ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ PR-ТЕХНОЛОГИЯЛАР-2009

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ PR-ТЕХНОЛОГИЯЛАР-2009

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ PR-ТЕХНОЛОГИЯЛАР-2009
ашық дереккөзі
604

Дағдарыстан тығырыққа тiрелген кәсiпорындар қаржылық қиындықтар кесiрiнен туындауы мүмкiн беделге нұқсан келтiретiн келеңсiздiктердiң алдын алуға мүдделi. Өткен аптада арнайы ұйымдастырылған конференцияда PR-технологияларға қатысты өзектi мәселелер жан-жақты талқыланды.

“BizMedia” Iскер журналистика орталығы” Қоғамдық қоры мен “Имидж-Партнер” коммуникациялық тобы ұйымдастырған “Дағдарысқа қарсы PR-технологиялар-2009” тақырыбындағы конференцияда қазақстандық компаниялардың PR-мамандары мен елiмiздегi жетекшi iскер және қоғамдық-саяси бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi дағдарыстық жағдай мен оның түрлерi, дағдарыстың алдын алу шаралары, тоқырау кезеңiнде бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлi т.б. мәселелерге қатысты пiкiр алмасылды. Шараға жиылғандар арасында әсiресе, дағдарыстың қандай жағдайда кеңiнен қанат жаятыны, беделге нұқсан келтiретiн дағдарыстарды алдын ала болжау жүйесiнiң негiзгi бөлiктерi, компанияға қажеттi дағдарысқа қарсы iс-шаралар жоспарынан құралған бағдарламаның маңызы, дағдарысқа қарсы ақпараттық iс-әрекеттегi тәсiлдер мен стратегияны таңдауда ықпал ететiн салалық ерекшелiктер тақырыбына құрылған пiкiрсайыс тартысқа толы болды.

Дағдарыстың беделге тигiзер керi әсерiн жiктеп берген “ЦАФСИ Тринити Групп” АҚ директорлар кеңесiнiң төрайымы Майра Салықова мұндай келеңсiздiктiң салдарынан туындайтын қауiп-қатер мен оның алдын алу шараларын анықтады.

“BizMedia” Iскер журналистика орталығы” Қоғамдық қорының президентi, танымал журналист, экономикалық сарапшы Төлеген Асқаров ақпараттық дағдарыс белең алған кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары мен iскерлiк арасындағы қарым-қатынастың басты талаптарына тоқталды.

“БАҚ-тағы қазiргi жағдайдағы жиынтық-сараптама: үдерiстер мен мүмкiндiктер” тақырыбына баяндама жасаған “Media-Sistem” агенттiгiнiң басшысы Алла Жүндiбаева бұқаралық ақпарат құралдарындағы мониторингтердiң көп жағдайда елеусiз қалып қоятын нәзiк қырларын аша отырып, оның маңызы мен компанияға келтiрер пайдасын айқындап бердi.

Мәскеудегi “PROPOGANDA” орталығы баc директорының орынбасары Ольга Безгодовамен өткiзiлген on-line видеоконференцияда қазiргi кездегi дағдарыстық жағдайда беделге нұқсан келтiретiн келеңсiз жайттарды айналып өтудiң жолдарымен бөлiстi. “Имидж-Партнер” КТ” ЖШС бас директоры Мәлiк Күшмұқанов “Дағдарысқа қарсы PR-ограмма: стратегия және тактика” атты баяндамасында PR мамандарға тоқырау мен қиындықтар кезеңiн қалай бағындыру керектiгi туралы кеңестер ұсынды: “Бүгiнгi таңда дағдарысқа қарсы коммуникациялар кез келген компанияның коммуникациялық саясатының маңызды бөлiгi болып табылады. Сонымен қатар компаниялардың көпшiлiгi бәсекелестiк талаптар ушықтырған қиын жағдайларға төтеп беруде қауқарсыздық танытады. Осы себептi, олардың қаржылық және беделдiк тұрғыда жоғалтары орасан зор. Мұндай ахуал экономиканың басым бөлiгiне тән – құрылыс, банк саласы, өндiрiс т.б. Қазiргi кезде әлемдiк және аймақтық экономиканың қаржылық тығырыққа тiрелуi де “жығылғанға – жұдырық”. Сондықтан “Дағдарысқа қарсы PR-технологиялар” тақырыбы – өзектi мәселе”.

“Beeline” брендiне ие “”КаР-Тел” ЖШС қоғаммен байланыс жөнiндегi қызмет жетекшiсi Павел Родин дағдарыстық жағдайда корпоративтiк коммуникацияларды басқару мәселесiндегi түйткiлдермен бөлiстi. Сонымен қатар “КазКоммерцБанк” АҚ өкiлi Александр Ляхов пен IТ-технологиялар саласындағы майталман мамандардың “Дағдарыспен виртуалдық соғыс алаңындағы күреске шынайы көзқарас” тақырыбындағы пiкiрсайыс аса қызық өттi. Тәжiрибелi мамандардың тиiмдi ұсыныстарынан қанаттанған PR мамандар конференцияның жемiстi аяқталғанына разы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары