ӘКЕЛЕР АТЫ ӨШПЕСЕ

ӘКЕЛЕР АТЫ ӨШПЕСЕ

ӘКЕЛЕР АТЫ ӨШПЕСЕ
ашық дереккөзі
269

Қазақтың басынан нендей қиыншылықтар өтпедi. Жер бетiнен ұлт ретiнде жойып жiберудiң сантүрлi сынағын қазақтай көрген халық жоқ шығар.

Бiр ғана 1937-жылдың ойранында талай қазақтың сүт бетiне шығар қаймағы қамауға алынды. Жазаланды, түрмеге тоғытылды, атылды. Қуғын-сүргiн жылдары елiмiзде 593 лагерь мен арнайы орын жұмыс iстеген. Тек 1937-38 жылдардың өзiнде Қазақстанда жүз мыңнан аса адам түрмеге қамалыпты. Соның жиырма бес мыңы нақақтан-нақақ атылған екен. Бұдан ненi аңғаруға болады? Әрине, ұлтты тамырынан ажыратып, елдiгiн жою пиғылы тұрғаны екi бастан белгiлi.

Мен әкемнен үш жасымда айырылғанмын. Көз алдымда айдалып кете барған Нұрбектiң жанары әлi көз алдымда. “Үш жастағы бала не бiлсiн” деп ойлауыңыз мүмкiн. Бiрақ сол кезде әкемдi танымайтын бiреулер айдап кеткенде балапан жүрегiм ендi оралмайтынын сезгендей дүрсiлдей соққан.

Балабектiң баласы Нұрбек 1938 жылы айдалып кеткенде анам үш қызымен жесiр қалды. Елдiң көзқарасы да өзгере бастады. Көлденең көкаттыға көз түрткi болдық. Туған-туыстар да ауламызға аяғын аңдып басады. Қал-жағдайымызды түн ортасы ауып, ел аяғы жатқанда бiлiп тұрды. Әкем ұсталып кеткеннен кейiн бiз атамыз Балабектiң қолына бардық. Балабектiң әкесi Орман Ұзынбұлақты қоныс еткен, аймаққа аты жайылған аузы дуалы би болған. Ел iшiндегi алауыздықты болдырмауға күш салып, ағайынның ауызбiрлiгiн нығайтуды ойлаған Орман атамды ел де сыйлаған.

1875 жылы Қашаған би екеуi Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнде үш жүздiң жақсы-жайсаңдары бас қосып, алқалы жиын өткiзгенде ортасында болған. (“Албан ата энциклопедиясында” да айтылады.) Мiне, сол би атамның Майлы деген баласы да “халық жауы” атанып, айдалып кеттi. Майлының “қара тамы” деген мектебi болған. Халықты жинап, бастама көтерiп, мектеп ашқан да осы Майлы едi. Ағартушылық жолда аянбай тер төктi. Талай қазақ баласына қара танытты. Ақыры, жаппай қуғын-сүргiн басталғанда нысанаға iлiнiп, айдалып кете барды.

“Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады” деген рас екен. Майлымен ағайындас менiң әкем Нұрбек те, iнiсi Шәрiп те бiлiм қуды. Бала кезiнде байға жалданып, 12 жыл малын бақты, шаруасын iстедi. Бұғанасы бекiмей тұрып, қара жұмыстың қамытын киген Нұрбек бiлiм алуды басты мұраты тұтты. Ақыры арманына жетiп, 1920-21 жылдары Алматыдағы мұғалiмдер курсын бiтiрiп, туған топырағына қайта оралады. 1921 жылдан 1937 жылға дейiн халық ағарту саласында адал қызмет еттi. Әкемнiң iнiсi Шәрiп Талғарда академик Ақай Нүсiпбековпен бiрге оқыған. Ауылға келген соң бала оқытуын жалғастырады. Қойшының балаларын жинап, әрiп үйретедi. 1927 жылы партия қатарына өтiп, мемлекет iсiне белсене араласады. Бiлiктi басшылық жасаудың баспалдағын жақсы меңгерген ол 1932 жылы Кеген аудандық халық ағарту бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне тағайындалады. Аудандық оқу бөлiмiн басқарып тұрғанда да әкемнiң талай жасқа шапағаты тигенi тарихта жазулы. Әкемнiңн алдынан хат танып, қанат қаққан шәкiрттерi кейiн ел басқару iсiне араласты.

Тұрмысы түзелiп, еңсесi ендi тiктелiп келе жатқанда сталиндiк репрессияның жебесi бiздiң әкемiздi де қиып түстi. Бала болып көңiлiмiздi қанша ойынға алдандырғанымызбен, көкейiмiзде әкемiздi көрсек деген асыл арман лаулап тұрып алатын. “Халық жауының” қызы деп үлкен әпкем Розамен бiрге де “халық жауының” балаларына мектепте бiр мұғалiм сұғын қадап, оқудан шығарған. Маған да талай сол мұғалiм “халық жауының қызы. Бұлар да өкiметке жақсылық әкелмейдi” деп оқушылардың алдында арыма тиетiн сөздер айтқан. Бiз осындай ауыр сөздi арқалап есейдiк. Үйде жеуге нәрсе таппай ашыққанда бұлай қорланған емеспiз. Тек “әкесi жау бұлар қайда барады” деген суық сөз өңменiмiздi тесiп жiберетiн.

Ойнап жүргенде құрбыларым: “Әкең қашан келедi?” деп сұрайтын. Жүрегiмдi зырқ еткiзетiн осынау сауалдың салмағын әрең көтеретiнмiн. Бiреудiң малын жеп, барымташы атанып, болмаса кiсi қанын жүктеп қылмыскер ретiнде ұсталып кетсе басқаша болар едi-ау. Бар айыбы — кедейдiң баласының көзiн ашқаны болды. Сонда әлгi құрбымның сұрағына томсырайып, үндемей құтылатынмын. “Келедi әкем! Ертең-ақ келедi, менi мойнына мiнгiзiп, еркелетедi” деп өзiмiздi өзiмiз iштей жұбатып талай түнде көз iлдiк. Бiрақ әкем оралмады. “Арғы атасы би болған, өзi қойшының баласына әрiп танытты. Елдi басқаға үгiттедi” деген жаламен кете барды.

Анам бiздi өсiрдi. Ешкiмен кем қылған жоқ. Әкемнiң үш қанаты –қыздарының тек кiшiсi шетiнеп кеттi. Колхоздың жұмысына таң атпай аттанады. Ерлермен бiрге шалғы шапты, масақ тердi, егiн де баулады, тұлық тасты да айдады. Анамның еңбекқорлығы бiздiң қарнымызды аштырмады. Шалғы шауып жүргенде алмас жүзiн басып кетiп, майлы өкшесiн тiлiп түседi. Сонда да таңып алып, шалғы тарта бередi екен. Масақ терiп келедi. Кеш келiп, бiзге тамақ жасайды. Ерте кетедi. Бiз мектепке барғанда кей балалар ойнауға қорқады. “Олардың әкесi халық жауы. Жоламаңдар” деп ата-анасы ескертiп қойса керек. Бәрiнен де әкеммен бiрге қызметтес болған мұғалiмнiң сұғын қадағаны әпкем Роза екеумiздiң жанымызды жегi құрттай жейтiн. Өмiр бiзге әкесiз өсудi нәсiп етiптi. Маңдайымызға әкенiң алақанын сезiне алмай есею жазылыпты. Оқыдық. Бой жеттiк. Роза екеумiз де жоғарғы оқу орнын бiтiрдiк. Әпкем Роза Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының ардагерi Рақымжан Тоқатаевпен отау құрды. Көзi жұмылғанша әкемiздiң жолын қуып шәкiрт тәрбиеледi. Мен де университеттi бiтiрiп келгеннен кейiн Молотов атындағы мектепке мұғалiм болдым. Тәжiрибе жинақтай келе училищеде сабақ бердiм. Еңбек демалысыма Есiк қаласындағы Педагогикалық колледжiнiң директоры болып жүргенде кеттiм. Әкемнiң атына кiр келтiрмедiк. Анамның да ақ сүтiн ақтауға тырыстық. Жарым – көңiл есейткен тағдыр бiздi мойымауға шынықтырды. Анамның жанары суалғанша бар арманы — Нұрбектiң есiмi ел есiнде жаңғырғанын көру едi. Бiздiң де балалық борышымыз “халық жауы” атанып, 1937-жылы ұсталып кеткен Нұрбек Балабекұлының есiмiн өзi туып-өскен аудан мектептерiнiң бiрiне берiлсе орындалар едi. Рас, әкем бай болып, мыңғырған малын қызғанып ұсталса, мұндай мәселе көтермес те едiк. Айдалғанға дейiнгi өмiрiн бала тәрбиесiне арнап, оқушының көзiн ашуға сарп еткен әкемнiң атында бiр мектеп болса ешкiмнiң ырысы құтайып қалмайды. “Өлi разы болмай, тiрi байымайтынын” жете түсiнетiн ел емеспiз бе, билiктiң тiзгiнiн ұстап отырған ел азаматтары менiң мәселеме құлақ асар деп үмiттенмiн.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылдың 29 мамырында “Егемен Қазақстан” газетiнде жарияланған “Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне орай қазақстандықтарға арналған үндеуiнде” “…Қазақ халқының және басқа халықтардың мыңдаған бетке ұстар ұл-қыздары сталиндiк қапаста қаза болды, аштықтан көз жұмды, атамекенiнен айырылды. Аяушылықты бiлмейтiн тоталитарлық жүйе алдымен ұлттың бетке шығар қаймағын, озық ойын, жасампаз қуатын, ақ адал ар-ұжданын жойды. Кешегiнiң жарасы күнi бүгiнге дейiн жазылған жоқ. Өйткенi өткеннiң қанды орағы ең алдымен тiршiлiктiң мәнi мен сәнi — еңбек адамын отады, қоғамның адамгершiлiк ұстынын әлсiретiп, елiмiздi баға жетпес қазына қалдырар ерлерiнен айырды” деген. Расында да солай болды. Қаншама көзi ашық, сұңғыла серкелер ұсталып, атылды.

1988 жылы саяси-қуғын сүргiн құрбандарының есiмдерi қайта жаңғырып, мектептерге есiмдерi берiлгенде Нұрбек Балабековтiң iздеушiсi болмай, елеусiз қалды.

Бар үмiтiм алдағы күнде. Игiлiктiң ерте-кешi болмайды. Түбiнде әкемнiң есiмi ел есiнде жаңғыратынына кәмiл сенемiн. Өлгенiмiз тiрiлiп, өшкенiмiз жанған заманда өмiр сүрiп келемiз. Ешкiм бiзге көз аларта алмайды. Бар ғұмырын халық ағарту саласына арнаған Нұрбек Балабековтi туған елi ұмытпаса екен. Жетпiстен асқан менiң бар мiндетiм де, парызым да әке есiмiн өшiрмеу.

Лиза НҰРБЕКҚЫЗЫ, зейнеткер

Серіктес жаңалықтары