“ӘУЛИЕ ВАЛЕНТИН” ЖӘНЕ ӘУМЕСЕРЛIК
“ӘУЛИЕ ВАЛЕНТИН” ЖӘНЕ ӘУМЕСЕРЛIК
14 ақпан — “Әулие Валентин”, яки ғашықтар мерекесi екенiне еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейiн әбден қанық. Бұл мереке бiзге аса жат болса да елiмiзде бiраз жылдан берi тойланып келедi. “Әулие Валентиннiң” елiмiздегi тойлануына бiр топ зиялы қауым өкiлдерi қарсылық бiлдiрiп, қазақтың өзiндiк ғашықтар күнi болу керек деген пiкiрдi алға тартып, 19-мамырды “Қозы көрпеш пен Баян сұлу” күнi деп белгiлеуге тырысқан едi. Содан берi бiзге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын “Әулие Валентин” күнiн тойлау бiршама саябырлаған сияқты болып көрiнген. Алайда…
Қазiр жастар, тек қана жастар ғана емес бүкiл қалалықтар жапа-тармағай “Валентин” күнiне дайындалуда. Дүңгiршектер, дүкендер, базар сөрелерi ғашықтар жүрекжарды тiлектерiн жазатын “валентинкаларға” толы. Тiптi, орыс тiлiн қойып, әлгi “валентинкалар” қазақ тiлiне де тәржiмаланып үлгерiптi. Осындай ашық хаттарды (открыткаларды) жасы да, кәрiсi де, тiптi махаббаттың мәнiсiн түсiнбейтiн кiшкентай бүлдiршiндер де таңдап, талғап, сатып алып жүр. “Ғашықтың тiлi – тiлсiз тiл, көзбен көр де iшпен бiл” деген Абай даналығын қызылды-жасылды бiр парақ “валентинкаға” айырбастағанымыз ба? Бiр қызығы, мектеп жасындағы балалар “валентинкаларды” достарына, сыныптастарына, сондай-ақ мұғалiмдерiне сыйласа, студенттер қауымы “ғашықтар күнiнде” өз университеттерiнде, жатақханаларында хаттар салатын жәшiктер дайындап жүр екен. Бiрде бiр топ жастардың “14 ақпанда жиналып, қыдырайық та”деп, бiр-бiрiне қолқа салып жатқанын аңғарып қалдым. Әлгi жастардың араларында бiрi: “Қыздар, ол бiздiң мерекемiз емес қой, неге тойламақшымыз?” деп едi, бiреуi суырып алғандай: “Ой, керi тартуды қою керек қой, қазiр жаңа заман, ендi қазақшылыққа салынып қайтемiз” деп, сiлкiне жауап бермесi бар ма? Жастар осы мерекенiң мәнiсiн түсiне ме екен, мұндай мерекелер арқылы Батыс бiздi ұлтсыздандырып жатқанын сезе ме? Әй, қайдам, әлгi қыз сезбейтiн шығар, сезсе жоғарыдағыдай сөздердi қарша боратпас едi-ау.
Бұл аздай, Батыс қолдан жасаған “Әулие Валентин” күнiне идеологияның негiзгi тетiгi саналатын телеарналар әсiресе қызу дайындалып жатыр. Өресiз телеарналар “ғашықтар күнiне арналады” деп өзеуреп, шетелдiң ұяттан жұрдай фильмдерiн, бейәдеп бәйгелердi жарыса жариялап, жарнамалап әлек. Ал елiмiздегi шоу-бизнес, жай бизнес өкiлдерiнiң жеке өмiрi мен тосын тiршiлiгiн жазудан әсте жалықпайтын “Жұлдыздар отбасы” журналы 14-ақпанда “Ең үздiк махаббат әнiн” таңдайды екен. Ең өрескелi, бұл таңдау жылдың 365 күнiнен басқа күн табылмағандай дәл өзге ұлттың ғашықтар күнiнде жасалмақшы. Бұл кездейсоқтық па, әлде “Жұлдыздар отбасы” журналы “Әулие Валентин” күнiн насихаттауға бiлек сыбана кiрiсiп кеткен бе?
P.S. “Той десе, қу бас домалайды” деген халықпыз ғой, мерекенi қай-қайсымыз да жақсы көремiз. Бiрақ өзiмiз мән-мағынасын түсiнбейтiн батыстан келген дауыл iспеттес “Әулие Валентин” сияқты мерекелердi тойлау, одан қала бердi насихаттаудың қажетi қанша? Әшейiн әумесерлiк те ….