БАЛҚАШТА ҚАЗАҚ МЕКТЕБI ЖАБЫЛАДЫ ДЕЙДI
БАЛҚАШТА ҚАЗАҚ МЕКТЕБI ЖАБЫЛАДЫ ДЕЙДI
Бүгiнде бiлiм ұялары — мектеп пен балабақша жеткiлiксiз. Елiмiз Тәуелсiздiк алған заманда да, күнi кешеге дейiн үш ауысыммен оқып келген мектептер баршылық. Елбасы мәселенiң ушыққанын сезiп, арнайы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасын жасап, жергiлiктi әкiм-қараларға тапсырма бердi. Алайда, әлеуметтiк сала мекемелерiне бөлiнген қаржыны iшiп-жеп қойған тоғышарлар елiмiздiң болашағы — балалардың ертеңiне пысқырып та қарамайтын сияқты. Өйткенi, аталмыш бағдарлама бойынша iске асып жатқан шаруаның жай-жапсары кез келген облыста сылбырлыққа салынып келетiнi анық.
Елiмiз мектепте орын жетiспеушiлiгi мәселесiн шешемiз деп аянбастан қаржы құйып жатқанда, бiздiң редакциямызға Қарағанды облысы, Балқаш қаласындағы №18 қазақ орта мектебiнiң айрандай ұйыған ұжымынан ашық хат келiп түстi. Кенеттен мектептерiнiң жабылатындығы жайлы суыт хабарды естiген ұстаз қауымы бiлiм шаңырағын сақтап қалуды көздеп, бiзге шағымданды. Ашық хаттың мазмұны былай: “Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында көтерiлгендей “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша елiмiзде көптеген мектептiң iргетасы қалануда. Бiрақ Балқаш қаласында бiр мектеп ашылғанымен, бiр қазақ мектебi жабылайын деп отыр. Ол №18-шi қазақ орта мектебi. Бүгiнде орта мектепте 725 оқушы бiлiм алуда, 59 ұстаз, 23 кiшi қызметкер еңбек етуде. Елбасы өз Жолдауында нақты атап айтқандай, бюджеттiк мекемелер мен бiлiм саласында толығымен жоспар бойынша ешқандай қысқарту болмасын деп атап көрсеттi. 2008 жылдың 1 қыркүйегiнде жаңа салынған мектеп ғимараты 70 жылдық тарихы бар №18-шi қазақ орта мектебiне берiлмекшi болған. Мұғалiмдер кезектi еңбек демалысында жүрсе де, құрылысшылармен бiрге кезекпен жұмыс жасаған. Тамыздың 25-iнде №18-шi мектепке жаңа ғимарат берiлмейдi, ол №15-шi мектеп болады деп жариялап, қуанышымызды су сепкендей басты. Оған да көнiп, мектебiмiзде оқып жатқан 905 баланың 130-ын мектеп ашылғанша оқытатын болдық. Сөйтiп, оларды 2009 жылдың 9 қаңтарына дейiн оқытып, жаңа мектепке бердiк те, 725 оқушы, 59 мұғалiм, 23 кiшi қызметкер №18-шi мектепте қалдық. Бүгiнге дейiн жемiстi еңбек етiп келген мұғалiмдер ұжымы №18-шi мектеп жабылады, тек бастауыш 2,3,4 сыныптар ғана қалады, 5-11 сынып оқушылары мен мұғалiмдерiн №2, 16, 9, 15 мектептерге таратылатындығы туралы шешiм қабылданғандығынан хабардар болдық. Балқаш қаласы әкiмiнiң орынбасары Л.М.Тукбаеваның, оқу бөлiмiнiң бастығы Қарлығаш Рахимберлинаның атына ұжым атынан ашық хат жазып, қабылдауына кiргенде, әкiм орынбасарының өз аузынан: “Сiздердiң балаларыңыз оқып отырған ғимарат Оқушылар сарайының меншiгi. Келесi жылы дайындық тобы болмайды, 1-сыныпқа, 10-сыныпқа оқушылар қабылданбайды” деген әңгiменi естiп, көзiмiздi жеткiздiк” дептi.
70 жылдық тарихы бар, талай талантты, бiлiмдi жастарды қанат қақтырған бiлiм ұясының ұжымына хабарласқанымызда, олар мектептi не үшiн жабатындығына нақты жауап ала алмағанын айтады. “Жанымыздағы №17 орыс мектебiнде 525 бала, №9 мектебiнде 400-дей оқушы, №5 мектеп 300 баламен 4 қабатты ғимаратта оқып отыр, ал бiз әр сыныпта 37 оқушымен оқып келемiз. Аз баламен отырған орыс мектептерiн неге бiрiктiрмеске?! Қысқасы, қазақты қазақ ете алмай жүргенде аралас мектеп жасап отырған орыс мектептерiне қолдау көрсетуде” деп жыларманның күйiн кешкен ұжым: “Егер бiздiң мектеп Оқушылар сарайының ғимараты болса, онда ұжымды оқушыларымен бiрге жаңа мектепке орналастыру керек едi. Мектептi жабуға жол бермеймiз! Себебi, ата-аналар, ұстаздар, мектептi қимайтын оқушылар басшылардың бұл шешiмiне қарсы” дейдi.
Басы дауға айналған ғимаратта 10 жылдан астам уақыт отырған мектеп ұжымы ертеңгi күндерiне алаңдаулы. Жағымсыз хабарды естiген соң, 5 мұғалiм тез арада қалалық оқу бөлiмiнiң бастығы Қарлығаш Рахимберлинаға барса, “Сiздер жабыласыздар, бiз мұны 1-қаңтардан берi шешiп қойғанбыз. Тек қана бастауыш сынып филиалы болып қалады. Яғни, әр сыныптан бiр-бiр сыныптан ғана қалады” деген жауап алса, бiр күннен соң бұл сөзiн жоққа шығарған ол: “Мен бұлай деп айтпадым. Сiздердi, оқушыларды жан-жаққа бөлемiз, жұмыссыз қалмайсыздар” деп бәйек болыпты. Әйтсе де, он жыл бойы 800-ге жуық оқушыны оқытып келген ұжым бұл шешiмге аң-таң. “Бiздi қалай бөлмек? Бiзде көпбалалы, әлеуметтiк жағдайы төмен мұғалiмдер бар, банктен несие алып, төлеп отырған да мұғалiмдер жетерлiк. Басқа мектепке барғанда қазiргi толық сағатымызды кiм қойып бередi? Бiздiң бала-шағамызды кiм асырайды?” деп қалыптасқан мектептi сақтау барысында ұжым тiлегiнiң қараусыз қалмауын сұрайды.
Ал, бiз №18-шi қазақ орта мектебiнiң ұстаз қауымынан келген ашық хаттан соң, Балқаш қалалық бiлiм бөлiмiнiң бастығы Қарлығаш Тынышбекқызына хабарластық. “Ә, олар ендi газетке шағымданған екен ғой” деп дүрсе қоя берген Қарлығаш ханым сұрақтың соңын естiмей жатып-ақ, “бұл өтiрiк әңгiме” деумен болды.
— Бұл мектеп ұжымының шығарып алған өтiрiк сөздерi. Өтiрiк, өсек сөз.
—Ал мұғалiмдер неге даурығып жатыр?
— Тағы айтам, бұл ата-аналар мен мұғалiмдердiң шығарып алған сөзi. Бұл туралы әңгiме болған, сөйлестiк, бәрiне айтылды.
— Сонымен, мектептi жабатын боп шештiңiздер ме?
— Мектеп жабылмайды, жұмысын жалғастырады. Ол туралы бұйрық шыққан жоқ.
— “Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды” емес пе? Сонда оларға бұл әңгiменi кiм айтқан?
— Халықта өсек сөздер жүре бередi ғой. Сондай сөздiң бiреуi ғой.
— Сiзге осы мәселе жөнiнде айтуға келген бiр топ мұғалiм мен ата-ана кiре алмай қайтыпты..
— Ата-аналар келдi, бәрiн айтып түсiндiрдiк. Өтiрiк айтпасын, кез келген мұғалiмдi қабылдай беремiн. Директорына да айтылды. Кейде түсiнбейтiн, түсiнгiсi келмейтiн адамдар болады ғой, олар сондай сияқты.
Сонымен, №18-шi қазақ орта мектебi жабыла ма, әлде… Бұған толық жауапты бiлiм бөлiмiнiң басшысы да бермедi. Дегенмен, таза мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн шаңырақтың ай мен күннiң аманында шайқалғаны бiзге сын. Егер, мектеп отырған ғимарат әкiмшiлiкке ауадай қажет болса, ұжымнан еш шашау шығармай осы құрылым күйiнде “100 мектеп” бойынша салынып жатқан бiр нысанға орналастыруға болмай ма? Тiптi болмаса, ұстаздардың өзi айтқандай 200-дей оқушысы бар орыс мектептерiн бiрiктiрсе, мәселе өзiнен-өзi шешiлмей ме? Қалай десек те, экономикалық қаржы дағдарысы шарпыған уақытта мұғалiмдердiң жұмыссыз, оқушылардың сенделiп қалмауын ескерген жөн. Бұл орын алған жайтқа жергiлiктi әкiмшiлiк бей-жай қарамайды деген сенiм де мол.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ