ТМД ИНВЕСТИЦИЯДАН ҚАҒЫЛА МА?

ТМД ИНВЕСТИЦИЯДАН ҚАҒЫЛА МА?

ТМД ИНВЕСТИЦИЯДАН ҚАҒЫЛА МА?
ашық дереккөзі
411

Ғаламдық қаржылық дағдарыс ТМД аумағындағы инвестициялық ахуалға керi әсер еттi. Америкалық ипотекалық дағдарыстың кесiрiнен шығындары шаш етектен болған қалталылар қауымы қолдағы қаражатын КСРО “шекпенiнен” шыққан мемлекеттердiң экономикасына салуға құлықты емес. Басты себеп – кейбiр мемлекеттердегi саяси тұрақсыздық пен заңдық құжаттардың осалдығы.

2008 жылы Қазақстанға тiкелей тартылған инвестиция көлемi 20 млрд. долларға жеткен. Оның iшiнде бастапқы инвестиция немесе нетто-инвестиция – 14,5 млрд. доллар. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Г.Марченко Президентпен кездесуiнде мәлiмдедi. Шетелдiктер тарапынан құйылған бастапқы ақша ағыны елiмiздiң ЖIӨ-нiң 12 пайызына тең болған. “Былтыр ең жоғарғы көрсеткiшке қол жеткiздiк” деп ағынан жарылған Марченко аспанасты елiнiң өзiнде ЖIӨ-ге тиесiлi пайыздарға шаққандағы шетелдiк инвестиция көлемi 6 пайызбен шектелетiнiн айтты. Салалық инвестициялардың басым бөлiгi экономикамыздың шикiзаттық саласы – тау-кен өндiрiсi мен жер қойнауын зерттеу шараларын қамтитын саланың еншiсiнде. Ал өңдеушi салаға құйылған инвестицияның 9 пайызы бағытталған. Елiмiздегi негiзгi инвесторлар қатарында АҚШ, Нидерландтар, Ұлыбритания, Франция мен Италия бар. ҚР Индустрия және сауда министрi В.Школьник 2009-2015 жылдар аралығында қазақстандық химия өндiрiсiн дамыту мақсатында 9 млрд. доллардан астам қаржы инвестиция ретiнде бөлiнетiндiгiн жеткiзген. Бұл отандық өндiрушiлерiмiздiң жыл сайын 4 млн. тонна минералдық тыңайтқыштар өндiруiне мүмкiндiк бермек. Сонымен қатар оңтүстiк өңiрдегi жұмыссыздық мәселесiн шешуге жағдай жасайды. Марченко ТМД елдерi арасында Қазақстанның тiкелей инвестиция тарту мәселесiнде ТМД елдерiнен оқ бойы озық тұрғанын айтады. Ал Дамушы елдерге тiкелей тартылатын инвестициялар қорының ассоциациясы (ЕМРЕА) мен Соller Capital қоры жүргiзген зерттеулер нәтижесiнде, 2009 жыл ТМД елдерi үшiн инвестициялық тартымдылық бәсеңдейтiн кезең деп мәлiмдедi. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы халықаралық инвесторлардың 74 пайызы посткеңестiк елдерге қаражат құю тиiмсiз деп есептейтiндiктерiн айтқан. Былтыр тартымдылық мәселесiнде 6-орынды иемденген ТМД аумағының үстiмiздегi жылы Сахараның оңтүстiк бөлiгiндегi Африка елдерi жайғасқан 9-орынға бiр-ақ сырғуы осының кесiрiнен. 2008 жылдың тамызында Грузия мен Ресей арасындағы кикiлжiңнiң кесiрiнен Оңтүстiк Осетияда туындаған қарулы қақтығыс халықаралық инвесторлардың Ресейге деген күмәнiн күшейте түскен. Оған дейiн орын алған мұнай тасымалдауға қатысты ағылшындар мен орыстардың ортақ серiктестiк орнатқан ТНК-ВР төңiрегiнде өрбiген дау шетелдiктердiң Ресейге деген сенiмiне сызат түсiрген болатын.

“Жығылғанға – жұдырық”, дүниежүзiлiк нарықтағы көмiрсутегiлерге деген тұтынушылық сұраныс пен бағаның күрт төмендеуi экономикалары шикiзатқа байлаулы посткеңестiк елдерге қиын тидi. Халықаралық қаржы қорының сарапшылары қаржылық дағдарыс тез арада ауыздықталмаса, Шығыс Еуропа мен ТМД аумағындағы мемлекеттерге деген сенiмнiң бәсеңдей беретiнiн көлденең тартады.

Дамушы елдерге тiкелей тартылатын инвестициялар қорының ассоциациясы таратқан деректерге сүйенсек, 2008 жылы экономикасы дамушы елдерге 5,6 млрд. доллар көлемiнде тiкелей инвестиция тартылған. Бұл көрсеткiш 2006 жылмен салыстырғанда, 70 пайызға артық. Есесiне, жалпы көлемi 9,1 млрд. долларға тең болған 2007 жылдық көрсеткiшке қарағанда төмен.

Алайда, кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, ЕМРЕА ұсынған зерттеулер нәтижесi халықаралық нарықтағы ахуалды толық қамтуға қауқарсыз. Ал инвесторлардың Тәуелсiз мемлекеттер достастығы аумағына деген сенiмсiздiк инвестициялық ахуалы тартымды Үндiстан, Қытай, Бразилия нарығына қарағанда, шағын. Оның үстiне, ТМД үшiн құрылыс саласы мен шикiзаттық сала маңызды рөл атқарады. Посткеңестiк кеңiстiктегi нарықтық заңдарға бағынбайтын бюрократиялық кедергiлер де инвесторлардың мүдделерiне жиi қайшы келедi. Инвесторларға ұсынылатын компаниялардың саудаға шығарылу кезiнде керектi құжаттардың жариялылыққа ие болмауы, iс-әрекеттiң құпия жүргiзiлуi де инвесторларға ұнамайды.

Ескеретiн жайт, ТМД елдерiнiң көпшiлiгi қазiргi кезде инвестициялық қоржынды дәстүрлi инвестициялау үрдiсiне жатпайтын өнiмдермен толықтыруға мүдделi. Сырттан қаражат тартудың тың әрi балама жолдарын қарастыру мақсатында Кипрде өткiзiлген “Ресей мен ТМД-ның балама инвестициялары – 2009” тақырыбындағы саммитiнде халықаралық инвесторлар мен тiкелей инвестиция тарту саласының арқасында нан тауып жүрген мамандар посткеңестiк елдер инвестициялық қоржынды дербестендiру мәселесiн тез арада шешiп алуы қажет деген пiкiр айтты. Әрине, қалталылардың дамушы елдердiң барлығына деген пiкiрi күрт өзгердi деуге болмайды. Өйткенi, әлемдiк деңгейдегi инвесторлардың 78 пайызы алдағы 5 жылда Бразилия, Қытай, Үндiстан секiлдi басқа да бiрқатар дамушы елдерге қаражат салуға мүдделi екендiктерiн жасырмаған. Дүниежүзiлiк банк 2009 жылы Бразилияның экономикасы – 0,5 пайызға, Қытайдiкi – 6,5 пайызға артатынын болжап отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары