АТЫЛҒАН ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

АТЫЛҒАН ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

АТЫЛҒАН ҚЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
ашық дереккөзі
1420

Қаз-қалпында

Қырық қыз қаумалап алып сұрақты қарша бораттық: "Өзiң әдемi боп кетiпсiң ғой, неге?", "Қайда барасың?", "Кiммен барасың?", "Жалғызсың ба?"… Әй-шай жоқ, жағадан алған бiзге ашуланбады. Сол баяғы биязы да сабырлы қалпымен жымия жауап бердi: "Әкем жұмыс тауып бердi. Сонда кетiп барам". "Е-е, жөн екен", "Бәсе-бәсе"… Қызыға да қызғана қараған бiзге көңiл аударған жоқ. Қоштаспады да. Сұңғақ бойын тiк ұстаған қалпы есiктен шықты да жүре бердi.
* * *
 

Оянып кеттiм. Түсiме тағы кiрдi. Терезеден төгiлген әппақ Ай сәулесiнен айналам жап-жарық. Жастығым әбден суланыпты. Ағыл-тегiл неге жылағанымды түсiне алмай, мең-зең қалпымда бiраз жаттым: "Не боп кеттi өзi?". Шексiз, шетсiз ойдың ұштығына жетпейтiнiмдi бiлiп, өзiмдi iштей жұбаттым: "Ай сәулесi төсекке түскенде, адамдардың бастырылатыны бар емес пе?". Бiрақ қанша дөңбекшiгенмен, кiрпiгiм iлiнбей қойды. Көзiмдi жұмсам болды, тозығы жеткен таспаның үзiк-үзiк суреттерiндей сан елес санамда сайран салды. Қос бұрымы тарқатылып құлап бара жатқан өрiмдей қыз, көк түтiнi сейiлiп үлгермеген қосауыздың үңiрейген ұңғысы, өз қызын өзi атып салып, екi иiннен дем алған қатiгез әке, тұңғышының өлi денесiн құшақтап алып құлындаған дауысы құраққа ұшқан Ана, ызың-шу, қым-қуыт… "Ма-ма-а-а-а"… "Жайна, жеткен жерiң осы!". "Көке-е-е, не iстедiң сен?!". "Шыда, қызым, шыда, көзiңдi ашшы, көзiңдi аша ғой"…

* * *
 

Осыдан он екi жыл бұрын болған оқиға бұл. Ол кезде мен Алматыға ауылдан арман арқалап, ентiге жеткен көп студенттiң бiрi едiм. Көршiнiң үйiнде болған қайғылы жайтты қысқы демалысқа барғанда естiдiм. Естiрткен — бауырым. Жақсы мен жаманның аражiгiн ажырата алмайтын аңғалдау iнiм мал-жанды түгендеп болмай жатып қойып қалған: "Жайнаны әкесi өлтiрдi ғой, естiдiң бе?". "Немене-е-е?!". "Иә, Айнабай тоқал алдырмадың деп өткенде атып тастаған". Төбемнен жай түскендей состиып тұрып қалдым. Анам "жаңалықты" елден бұрын жеткiзгенiне мәз-мейрам боп отырған iнiмдi жерден алып, жерге салып жатыр. Бойымды тез жиып үлгерген мен болған оқиғаны тәптiштеп сұрай бастадым. Бастапқыда әңгiмеден қашқақтап, жауаптан жалтаруға тырысқан анам оқиғаны айтып беруге амалсыз көндi.

* * *
 

Мектептi бiтiргелi екi жыл өткен. Жоғарғы оқу орнына түсуге бара алмады. 96-жылдары елдегi, әсiресе, ауылды жердегi көп балалы отбасындағы әлеуметтiк жағдайдың қандай болғаны ешкiмге жасырын емес. Оның үстiне, бiраз уақыттан берi үй-iшiнде ұрыс-керiс жиiлеп кеткен. Алғашқыда әке мен шеше арасындағы кикiлжiңнен балалар хабарсыз едi. Күңкiл бiрте-бiрте зорайып, дау-жанжалға ұласқанда барып отбасы түгел құлақтанды: әкесi жиырма жыл отасқан қосағынан жерiп, "жас иiске" құмартқан көрiнедi. Шаңырақтың берекесiн алған айқай-шу үйреншiктi жайтқа айналды. Үлкендер айқай мен ашуға ерiк бергенде, балалар бұрышқа тығылған қалпы бұйығысып үнсiз отыратын. Келiсiмге келе алмаған ерлi-зайыптылар тығырыққа тiрелдi. Отбасылық кикiлжiң бiр күнi туған-туыстың талқысына салынды. Төргi бөлмеге жиналғандар екi жақ боп айтысып жатқанда, жасы он тоғыздан жаңа асқан әрi әке мен шешенiң тұла бойы тұңғышы — Жайна есiктен кiрiп келдi де, көпшiлiктiң көзiнше әкесi алайын деп отырған келiншектiң жеңiл жүрiске салынғанын, бiрнеше рет күйеуге тиiп, бiрнеше рет ажырасып кеткенiн айтып салды. (Сiрә, аяқ астынан мiнезi өзгерiп шыға келген әкенiң талғамсыздығына намыстанған болар). Сол сәтте сұп-сұр боп сазарып қалған әкесi жұрттың алдында үн шығара алмады. Бiрақ туған қызына қас дұшпанындай өшiгуi сол күннен басталған. Оның үстiне, отбасындағы жанжал туған-туыстың жиынынан кейiн де толас тапқан жоқ. Күнде — айқай, күнде — керiс. Шешесi текетiрестен шынымен шаршады ма, әлде әкесiнен бiржола көңiлi қалды ма,бiр күнi қолын бiр-ақ сiлтедi: "Не iстеймiн десең, өзiң бiл!". Өмiрдiң ыстық-суығын жиырма жыл бойы бiрге бөлiскен жарының "рұхсатын" тiзеге басу арқылы алған Айнабай "жақсы ит өлiгiн көрсетпейдiнiң" керiн келтiрген жоқ. Керiсiнше, ендiгi "әуенi" басқаша өрбiдi: "Үйдi босатыңдар!". Күйеуiнiң ынсапсыздығына ашынған әйелi: "Үйден кеткенде қайда барам? Алты баламның алды – 19-да. Төркiнге не бетiммен көрiнем?" деп зар иледi. Бәсеңсiдi-ау деген дау-жанжал қайта ушыққан. Бәсеңсiмек тұрмақ, тоқал алуға қатысты даудың соңы қаршадай қыздың ажалына әкеп соқты.

* * *
 

Жаңа жылға үш күн қалған. Қазалының қара суығы өңменiңнен өтiп кетердей азынап тұр. Қар көптен жаумағандықтан, мезгiл қаһарлы қыстан гөрi жылаңқы күздiң сүреңсiз көп күндерiнiң бiрiне ұқсайды. Далада – азынаған жел, үй iшiнде – ұрыстың бой қарыған ызғары. Көңiлi құлазыған Жайна түрлi-түстi қағаздардан үйшiк тiгуге отырды. "Сырласатын, iшiндегiсiн түгел ақтарып салатын дос-құрбының жоқтығы-ай"… Кенет үйдегi ұрыс тағы басталып кеттi. Түскi асқа уақытылы келмеген әкенi күте-күте төзiмдерi таусылған балалар оған тамақты бөлек салып қойып, өздерi түстенiп алған болатын. Қытымыр әкенiң келесi сылтауы – "Түскi асқа неге менi күтпедiңдер?!". 11-сыныпта оқитын Маржан қабағынан ығатын әкесiне: "Сiзге бөлек салып қойдық қой, бөлек салып қойдық, тамақ iшсеңiзшi!" деп қанша өбектесе де, ол иiлмедi: "Жуындыларыңды өздерiң-ақ iшiңдер!". Бұлқан-талқан ашуланған күйi далаға шығып кеткен Айнабай көлiгiн оталдырмаққа оқталған. Қырсыққанда, ескi көлiк орнынан бiрден қозғала қоймады. "Қырылып қалдыңдар ма, түге! Көлiктi итерiңдер тез!". Әкесiнiң ақырған дауысынан зәресi зәр түбiне кеткен Маржан далаға қарай жүгiрдi: "Қазiр, қазiр"… Қақпаға жетiп үлгермедi, қарсы алдынан шыққан Айнабай шапалақпен жағынан тартып жiбердi. Қорада қи тазалап жүрген 10-сыныптағы Мақсат оны көре сала әкесiне айыр ала ұмтылды: "Бой жетiп отырған қызыңа неге қол жұмсайсың?!". Бiрталай уақыттан берi берекесi қашқан үй тағы да қанмайданға айналды: жағын ұстап алып еңiреген сiңiлiсi, әкесiне айбат шеккен iнiсi, араша тiлеп көршiлерге тұра жүгiрген шеше, бұрышқа тығылып алып ойбайға басқан бауырлары… Төргi бөлмеде қаннен-қаперсiз отырған Жайна шыдамады, орнынан атып тұрды да, әкесiне қарсы жүрдi: "Кететiн болсаң, кет! Берекемiздi ала берме!". Құтырынып тұрған әкенiң ашуы кенет су сепкендей басылды: "Жарайды, қойдым, қойдым. Болды". Үн-түнсiз қуыстағы өз бөлмесiне кiрiп кеткен Айнабай қолтығына қосауызын қыса шыққан. Оны көре сала Мақсат айқайға басты: "Қолында мылтығы бар. Тез қашыңдар, мен есiктi ұстай тұрам". Ашуы қатты әрi күшi дүлей Айнабайдың екпiнiне қарғадай бала шыдамады, көшеге қарай безе жөнелген бауырларының соңынан ол да құстай ұшты. Сұм ажалдың таяғанын iштей сездi ме, Жайна жан-екпiнмен көршi үйдi бетке алған. Бiрақ жанынан құйындатып өте шыққан Мақсат ол үйдiң қақпасынан кiре бере есiктi жан екпiнмен жауып жiбергенде, қақпа өздiгiнен құлыптанды да қалды! Не iстерiн бiлмей абдырап қалған Жайна жапсарлас тұрған үйге қарай жалт бұрылды. Бiрақ бәрi кеш едi. Қосауыздың ұңғысын оған қарай бағыттаған әкесi: "Жайна, жеткен жерiң осы!" дедi де, шүрiппенi басып қалды. Қос бұрымы тарқатылып, шалқалап құлай берген Жайна бiр-ақ ауыз сөз айтты: "Ма-ма-а…". Айнабайдың өкшесiн ала жүгiрген 11 жасар жиен қарындасының жан дауысы шыққан: "Көке-е-е, не iстедiң сен?!". Көздерi шатынап кеткен ол мылтықтың ұңғысын қарындасына қарай бұрды. Сосын – қайтадан Жайнаға… Шүрiппе екiншi рет басылды. Он тоғыз жастағы өрiмдей жауқазын демiн ала алмай, жерде қансырап жатты. Суып бара жатқан қызының денесiн тарс құшақтап алған ананың құлындаған дауысы құраққа ұшқан: "Шыда-шыда, қызым, көзiңдi ашшы, көзiңдi аша ғой". Мылтығын көлiгiне салып алған Айнабай еш жерге бұрылмастан, аудандық iшкi iстер бөлiмiне барыпты: "Мен жаңа ғана қызымды атып өлтiрдiм". Сот Айнабайды 15 жыл бас бостандығынан айырды.

* * *
 

"Тоқал алдырмадың деп өз қызын өзi атып өлтiрiптi!". 70 мыңнан астам халқы бар Қазалыға суық хабар тез тарады.

* * *
 

"Ақ қозы-ы-ым, құрбандығым болған менiң". Көңiл айта барғам. Жылай-жылай қарлығыңқы тартқан ананың зарынан денем түршiктi. Қаралы жиын, қайғыға ортақтасқан халық. Кiре берiсте сурет тұр. Неге екенi белгiсiз, нәркес жанары мөлдiрей қараған Жайнаның жансыз бейнесiне тура қарауға қаймықтым. Бейне қазiр жан бiтiп, шешiлiп сөйлей жөнелетiндей.

* * *
 

Қысқы, демалысым бiтiп, Алматыға қайта оралдым. Күндiзгi бөлiмде оқимын әрi газетте қызметтемiн. Ажалы әкесiнен болған көршi қызды Алматының у-шуға толы күйбең тiрлiгi жадымнан тез шығарды. Бiрақ бiр күнi түсiме есiк қақпай, тосыннан кiрiп келген Жайна жиi мазалайтын болды. Мазалағанда да, сөйлемейдi. Жанары жәудiреп үнсiз қадалады да тұрады. Шырт ұйқыдан шошып оянатын мен түсiмдi неге жорырымды бiлмей, дал боламын. Сөйтiп жүргенде, бiр күнi қайғылы оқиғаны қаз-қалпында баяндап беруге бел будым. Өзiм жұмыс iстейтiн басылымда жарияланған "Обалыңа кiм қалды?" деген мақалам – 19 жастағы құрбан — Жайнаның тағдырына арналған. Газет жарыққа шыққан күнi түнде Жайна түсiме кiрген жоқ. Сол күйi мазаламай кеткен. Бiрақ, бүгiн түсiмде тағы көрдiм. "Әкесi жұмыс тауып берiптi". "Сонда бара жатыр екен". Таң атқанша аунақшып, көз iлмедiм: "Сенi тағы не мазалады, Жайна?".

* * *
 

Үйге келiн түсетiн болды. Туған шаңырағымда – тағы да қуаныш. Былтыр үлкен iнiм үйленген. Бұл жолы ортаншы iнiме Арқаның қызына құда түстiк. Төркiнiмдi онсыз да сағынып жүрген едiм. Бала-шағамызбен жиналдық та, Қазалыға тартып кеттiк. Тойдың әлегiмен жүрiп, туған-туыс, көршi-қолаңды түгендеуге мұрша болмады. Жайнаның анасын жас келiндi жеңгелерiм есiктен енгiзiп жатқанда байқадым. Қақпаның алды у-шу, даңғырлаған музыка, асабаның саңқылдаған үнi, шат-шадыман күлкi, әзiл-қалжың, келiн мiнген көлiкке қарай ентелескен кәрi-жас, бiрiн-бiрi құттықтасқан, қол алысқан қалың жұрт, жеңгелер қолындағы мол шашудан құр қалмауға тырысып, бiр-бiрiне соғылысып, мәз бола саңқылдаған адамдар… Кенет бiреу атымды атап дауыстай шақырды. Мойын бұрсам, Жайнаның анасы екен. "Қуаныш құтты болсын, айналайын!". "Айтсын, апа! Мақсатыңыз келiн түсiрiптi, сiздiң де келiнiңiз құтты болсын". "Рахмет. Мынау Айжанның баласы ғой" (Айжан — Маржаннан кейiнгi қызы). Маған көзiнiң астымен қарап, әжесiнiң бауырына тығыла түскен қарадомалаққа шашудың кәмпиттерiн ұсындым: "Ала ғой". Дәл сол сәтте құда күту, беташар, көпшiлiкке той сияқты қарбаласпен жүрiп, жан-жаққа қарауға мұршамыз болмаған. Алматыға аттанар күнi естiдiм, 15 жылға сотталған Айнабай, 8 жылдан кейiн арнайы жеңiлдiкпен бостандыққа шығыпты. Денсаулығына зиян келтiретiн ауыр жұмыстарды атқарғаны үшiн Үкiметi рақымшылық жасаған. Ауылға келiп, бұрынғы такси айдайтын жұмысына қайта кiрiскен екен. Отбасындағы қуаныштың қызығы әлi басылмаған, арқа-жарқа шай iшiп отырғанда әңгiмеден әңгiме шығып кеттi. "Пәленше әйелiмен ажырасыпты да, балаларына үйдi босатыңдар дептi". "Өй, босқа арамтер болмасын. Айнабай сияқты 5 миллион теңгеге бекер шығындалады". Мен елең еттiм: "Не дейсiң?". "Түрмеден босап келгеннен кейiн Айнабай үйдiң дауын қайта қоздырғысы келген екен. Сот 5 миллион теңгенi материалдық, моральдық шығын ретiнде Айнабайдың мойнына қиып салыпты". "Мүйiз сұраймын деп жүрiп…" "Өзiне де сол керек"… Пiкiрталасқа ұласып кеткен әңгiменi одан ары қарай тыңдамадым. "Түсiме неге кiргенiңдi ендi түсiндiм, Жайна. Әкең туғандарыңды үйiңнен тағы қуғысы келген екен ғой"…

* * *
 

Көктем шықты. Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер шағы бұл. Бiрнеше ай бойы қытымыр да қаһарлы қыстың қабағынан ығып, бұйығып жатқан тiршiлiк қайта бой түзейдi. Бәрiнен де көктемнiң жұпар иiсiн ұнатам. Таңалакеуiмде сан құбылтып сайрай жөнелетiн құстардың үнi мен майда ескен самалын да. "Сен он тоғыз-ақ рет көктедiң, Жайна. Егер тiрi болғанда биыл 31-ге толар ең".

* * *
…"түсiмде мазалай бермешi"…
Адамдардың аты-жөнi өзгертiлiп алынды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары