МҰҚТАЖДЫҚ ПА, МАҢЫЗДЫЛЫҚ ПА?

МҰҚТАЖДЫҚ ПА, МАҢЫЗДЫЛЫҚ ПА?

МҰҚТАЖДЫҚ ПА, МАҢЫЗДЫЛЫҚ ПА?
ашық дереккөзі
253

Алматыда сегiзiншi рет өткiзiлген Еуразиялық медиа-форум жылдағыдай төрт немесе үш күнге созылған жоқ, екi күндi қанағат тұтты. Жылдағыдай ҚР Президентi Н.Назарбаев форумға қатысушыларға құттықтау сөз арнаған жоқ, Президент хатын көпшiлiк алдында оқып беру жауапкершiлiгiн ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаевқа жүктептi.

Кейбiр отандық басылымдардың бейресми деректерге сүйенген “Дариға ағылшындар елiнде жүр екен, форумға қатыса алмайтын көрiнедi” деген болжамы “ұзынқұлақтың” жел сөзi боп шықты: Дариға Нұрсұлтанқызы жылдағы әдетiмен қонақтарын қуана қарсы алып, екi күннен кейiн оларды ақ жол тiлеп шығарып салды. Медиа-форум басталмас бұрын баспасөз мәслихатын өткiзгендер “қаржылық дағдарысқа қарамастан, Еуразиялық медиа-форум сегiзiншi рет шымылдығын түредi” деп жар салған. Дегенмен, биылғы форумда дағдарыстан қалған “тырнақ iзi” кәдiмгiдей байқалды: 2 күнмен шектелген форумда жылдағыдай халықаралық саяси сахнада салмағы бар саясаткерлер мен саясаттанушылар, әлемдiк деңгейдегi басқа да қайраткерлер төбе көрсетпедi. Тек шақырылғандар арасынан Германия Сыртқы саясат жөнiндегi кеңесi Ресей-Еуразия Орталығының директоры Александр Рар Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Сөз бостандығы жөнiндегi жауапты хатшы Миклош Харасти мен Тель-Авивте отырып алып, тiкелей байланыс арқылы сұхбат берген Израильдiң экс-премьерi Эхуд Ольмерттi ғана айтуға болар.

“Ғаламдық экономикалық дағдарыс: дақпырт пен ақиқат” тақырыбында өрбiген алғашқы мәжiлiстiң модераторы – АҚШ-тағы “Әл-Жазира Интернэшнл” телеарнасының продюсерi әрi жүргiзушiсi Риз Хан, пiкiрсайысқа қатысушылар – голландиялық журналист әрi инвестор Виллем Мидделкул, Әзiрбайжан президентi жанындағы стратегиялық зерттеу орталығының директоры Илхан Нұриев, ҚР Ұлттық Банкiнiң төрағасы Григорий Марченко. Аталған мәжiлiсте қатысушылар қаржылық дағдарыстың кесiрiнен тығырыққа тiрелген әлемдiк экономика, тұтқиылдан тап берген дағдарыстың ауқымы, одан құтылу жолдары мен дүниежүзiлiк қаржылық құрылымдарға төнген қатер, әлемдiк дағдарыстың саяси, экономикалық, мәдени-психологиялық қырлары, дағдарысты талдаудағы халықаралық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлi мен олардың нақтылығы мен шынайылығы, жаңа ғаламдық ортақ валютаның қажеттiлiгi мен маңызы, әлемдiк экономиканы келешекте қайталануы мүмкiн дағдарыстар туралы сөз қозғалды.

Тiзгiнiн ағылшын тiлшiсi Адриан Финиган (Си-Эн-Эн) ұстаған “Жаңа капитализмдi” iздеу жолында: капитализм тоқырауға ұшырап, реформа кезеңi келдi” тақырыбындағы екiншi мәжiлiс дүниежүзiлiк экономикалық сахнадағы дамыған және дамушы елдердiң ара қатынасы мен алатын орны, халықаралық қаржылық құрылымдардың қарым-қабiлетi мен қауқары т.б. мәселелер көтерiлдi. Пiкiрсайыс көрiгiн қыздырған Ресейдегi “Неокон” сараптамалық кеңес беру компаниясының президентi Михаил Хазин, ағылшын парламентарийi Джордж Галлоуй, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшiсi Қайрат Әбiсейiтов, Франциядағы AREVA атқарушы вице-президентi Себастиен де Монтессю энергетикалық қауiпсiздiк, азық-түлiк пен ауыз су тапшылығы, көмiрсутегiлердi тасымалдаудың балама жолдары, жұмыссыздық сияқты басқа да қиындықтар туралы сөз қозғады.

“Қазiргi заманғы журналистикадағы шынайылық мәселесi”. 2008 жылдың тамызындағы Оңтүстiк Осетияға қатысты Грузия мен Ресей арасындағы қарулы қақтығысты халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының беру тәсiлi, ондағы шынайылық, ақпараттық шабуыл, журналистер қауымы сүйенген дерек көздерi, PR-компаниялар өз мiндеттерiн қаншалықты мүлтiксiз атқарғаны т.б. “Әл-Жазира Интернэшнл” телеарнасының Қап тауындағы тiлшiсi Мэтью Коллин жүргiзген үшiншi мәжiлiс Шон Уокер (“Independent”), Патрик Уормс (Aspect Consulting), Томас Гольц (АҚШ), Алексей Николаев (“Russia Today”), Орхан Жамал (“Русский Ньюсуик” журналының шолушысы) сарапқа салды.

“Газа аумағындағы текетiрестi көрсету ерекшелiгi” тақырыбындағы пiкiрсайыста 2009 жылдың басында Газа аумағында төгiлген бейкүнә жандардың қаны мен изриальдiк билiкке әлемдiк саясаттың ықпал ете алмауы, тақтан кетуiне санаулы күн қалғанда америкалық экс-президент Джордж Буштың “лаңкестермен күрескен” израильдiк үкiметтiң қолтығына су бүркуi, әншейiнде “демократияшыл” бола қалатын АҚШ пен Батыстың сөз бағытын ашық әрi айқын айта алмауы, арабтар мен еврейлер арасындағы жарты ғасырдан астам уақытқа созылған жер дауы т.б. таразы басына тартылған төртiншi мәжiлiсте Тель-Авивте отырып алып, тiкелей байланыс арқылы сұхбат берген еврей премьерiне қойылған басты сауалдардың бiрi Газа аумағындағы қантөгiстi израильдiк бұқаралық ақпарат құралдарының бұрмалап бердi деген айыптауға кеп тiреле бердi. Ольмерттiң барынша қорғанып баққаны анық әрi бұл заңды да. Бiрақ “шабуылға” шыққан ресейлiк әрiптестерiмiздiң белсендiлiгi таңғалдырды. Бiр қағаберiсте Максим Шевченко мен Третьяковтен “Қазiргi кезде ресейелiк БАҚ, әсiресе, электрондық ақпарат құралдарының 91 пайыздан астамы Кремльдiң бақылауында. Барлық ақпарат Мәскеудiң сүзгiсiнен өтедi. Сiздiңше, осындай жағдайда отырған ресейлiк журналистердiң шетелдiк әрiптестерiне шынайылық пен нақтылық туралы талап қоюға моральдық тұрғыда құқығы бар ма?” деп сұрағымыз келген. Шевченко “форум аяқталсын, шаршадым” дедi, Третьяков массажға асығып бара жатқанын айтты…

Экономикалық дағдарыстан шығар жолдар мен болжамдар туралы пiкiр айтқанда да экономистер немесе қаржыгерлер емес, саясаткерлер мен саясаттанушылар (әсiресе, ресейлiктер) өте белсендi болды. Мысалы, “Әлемдiк экономикалық дағдарыс: аңыз бен ақиқат” атты бiрiншi мәжiлiсте ресейлiк дипломат Игорь Панарин “АҚШ жыл соңына дейiн ыдырайды, дағдарыстың кесiрiнен доллар халықаралық деңгейдегi маңызынан айырылады” дедi. Оның бұлайша тым батыл болжам жасауына не себеп болғанын қайдам, бiрақ “қаржылық дағдарыстың басталатынын мен алдын ала болжап бiлгем” дедi. “Бiздiң Жер шарында сiзден басқа ақылды әрi көреген адамдар табылмады ма? Әлем неге қапы қалды?” деген сауалымызға “ақылды жiгiттер ол жақта да отыр, бәрiн бiледi” деп сендiруге тырысты – “қазаншының еркi бар”… Пiкiрсайысқа қатысқандар дағдарысты жiлiк-жiлiкке шағып, жiлiншегiне дейiн талқылап, ақ тер, көк тер боп жатқанда өзбекстандық бiр қонақ “Менiң ауылдағы бiр ағам маған “былтыр 20 қойдан 20 қозы алғам, биыл да солай, 20 қойдан – 20 қозы. Сендердiң қаржылық дағдарыс деп даурығып жүргендерiң қалай? дедi. Сiздер қаржылық дағдарыс дегеннiң не екенiн, оны немен “жейтiнiн” түсiндiрiп берiңiздершi” деп ағынан жарылды. Сарапшылар тарапынан берiлген жауапты кез келген түсiне алмағаны анық. Тiптi, баяндама жасаушылардың бiрi мен – саясаткермiн, экономистер айтып жатқан нәрселердi түсiнiп отырған жоқпын” деп ақталды…

Екi күнге созылған шараның қоштасу рәсiмiнде Еуразиялық медиа-форумның Ұйымдастыру комитетiнiң төрайымы Дариға Назарбаева ханым жылдағы дәстүр бойынша, аталған шараның қажеттiгiн, келiссөздер жүргiзудiң ғаламдық маңызы барлығын, “форумда достарды көп табуға және алғашқы пiкiрлерiмiздi өзгертуге сеп болатынын” көлденең тарта келе, медиа-форумның ғұмыры ұзаққа созылатынын айтты. Бiрақ жылдағы әдетiнше, “2010 жылдың пәленiншi сәуiрiнде кездескенше!” деп қоштасқан жоқ. Медиа-форумның маңыздылығына келсек, алғашқы күннiң алғашқы жартысында иiн тiрескен журналистердiң қатары кешке қарай кәдiмгiдей сиреп қалды. Ал түс қайта босаған компьютерлердiң бiрiне қонжиған еркеккiндiктi бiр әрiптесiмiз интернеттен порносайттарды ақтарып, жалаңаш қыздардың “қызығына” әбден батты…

Айтпақшы, тәуелсiз елдiң мемлекеттiк тiлi жылдағы әдет бойынша, халықаралық деңгейде өткiзуге тырысқан медиа-форумда “жабықтан сығалауды” қанағат тұтты. Бiздiң “мемлекеттiк тiлде баяндама жасайтын сарапшыларға тым болмаса, iлеспе аударма жасалса” деген үмiтiмiз ақталмады. Әйтпесе, баяндама жасаған немiс, ағылшын, орыс, араб, еврей т.б. сарапшыларды кәсiби бiлiктiлiк тұрғысынан алғанда, он орап алуға қауқарлы азаматтарымыз жетерлiк. Бәлкiм, “ауылдағының ауызы сасық”-тың керiн келтiргендiктен болар, қазақтiлдi мамандар бұл жолы да форумның күн тәртiбiнен шет қалды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары