым үзiгiндей… Егер, осы ұғым-нышанды өзiнiң хикметтiк мәнi — 99 немесе 999-ға жеткiзудi ойға алсақ, осынау шежiре тұнған өлкедегi мәлiмдi-мәлiмсiз есiл жақсылардың аттарын тiрiлтуге, тереңге жерленген шындықтарын ашуға шақыру, бiр сөзбен, кешегi зұлмат пен нәубетте тұмшаланған тарихымызды толымды түгендеу, рухани қазынамызды iздеу талабы ұрпақтар алдына ұсынылып тұрғанын аңғару қиын емес. Ал бұл орайда, Арал өңiрiнде көбесi сөгiлмеген ғажап жәдiгерлер қордасы жатқаны сөзсiз.

«Тәуелсiздiк Монументi» толағай еңбек пен iзденiс тоғысынан бой көтергендей. Ұйымдастырушы азаматтардың да, ел ақылмандарының да, көркемдiгiн тапқан сәулетшi-мүсiншiнiң де, техникалық үйлесiмiн келтiрген инженерлiк ойдың да, қиыннан қиыстырып жүзеге асырған хас шебердiң де қолтаңбалары ескерткiштiң бiтiмi мен болмысынан анық көрiнiп тұр. Аудан басшылығы бұл тұрғыда ойлы, толғамды шешiмге барған: ұлттық рух мұраты мен ел мәртебесiн көтерудiң, сыртқа айбын, жұртымызға берекелi бiрлiк үлгiсiн ұсынудың жақсы нұсқасын тапқан. Үлкен еңбек. Толымды нәтиже.

Киелi ошағымыздың үш бұтындай, үш бекем тұғырға арқа сүйеп (бәлкiм, сол қасиеттi үш тағанды өздерi сүйеп), сонау, төрткүл дүниеге сабырмен көз салған үш алыптың алдында iзгi ойлар көңiл баурайды. Қазақ атты қарашаңыраққа мол қазына жиған құт-береке, бiрлiк, намыс тұлғалары. Осы тоғыстағы қазақтың үш төбе биiнiң тоқтамдысы Әйтеке, әулие Жанқожа, дәулескер Нұртуғанды айтпағанда, мың жаужүрек оғыланды бастап барып, жоңғарларды “Қалмаққырған” оқиғасына ұшыратқан Сартай батыр (1711-1785), әулие Жанқожа қолынан құдайдың кәрiне ұшырау сыбағасын алған Бабажан-сарт ұрпағының Хорезмде 1876 жылы қара ниетпен кек қайтаруының құрбаны болған күлiк Бекетай би атамыз (1826-1876), бұл күндерi Арал қасiретiнiң терең толғауы ретiнде мақамы тыңдаған жанның дiлiн тебiрентiп жүрген Жаппарбердi жырау (1895-1936) есiмдерi астарында қаншама терең сыр, сабақты тарих жатыр! Ел азаттығы, ұлыс бекемдiгi, ұрпақ рухының биiктiгi жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, қайғы жұтып өткен асылдар… Сонау, Жаршағылдан — Сұлуқасқаға шейiн, Құландыдан — Бекбауылға шейiн тау, теңiз, дала бедерiнде көсiлген, бiр өлшемге — даңғайыр, бiр көзқарасқа — отау үйдiң орнындай ғана өлкенiң рухани қазына-қордасы мұрты бұзылмастан жатыр. Демек, бүгiнiмiздiң жан-дәрумек қажеттiлiгi осы қасиетке тамыр жалғамақ керек. Ұлттық сана, қазақ намысы, елдiк толымдылық, бiрлiк-береке мүддесi осы асылдарды зерделеумен толыса түспек. Дiл, тiл, дiн, дәстүр салауаттылығы осылардан бастау алады. Өлi әруақ риза болмай, тiрiнiң берекесi кiрмеген.

Арал өңiрiнiң жақсылары рухы тоғысқан ұлттық намыстың ошағы, азаматтық ардың ұйытқысы, отансүйгiштiктiң тәрбие бастауы, ұрпақтар жадының iлтипаты — киелi нысан боп сәтiмен өмiрге келiптi. Осынау пайымымызды айғақтағандай, аталар ескерткiшiмен бiз қоштасар сәтте, “Тәуелсiздiк алаңына” жаңа отау көтеру талабындағы жас жұбайлар шеруi келiп тоқтады. Арал төрiнде бастау алған әдемi үрдiс көз қуантып, көңiл марқайтты.

Iзгiлер рухына бас ие тұрып, жас армандар жолына бақыт тiледiк.

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары