РАУШАН ӘЖЕ

РАУШАН ӘЖЕ

РАУШАН ӘЖЕ
ашық дереккөзі
303

– Мынау кiмнiң қызы ей?! – Бекеттiң шеткi үйiнде тұратын қатпыш қара әйел менi жаңа көргендей таңдана үн қатты.

Мен тiс жармадым. Неге дейсiз ғой? Содан бiр апта бұрын әжем менi iнгенiнiң айыр өркешiне мiнгiзiп, шеген құдыққа бұйдасынан жетелеп, алып барған. Сонда осы әйел де түйесiн суғаруға келiптi. Әжем құдықтан қауғамен су тартып, ұзын науаға құйып жатқанда әйел жаныма келiп, шөкелеп отырып осы сұрақты қойған. Мен әжемнiң қызы екенiмдi айтқан едiм. Бүгiн жорта сұрап тұр.

Әжем басымнан сипап:

– Жарығым-ау, айтсайшы, – дедi емiренiп.

Табан астында қырсығым ұстап, иығымды қозғадым.

Әйел менi сөйлеткiсi келiп әжеме бұрылды.

– Е, кiмнiң қызы десем, сiздiң үйдегi келiннiң қызы екен ғой. – Дауысын созып, әжуәлаған сыңай танытты.

Оның бұл сөзi құлағыма түрпiдей тидi. Күн қағып тотыққан әжiмдi жүзiне қарағым келмей, әжемнiң кең етек бүрме көйлегiнiң артына айналдым. Әйтсе де ызадан жарыла жаздап, шаққа тұрмын. Сол сөзiн тағы қайталаса, жылап жiберерiм хақ. Лезде өзгерген көңiл-күйiмдi сезген ол:

– Осы менiң ұмытшақтығым-ай. Ендi есiме түстi. Сен мына көккөз шешейдiң қызы екенсiң ғой, – деп шыға келдi.

Оның бұл сөзi құлағыма майдай жақты. Өкпемдi сол бойда ұмытып, қуанып қалдым. Қатпыш қараның “көккөз шешей” деп отырғаны – әжем. Есiмi – Раушан. Көзiнiң көктiгi болмаса, ашаң өңiнде мiн жоқ. Бекеттiң адамға жанама атқойғыштары “көккөз шешей” деп атап кеткен. Соған әжемнiң де құлағы әбден үйренген болуы керек, бiреулерге солай атадың деп ренжiгенiн, не кейiгенiн көрген емеспiн.

Әжемнiң немерелерiнiң алды – мен. Айналып-толғанғанда “Көзiмдi ашып көргенiм, аузымды ашып сүйгенiм” дейтiнi сондықтан. Атам Жаңаберген Арал қаласынан жетi шақырым жердегi осы 86-шы бекетте темiржолшы болған екен. Ары өткен, берi өткен поездардың қозғалысын реттеп тұрыпты. Адал еңбегiмен ел құрметiне бөленген. Мен өмiрге келгенде қуанғаны соншалық, үйге айтулы жыршы мен ақын-жырауларды шақырып, мал сойып, үш күн той жасапты. Әжем екеуi бауырына басып, ұлы мен келiнiнен қызғыштай қориды.

Еңбектей бастаған шағым екен. Үйде қол мәшинкiмен iс тiгiп отырған келiнiнiң қасына барып, жармаса берсем керек. Келiнi қолымен көтерiп, былай қоюға төрдегi атасынан қымсынады. Жазатайым мәшинкенiң тұтқасы айналып кетiп, шекеме сарт етiп, шар ете қалыппын. Сыртта жүрген әжем жан ұшыра жүгiрiп келiп, жерден көтерiп алып, өбектеп жүрiп, ем-домымен шекемнен аққан қанды тоқтатады. Келiнiне ренiшi жоқ. Жанашырлықпен қолына алып, асты-үстiме түсiп, әлектенiп жатса, қызғаныштан талағы тас айырылар едi.

Атамның түр-түсiн есiме сақтай алмадым. Екi жасқа толғанымда өмiрден озыпты. Келбеттi әрi келiстi болғанын кейiн ес бiлген кезiмде үйдегi суретiнен, әжемнiң қысқа қайырған әңгiмесiнен естiдiм.

Атамның жүрген жерiн жанына ыстық көредi ме, әжемнiң осы бекетте қыстап қалғысы бар. Екiншi ұлы Нұрлыбай– намысқой. “Апа, естiген жұрт не демейдi? Қалада бiзбен бiрге боласың”. Әй-шәйiна қаратпай алып келедi. Әжем содан көктемдi асыға күтетiн.

Қар ерiп, күн жылысымен тәтем Нұрлыбай әжем мен кенже немересi Ерланды “УАЗ” машинасына мiнгiзiп, бекеттегi үйiне апарып салды. Ал мен мектептемiн. Апайым Ботыш қатал. Бiр күн сабақтан қалғанымды қаламайды. Iнiм Сырлыбай балалар бақшасында. Оған ауылдан гөрi қала қызығырақ. Бiрге ойнайтын достарын қимайды. Бекетке барса бiз секiлдi әжемнiң тәртiбiне көне бермейдi. Ары десе бiр қонып, жолаушылар таситын көлiкпен қалаға зытады.

Бекет бiр қауым ел. Төбесi бiрнеше қабат қара қағазбен жабылған жатаған үйлерi де бiркелкi. Әжемнiң үйi темiржолдан тас лақтырым-ақ жерге орналасқан. Түнде поездардың ары-берi өткенiн гудок дауыстарынан, жердiң зiркiлдеген солқылынан бiлiп жатамыз. Алғашқыда алаңдап ұйқымыз келмейтiн. Кейiндеу үйренiп кеттiк. Әжем он шақты түйе мен бiрнеше қой-ешкi ұстайды.

Мамырдың соңында жазғы демалысқа шықтым. Нұрлыбай тәтем машинасымен әжеме алып барды. Әжем менi сағынып-ақ қалған екен.

– Жарығым-ау, жеттiң бе?! – Бауырына қысып, басымнан ұзақ иiскедi. – Кешелi берi сенi келiп қалар деп, жолыңа караумен болдым, ботам. – Қоңырқай үнi тарғылданып шықты.

Тәтем машинасының артқы қақпағын ашып, бiр қап ұн, екi жәшiк кеспе және қорапқа салынған қант пен шайды түсiрiп, үйге кiргiздi. Әжем үлкен шыны ыдысқа шұбат дайындап қойған екен. Соны машинасының жүк салатын жерiне жайғастырды.

– Апа, жұмысқа асығып тұрмын. Қолым қалт етсе болды, тағы келемiн. – Тәтем кiдiрмей жүрiп кеттi.

Әжем-өте тазайын жан. Үйдiң iшi-сыртын тегiс ақтапты. Ауладағы суырынды құмды күреп, айна тақыр еткен. Көлденең жатқан инедей шөптi көрмейсiң. Анадай жердегi ошақ та аппақ. Әжемнiң жылдағы әдетi осы. Үйдiң iшi мен сыртын сылап, ақтап алмайынша бiр тынбайды.

Әжемнiң жүзiнен қуаныш табын сездiм. Құрақ ұшып жүр.

– Жолдан шөлдеп келдiң-ау, күнiм. – Құшақтап үйге кiргiздi. Үйдiң бөлмелерi қумалап салынған. Әжем бетi жабық сөреден кесе алды. Толтырып шұбат құйып маған ұсынды.

– Iшiп ал, ботам.

Көбiгi кесенiң ернеуiнен дөңкиiп көтерiлген салқын шұбатты бiр деммен iшу қайда. Жартысына дейiн жұтып тыныстадым да, қалғанын содан кейiн тауыстым. Әжемнiң маған қараудан көзi тояр емес. Бос кесенi қайтарып бергенiмше айналып-толғанумен болды.

– Ендi мына бөлмеге жатып, демiңдi ал. Сен ұйқыдан тұрғанша мен шай қайнатып қоямын.

Ұйқым келмей ары аунап, берi аунадым. Сәлден соң ойыма Ерлан түстi. “Қайда жүр екен?”. Сыртқа шығып, сарай жаққа көз тастадым. Онда жоқ секiлдi. Әжем үрген доптай тастардың үстiнде тұрған қазанын сумен жуып жатыр. “Жапқан нан пiсiрмекшi ғой”. Әлгiнде байқамаппын. Күнбатыс жақ бетте шағын шарбақ бар екен. “Бұрын бұл жерде мұндай қоршау жоқ едi ғой”. Жанына барып, мойынымды созып, iшiне қарадым. Үш түп шыбық өсiп тұр. Жасыл жапырақтары майда самалмен жыбырлай қозғалып, жылт-жылт етедi. Түбiндегi құм аралас топырақ ылғалдан қарақошқыл тартқан.

– Әй, көккөз шешейдiң қызы, қаладан қашан келдiң? – Ту сыртымнан шыққан дауыс жаққа жалт қарадым. Көршi үйдегi Қанзада жеңешем екен. Қолында шаршы сымға тiзiп алған, кептiрiлген балықтар. Бекетке тоқтаған поездардың жолаушыларына сатпақшы. Былтыр мен де әуес көрiп, балықтарын сатысқанмын. Жеңешемнiң қызы екеуiмiз: “Покупайте рыбы, покупайте рыбы!” деп вагон жағалап жүгiргенiмiз әлi есiмде. Әсiресе, сыра iшетiн орыстар балыққа құмар. Соларға кездессең сөзге келмей, қағып алады. Әжем: “Жарығым, тәтең көрiп қойса ұрысады”, – деген соң тыйылып қалдым. Рас, тәтем сауда жасағанды жеккөредi.

– Жаңа әлде келдiм, жеңеше.

– Поезд жақты бiр айналып келiп, көккөз шешейге көзайым айтайын. – Ол кете барды.

Үйдiң артынан Ерлан шықты. Менi көрiп, жаныма жүгiрiп келдi. Құлағы қалқайып, сирағы сидиып күнге әбден күйiптi. Шыбықтарды иегiмен меңзеп:

– Әжем екеумiз ектiк, – дедi мақтана жымиып. – Күнде таңертең үш шелек су құямыз.

Бекетте тал некен саяқ. Әр жерден тырбиып өскен жалқы ағашты көресiз. Мұндағылар аулаларына ағаш екпейдi емес, егедi. Бiрақ, өсiре алмай, шаршап жүрген жайлары бар.

– Құлыным-ау, қайдан келдiң? – Әжем Ерланның басынан сипап, құшағына тартты. Ол аузын толтыра еркелей сөйлеп:

– Әже, анау үйдiң баласы жаңа велосипед сатып алыпты. Соны қызықтап ойнадық, – дедi.

Iргедегi қорадан ботаның нәзiк үнi естiлдi. Ерлан iнгеннiң жақында боталағанын айтты. Қарашықтары қап-қара құралай көздерi жәудiреп, қоршаудың сыртынан қарап тұрған бiзге әлтек-тәлтек басып жақындады. Әжем басына темiр тиындар таққан ноқта кигiзiптi. Жұп-жұмсақ, жып-жылы ерiндерiмен алақанымызды жыбырлата жалады. Бiз ботаны қызықтап жатқанда, әжем қазанға жапқан нан пiсiруге кiрiскен. Үстiне ас пiсiруге арналған халатын киiптi. Сексеуiл жалынына қызған қазанға қос уысын толтырып, қамыр салды да, шаршылай жаймалады. Қазанның шұңғылындағы қамыр бөрiте қызарған кезде, әжем қолына қолғабын киiп, қазанды жалынға қиғаштай ұстап, сәт сайын айналдырып отырды. Сексеуiл жанып, нарттай қызыл шоғы қалған кезде, әжем пiскен нанның үстiне түйенiң қаймағы араласқан сүтiн себелеп, сiңiрдi де, қазанды қиғаштай төңкерiп, бетiн шоқ қызуына қақтады. Содан соң ыстық нанды пышақпен үшбұрыштап кесiп, бiрнеше бөлiкке бөлдi де, табаққа бiрiнiң үстiне бiрiн қабаттап салды. Әр қабатына қасықпен сары май жағып, бетiн жауып, үйге апарып қойды. Iле сыртқа самаурынын алып шықты.

Әжемнiң үй шаруасына не қажеттiң бәрiн алдын ала дайындап қоятын әдетi. Шағын қалбыр құтының түбiне екi елiдей жермай құйып, сексеуiлдiң самаурынға салатын бiрнеше талын батырып қояды. Май сiңген сексеуiл тез тұтанады ғой. Әжем самаурыны қайнағанша дастарқанын жайып, маған сақтаған бар мәзiрiн шығарды. Жаңа ғана балбыратып пiсiрген жапқан нанын айтсайшы! Дәмi бал татып, тiл үйiредi. Жеген сайын араның ашылады. Қазiр ғой жатжұрттың пицца дегенiне таңсықпыз. Иә, бұл да нанның бiр түрi. Тек құрамында көз арбайтын түрлi қоспасы бар демесең, менiң әжемнiң сол кездегi жапқан нанынан тәттiлiгi әлдеқайда төмен.

Бекеттегi үйлердiң бiрең-сараңы ғана сауын сиыр ұстағаны болмаса, басқаларының бәрiнде iнген бар. Солар сиырдың сүтiн қатқан шайды ұната бермейдi. Ары десе бiр кесесiн зордан iшiп, бетiн қолымен басады. Әжем де сол. Маңдайы тершiп: “Түйемнiң сүт қатқан шайы жаныма мұндай жағар ма! “ – деп тамсанып отырып, шөлiн қандырмай тұрмайды.

Әжем аяқтары майысып, сырттан бұрқ-сарқ қайнаған самаурынын көтерiп келдi. Iле iшке Қанзада жеңешем де ендi.

– Шешей, қызың келiп көзайым болдыңыз ба? – дедi езу тартып.

– Осы алтындарым қасымда жүрсе төрт құбыламды түгелдей сезiнемiн, келiн. – Әжем оны дастарқанына шақырды. Жеңешем жапқан нанды ауызына салып:

– Шешей, осындай нанды мен де пiсiремiн. Бiрақ менiкi сiздiкiндей емес. Не асты, не үстi күйiп, дәмсiз болып шығады – дедi.

Әжем әнтек жымиды да қойды. Жеңешем сөзiн жалғады.

– Осы бекеттiң қатындары “Шешейдiң жапқан нанын айтсайшы,” – деп ауыздарының суы құрып отырады.

Мақтағанға елп ете қалатын әжем бе? Сол баяғы сабырлы, бiртоға қалпы. Селт етпей қалампыр исi аңқыған қою шайын ауық-ауық ұрттап қойып үнсiз отыр.

Жалпы әжем әңгiмеге сараң. Айта қалса қысқа қайырады. Кейде болмысына қайран қаламын. Бiреу әлдекiмдi мақтап жатса, бар ынта-ықыласымен тыңдайды. Ал сыртынан даттап, жер-жебiрiне жетiп жатса, тосыннан киiп кетiп, әңгiме ауанын басқа арнаға бұрып жiбередi. Анау күйiнiп: “Туу, шешей-ай, сөзiмдi бөлмей соңына дейiн тыңдасаңыз еттi,” – деп жатқаны. Егер ол дес бермей жағымсыз әңгiмесiн жалғастыра түссе, әжем терезеден сыртқа көз тастап: “Түйелерiмдi суғаратын уақыт болыпты,” – деп тез жиналып, орнынан тұрып кетедi. Бұл әжемнiң сылтауы. Оны мен жақсы бiлемiн. Өйткенi жанында жүрiп әбден сыралғы болған жайым бар. Адуын жанның бейпiл ауыз былапыт сөздерiн маған естiрткiсi келмейдi.

Иә, әжем өте тазайын жан едi. Күнделiктi ұстап-тұтатындары өз орындарында тұрмаса, көңiлi көншiмейтiн. Сондықтан да бей-берекет жатқандарын көрмейсiң. Қорадан қи шығарса да үстi-басын мұнтаздай етiп ұстайды. Ас пiсiруге, түйе саууға, үй тазалауға арналған халаттары өз алдарына бөлек-бөлек. Ретiне қарай ауыстырып отырудан әсте жалыққан емес. Басындағы ұшы салыңқы ақ жаулығы ше. Қай кезде де кiрден жаңа шыққандай аппақ. Анау түпкi бөлмеде шар айнасы бар. Ана бiр жылы атам сатып алып берiптi. Таңертең жаулығын тартқан кезде бiр қарамай сыртқа шықпайды. Шыт пен шәйiден, жiбектен тiгiлген кең етек бүрме көйлектерi баршылық. Iшкi бөлменiң бiр жақ қабырғасын бойлай керiлген жiпке iлiп қойған. Көз сүрiндiрер қыржым-тыржымдары жоқ. Бәрi де шоқ үтiктiң астынан өткен. Айтпақшы, көлемдерi әрқалай екi сәндi қобдишасы тағы бар. Бiрiнде – көрпе көктейтiн ине-жiптерi, екiншiсiнде анда-санда той-томалаққа барғанда тағатын күмiс бiлезiктерi.

Әжем жөнсiз қыдырғанды да қаламайды. Оны айтамын-ау, көршi-қолаңның үйiне де жөнсiз бас сұққан емес. Қазiр ойлап отырсам, олай-былай шығып, бой сергiтуге де уақыты болмапты. Таң ағарып атқаннан, күн қызарып батқанша бiр тыным тапсайшы. Түйелерiн сауып, қой-ешкiлерiн өргiзедi. Жүн түтiп, жiп иiредi. Ауладағы суырынды құмды шарбақтың сыртына шығарып, құдықтан бiрнеше қайтара иiнағашпен су тасиды. Кiр жуып, киiм үтiктейдi. Шыны ыдыстардағы шұбаты мен сары майын сарайдағы көп сексеуiлдiң астына қояды. Мұнысы сырт көзден жасырғаны емес. “Сексеуiлдiң асты салқын болады”, – дейтiн маған. Сүйтiп жүрiп, таңғы шайын қайнатып, қамырын ашытып, түскi және кешкi асын да дер кезiнде әзiрлейдi. Күнделiктi тiрлiгi осы. Бiрiнен соң бiрi айналып келiп жатады. Тек шаңқай түсте ыстыққа ұрынып, қалмасын деп бiздi оңаша тас қараңғы бөлмеге кiргiзiп ұйықтатады. Сонда ғана өзi де бойын жазып, бiраз дамылдайды. Кейде ұйқымыз келмейдi. Сонда да әжемнiң қалыптастырған тәртiбiн бұзбаушы едiк. Қашан өзi төсектен басын көтергенше тынышын алмай үн-түнсiз жата беремiз.

Ұлдары мен келiндерiне болыспадыңдар деп ренжiген емес. Олар қалада жұмыста. Ал бiздiң әлi буынымыз бекiп, бұғанамыз қатпаған. Алайда немерелерiне дегенде шығарда жаны бөлек. Табанымызға кiрген тiкендi тiлiмен жалап, тiсiмен алады. Әсiресе, iнiлерiм Сырлыбай, Ерлан, Болат төртеумiздi өзiнiң менен жасы сәл-ақ үлкен кенже ұлы Аманбайдан да артық көредi. Жылы мен жұмсағын аузымызға тосып, бiзден артылғанын ғана соған беретiн.

Ертеңiне әжем 26 сом зейнетақысын алды. Сол ақшасына бекетке күнара келетiн автолавкадан Ерланға екi доңғалақты велосипед, маған көйлек-көншек сатып алып бердi. Ерланның сондағы қуанғаны-ай! Әжем оның аулада велосипедтi ары-берi айдағанын көрiп, одан бетер мәз.

Мамық әжемнiң үйi бiзге жақын көшенiң арғы бетiнде. Бiздiң үйге күн аралатып келiп тұрады. Қыз күнiнде бет бiткеннiң ажарлысы болыпты. Оның үстiне оқуы мен тоқуы да бар. Кезiнде Аралдың жанындағы бiр елдiмекенде Ауылсовет төрайымы қызметiн атқарған. Қолына қамшы ұстап, ақ атқа мiнiп, ел-жұрттың көз алдында жүрген жанды, ауылдың үлкен-кiшiсi түгел құрмет тұтса керек. Өз әжемнiң айтуына қарағанда атам Жаңаберген iнiсi Ақанды осы Мамыққа айттырып үйлендiрген көрiнедi. Мұнда келiн болып түскен соң да мектептiң директоры қызметiне тағайындалыпты. Бiрақ көп iстемеген. Оның да себебi бар екен. “Кiмнiң баласы бұзық?”, “Байкелдiң…”, “Тәртiп бұзған кiмнiң баласы?”, “Айкелдiң…” Жиналыс сайын мұғалiмдердiң айтатыны осы. Мамық әжем: “Қайынаталарымның атын атай алмаймын”, – деп қызметiнен бас тартыпты. Солай ата-баба салт-дәстүрiнен аттай алмаған. Әжем неге екенiн қайдам жолы үлкен болса да сол Мамық әжемнен именетiн. Онысын басқаларға сездiргiсi келмесе де мен байқаушы едiм. Сiрә, ел қадiрлеген жанға көрсеткен құрметi шығар.

Шiлденiң жан шыжғырған ыстық бiр күнi Мамық әжем келдi. Қаланың балалар бақшасындағы Сырлыбай iнiм де үйде болатын. Әжем дастарқанын жайып, ауладағы ошақтан жаңа пiсiрген сүтiн алып келуге есiктен шығып кеткен-дi. Сол кезде жапқан нан жеп отырған Сырлыбай: “Мамық әже, сiз неге жамансыз?” – деп қойып қалмасы бар ма. Мыртиып отырып түйеден түскендей сөз айтады деген кiмнiң ойында бар дейсiз. Өмiрiнде тек мақтау естiп жүрген жанға бұл тосын болды. Әлгiндегiдей емес, өңi аздап өзгерген секiлдi. Әйтсе де тақылдаған тiлiн қызықтады ма, Сырлыбайға ұмсына қарап: “Сонда жақсың кiм?” – дедi. Сырлыбай: “Менiң Раушан әжем”, – деп тақ ете қалды. Мамық әжем қазбалап: “Ал мен неге жаманмын?” – дедi. Сырлыбай: “Сiзден бәрi қорқады” – демесi бар ма. Әжемнiң сұсынан жұрттың сескенетiнi рас едi. Оның “қорқады” дегенi жанына батыңқырап кеттi, бiлем: “Әй, мұны саған кiм айтып жүр?” – дедi зiлдi үнмен. Сырлыбай сасып қалып: “Бәнәй”, – деп қарсы алдында қаннен-қаперсiз отырған менi сiлтей салды. Әжем маған жалт қарап, сыздана сөйледi: “Ә, ә, сен екенсiң ғой бұған бәрiн үйретiп жүрген”. Бүрiп жiберетiн бүркiттей ендi маған төне түстi. Ызғар шашып шарасынан шыға жаздаған жанарынан шошып кеттiм. “Әже, оған мен үйреткен жоқпын” деп ақталуға шамам келмей сыртқа тұра қаштым. Ол соңымнан қуып келе жатқан секiлдi болып, арқа тұсым шымырлап барады. Раушан әжем үлкен кесемен сүт алып келедi екен. Жан ұшыра ышқына жүгiрiп, етегiнiң астына кiрiп кеттiм де аяғынан құшақтай алдым. Әжем қалбалақтап:

– Жарығым-ау, не болды сонша жүгiрiп? Неден қорықтың? – дедi. Бiр жайсыз iстiң болғанын iшi сездi. Қорқыныш пен үрейден атқақтаған жүрегiм аузыма тығылып, не болғанын тұтығып айта алар емеспiн. Зордан тiлiм икемге келiп:

– Мамық әжем қуып келе жатқан жоқ па? – дедiм.

– Жоқ, жаным. Әжеңнен соншалық қашатындай не бүлдiрiп қойдың?

Мен болған жайды ежiктеп жеткiздiм. Әжем менi етегiнiң астынан шығарып алып, маңдайымнан шөлпiлдете сүйдi.

– Қорықпа, күнiм! Мен тұрғанда ол әжең саған тимейдi де, ұрыспайды да. Жүр, үйге кiрейiк.

Әжем самаурынның жанына тiзе бүктi. Мен арқасын тасаланып отырдым.

– Мамық, қызымның сонша үрейiн алғаның не? – дедi әжем салқын үнмен.

– Мына Сырлыбай бұдан кейiн менi жаман деген сөздi аузына алмасын деп, жорта ашулана салып едiм. Қызыңның тұра қашқаны.

Сонда ғана бойымдағы қорқыныш тарап, жеңiлденгендей болдым.

Мамық әжемнiң мен үшiн орны бөлек те. Ол менiң кiндiк шешем. Үйiнен кiсi үзiлмейдi. Сәлем бере барған қаймана қазақтан да қолындағы барын аянып, тартынып қалған емес. Қайтарларында қаптағы ұнының соңғы қалғанын да қалтаға қағып салып, ұстатып жiбередi. “Қуыс үйден құр шықпа” деген. Әйтеуiр кiндiк шешемнiң үйiнен қолы бос қайтқан жанды көрген емеспiн. Әжемнiң сол қасиетi маған қатты ұнайтын.Үйге келген жанның қолына бiрдеңенi болса да ұстап, қуанып кеткенiн жаным жаратады. Раушан әжем кейде: “Сенiң мырзалығың Мамық әжеңнен айнымай қалған” – деушi едi. Шынында “Сынықтан басқаның бәрi жұғады” деген рас екен. Дегенмен Мамық әжем кiндiгiмдi кессе де, кейiн “жақын-жуығынан кiндiк шеше болмайды” деген сөз шығып, жолын көршi Әзау апаға берiптi.

Раушан әжемнiң үйде есiк пен төрдi тұтас жабатын ақ текеметi бар едi. Бетiндегi бояуы қанық қошқар мүйiз ою-өрнектерiн айтсайшы! Көздiң жауын алады.Үйдiң iшiн жайнатып жiберген сол текеметтiң үстiнде отырып, өзiңдi көктемдегi даланы құлпыртқан саналуан гүлдердiң ортасында тұрғандай сезiнесiң. Жан-дүниең қуанышқа бөленедi.

Әжем текеметiн қадiрлi қонағы немесе құда-құдағиларының ғана астарына төсейтiн. Сол текеметке Мамық әжемнiң көзi түсiп жүрсе керек. Бiрақ қалай сұрап алардың есебiн таппаған. Мен қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан кезде көптен ойында жүрген iстiң сәтi түскенiн сезiп, елден бұрын тұсауын өзiм кесемiн деп шыққан ғой. Ел-жұртқа қадiрлi жанға кiм қарсы келсiн. Қайта бәрi қуанып, кескенiн мақұл көредi. Ала жiппен аяғымды тұсап, өткiр қайшыны ұстап тұрып: “Шешей, қалауым ақ текемет! Соны бересiң” – дейдi. Әжем сол текеметiн қиғысы келмедi ме, жоқ әлде аулада жүрген атаммен ақылдасқысы келдi ме, үн-түнсiз үйден шығып кетедi. Мамық әжемнiң тiк мiнезi де бар едi. “Ақ текеметiңдi қимасаң, басқа бiреуге кестiрерсiң” – деп өкпелеп, алды-артына қарамай кетiп қалады. Әжем Мамық райынан қайтар деген үмiтпен тұсауымды басқаға кестiрмеген.

Содан орта мектептi бiтiргенше сүрiнiп, құлаумен күн кештiм. Тiзелерiмдегi жазыла қоймаған бiр жараның үстiне, бiр жара қайта түсiп жатты. Үйге талай рет қорланып, жылап та келiп жүрдiм. Менiң көз жасымды сүртiп тұрып, сондағы әжемнiң шыбын жанын қоярға жер таппай қиналғаны-ай. Әжiмдi жазық маңдайынан шып-шып шыққан терiн жаулығының ұшымен қайта-қайта сүрте бердi. Менiң бұл азабымды көршi үйдегi Гүлмаран жеңешем байқап жүрген екен. Бiр күнi әжеме келiп: “Шешей, мына қызыңның тұсауын кесу керек. Ырымын iстемесеңiз осылай құлай беретiн болады. Менiң жүрiсiм жақсы. Жаман атым жоқ. Қарсы болмасаңыз, тұсауын мен-ақ кесейiн”, – дедi жанашырлық танытып. Әжемнiң қуанғаны соншалық, көздерiнен ұшқын шашып: “Неге қарсы болайын. Қалауыңды бердiм, шырағым”, – дедi. Гүлмаранның қалауы – әжемнiң лақты ешкiсi екен. Әжем сол ешкiнiң түбiтiнен бiзге жылда шұлық тоқитын.

Тұсауымды кескен соң, әжем оны құрметтеп, қонақ еттi. Төрдегi үлкен сандығын ашып, көйлек-көншектiк жiбек матасы мен қант-шайын қоса бердi.

Тесiк тиындар қыстырылған екi бөлек тұсау жiптi үш күн бойына аяқтарымнан шешпей жүрдiм. Содан кейiн ғана көзiм ашылды. Мектепке сүрiнбей барып, үйге құламай қайтатын болдым. Ендi қазақтың ырым-сырымын жоққа шығарып көрiңiз.

Бекетте бастауыш мектеп бар. Ерлан бiрiншi сыныпқа барған жылы әжем өз үйiнде қыстап қалды. Тәтем Нұрлыбай аракiдiк машинасымен жеңгем Зояны, ұлдары Болат пен Русланды және менi әжеме алып барып тұрды. Сол күнi әжемнiң де, немерелерi бiздiң де мәре-сәре болған қуаныштарымызды тiлмен айтып жеткiзу қиын. Ол да бiр өзiнше қызық дәурен екен ғой. Кейiн сол күндердiң сағынышқа айналатынын бiлiппiз бе? Содан Ерлан бастауышты бiтiргенше әжем бекетте төрт жыл қыстап шықты.

* * *

Жылдар жылжып өтiп жатты. Сол жылдармен бiрге бiз де есейдiк. Бiлiм қуып, алыстағы қалаларға аттандық. Өмiрдiң заңы ғой. Уақыт келген соң бәрiмiз де үйленiп, жеке-жеке отау тiктiк. Жұмыс бастылықпен ауылға бару да сиредi. Сөйтiп, әжемнен алыстап кеттiк. Адамдарды кейде адастырып, кейде табыстырып жататын тағдыр тәлкегiне не шара.

Нұрлыбай тәтем Алматыға бiр келгенде: “Әжең мен Ерланның ана бiр жылы еккен үш шыбығы – бүгiнде көк тiреген жуан ағаштарға айналды. Көш жерден көрiнедi. Әжең: “Ерланым кейiн менi сағынғанда осы терегiне бiр оралар” деп жүр”, – деген едi. Қайран әжем, бiз қанша есейiп кетсек те, әлi баяғыдай бала көредi екен ғой.

Осыдан бiраз жыл бұрын сол әжем өмiрден өттi. Оның бiзге қалдырғаны – адалдық, еңбекқорлық, тазалық. Осы қасиеттердi өзiнен көрiп өстiк те, бойымызға сiңiрдiк. Ал елесi көз алдымда.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары