ҚАТТЫ СЫНАДЫ ДА... КАНИКУЛҒА КЕТТI
ҚАТТЫ СЫНАДЫ ДА... КАНИКУЛҒА КЕТТI
Шiлде — балалардың ғана емес, депутаттардың каникулы басталатын ай. Каникул алдында қос палата депутаттарының бiр бас қосып, сессия жұмысын қорытындылайтыны бар. Үкiметтiң шала дайындалған, олақ жазылған заң жобаларының “сақалын күзеп, мұртын бастырып” әбден зықысы шыққан болулары керек, Мәжiлiс төрағасы Орал Мұхамеджанов осы жолы Үкiметтi қатты сынға алды.
Төртiншi шақырылымдағы Парламенттiң екiншi сессиясы аяқталды. Осы уақыт iшiнде Парламентте 207 заң жобасы қаралған. Оның 66-ы Парламент қоржынына бұрынырақ келiп түскен, 141-i осы сессия кезiнде ұсынылған екен. Он айда депутаттар бас-аяғы 127 заң жобасын қабылдады, оның 97-i Президент қол қойған соң қолданысқа енiп те үлгердi.
Биылғы жылдан бастап Қазақстанның үш жылдық бюджетке көшкенi мәлiм. Осыған орай, Бюджет кодексiнiң жобасы осы сессияда қайта қаралып, тың түзетулер енгiзiлдi. Жыл басынан бастап қолданысқа енген жаңа Салық кодексi де осы сессия басында қайта пысықталды. Жалпы, депутат мырзалардың сөзiне қарағанда, бұл сессияның жұмысы қауырт болған сияқты.
Депутаттар үшiн сайлаушылардың үнiн Үкiмет мүшелерiне жеткiзудiң бiрден-бiр амалы — депутаттық сауал жасау екенi белгiлi. Төртiншi шақырылымның екi сессиясында премьер-министр мен Үкiмет мүшелерiнiң атына жалпы шамасы 700-дей депутаттық сауал жолданған. Бiрақ көптеген депутаттық сауалдардың елеусiз қалып, аяғы сиырқұйымшақтанып кететiнi өкiнiштi.
Дағдарыстың салдарларын жоюға бағытталған шаралардың құқықтық негiзiн жасау үшiн Парламент жиырмадан астам заң жобасын мақұлдаған. Жақында премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Парламенттегi “Нұр Отан” партиясының фракциясы алдында баяндама жасап, Үкiмет қолға алған бағдарламалар мен iс-шаралар туралы есеп берген едi. Үкiметтiң дағдарыс салдарларын жоюға бағытталған iс-шараларына жiтi қадағалау жасаудың жауапкершiлiгi ендi “Нұр Отан” фракциясының мойнында.
Дағдарыс салдарларын жою демекшi, Парламент мүшелерi жыл басында-ақ Елбасының шығындарды азайту туралы ұсынысын құп алатындарын мәлiмдеген болатын. Орал Мұхамеджановтың сөзiне жүгiнсек, 2009 жылғы Парламент бюджетi аттай 1 млрд. 683 млн. теңгеге қысқарған. Әр түрлi шығындарды азайту нәтижесiнде 847 млн. теңге үнемделген.
Депутаттар Үкiмет мүшелерiн “Заң жобаларын асығыс, шала дайындап әкелесiңдер” деп үнемi сынап келедi. Парламент депутаттары әдетте Үкiметтен келген заң жобаларының 50-60 пайызын қайта жазып шығады екен. Мәтiндi жартылай қайта жазып шыққанша, халыққа қажеттi заң жобасын басынан бастап жаңадан жазып шыққан тиiмдiрек шығар. Бiрақ бiздiң депутаттардың шала-жансар заңдарды комитеттерге өңдеуге жiберiп, оған қайта-қайта түзетулер енгiзiп, түзетулердi енгiзу үшiн жоба мәтiнiн Үкiметке қайтарып, әуре-сарсаңға түсiп жатқаны. Басқаша айтқанда, қазiргi Үкiмет Парламенттi “жұмысшы топ” ретiнде пайдаланып отырған сияқты көрiнедi. Өйткенi, Үкiмет ұсынған заң жобаларының мүлде қабылданбай қалған кезi аз. Ал “Бюджет туралы” заң жобасы сияқты маңызды құжаттар талқыланатын тұста премьер-министр бастаған команда толық құрамымен келiп, мысымен басса да, қабылдатып жiберетiнiн көрiп жүрмiз.
Кейде бiр ведомстводан түскен заң жобасы екiншi ведомство ұсынған заң жобасымен қайшы түсiп жататын кезде де болатын көрiнедi. Орал Мұхамеджанов бұл кемшiлiктердi айта отырып, алдағы уақытта мұндай келеңсiздiктердiң алдын алу қажеттiгiн ескерттi.
Парламент қоржынындағы заң жобаларының мемлекеттiк тiлдегi нұсқалары мүлде сын көтермейдi. Қазақтiлдi депутаттардың өзi Үкiмет ұсынған құжаттардың орысша нұсқасымен жұмыс iстейтiндiктерiн айтып жүр. Заң жобалары әуелi орыс тiлiнде жазылып, соңынан мемлекеттiк тiлге аударылатыны жасырын емес, бiрақ сол аудармаңыздың өзi шала. Қазақ тiлiндегi нұсқа мен орыс тiлiндегi нұсқа арасындағы айырма мәтiндер мағынасының екi түрлi болуына әсер ететiн кезi де болады.
… атылған оқ!
Үкiмет пен Парламенттiң тiзе қосып жұмыс iстеу тәжiрибесiне баға бере отырып, заң шығару iсiндегi кемшiлiктi бетке тура айту керек… Заң жобаларын дайындауда ведомстволар арасында қажеттi байланыс жоқтың қасы, Мәжiлiске заң жобасын ұсыну кезiнде де әртүрлi мемлекеттiк органдар арасында да ауызбiршiлiк байқалмайды… Мемлекеттiк және орыс тiлiндегi халықаралық келiсiм-шарттар мәтiндерiндегi грамматикалық және стилистикалық қателердiң кесiрiнен мемлекетаралық деңгейде қосымша жұмыстар жасауға тура келедi. Үкiметтiң депутаттардың маңызды ұсыныстары мен ескертпелерiн кейде мүлде елеусiз қалдыратынын да айта кету керек.
Мәжiлiс төрағасы Орал Мұхамеджанов
Гүлбиғаш Омарова