ОБЛЫС ӘКIМI ЕСЕП БЕРДI

ОБЛЫС ӘКIМI ЕСЕП БЕРДI

ОБЛЫС ӘКIМI ЕСЕП БЕРДI
ашық дереккөзі
353

Өткен аптаның сәрсенбiсiнде Талдықорған қаласындағы Iлияс Жансүгiров атындағы Мәдениет сарайында Жетiсу жерiнде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен берерi мол жобалардың жүзеге асырылуын қорытындылаған, “дағдарыс” деп әлем абыржып жатқан биылғы жылға жасалған батыл болжамдар мен маңызды мiндеттердiң жай-жапсары жұртшылық алдында тарқатыла айтылған, халық көңiлiн мазалаған түрлi сауалдар мен мазалы мәселелерге тиянақты жауаптар қайтарылған жиын өттi.

Нақтырақ айтқанда, Алматы облыстық мәслихатының кеңейтiлген сессиясына шақырылған халық қалаулылары мен облыс жұртшылығы өкiлдерiнiң алдында облыс әкiмi Серiк Үмбетов өзiнiң жылдық жұмысы жайлы есеп берiп, алдағы кезге жасалған жоспарларын жариялады. Жетiсу өңiрiнiң барлық елдi мекендерiнен өздерiн толғандырар мәселелердi арқалай жеткен өкiлдер мен ҚР Президентi әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк инспекторы Халижан Әбдiрайымов, Алматы облысынан сайланған ҚР Парламентi Сенатының депутаттары Нүсiпжан Нұрманбетов пен Нұрлан Сүлейменов және Мәжiлiс депутаттары Үсенгелдi Медеуов, Динар Нүкетаева, Сәт Тоқпақбаев, Тұрарбек Асанов, Ермұхамбет Омаров, Керiмжан Бижанов, Уәлихан Қалижановтар қатысқан есеп беруде облыстың былтырғы жетiстiктерi мен азды-көптi кемшiн қалған тұстары, үстiмiздегi жылы және жақын болашақта қолға алуға ойластырылған жоспарлары кеңiнен сөз болды. Бiрде-бiр жаңалық пен маңызды мәселе шетiн қалған жоқ. Облыс әкiмi өзiнiң есептiк баяндамасын бастамас бұрын артта қалған бiр айдан ендi асқан жылдың бүкiл әлем, оның iшiнде елiмiзге, облысымызға оңай тимегенiн, бүкiл халық дағдарыстың алғашқы ызғарын сезiнiп, етек-жеңдерiн жинап, ертеңгi күнiне қам жасай бастағанын айта келе, осынау дүние жүзiн алаңдатып отырған қаржылық келеңсiздiктiң зардабын барынша бәсеңдету мақсатында облыста шешушi шаралар ұйымдастырылғанын және алдағы кезде де осы мақсатта шаралар қолға алынатынын айтып, жұрттың алаң көңiлiн тыншытуға тырысты. Осы мақсатта облыс әкiмдiгiнiң iс-қимыл жоспары жасалып, дағдарысқа қарсы тұруды үйлестiретiн штаб құрылды.

Еңбекшiқазақ ауданындағы “Голдпродукт” АҚ, Талғар ауданындағы “Южный”, Қапшағайдағы “Жiбек жолы”, Iле ауданындағы “Райымбек Агро” ЖШС мен Талдықорған қаласындағы “Ащыбұлақ” шаруа қожалығының негiзiнде көкөнiс және сүт кластерi құрылды. Өнiмдiлiгi жоғары, элиталы тұқым өндiретiн 24 шаруа қожалығы жұмыс iстейдi.

Мал шаруашылығында мал басы мен өнiмi тұрақты түрде өсiп отыр. Төрт түлiк малдың тұқымын асылдандыру, теңестiру және iрi қара малын қолдан ұрықтандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргiзiлiп келедi.

Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдейтiн кәсiпорындарға қолдау ретiнде 1,5 млрд. теңгенiң жеңiлдетiлген несиесi берiлiп, қаржыны толықтай игеру мақсатында 21 ауылдық тұтыну кооперативi құрылып, 172 сүт дайындау пункттерi iске қосылыпты. Астық, жемiс, көкөнiс, ет, сүт өңдейтiн, май, кеспе және нан өнiмдерiн шығаратын жаңа 26 цех iске қосылып, 3667 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Бiлiм саласын қаржыландыру өткен жылы 48,3 млрд. теңгенi құрады. Былтыр оқушылар үшiн есiгiн айқара ашқан 14 жаңа мектептiң оны “100 мектеп пен 100 аурухана” бағдарламасы бойынша салынды. Бiлiм нысандарының құрылысы мен күрделi жөндеуiне 16,2 млрд. теңге бағытталған. Қазiргi кезде облыстағы 746 бюджеттiк мектептiң барлығы интернет желiсiне қосылған, 1 компьютерге 18 оқушыдан келедi.

Мектепке дейiнгi тәрбие мәселесiн шешуге байланысты 13 балабақша мен 190 шағын орталықтар ашылған. Бұл өз кезегiнде балаларды мектепке дейiнгi оқу және тәрбие мекемесiмен қамту көрсеткiшiнiң 8,9 пайыздан 18,1 пайызға дейiн артуына жағдай туғызды. Ағымдағы жылы 14 балабақша мен 91 шағын орталық ашып, 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Сонымен бiрге биыл Ескелдi, Еңбекшiқазақ және Кербұлақ аудандарында кәсiптiк-техникалық мектептер құрылысы қолға алынбақ.

Қазiргi кезде облыста 500-ге жуық мәдениет ошақтары жұмыс iстесе, солардың қатарындағы кiтапханалар саны мен олардағы кiтап қоры да барынша арта түскен. Былтыр бiрқатар мәдениет нысандары жөнделдi. Соңғы үш жылда облыстағы қаламгерлердiң кiтаптары мен сазгерлердiң ән жинақтарын шығаруда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Өнерпаздардың республикалық, халықаралық конкурстар мен фестивальдарға қатысуына даңғыл жол ашылды. Жазушылар мен журналистерге, өнер адамдары мен спортшыларға жыл сайын арнайы стипендиялар тағайындалған. Осы бағыттағы шаралардың барлығының мақсаты ортақ. Ол – жас ұрпақты отаншылдыққа, iзгiлiкке, ұлттық салт-дәстүрдi құрметтеуге тәрбиелеу және сол арқылы тiлiмiз бен дiлiмiздi нығайту. Бүгiнде жергiлiктi басқару органдарының барлығы iс қағаздарын жүргiзудi мемлекеттiк тiлге көшiргенiн де айта кеткен абзал.

Өскелең ұрпақ бiрiншi кезекте туған халқының тарихын бiлуге тиiстi. Ата-бабалар аманаты – тәрбие бастауы. Олардың елге қалдырған мұрасы – барлығымыздың рухани қайнар бұлағымыз. Осыған орай кейiнгi жылдарда ғана ел есiнде қалған тұлғаларымызға бiрқатар ескерткiштер қойылғанын айта кетсек, артық болмас. Жетiсудың үш биiне, Қадырғали Жалайырға, Мұхаметжан Тынышпаев пен Ғали Ормановқа, Желтоқсан қаһармандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа қойылған ескерткiштер – өткенге құрмет әрi жас ұрпаққа өшпес өнеге екенi анық.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары