АЙЛЫҒЫҢ ҚАНША?

АЙЛЫҒЫҢ ҚАНША?

АЙЛЫҒЫҢ ҚАНША?
ашық дереккөзі
243

“Көрпесiне қарай көсiлетiн” қазақтың жалақысына қаржылық және экономикалық дағдарыс қалай әсер еттi?

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң мәлiметтерiне сүйенсек, үстiмiздегi жылдың сәуiр айында, Қазақстан аумағында еңбек ететiн бiр қызметкердiң орташа айлық жалақысы 64 730 теңге болған. Бұл 2008 жылғы көрсеткiштерге қарағанда, 11,8 пайызға жоғары. Ал 2009 жылдың қаңтары мен сәуiрi аралығында 63 271 теңге (12,9%) болған нақты жалақы көрсеткiшi 103,8 пайызға тең. Агенттiк сарапшылары салалық құрылымдағы жалақының ең көп мөлшерi қаржы қызметiне тиесiлi екендiгiн көлденең тартады – 129,2 мың теңге. Екiншi орында – кен өндiру өнеркәсiбiндегiлер – 126,8 мың теңге. Бұл республика аумағы бойынша орташа деңгейден 2,0 пайызға жоғары. Одан кейiнгi орындарда: жылжымайтын мүлiкке қатысты әрекеттердi жүзеге асыратындар – 98,5 мың теңге (1,5 есе), құрылыс – 85,4 мың теңге (1,3 есе). Дағдарысқа қарсы бағдарламаны түзiп, “Жол картасын” сызған Үкiмет ауыл шаруашылығына баса назар аударуға тырысқанмен, ауыл шаруашылығы саласында тер төгетiн отандастар елiмiздегi ең аз жалақы алатындардың қатарында – 26,7 мың теңге. Бұл Қазақстан бойынша нақтыланған көрсеткiштен 59 пайызға төмен.

Аймақтық және өңiрлiк бөлiнiстерге арқа сүйеген сандық бөлiнiстер ең жоғарғы жалақының мұнайлы өлке – Атырау облысына тиесiлi екендiгiн анықтады – 131,5 мың теңге. Бұл елiмiздiң барлық аймақтарындағы орташа жалақы көлемiнен 2,0 пайызға артық. Есесiне, Солтүстiк Қазақстан облысындағы орташа айлық – 42,1 мың теңге, Жамбыл облысында – 42,5 мың теңге, Ақмола облысында – 44,0 мың теңге. ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк сарапшылары келтiрiлген көрсеткiштердiң Қазақстан аумағы бойынша орташа деңгейден 32-35 пайызға төмен екендiгiн айтады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары