РЕНЕ ГЕНОН. “АЛЛА” ДЕП ДЕМI ҮЗIЛДI

РЕНЕ ГЕНОН. “АЛЛА” ДЕП ДЕМI ҮЗIЛДI

РЕНЕ ГЕНОН. “АЛЛА” ДЕП ДЕМI ҮЗIЛДI
ашық дереккөзі
372

Рене Генон 1886 жылы қарашаның 15-i күнi Блуа деп аталатын француз қалашығында дүниеге келдi. Отбасы мүшелерiнiң түгелi католик дәстүрлерiне берiк адамдар болатын. Философия бакалаврының дәрежесiн алған Генон, 1904 жылы Парижге келiп математика факультетiнде бiлiмiн жалғастырады.

Көп ұзамай ғылыми жұмыстардан бас тартып, бiржола шығыс пәлсапасына бет бұрды. Жас жiгiттi “құпия ғылымдар” қатты елiктiрдi. Осындай құмарлықтың жетегiне түскен Генон Жерар Анкасс басқаратын мартинистер орденiнiң үйiрмесiне бас сұғады. Алайда Жерар Анкасс пен оның iзбасарларының окультизмi уақытты текке өткiзетiн бос сандырақ болып шықты. Үмiтпен кiрген үйiрмеден көңiлi құлазып шыққан Генон кейiн өмiрлiк жолын айқындап, өзiне бағыт-бағдар сiлтеген жаңа адамдарды жолықтырды. Шадилийа сопылық орденiнiң мүшесi Әбдiрахман әл-Кәбiр оның өмiрiне үлкен өзгерiс пен бетбұрыс әкеледi. Рене Генон осы кiсiнiң арқасында исламды қабылдап, Әбдiл Хақ (Ақиқатқа қызмет етушi) деген ат алған бұрынғы епископ Леон Шампреномен және өзiн Әбдiл Қади (Ұлыға қызмет етушi) деп атаған Густав Агелимен танысып, олардың батасын алды. Бұлар Генонға сопылықтың қыр-сырын үйретiп, көп нәрсеге көзiн ашады. Ойшыл Мұхаммед өзiн жаңа дiн Исламның негiзiн қалаушы деп санамағанын, арғысы Адам атаға барып тiрелетiн Ибраһим пайғамбардан келе жатқан Илләһи дәстүрдi жалғастырушы болғанын түсiндi. Христиандықты тәрк еткен Генон Исламды қадiр-қасиетiне көз жеткiзiп барып қабылдады. Ол әбден бұрмаланып кеткен христиандықты адамды рухани тұрғыда өсiрмейтiн iлiм деп есептеген едi. Рене Генон мұсылмандықты зерттеумен шектелiп қалмай, оны монотеистiк бағыттағы (бiрТәңiрлiк) басқа дiндермен өзара салыстырып, олардың әу бастағы Тәңiрлiк тегiне айырықша тоқталып отырды. 1928 жылы Генон Францияға оралып, туған қаласы Блуада философия пәнiнен дәрiс оқиды. Осы тұста оның “Шығыс пен Батыс”, “Қазiргi әлемнiң дағдарысы”, “Әлем Кәрөлi”, “Рухани және уақытша билiк” деп аталатын еңбектерi жарыққа шығады. Католиктердiң “Регнабит” деп аталатын журналымен байланыс орнатып, христиандық эзотеризмдi зерттеушiлер тобын ұйымдастыруға атсалысты. Журнал бетiнде “христиандық эзотеризм туралы ескертпелер” деген атпен сыни мақалалары басылып, бұл еңбектерi қоғамда пiкiрталас туғызды. 1930 жылы наурыздың 5-i күнi Генон Еуропадан бiржола кетiп, Каирге келдi. Мысыр астанасы оның екiншi отанына айналады. Өмiрiнiң соңына дейiн осында тұрды. 1934 жылы Әбдiлуахит Яхия яғни “Мәңгiлiк Мәнге қызмет етушi” деген ат алған Генон шейх Мұхаммад Ибрагиммен танысып, оның қызына үйлендi. Шығармашылығын жалғастырып, Еуропада көптеген кiтаптары мен мақалалары жарық көрiп жатты. Еуропада Генонның тiлектестерi табылып, оның тұжырымдамасын қолдайтындардың қатары күн санап көбейедi. Араларында тiптi Генонмен жолығу үшiн Мысырға келiп-кеткендерi де кездестi. Осылайша Рене Генон өзiнiң негiзгi миссиясы болған батыстың интеллектуалдық-эзотерикалық элитасын қалыптастырды. Оның iзбасарларының арасында Мишель Вальзан, Фритьоф Шуон, Титус Букхардт, Гвидода, Джорджа, Юлиус Эвола, Марко Паллис, Рене Алляр, Андре Про, Пробст-Бирабэн сияқты атақты оқымыстылар өте көп болды. 1948 жылы Генон Мысыр азаматтығын алады. Осы кезден бастап ғалымның денсаулығы күрт нашарлай бастады. 1950 жылы дәрiгерлер оның қаны бұзылғанын анықтайды. 1951 жылы қаңтардың 7-i күнi дерт меңдеп, қатты қиналып жатқан Генон төсектен басын көтерiп арабша “Ән Нәфсi халлас” (“Жан шығып барады”) деген сөздi айтты. Генон сол күнi түнгi сағат он бiрлерде көз жұмды. Жантәсiлiм етердегi ойшылдың ауызынан шыққан соңғы сөз “Аллаһ, Аллаһ” болды. Генон ешқашан өзiн жаңа iлiмнiң ұстазымын деп есептеген жоқ. Ең қызығы, оның өмiрбаянына көз жүгiрткен адам, оқымыстының еңбегiнен бiрде-бiр өзiн көрсетуге тырысқан менменшiлдiктi таба алмайды. Генон ешқашан өз атынан сөз қозғауға құмартқан емес. Бала кезден қалыптастырған дағдысымен ғалым әрқашан қандай жағдайда болсын туралықтан айнымай, әр нәрсеге обьективтi тұрғыда ғана баға бердi. Ғалымның қалап алған сопылық жолының нақылдарының бiрiнде былай делiнедi: “табанды түрде қаққан адамға барлық есiк ашылады”. Генон талпынған адамға бiлiмнiң есiгi әрқашан ашық деп есептедi. “Менiң бiлуiмше, бiзге дейiн батыста ешбiр адам шығыс iлiмiн уағыздаған емес. Бiз оны шығыс адамы қалай атқарса дәл сол қалпында қолға алдық” деген едi ойшылдың өзi. Белгiлi эзотерик және сопы Мишель Вальзан ол туралы былай дейдi: “Рене Генон- орта ғасырдан бергi кезеңде ойшылдықтың ең керемет ғажайыбы болды” ..Ал Генонның еңбектерiмен танысқан Андре Жид: “Егер Генондiкi дұрыс болса, менiң бар өмiрiммен еңбектерiмнiң зая кеткенi. Генонның кiтаптарын жас кезiмде оқығанда, менiң өмiрiм басқаша құрылар едi..” деп ғалымның шығармашылығына тамсаныс бiлдiрген болатын…

Жолымбет Мәкiшев

Серіктес жаңалықтары