АЛТЫН АДАМНАН АТТИЛАҒА ДЕЙIН

АЛТЫН АДАМНАН АТТИЛАҒА ДЕЙIН

АЛТЫН АДАМНАН АТТИЛАҒА ДЕЙIН
ашық дереккөзі
304

2009 жылы Қазақстаннан Венгрияға дейiн ат керуенi жүрiп өтпек. Өткен аптада Алматы қаласынан сол керуен өз сапарын бастап та кеттi. Мажарстандық қыпшақтар Алматы қаласының Алатау ауданы, Красный трудовик елдiмекенiнен атпен аттанып та кеттi. Сақ қорғаны жатқан киелi мекеннен аттанған мажарлық қыпшақтар үшеу – Венце Иштван, Габор Жолнаи және Питер Чепин.

Қыпшақтарды тарихи атамекенi Алматыдан шығарып салу салтанатты рәсiмiне Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының I-орынбасары Талғат Мамашев, Алатау ауданы әкiмiнiң I-орынбасары Қайрат Айтбайұлы және т. б. Қоғам және мәдениет қайраткерлерi қатысты. Красный трудовик ықшам ауданындағы №159 мектеп оқушылары мажарлық қандастарымызды қошаметпен қарсы алып, қимастықпен шығарып салды.

Әрине, бүгiнгiдей жаһандану заманында осыдан 8 ғасыр бұрын Мажарстанға барып тiрек тапқан қыпшақтардың бүгiнгi ұрпағының өткенiне қайта қайырылып, атамекенiнен сабақтастық iздеп, сонау бағзы заманнан тамыр алатын тарихының алтын бастаулары мен бүгiнгi тарауларын iздестiруi – кiм кiмнiң де жүрегiн елжiретпей қоймайды екен.

Алматыдан аттанып кеткен атты керуен – ғұндардың атақты көсемi Аттила (Едiл) патша жерленген Венгриядағы тарихи мекен – Сайла ауылына барып ат басын тiремек. Экспедиция бес елдiң — Қазақстан, Ресей, Украина, Румыния және Венгрия шекарасын басып өтпек. Бұл елдерде бiздiң ата бабаларымыз өмiр сүрген тарихи мекендер мол. Атап айтсақ, Есiк қорғандары, Тянь-Шань таулары, Үлкен Жiбек жолы, Сырдария өзенi, Арал теңiзiнiң солтүстiк-шығыс жағалауы, Алтын Орданың орталығы орналасқан Сарайшық қаласы болған шетсiз-шексiз кең дала арқылы Еуропаның есiгiн ашады. Бұдан кейiн Оңтүстiк Ресейдегi Азов (Азаулы) теңiзiнiң Солтүстiк жағалауы мен Украинаның Раднай асуы арқылы жол жүрiп өтпек.

Атты керуенге қатысушыларды қыпшақтардың ежелгi ұлттық киiмi мен венгер жауынгерлерiнiң бес қаруын асынып жүретiн болмақ. Әр мемлекетте керуеншiлердi жаңа адамдар алмастырып отыратын болады. Керуен осы жылдың қыркүйегiнде межеленген жерге жетпек. Бұл шараға қатысушылардың өздерi демеушiлiк жасап отыр. Жобаға қатысушылар арасында — Венгер Парламентiнiң депутаты, Шетелдiк iстер жөнiндегi комиссияның мүшесi Андраш Келеман, Яс-Надькун-Солнок облысының қоғамдық кеңесiнiң вице-төрағасы Шандор Ковач, және т.б. бар.

Бұл шараны қолдаушылар — мемлекет және қоғам қайраткерлерi: “Нұр Отан” партиясы төрағасының I-орынбарасы Дархан Қалетаев, Венгрия Парламентiнiң Вице-төрағасы Шандор Лежак, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының I-орынбасары Талғат Мамашев, Ғұндар одағының президентi, Қарсақ қаласының мэрi, Венгрия парламентiнiң депутаты Шандор Фазекаш мырзалар. Экспедиция 7 мың шақырымды жүрiп өтпек.

Сөйтiп әлем қыпшақтарының тұңғыш құрылтайына деген дайындық басталып та кеттi.

Е. Құмар

Серіктес жаңалықтары