БIЗ КIМБIЗ: ҚАЙДАН КЕЛДIК, ҚАЙДА БАРАМЫЗ?
БIЗ КIМБIЗ: ҚАЙДАН КЕЛДIК, ҚАЙДА БАРАМЫЗ?
“Социализмдi, менiң түсiнiгiм бойынша, бiз Қазақстанда сол күйi орната алмадық. Ендi мiне, жөнi түзу капитализм де құйрығын ұстатар емес. Сонда бiз қандай қоғам орнатудамыз? Мүмкiн ол Маркс, Энгельс, Лениндердiң түсiне кiрмеген қоғам болар, сiрә… Арамыздан бiр ақылды бас шығып, осыны маған түсiндiрiп бере алар ма екен? Әйтпесе, сипаланған соқырдай, оңы қайсы, солы қайсы екенiн ұқпай қалдық қой…” Герольд Белгер “Кәлләнi торлаған ойлар. (Плетенные чепухи) Бесiншi дәптер” “Тасжарған” газетi, №7, 18 ақпан 2009 ж.
(Философия ғылымдарының докторы, профессор, Сағади Бөлекбаевтың және тәуелсiз журналист, философ-публицист Әбдiрашит Бәкiрұлының қоғам туралы әңгiмесi).
Әбдiрашит Бәкiрұлы: Сәке, жақында Герольд Бельгер ағамыз “Тасжарған” газетiнде “Кәлләнi торлаған ойлар. (Плетенные чепухи)” деген атпен басылған мақалада бiр қызық сұрақ қойыпты. Әрине, онда қазақтарды кемсiту жоқ, Герекең қазақты оның өзiнен артық бiлмесе, кем бiлмес. Дегенмен, мемлекет қазақтыкi екенi рас. Ендеше, Герекеңе не деп жауап беремiз?
Сағади Байұзақұлы: Қоғамның қай бағытта, қалай дамып бара жатқанын, болмаса, керi кеткен тұстарын, не нәрсе кедергi болып отырғандығын бiлiп отыру тек Герольд ағаға ғана емес, елiмiздiң әрбiр азаматына мiндет. Өйткенi, азаматтардың бiлiктiлiгi мен белсендiлiгi азаматтық қоғамның басты ерекшелiгi саналады. Жалпы, қоғамды зерттегенде экономика мен саясатты, мәдениеттi, ақпараттық технологияны және тағы басқаларын бөлек, әрқайсысын жеке дара қарай алмаймыз. Олар бiр-бiрiмен астарласа байланысқан, бiрiне-бiрi ықпал етушi қоғамды дамыту тетiктерi (институттары). Мысалы, мемлекеттiң байыпты саясаты экономиканы дамытуы, немесе керiсiнше, қате саясат күйретуi мүмкiн. Кейде саясаттың экономиканы жартылай не тұтастай “көлеңкелi экономикаға” айналдырып жiберетiн жағдайлары да кездеседi. Егер “қазақстандық капитализмдi” осы концепция тұрғысынан алып қарасақ, онда: бiрiншiден, елiмiздегi мейлiнше көп пайда табуды көздейтiн кәсiпкерлер тобының пайда болуын нарықтық экономикаға сай келедi деп, түсiнiстiкпен қабылдауымыз қажет. Екiншiден, капиталдың iрi корпорация иелерi мен капитал қожайындары миллионерлер мен миллиардерлердiң қолына шоғырлануын да заңды құбылыс деп санауға болады. Бiрақ бәсекелестiк негiзде пайда болған классикалық капитализмде бiреулер мұндай байлыққа алыпсатарлық арқылы, ендi бiреулерi тауар өндiрiсi арқылы қол жеткiзедi. Бұл да капитализмнiң бұлжымас заңы. Ал бiздiң “қазақстандық капитализм” ондай жолдарды бастан өткерген жоқ. Бiздегi жекеменшiк кәсiпорындар мен олардың қожайындары (“капиталистер”) түгелдей дерлiк бұрынғы мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру кезiнде пайда болды. Ол жекешелендiруде “капиталист болуға ұмтылушылар” мен сол мүлiктi таратушы шенеунiктер тарапынан жаппай заң бұзушылық көптеп кездестi. Себебi, “жаңа капиталистердiң” өздерi де бұрынғы, кеңестiк заманнан келе жатқан көлеңкелi экономиканың заңды мұрагерлерi едi. Сондықтан бiздегi экономика батыстағыдай еркiн нарықтық бәсекелестiк сатысынан өтпей, бiрден, экономиканың әр саласын қамтыған шағын өндiрiстiк-қаржылық топтар мен концерндер ретiнде жарқ ете қалды. Ал қоғамның негiзi саналатын және капиталдың ең көп шоғырланатын буыны – шағын және орта бизнес дамымаған күйде қала бердi. Мысалы, профессор Селищевтiң шамалауы бойынша, Ресейде аз ғана уақытта ұлттық байлықтың 70%-ы мемлекет азаматтарының 0,5%-ның, 5%-ы өздерiн “жаңа орыстар” деп атағандардың, ал қалған аз ғана бөлiгi (25%-дан төмен) қарапайым халықтың қолына өткен екен. Бiздiң есебiмiзше, Қазақстанда да осындай ара салмақ сақталған.
Әбдiрашит Бәкiрұлы: Жекешелендiрудiң қаурыт жүргенi соншалық, оны өткiзудiң ретi мен заңдық қорғау базасы да дұрыстап жасалмады. Мысалы, Үкiметтiң “басшыларға өздерi ұзақ басқарған (20 жыл) өндiрiстiң 40%-ын тегiн беру” сияқты Қаулысы елiмiздiң конституциялық заңына сай еместiгiне қарамастан, ол жеңiлдiктi кездейсоқ адамдар молынан пайдаланды. Әрине, таза прагматикалық тұрғыдан алсақ “iскер басшылар шаруашылықты жекеменшiк негiзде әрмен қарай дамытып кетедi” деген үмiт болғаны рас. Алайда, бұл шараның заңнамалық күшiн айтпағанда, оның осы мақсатқа қол жеткiзуiнiң өзi күмәндi болатын. Нәтижесiнде, басшылар халықтық мүлiктi iс жүзiнде талан-таражға салуға, әдiлетсiз өткен жекешелендiруде иеленген байлықты “көз көрмес, қол жетпес” жерлерге тығуға мумкiндiк алды. Үмiт ақталмады. “Жаңа байлар” бұрыннан қалған “партиялық қорғаныс иммунитетiн” iске қосып, мүмкiн болатын жауапкершiлiктен қашты. Олар “жекеменшiк, өндiрiстi дамытушы күш” деген ереженi мойындамады, ереже бiздiң жағдайға сәйкес болмай шықты. Әсiресе, бiржақты дамыған ауыл экономикасы қатты тұралады. Ал, КСРО аймағындағы экономикалық қатынастардың жаппай күйреуi тотальды күйзелiске әкелiп, жаңа өндiрiс ашуға, оны дамытуға еш мүмкiндiк қалдырмады. Жаңа технологияны әкелетiн, жаңа өндiрiстер ашатын адамдар қоғамда некен-саяқ болып шықты. Мiне, КСРО-ның 70 жыл бойы әлемнен оқшаулануы осындай нәтижелермен аяқталды.
Сағади Байұзақұлы: Бiрақ мәселе тек жекешелендiруде ғана емес. Оны “болып, бояуы сiңген” iс деп қабылдау қажет. Мәселе? не себептен көршiлес екi елде дәл осындай, өкiнiшке орай, капитализмнiң ең тиiмсiз моделiнiң қалыптасқандығын анықтауда жатыр. Сосын, “осы тақiлеттес түсiнiксiз мемлекеттiк құрылыммен дағдарысқа енген Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық мәселелерiн қалай шеше аламыз?” деген сұрақ та өмiрлiк маңызы бар мәселе.
Сарапшылардың пiкiрi бойынша капитализмнiң осындай “көштен қалған” түрiнiң орнығуы тек жекешелендiрумен байланысты емес екен. Жекшелендiру басталған кезде iскер адамдарға екi жақтан қауiп төнiп тұрды: бiрiншiсi, “төменнен”. Ол қылмыскерлер мен “қара күшi” иелерiнен (спортшылар, әртүрлi бұзақы топтар) ұйымдасқан “рэкеттiң” кәсiпкерлiктi (пайда көзiн) бақылауға алуы болса, екiншiсi “жоғарыдан” мемлекеттiк шенеунiктер тарапынан орын алды. Олар жекешелендiру кезiнде бизнес құрылымдардың меншiк үлесiне астыртын кiре бастады. Бұл өндiрiстiк-қаржылық топтардың өзара тиiмдi одақ құруына, нақты айтқанда, шенеунiктер мен бизнес өкiлдерiнiң ымыраласуына әкелдi. Билiк пен меншiктiң, экономика мен саясаттың өзара сыбайласқан байланысының әлеуметтiк механизмi осылай пайда болды. Ондай жағдай бұрынғы кеңестiк республикалардың барлығында дерлiк (соның iшiнде Қазақстанда да) орын алды. Зерттеулер оны растайды.
Мұндағы капитализмнiң басты ерекшелiгi, монополиялық сипатта болуы. Оның үстiне, бiздегi монополия нарыққа сәйкес емес түрде қалыптасты. Жалпы, монополияны кез келген капиталистiк қоғам аттап өте алмайды. Бiрақ классикалық капитализмде ол фирмалардың қарқынды жұмыс iстеуiмен, нарық жүйесiнде толық иелiк етуге ұмтылысымен, өздерiнiң бәсекелестерiн бағаны төмендету мен сапаны артыру арқылы ығыстырумен ерекшеленедi. Ондайда нарықтың зардабы өндiрiлген өнiмнiң нарық сиымдылығынан асып кеткенде (перепроизводство) көрiнедi. Бiрақ оны монополияға қарсы заңдар арқылы реттеп отыруға болатыны теорияда белгiлi жайт.
Қазақстанда монополия жеке фирмалардың табиғи күресi жағдайында емес, мемлекеттiң, нақтысында, бас пайдасын көздеген шенеунiктердiң мемлекеттiк тапсырысты өздерiнiң қатысы бар фирмаларға берiп, сөйтiп, мемлекеттiң реттеушi мүмкiншiлiгiн молынан пайдалана отырып, қарсыластарын нарықтан ығыстыру арқылы күшейдi. Мемлекеттiк құрылымдар болса (СЭС, өрт сөндiру, салық, кеден, банк, жер комитетi т.б.), осы фирмаларды қорғауға (сыбайластықты жоққа шығара алмаймыз) қызмет еттi. Сондықтан iрi нарық жүйесiнде санаулы ғана “ҚазақОйл”, “Қазақмыс”, “Қазақмырыш” және т.б. фирмалар үстемдiкке ие болды. Олар бүкiл нарықты өзара бөлiсiп, толық бақылауда ұстауға қол жеткiздi. Бағаны да өз ерiктерiмен қою мүмкiншiлiгiн сақтады.
Әбдiрашит Бәкiрұлы: Елiмiзде iрi жекеменшiк иелерiне айналған кәсiпкерлер iшкi өндiрiстi дамыту үшiн өздерiне инвесторларды тарта алмады. Көбiне, олардың ұсынған жобасына шетелдiк инвесторлар қызығушылық танытпады. Олар, негiзiнен, пайдасы мол, шығыны аз шикiзат көздерiне (сол кезде шетелдiк компанияларға ұсынылған жерасты қазба байлық көздерi сонау кеңестiк кезден барланып, олар игеруге толық дайын едi. Мұнай қабаттары да алғашқы фазадан аспаған, яғни, жер бетiне жақын орналасқан) қаржы құюды көкседi. Неге? Өйткенi, аз шығынмен мол байлыққа кенелуге мүмкiндiк берiлiп отырса, оларға жаңа өндiрiс ашу секiлдi машақаты көп тәуекелге барудың қажетi не? Есiңiзде болар, күнi кешеге дейiн мұнай кенiш орындарын сатып алғысы келетiндердiң қатары сиреген емес. Мұнай көздерiн иемденiп алған көптеген қазақстандықтар одан “құтылуға” (сатуға) асықты. Ендi, мiне, қоғам тарапынан көптеген заңды сұрақтар туындауда: мысалы, “мемлекеттiң шикiзат көзiне тәуелдi болып қалуына, сөйтiп, экономикадағы тепе-теңдiктiң бұзылуына қандай себептер әсер еттi?”, “мемлекет өзiнiң реттеушi мүмкiншiлiгiн қалайша қолдан берiп қойды?” деген және т.с.с. Бұл сұрақтардың елiмiздiң тәуелсiздiгiне тiкелей қатысы бар. Мысалы, Үкiмет инвесторлармен бұрынғы жасалған келiсiм-шарттардағы “қазақстандық мазмұн” мәселесiн ендi ғана, 20 жыл өткiзiп барып, онда да, “шетелдiктер Қазақстанның арзан жұмыс күшiн қолданып, өндiрiс ашады” деген үмiт ақталмаған соң, және де, қазiргi дағдарысқа байланысты экономикалық тәуелсiздiк мәселесi ушыға бастаған кезде ғана ашық көтере бастады. Ал бiз сол кездерi өндiрiс ашуды, оған қазақстандықтардың тартылуын, жұмысшылардың жалақысында дискриминация болмауын қамтамасыз еткенде, онда, ол қоғамымызға тiкелей құйылушы, әртарапты экономика мен мәдениеттi (ғылым-бiлiмдi), денсаулықты, бiр сөзбен айтқанда, “адам капиталын” дамытушы, қоғамды алға сүйреушi инвестиция болып құйылар едi. Осыны ұғу үшiн “шетелдiктердiң бiздiң заңдарды белден басуын, арзан жұмыс күшiн елге заңсыз әкелуiн, қажеттi құрал-саймандар мен техниканы, тiптен, азық-түлiк пен аспазшыларды да шеттен тасуын” күтiп отыру қажет пе едi? Бұл– элитаны басты қателiгi.
Сағади Байұзақұлы: Экономикалық теорияда мұндай капитализмнiң тағы бiр ерекшелiгi ретiнде номенклатуралық (бюрократиялық) кәсiпкерлiк аталады. Онда шенеунiк пен кәсiпкердiң арасы ажырамаған, көбiне екеуiнiң де рөлiн бiр субъект ойнайды. Мұндайда, субъект, бiр жағынан, мемлекеттiк қызметкер ретiнде бақылаушы, ал, екiншi жағынан, кәсiпкер ретiнде нарықтық қатынастардың реттеушiсi (қосымша табыс табушы) болып шығады. Бiр сөзбен айтсақ, қазақстандық қоғамда шенеунiктер мен кәсiпкерлердiң ымыраласқан симбиозы (екi басты дию секiлдi) пайда болды. Ал, бұл құқықтық-демократиялық қоғамның табиғатына жат нәрсе болып табылады.
Осы айтылғандардан басқа, бiздiң мемлекеттiк реформаторлар нарықтық қатынастардың орнығуы кезеңiнде мынадай екi ұғымды шатастырып алған сияқты: олар, “нарыққа араласпау” және “өзiн-өзi шеттеу”. Бiздiң ойымызша, либералистiк принциптердi ұстанған мемлекет нарықтық экономиканың дамуына қолбайлау болмау үшiн оған мейлiнше араласпауға ұмтылады. Дұрыс. Бiрақ бiзде бұл принцип мемлекеттiң экономикалық қатынастардан “толық шет қалумен” алмасты. “Шет қалу” принципi тек экономикада ғана емес, сонымен қатар, қоғам өмiрiнiң барлық саласында, әсiресе, әлеуметтiк салада өткiр көрiнiс тапты. Оның дәлелi ретiнде, әлеуметтiк жауапкершiлiктi өз мiндеттерiнен ығыстырып тастаған банкiлiк қызмет пен отандық және шетелдiк бизнес құрылымдарын айтсақ жеткiлiктi. Бiз дағдарысқа, осылай, сыртқы факторлармен қатар, iшкi себептердiң ықпалымен де енiп отырмыз. Сондықтан, дағдарыстың басты себептерiнiң бiрi ретiнде мемлекет тарапынан жеткiлiктi бақылау мен реттеудiң болмағандығын шындық деп мойындау қажет.
Әбдiрашит Бәкiрұлы: Қазiр Үкiметтiң “Дағдарысқа қарсы” Бағдарламасы алдымен финанс жүйесiн құтқаруға бағыттап отыр. Ал көршi Қытай, Иран сияқты елдер жаппай сұранысқа ие тауарларды көптеп шығару арқылы iргелi мемлекеттерге айналуда. Иран,тiптен, атомды ауыздықтауға бет бұрды. Сонда осындай қадамдарға баруға бiзге не кедергi? Әлде ұлттық сапамыз төмен бе? Бiрақ бiз бiр кездерi әлемдегi ең сауатты халықтың бiрi емес пе едiк?
Сағади Байұзақұлы: Әрине, нарықтық экономика қалыптасатын өтпелi кезеңiнде нарықтық институттарға, әсiресе оның басты институты саналатын банктерге қолайлы жағдай туғызу қажет. Сондықтан да, мемлекеттiң осы саладағы барлық заңнамалық базасы банктер мен бизнестi қолдауға және ынталандыруға құрылды. Ондай қадамға бара отырып, түбiнде қазақстандықтардың әлеуметтiк мүддесiне зиян келетiнi ескерiлмедi. Ол саясат бүгiн “жемiсiн” беруде. Бiрақ нәтижесi күткендегiдей болмады. Ең дұрысы, Қазақстанда нарықтық экономиканың “қаңқасы” құрылған сәттен-ақ мемлекет экономиканы әлеуметтiк бағытқа бұруы қажет едi. Бiрақ билiк ондай талапты қоймады. Сол себептi, бизнес пен банкiлер тек өз пайдасына жұмыс жасауды жалғастыра бердi. Өкiнiшке орай, көбiне көп, жоғарыда аталған себептердiң ықпалымен бiзде капитализмнiң өмiршең емес, тиiмсiз моделi қалыптасты. Оның ең басты “бұзық тетiгi” мынау: ол? қоғам мен экономиканың дамуына қолайлы жағдай туғыза алмайтындығы және iскер адамдар мен мемлекет азаматтарының жаппай iскерлiк белсендiлiгiн оятуға стимул бола алмайтындығы. Осыған байланысты “қазақстандық капитализм” өзiнiң өндiргiш күштердi тез дамыту сияқты тарихи маңызы бар сапасынан ажырап қалды. Ресейлiк экономист Ауров “мұндай құрылым тұрақты инфляцияны тудырып отырады, сөйтiп, экономиканың басты тежеуiшiне айналады” дейдi. Өйткенi, монополияның бағаны шексiз өсiре беруi iшкi нарықтың мүмкiншiлiгiн жоққа шығаруға ұмтылады. Соған қарамастан, бағаны өсiру арқылы өте зор пайда тауып отырған концерндер өздерiнiң өндiрiстiк қуатын жетiлдiруге, жаңа технология мен өндiрiс ошақтарын дамытуға, табиғи байлықтың жаңа көздерiн ашуға бармай отыр. Себебi, олар үшiн тек пайда ғана маңызды. Мұның түсiндiруге болатын екi себебi бар: бiрiншiсi, бiздiң iшкi нарық тым тар. Бiздегi капитализм, шын мәнiсiнде, 15% тұрғандарды ғана қамти алады. Ал қалған өндiрiстiк тауарлар шеттен тасылады. Ал ендi, нарықты кеңейту үшiн iшкi жалпы өнiмнiң (IЖӨ) құнына кiретiн жалақының үлесiн көбейту қажет емес пе? Бiрақ, пайда шеттен тасылатын тауарлар есебiнен болып отырғандықтан, “капиталистер” жалақыны көбейтуге бармайды. Ал пайданы еселей беру автоматты түрде iшкi нарықты (өндiрiстi) шектейдi. Ол туралы Генри Форд былай деген: “мен өз жұмысшыларыма өздерi жасайтын автомобильдi сатып алу үшiн олардың жалақысын көтеруге мәжбүрмiн. Ал, мен, сонымен бiрге пайдамды да ойлауға мәжбүрмiн. Ендеше мен өзiме зиян келмейтiндей етiп жұмысшыларымның жалақысын көтергiм келсе, онда мен өндiрiстi жетiлдiре түсуiм қажет” деп. Осы мақсатта ол өндiрiске автомобиль жинайтын конвейрлердi енгiздi. Автомобильдiң сапасын арттырды. Өндiрiлген автомобиль саны артқан сайын пайда да өстi. Ал Форд соның есебiнен жұмысшыларын автомобиль сатып ала алатындай жоғары жалақымен қамтамасыз еттi. Бұл америкалық капитализм дамуындағы алғашқы революция. Бiрақ, 1930 жылдары сұраныстың азайып кетуiне байланысты туындаған дағдарыстан кейiн, американдық капиталистер ондай дағдарыстың ендi қайталанбауы үшiн “жаппай тұтынушылар қоғамын”, яғни “тұрмыс деңгейi өте жоғары қоғам” құру қажет екенiн ұқты. Осыған бет бұрған капиталистер өздерiнiң әлеуметтiк жауапкершiлiктерiн күшейттi. Бұл АҚШ экономикасын тез арада өркендеттi, техникалық прогрестi қамтамасыз еттi. Ең бастысы, халықтың тұрмыс жағдайын тез арада көтерiп, демократиялық ашық, “тұтынушылар қоғамын” (өздерiнiң сұранысын қанағаттандыруға толық қол жетiмдiлiк) құруға қол жеткiздi.
Екiншi себебi, экономиканың мұнай мен түстi металдар және басқа да шикiзат экспортынан толық тәуелдi болып қалуы саналады. Неге? Бұл, алдымен, сонау кеңестiк экономиканың жалғасы. Сонымен қатар, iшкi нарықта жанармай мен металдарға деген сұраныстың күрт азаюы осыған итермеледi. Және де, экспорттан түсетiн пайда өндiрiстен түсетiн пайдадан үш-төрт есе асып кеттi. Мiне, осы себептердiң ықпалымен экономикада бiр салаға бiржақты басымдық беру орын алды. Оны түзету мемлекеттiң мiндетi. Мемлекет шикiзат экспортына салықты көбейте отырып, iшкi өндiрiстiң дамуына мейлiнше қолайлы жағдай туғызуы тиiс.
Әбдiрашит Бәкiрұлы: “Даму” кәсiпкерлiктi дамыту қоры” өзiнiң есебiнде бүгiнге дейiн банкiлерге ШОБ-ке деп бөлiнген қаржының 37,5 пайызы сауда-саттық операциялармен айналысатын бизнесмендерге, 32 пайызы тұрмыстық қызмет көрсету саласына жұмсалыпты. Ал ендi тауар өндiрiсiне тiкелей қатысы бар көлiк және байланыс саласына 4,6 пайыз ғана қаржы үлестiрiлген. Ал тауар өндiрiсiмен айналысатын нақты сектор мүлгiген қалпында қалып отыр деп жазады. (“Айқын” газетi, 10 сәуiр, №62). Бұдан не ұғуға болады? Бiрiншiден, елiмiзге қажет тауарлардың 90%-дан астамы шеттен тасылатынын ескерсек, Қазақстан тағы да шетелдiк өндiрушiлердi дағдарыстан құтқаруға кiрiскен деуге болады. Екiншiден, банкiлер несие алудағы жеңiлдiктi тағы да қайтарымы тез алыпсатарлықпен айналысушы байларға жасап отыр. Мұндайда: “олар банкiлермен бұрынғы байланысын пайдаланып, дағдарыс жағдайында одан әрi баи түсуге бет бұрды” деген күмән көкейде қала бермек. Ал ендi тұрмыстық қызмет көрсету саласына бөлiнген қаржының қомақты бөлiгi де шет ел асады. Оларға қажет тауарлар да (опа-далап, иiс су, маталар, фарнитуралар т.б. делiк) бiзде өндiрiлмейдi. Сөйтiп, осыған дейiнгi берiлген несиелердiң 70-80 пайызы тауарлары өтпей тұрған шет ел фирмаларының қоржынына түсетiнi сөзсiз. Мұны қалай түсiнуге болады?
Сағади Байұзақұлы: Қазiргi дағдарыста мемлекет экономикалық саясатты жағдайға сәйкес, өте дәлдiкпен, белсендi түрде жүргiзуi тиiс. Мақсат – ұлттық экономикалық өрлеу. Ол үшiн мемлекет мүмкiндiктерiн толық қолданып, ұлттық бизнестi ұлттық мүддеге бұру қажет. Бизнес жеке пайдасын ғана ойламай, мемлекет пен халықтың да жағдайын ойлауға мiндеттi. Оны қоғам болып бiрлескен ұлттық бағдарламалар арқылы iске қосуға болады. Қазiргi Шығыс Азия елдерi қарқынды дамуға осылай қол жеткiзгенiн әлемдiк эксперттер әлдеқашан дәлелдеген. Бiз қазiргi рефомалар қандай мақсат үшiн жасалып жатқанын халыққа түсiнiктi етiп жеткiзуiмiз қажет. Бүгiн олардың нақты мақсаты түсiнiксiз болуына байланысты, қоғам мүддесi мен реформалар арасында байланыс болмай тұр. Бiздiң мемлекеттiк Жобаларда әрбiр адамды нақты iстерге жетелейтiн, оның тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған мағына жоқ. Ал әлемдiк тәжiрибеде реформалар осындай мағынамен толыққанда ғана сәттi болатыны анықталған. Сондықтан, қазiр бiздiң қоғам үшiн азаматтардың өз билiгiне сенуiнен және билiктiң өз азаматтарына иық артуынан маңызды нәрсе болмауы тиiс.
Бiрақ социологиялық зерттеулер көрсеткендей, бiзде болып жатқан қайта құруларға, үкiмет ұсынған бағдарламаларға деген сенiм аз. Бұл сенiм әлемдiк дағдарыс дендеген сайын азая түсуде. Халық онсыз да қиын жағдайға тап болған отандық экономиканың дағдарысы тек әлемдiк дағдарыс себептерiнен емес, тиiмсiз экономикалық саясаттың, билiктiң өзектi әлеуметтiк-экономикалық мәселелерiн шешудегi қауқарсыздығанан болып отыр деп санайды. Осы тұрғыдан алғанда жауапкершiлiктiң бiр ұшығы бiздiң заң шығарушы органдарымызға да тиесiлi. Олар экономикалық дамуға жетелейтiн заңдарды дер кезiнде қабылдамайды. Бiздiң Үкiмет пен Парламенттiң жағдайды алдын алуға толық мүмкiншiлiгi бар едi. Өкiнiшке орай, олар бұл мүмкiншiлiктердi пайдаланбады. Үкiметтiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының (әсiресе дағдарыс жағдайында) үмiттi ақтамауы бiздi саяси жүйенi қайтадан сыни көзқараспен саралауға, соның iшiнде Конституцияны да жаңадан қарап шығу қажеттiгiне итермелейдi. Конституцияны қайта қарау қажеттiгi мынадай себептерден туындайды: егер бiздiң Үкiмет экономика мен мемлекет мәселелерiн жiгерлi әрi қарқынды шешуге қабiлетсiз болса, онда АҚШ сияқты билiк тiзгiнiн президентке өткiзуге тиiстiмiз, яғни, француздық саяси жүйеден АҚШ-тық саяси жүйеге өту қажет. Қазiр бiздiң қоғамда Н.Назарбаевтан асатын бедел жоқ. Мүмкiн бiзге, ендi, елiмiздi тығырықтан шығару үшiн, оның осы беделi мен саяси тәжiрибесiн, шұғыл шешiм қабылдайтын қабiлетiн қолданатын кез келген шығар. Ол үшiн Конституцияны тез арада өзгертiп, заңламалық базаны соған сәйкестендiру қажет. Бұлай жасамасақ қоғамдағы шиеленiс одан әрмен дендей түсуi мүмкiн.
Тарих мемлекеттердiң табысты экономикалық реформаларды өткiзу кезеңi әскери диктатуралар өмiрге келгенде жүзеге асқандығын талай рет көрсеттi. Онда экономиканың дамуы тәртiп, мақсаттың анықтығы, демагогиялық көпсөздiлiктен арылу, мақсатқа жету жолдарын мұқият сараптау, шығындарды қысқарту, қоғамды мақсатқа жаппай жұмылдыру сияқты факторлар арқылы iске асқан. Осының нәтижесiнде қоғам басы артық қоғамдық институттардан, көзқарасы, ниетi мен пиғылы, iскерлiгi мен шеберлiгi, бiлiктiлiгi қоғамдық мақсаттан жат қызметкерлер мен саясаткерлерден арылған. Әрине, бiздiң диктатураны көксеп отырмағанымыз, Н.Назарбаевтың диктатор еместiгi де әркiмге түсiнiктi. Бiрақ модернизация жағдайында тәртiп тиiмдiлiктiң шешушi кiлтi. Осындай реформаларды шұғыл жүзеге асырғаннан соң ғана қоғам демократия мен өмiр сүру деңгейiнiң жақсаруына қол жеткiзедi. Яғни, демократия дегенiмiз модернизация мен реформалардың басы емес, табысты жүргiзген модернизацияның және әлеуметтiк-экономикалық реформалардың қорытындысы. Сондықтан қазiргi жағдайда Қазақстанға “әлеуметтiк келiсiмге” негiзделген билiк пен халықтың өзара бiрлiгi, ынтымағы аса қажет. Дәл қазiр оны тек қана президент Н.Назарбаев қана iске асыра алады.
Әбдiрашит Бәкiрұлы: Сонымен Г.Бельгер ағаға жауабымызды немен түйiндеймiз?
Сағади Байұзақұлы: Бiз “әлеуметтiк жауапкершiлiгi жоғары, еркiн бәсекелестiкке құрылған нарықтық, әртарапты дамыған экономикасы бар, әркiм де заң алдында тең, азаматтарының құқығы заңмен қорғалатын, көлеңкелi бизнес пен сыбайластыққа орын қалмайтын, болашағына сенiмдi, мәдениеттi, оқыған-тоқыған азаматтар өмiр сүретiн, ұлттық келбетi айшықталған қоғамды құруға ұмтылудамыз. Бұл қазақтардың ұлттық мүддесiне сәйкес келедi, сондықтан, қалайда жүзеге асатын құбылыс!”