Оппозициялық партиялар: БIРIГУ КЕРЕК, БIРАҚ, ҚАЛАЙ?

Оппозициялық партиялар: БIРIГУ КЕРЕК, БIРАҚ, ҚАЛАЙ?

Оппозициялық партиялар: БIРIГУ КЕРЕК, БIРАҚ, ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі
274

Өткен аптаның соңында оппозициялық майданда жүрген партиялардың бiрiккен форумы болып өттi. Елдегi саяси деградацияға және басқа да келеңсiздiктерге бiрiккен iрi күш болуға ниеттенген саяси партиялардың бұл жолғы талпынысы да нәтижесiз аяқталатын сынды. Мәселен, “Азат” партиясы мен ЖСДП жетекшiлерi бiрiгiп қимылдауға келiскенiмен, Коммунистер мен әлi тiркелiп үлгермеген “Алға” партиялары бiрiгу үшiн өз партияларын мүлдем жоқ етуге келiспейтiндiктерiн бiлдiрдi. Бiрiгуге деген талпынысты оппозиция бұған дейiн де бiрнеше рет жасап баққан едi. Әуелi Президент сайлауы қарсаңында “Әдiлеттi Қазақстан үшiн” блогына бiрiгiп, оппозицияның бiрiккен үмiткерi ретiнде Жармахан Тұяқбайды үкiлеген. Ал, 2007 жылғы Мәжiлiстiң кезектен тыс сайлауында “Ақ жол” партиясынан бөлiнiп шыққан, бүгiнде “Азат” партиясының серкелерi Жармахан Тұяқбай жетекшiлiк ететiн партия туының астына бiрiккен. Сайлау өтiсiмен одан да бөлiнiп шығып, “Азат” партиясын құрған едi. Былтырғы жылы да оппозицияның бiрiгу мүмкiндiгi жайында сөз қозғалды, бiрақ, әрекет болмады. Бүгiнгi әңгiме де сол баяғы iрi оппозициялық күшке бiрiгу жайында. Бiрақ, сарапшылар бұл әрекеттен де нәтиже шығатынынан күмәндi. Дегенмен, бiрiгу жайында аталған партия жетекшiлерiнiң өз көзқарасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрiп отырмыз.

Владимир Козлов тiркелмеген “Алға” партиясының жетекшiсi:

– Бұл форум бiрiктiру форумы болған жоқ. Баяндамамда партияның антикризистiк бағдарламасы жайында айттым. Бiрiгу жайлы бастама – “Азат” партиясына тиесiлi. Бiз бiр партияға бiрiге алмаймыз. Билiк сайлауалды блокқа бiрiгуге тыйым салды. Сонда бiз сайлауға дейiн бiрге болып, сайлау қарсаңында бөлiнiп кетемiз бе? Форумда өзара қарама-қайшылықтар көп болды. Сонда оппозиция алаңындағы 4 партия бiр партияға айналып, сосын iшiнен жарылып жатуы керек пе? Демек, бiрiгу керек екен деп бiрiге салмауымыз керек. Бiрiгу дегенiмiз ұзақ процестi және ауызбiршiлiктi талап етедi. Бiз “Коммунистермен” 7 жыл бiргемiз. 2004 жылғы сайлауға бiрге қатыстық, “Азат” партиясы өткен сайлауда ЖСДП-ның қанатына келiп кiрдi. Сосын бөлiнiп кеттi. Бұл кiмге керек? Сайлау үшiн бе? Бiз сайлауға онсыз да қатысып жатқан жоқпыз. Сол себептi де, бұған бiз мүдделi емеспiз. Бiздiң мақсатымыз мүлдем басқа.

Петр Своик, “Азат” партиясы төрағасының орынбасары:

– Менiңше, сайлаудың мерзiмiнен бұрын өтуi ықтимал. Бiрақ бiз сайлау үшiн бiрiгуге үндеп жатқан жоқпыз. Әрине, сайлау маңызды мәселе, бiрақ, бiрiгу мәселесi бұдан туындап отырған жоқ, бұдан да маңызды себептен оппозицияның бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруы қажет болып тұр. “Алға” және Коммунистер партиясы қосылуға дайын еместiктерiн танытты. Дегенмен, бiрiгудiң бүгiнгi күн тәртiбiнде тұрған мәселе екенi анық.

Бiзде дағдарысқа қарсы экономикалық және саяси бағдарлама дайын. Осы форумда қабылданған резолюцияда бiз осы бағдарламаның маңыздыларын атап өттiк. Мәселен, бiзде түбiрiмен саяси реформа жүргiзiлуi керек. Қазiргi үкiметтiң дағдарысқа қарсы бағдарламасы өз жемiсiн берiп отырған жоқ. Өйткенi, бiздегi жүйе автаритарлық сипат алып барады. Президенттiң өкiлеттiгi – сыртқы саясат пен ұлттық қауiпсiздiк және қорғаныс мәселелерiмен шектелуi керек. Ал, Үкiметтi Парламенттегi басым дауысқа ие партия жасақтауы тиiс. Сайлау сайлау комиссияларын жасақтаудан бастап, әдiл өткенi жөн. Қала, аудан және ауыл-селоларда халық сайлаған жергiлiктi өзiн-өзi басқару институттары болуы керек. Қазiргi мәслихаттар жасанды. Ондағы депутаттардың көбi – әкiм тағайындаған адамдар. Барлық сайлаулардың нәтижесi қолдан жасалынатындықтан оған қатысудың да қажеттiлiгi болмай қалды. Мәселен, мәслихат сайлауына бiз қатысқан жоқпыз.

Жармахан Тұяқбай, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшiсi:

– Форумның басты мақсаты – оппозицияда жүрген 4 партияның басын бiрiктiру. Басты мәселе – бүгiнгi билiкке ықпал етiп, оны дұрыс жолға салуға күш-жiгерi жететiн әлеуеттi күш болуы керек. Партиялардың өзара 2-ден бөлiнуi – оппозициялық күштердi ыдыратқаннан өзге, нәтиже бермейдi. Менiң бұған дейiнгi мақсатым да, үгiттеп жүрген мәселем де – 4 партияның бiрiгiп үлкен саяси күшке айналуы.

– Сонда партиялардың барлығы жойылып тек “Азат” партиясы ғана қалмақ па?

– Мәселе, бұл партиялардың “Азат” партиясының туы астында бiрiгуi емес, мәселе – үлкен бiр iрi саяси күшке айналуы. Форумға қатысқан саяси күш өкiлдерiнiң бәрiнiң талабы да осы. Ал, партия жетекшiлерiнiң өзара келiспеушiлiгiн болдырмас үшiн бiз алдағы екi айда жұмыс жасамақ ниеттемiз. Егерде, барлығымыз алға қойған бiр мақсатқа, бiр нысанаға жұмыс жасаймыз десек, онда барлық амбиция мен жеке бастық мүдделерiмiздi жиып қойып, бiрiгуге әрекет етуiмiз керек.

Серiкболсын Әбдiлдин, Қазақстан Коммунистерi партиясының жетекшiсi:

– Бiз бiрiгемiз, бiрақ, бiр партияға қосылуға дайын емеспiз. Бiз форумнан бұрын да бұл мәселе жайында айтқанбыз. Онда бiрiгу жөнiнде сөз болсын, ал қосылу жөнiнде сөз болмасын деген едiк. Бiрақ, форумда “Азат” партиясының бiраз адамдары “қосылу” керек деген ұран тастады. Оған бiз қосылуға, партияны мүлдем жоқ етуге бармаймыз. Бiрiгiп күресуге бiз дайынбыз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары