“Экспресс К” АСТАНАҒА КӨШЕДI

“Экспресс К” АСТАНАҒА КӨШЕДI

“Экспресс К” АСТАНАҒА КӨШЕДI
ашық дереккөзі
139

Астана – елiмiздiң бас қаласы. Мұнда талай қоғамдық-саяси мәселелер қаралып, қаншама қаулы-қарарлар талқыға түседi. Және ең негiзгiсi, сiз бен бiздiң әлеуетiмiздi арттыратын бiрқанша заң жобалары өмiрге келедi. Әрине, апта сайын, күн сайын қабылданып жатқан саяси шешiмдердiң басы-қасында жүрiп, шынайы ақпаратты таратуда қашан да “халықтың құлағы, көзi һәм тiлi” қызметiн атқарып жүрген БАҚ өкiлдерiнiң рөлi екенi белгiлi. Сол себептен де жаңалыққа жаны құштар оқырманның сұранысын қанағаттандыру үшiн қайсыбiр редакция ұжымының саяси ортаға бiртабан болса да жақындай түсуi заңдылық.

Қарбаласқа толы апта басында “Экспресс К” газетiнiң ұжымы баспасөз мәслихатын өткiзiп, 2009 жылдың 1 шiлдесiне дейiн Астана қаласына көшетiндiгi туралы мәлiмдедi. Газет қызметкерлерiнiң айтуынша, мамырдың 15-i күнi бас кеңсенiң Астанаға көшетiнi туралы жазбаша түрде хабарлама түскен. Алайда, көшiп-қону шығыны редакция есебiнен жүзеге асырылады дептi. Сол себептен газет тiлшiлерi Астанаға көшу жоспарының олар үшiн тиiмсiз екендiгiн айтып отыр. Бұл ең алдымен баспана мәселесiне қатысты.

Демек, әрбiр қызметкер Астанаға бару, бармауы туралы бiр айдың iшiнде өз жауабын беруi тиiс. Бұл басылым Құрылтайшысының шешiмi. Алайда, “Экспресс К” газетi Байқаушы кеңесiнiң төрағасы Алексей Пан: “Астанада елiмiздiң жаңа тұрмыс-тiршiлiгi, өмiр ырғағы айқындалады. Сондықтан бiздiң басылым да осы негiзгi және маңызды жаңалықтар ортасында болып, оны өз оқырманына жеделғабыл жеткiзуi тиiс” десе, газет редакторы Нүсiпов Әдiлханның пiкiрiнше, бұл жәй ғана сылтау сияқты. Сондай-ақ, газет ұжымы бас кеңсенiң көшiрiлуi редакцияның қазiргi құрамына түпкiлiктi өзгерiстер алып келетiндiгiне күмән келтiрмейдi. “Өйткенi, қазiрдiң өзiнде Астанада — 8 меншiктi тiлшi, Алматыда — 8, аймақтарда — 12 тiлшi жұмыс iстейдi. Оның үстiне қазiр редакция ұжымы бiрден көшуге дайын болмауы мүмкiн. Неге десеңiз, бiреуiнiң отбасылық жағдайы сәйкес келмесе, ендiгiсi үйренiп қалған жылы орнын суытқысы келмейдi” дейдi. Басқасын айтпағанда, оңтүстiк астанаға тастай батып, судай сiңiсiп алған газет редакторы Нүсiпов Әдiлханның өзi әлi ойланатындығын айтады. Бұлай деуге оның 80 жастағы әке-шешесi себепкер болған көрiнедi. “Қартайған кезде әрi-берi көшiп-қону қиын. Өзiмiздiң туып-өскен жерiмiзде тұра берсек қайтедi” деген қариялардың сөзi ойлантты. Бар себеп осы отбасылық жағдайыма тiрелiп тұр”, — дейдi. Яғни, газет ұжымы Астанаға көшудi iштей құптағанмен, мұндағы қалыптасып қалған ортадан қол үзгiсi келмейтiнi аңғарылып тұр.

15-мамыр күнi Құрылтайшыдан келiп түскен ақпараттан соң “Экспресс К” газетi қатысушыларының шешiмi бойынша Байқаушы кеңесi құрылған. Байқаушы кеңесiнiң төрағасы, “ENRC-Казахстан” компаниясы президентiнiң кеңесшiсi Алексей Пан, Байқаушы кеңесiнiң мүшесi, ЕФПК заң басқармасының бастығы Татьяна Макинко және Алматы қаласы мәслихаты депутаты Александр Кузнецовтан құралған топтың негiзгi мiндетi — газет саясатының тиiмдiлiгi мен менеджментiн арттыруға ықпал ету. Сол сияқты “Экспресс К” газетiн Астанаға көшiрудi ұйымдастыру мен ондағы негiзгi кеңсенi абаттандыруды қамтамасыз ету жағын назарда ұстамақшы.

Ендiгi жылы “Экспресс К” газетiнiң мерейтойы. 1920 жылдың 7 қарашасынан бастап “Ленинская смена” атымен жарық көрiп келген басылым 90 жылдығын атап өтпек. 2002 жылы “Орыстiлдi Республикалық газет” номинациясы бойынша “Алтын жұлдыз” байқауында үздiк атанған газет 2003 жылы “Жыл таңдауы-2003” байқауында да Қазақстандағы бiрiншi қоғамдық-саяси газет болып табылды. Бұл жүлделердi қайталап екi рет 2005 және 2008 жылы жеңiп алған басылым әлi де талай асуларды бағындыратынына сенiмдi. “Егер бiз Астанаға көшiп кетсек, мiндеттi түрде газетiмiздiң ардагер-журналистерiн шақырып, арнайы атап өтетiн боламыз” деген баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы топ “Экспресс К” — жекеменшiк газет iшiнен Астанаға көшiрiлiп жатқан тұңғыш басылым екендiгiн де тiлге тиек еттi. “Бiз ешкiмдi қинай алмаймыз. Бiр айда әр қызметкер шешiм шығарады. Барғысы келгендер барады, қалғысы келгендер газеттiң кеңейтiлген тiлшiлер пунктiнде жұмыс iстейдi”, — дейдi газет редакторы Нүсiпов Әдiлхан.

Бүгiнде “Экспресс К” газетiнде бас-аяғы 80-ге жуық қызметкер жұмыс iстейдi. Оның жартысынан астамы Алматы қаласындағы бас кеңседе қызмет атқарып келедi. Газет басшылығының жоспары бойынша, бас кеңсе Астанаға көшiрiлген жағдайда, оның орнына Алматыда тiлшiлердiң кеңейтiлген пунктi жасақталады. Бақылаушы кеңесiнiң төрағасы Алексей Панның айтуынша, бұл өзгерiстерге байланысты ешкiм жұмыстан шығарылмайды. Ал, Астанаға көшетiндердiң жол шығыны өтелiп, барлық заң талаптары сақталады. Бiз де баспасөз тарихында өзiндiк қолтаңбасы бар “Экспресс К” газетiнiң ұжымына көш көлiктi болғай демекпiз!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары