САМАРҚАНДЫ СУ АЛМАЙДЫ. АЛ БIЗДI ШЕ?..

САМАРҚАНДЫ СУ АЛМАЙДЫ. АЛ БIЗДI ШЕ?..

САМАРҚАНДЫ СУ АЛМАЙДЫ. АЛ БIЗДI ШЕ?..
ашық дереккөзі
603

Кәделi жиынға бас қосқан меймандос ақсақалдарға майысып шай құйып отырған келiндердiң бiрi екiншiсiнiң құлағына сыбырлап: “Самаурынды су алыпты ғой” дептi. Сол сөз кәрi құлақтарға “Самарқандты су алыпты” деп жеткен көрiнедi. Осы әңгiмеден-ақ, Дештi Қыпшақ заманындағы Самарқанд қаласының қазақ пен өзбекке ортақ шаһар екендiгiн аңғаруға болады…

Жуырда Ресей Президентi Медведев Оңтүстiктегi көршiмiз Өзбекстанға сапарлап барып қайтты. Шығыс әлемiнiң нәзiк те терең саяси психологиясын терең меңгерген Ислам Әбдуғаниұлы Ресей Президентiн өзiнiң туған өлкесi Самарқанда қабылдады. Қабылдай отырып ол алашапанның астарындағы өзбекi “трюктердi” барынша әйгiлеп бақты. Әйгiлеп бақты деуiмiзге себеп, өзбек басшысы даңқты Ақсақ Темiр кезiндегi мемлекеттiң картасын жайып салды да, ғаламдық геосаяси мәселеге ықпал етуге құштар Кремль басшысының көзiн бiраз нәрсеге ашқандай болды. Әрине, көршi өзбектердiң қазақтармен туыстығы басқа түркi халықтардың барлығынан да артық деп түсiнген абзал. Көшпендi қазақтар мен өзбектердiң мәдени интеграциясының ауанында шамамен орта ғасырлардың тұсында қалыптасты деуге келетiн “Өзбек өз ағам” деген сөздiң генесизi қазақтардың өзбектерге достық, бауырластық сезiмде болғандығын бiлдiрсе керек. Осындай тарихи тамырластық пен туысқандықты қадiр тұтқан бiздiң Елбасы Н. Назарбаев Ислам аканы бiр ретте ренжiтiп көрген емес. Жақында Каримов келесi “срокка” сайланған кезде бiрiншi болып телефон шалып, оған мемлекет басқару iсiнде толағай табыс тiледi.
* * *
 

Бастапқы әңгiмеге оралайық. Бiздiңше, Ислам Каримовтың жаһангер Ақсақ Темiрдiң заманындағы “саяси” картаны Ресей басшысына көрсетiп, аймақтағы көршiлерiне доң-айбат танытуы шын мәнiнде ресми Ташкенттiң “картадағы” қандай ойынға әуесi кете бастағанын аңғартса керек. Мұның бәрiн былай қойғанда, Каримовтың Медведевтi Самарқанда апаруында кәдiмгi қарадүрсiн саясаттан да сұңғыла бiр “гәп”” жатыр. Самарқанда ол “үлкен қонаққа” Ұлықбектiң обсерваториясы мен Ақсақ Темiрдiң Мавзолейiн, басқа да орта ғасырдағы мәдени құндылықтарды тамашалата келiп Орта Азия аймағында кiмнiң мемлекеттiлiгi мен мәдениетiнiң терең және мәндi екендiгiн дәлелдеуге тырысты.

Қысқасы, жиырма бiрiншi ғасырда мәдениет мәселелерi стратегиялық геосаяси және экономикалық категорияға айналады деген тезис расқа айналып барады және iс-жүзiне асып жатыр… Каримовтың Самарқандағы әрекетi, мiне, осыған саяды.
* * *
 

Ендi бiраз сөздi қайнап барып басылған Қазақстанның экономикасына қатысты өрбiтiп көрелiк. Мұнайдың бағасы “нормасына” түстi. Бағзы бiреу “мұнайға бағаның түсуi бiздi не үшiн қуантуы керек?” деп сұрақ қоюы ықтимал.

Экономикалық теорияда шикiзатқа кiрiптарлықты бiлдiретiн “голландиялық ауру” деген ұғым бар. Менiң бiр жақын досым үлкен бiр жиында мынадай пiкiр айтқан едi. Оның негiзгi өзектерi “Жiбек жолын бақылап отырған бiздiң ата-бабаларымыз” сол бақылаудан түсетiн рентаға өмiр сүрiп, ежелгi кездiң өзiнде голландиялық ауруға ұшыраған. Жiбек жолы әртүрлi себептермен, Ұлы географиялық ашуларға байланысты теңiз жолдары ашылғаннан кейiн, керексiз болып қалғанда, бiздiң ата-бабаларымыз “жұмыссыз” қалған… СОКП көсемдерiнiң бiрiнде “табыстардан бас айналу” деген теория-сымақ бар едi. Бiздiң елiмiздiң негiзгi табысы мұнайға байланысты шарықтап кеткендiктен, 5-6 жылдай тағдырға еркелеп те қалғандаймыз. Алайда, тағдырға еркелеген осындай “табыстардың” көлеңкесiнде рухани-гуманитарлық мәселелердiң “жетiмсiреп” қалғандығын мойындауға тиiспiз. Елiмiздiң Ұлттық Лидерi, Елбасы Н.Ә. Назарбаев егемендiк алғаннан берi қазақтың рухы деген мәселенi көтерiп келедi. Рух дегенiмiз “адам капиталы” дегендi бiлдiредi. Жалпы жиырма бiрiншi ғасырдың бiрiншi жартысында “алтын миллиард” елдерiнде экономиканың өзi адами капиталға негiзделiп отыр. “Алтын миллиард”, яғни Еуропа және Солтүстiк Америка елдерiнде аяққы жылдары мәдениет ұғымы кең көлемде, экономикалық табыс беруге қабiлеттi жүйе ретiнде қарастырылуда. Еуропаның кейбiр елдерiнiң тәжiрибесiне қарайтын болсақ, көптеген заводтар мен фабрикалар дамушы мемлекеттердiң территориясына көшiрiлгенде, бүкiл қалалар мәдениет индустриясына қатысты бағытын өзгерттi. Арт-менеджментпен жаңа технологияларды енгiзу мәдениет индустриясының пайда болуына оң әсерiн тигiздi. Мәдениеттiң дамуы “ол жаңа бағыттарды игере отырып, өзiн-өзi ақтауы керек” деген принциппен iс-жүзiне асырылды. Осының өзi мәдениеттiң жан-жақты бағыттарының дамуына, мәдениет қызметкерлерiнiң статусының өсуiне әкелдi.
* * *
 

Оқырманды жалықтырып алмай тұрғанда бастапқы тақырыбымызға оралайық. Жиырма бiрiншi ғасырда экономикалық гегемон болуға дайындалып жатқан бүгiнгi Қытай елi мен Үндiстан және аралдағы Жапон халқы өз мәдениетiн қазiргi заманға сәйкестендiрiп қана қоймай, халықаралық деңгейде брэнд жасап, мәдениеттi экономикалық фактор ретiнде ұтымды пайдалануға бет түзедi.

Үндi дәруiштерi дәрiптеген иога өнерiн осы замандағы миллиардтан астам халқы бар Үндiстан халықаралық дәрежеде насихаттап қана қоймай, көптеген елдердiң өмiр сүру салтына сiңiрмек ниетте. Ал, Кеңес өкiметi кезiнде жарнамасы жақсы “жасалған” үндi фильмдерi де бұл күнде Голливудпен бәсекеге түсетiн жағдайға жетiп қалды. Жапондар кимано киiмiн, шай құю рәсiмiн, тiптi сакура сымбатты гейшаларының қызметiн үлкен философияға айналдырып жiбергендiгi белгiлi. Ал осы мәдениет өз кезегiнде ұлтқа инвестиция ретiнде қайтып келiп, ат тоқымындай аралдағы Жапонияны ешқандай шикiзатқа тәуелсiз дамыған елдердiң қатарына қосып отыр. Қазiргi Ресейде осы бағытпен келе жатыр. Ал бiздегi ахуал басқаша болып барады. Сондықтан, бұқара халықты кiнәлап қайтемiз, қазақ билiгi төрткүл дүниенi түпкiрлеп жаңаша ойлануы керек. Ол ойлау — мәдениеттi дамыту. Тiзгiн-шылбырымыз қолымызға тигеннен кейiнгi “табыстардан бас айналу” кезеңiнен кейiн бiраз жерге барып та қалдық. Бiрақ тоқтаған кезде түкке де жетпегендiгiмiздi түсiнгендеймiз. “Шапқанда байдың ұлы тоқтағанда мәлiм боладының” керi осы болса керек. Мына сұрақтарға жауап iздеп көрейiкшi: табысты жылдары қазақ тiлi дамыды ма? Қазақ мәдениетiнiң даңқы асты ма? Өзiмiз бiр сiлкiндiк пе?
* * *
 

Ал ендi, бүгiнiмiзге келейiк. Бүгiнгi күндегi ерiнбегеннiң бiрi айтып жүрген дағдарыс, қоғамның барлық шикiлiктерiн шығарып жатыр. Солардың бiрi – Ресейдегi қоғамдық процесстердiң бiздiң елiмiзге барынша ықпал етiп бастағанында болып отыр. Бүгiн Ресейде “Ұлы Ресей” деген үлкен ауру пайда болды. Гуманитарлық саладағы Ресейдiң iс-шаралары сырт көзге “шоу” болып көрiнгенмен, шын мәнiнде ақпараттық-мәдени салада бiз сияқты елдердi өзiнiң “әсер ету” аймағында ұстап отырудың әдiс-тәсiлi екенiн iшiмiз сезедi.

Ресейдегi саяси экстремизм бүгiн шарықтау шегiне жетiп отыр. Ендi Ресей қоғамының осы аурулары Қазақстанды да шарпып кетуi ықтимал. Менiң орыс достарым бар, сол достарымның әңгiмелерiнен мен Ресейдiң бiздiң елiмiзге жасағысы келетiн ықпалын оңай сезiнiп отырамын. Осыдан бес жылдай бұрын олар қазақша үйренiп, “Қазақстан – менiң Отаным” деген ойларды айтып жүретiн едi. Ендi осындай сөздер аяққы кездерi сап тиылып, олар қайтадан өзiнiң ана тiлiне “көшiп” алып қана қоймай, Ресейдiң Ұлы держава екендiгiн, тарихының барлығының басқа халықтар мен ұлттарды тұқыртып отырғандығын ескертiп, баяғы “бесiншi колонна” саясатын тарата бастайтындығын шығарды. Бұны аз десеңiз қазақша “әлiптi-би” деп бiлмейтiн, қазақ қоғамына отарлаушы орыс тарихшылары сызып берген нұсқамен қазақты жек көрiп кемсiте қарайтын кейбiр ғалымсымақтар, бұрынғы әуенiне көшiп, ұлттық картаны ойната бастады. Әрине, орыс халқының барлығы ұлтшылдық дертiне шалдыққан деген ойдан аулақпыз. Мәскеуде тұратын аты тек қана Ресейге ғана емес, халықаралық дәрежеде белгiлi менiң досым, ұстазым өзi көптеген жылдары Қазақстанда үлкен лауазымды қызметтердi игерген жасы үлкен болса да менi дос деп қабылдайтын бiр азамат “Ерлан, Қазақстанда қызмет еттiк, қазақ халқының қонақжайлығын көрдiк. Мен саған айтайын: “Қазақстан қазақтiкi болуы керек, басқа ұлттар осыны түсiнуге тиiс. Келiспегендер елiне қайтсын” деп ағынан жарылып едi. Бiр таң қалғандығым, осы кiсiнiң Қазақстанға, Астанаға көшкiсi келетiндiгi. Iзгiлiктi адами қарым-қатынастың құрметi үшiн айта кетейiн. Таяуда мен бiр орыс отбасымен кездесiп әңгiмелесiп қалдым. Әңгiме үстiнде әлгi отбасының үлкендерi екi қыздарының да қазаққа тұрмысқа шығып, ендi немерелерiмен әңгiмелесуi үшiн өздерiнiң қазақша үйренiп жүргендiгiн және бұның өзi оларға өте қызық екендiгiн мойындағандығын көрдiм. Сонда олар ең негiзгi мәселенiң мәдениет екендiгiн, мәдениетi жоғары адамдар қазақтың дәстүрiн түсiнiп қана қоймай, қабылдайтындығын да айтып бердi. Бес саусақ бiрдей емес деген — осы ағайын. Кiмнiң есiнде бар, 70-80 жылдары СОКП-ның қылышынан қаны тамып тұрған кездерi “домалақ арыз” жазу деген пайда болған едi. 40 жыл ауыл мектебiн басқарған менiң марқұм Би-Ахмет Саирұлы әкем осы домалақ арыздардан “көп таяқ” жеген адам едi. Сол кездерi әкемнiң кiшкентай кенже баласы мен өмiр мен тағдырдың әдiлетсiздiгiне iшiмнен шала бүлiнiп жүретiнмiн. Қазiр түсiнгенiм әкемнiң қасында жүрiп осындай арыздарға менде қорғаныш иммунитет қалыптасқан екен. Марқұм, Ұлы Отан соғысының ардагерi, әкем Би-Ахмет Саирұлы маған “есiңде болсын ұлым Ерлан, әдiлеттiлiк әрқашан өзi келедi, оны iздеп басыңды ауыртпа” деушi едi. Бүгiн мiне, қазақ ғылымын тек коммерциялық тұрғыдан тұтынуға дағдыланып алған, не қазақты бiлмейтiн-түсiнбейтiн бағзы бiреулер өздерiнiң жеке мүдделерi үшiн осы ұлттық картаны пайдалануда. Бұл жердегi ең сорақы жайт — бiздiң шенеуiктердiң бойында орыстың шовинизмiнен қорғанатын иммуннитеттiң қалмай бара жатқандығында. Солардың арасында бiздiң “өтiрiк ұлтшыл” замандастарымыз бар. Тоқсан сөздiң тобықтай түйiнi, “мәдениет дүниенi құтқарады” деген екен бiр кiсi, “Алланың өзi де рас, сөзi де рас” демекшi осы сөздiң үлкен мәдени-тарихи негiзi бар. Бүгiн елдiң барлығы экономист болып алды да, дағдарыстан шығудың жолын iздеп кеттi. Сонымен бiрге барлығы осы дағдарыстың себебiмен емес, салдарымен күресiп Дон Кихот тәрiздi “жел диiрмендерiмен” желiгiп алысып жүр. Шын мәнiнде ойланып көретiн болсақ, осы дағдарысты өзiмiздiң iшкi дүниемiзден, мәдениетiмiзден iздеп көрсек қалай болар едi. Бiздiң санамыздың тек қана табыс табу тәрiздi тұтыну мәдениетiмен уланып қалғандығы, кiтапты оқығанды қойғандығымызды, салт-дәстүрдi ұмыта бастағандығымызды жоққа шығара алмаймыз ғой. Мүмкiн, Алла тағаланың бұл да бiр аяны шығар. Адамзат тарихында көшпендiлер мәдениетiнiң аяқталуы, перғауындар дәуiрiнiң құлауы, ұлы Рим имперясының күйреуi, Араб мәдениетiнiң отаршылдыққа ұшырауы, бес ғасырлық Қытай мәдениетiнiң тоқырауы деп келетiн катастрофалық дағдарыстардан Жер планетасының халқын құтқарып қалған құбылыс ол — тағы да мәдениет. Ал мәдениеттiң жасампаздығы мынада: Батыс Еуропаны шiркеу мен надандықтың қып-қызыл өртiнен алып шыққан Қайта өрлеу заманы мен Шығыстың Мұсылман Реннессанстық дәуiрi екенiн еске алайықшы. Өзбектердiң меншiктеп алған Самарқанд, Ташкент мәдени мегаполистерi бiзге де ортақ, бiздiң төл мәдениетiмiз. Бiрақ, қазақ әрқашан өзiнiң туысын, ағайынын силаған, қадiр тұтқан. Сонысынан таяқ жеген. Бүгiн қазақтың қарапайым жас жiгiтi көрiнгеннен таяқ жеп жатыр, ешкiм оған назар аудармайды, көршi бiздiң тарихымызға қолын салып отыр, ешкiм бiлмейдi, ертең мәдениетi, салт-дәстүрi жоқ деп қазақтың мемлекеттiлiгiне қол сұғып жүрмесiн… “Жоғалған ұрпақ” деген ұғым бар, жоғалған ұлт деген теория қазаққа бағытталмай-ақ қойсын. Мәдениетке, ұлт мәдениетiне бiздiң қатынасымыз осындай-ақ болса, алысқа бара алмайтын шығармыз. Самарқанды су алмайтыны белгiлi… Ал бiздi ше?!  
Ерлан САИРОВ, саяси ғылымдарының кандидаты
 

Серіктес жаңалықтары