ҚҰЛ БАЗАРЫ

ҚҰЛ БАЗАРЫ

ҚҰЛ БАЗАРЫ
ашық дереккөзі

Алматыда кәдiмгi адам саудасы қызып тұр

Еңбек мигранттарына төрт құбыламыз түгел ашылды. Бұрын-соңды маусымдық кезеңде келiп-кетiп нәпақасын тауып жүретiн мигранттар бүгiнде iрiлi-ұсақ қала маңайларын топ-тобымен кезiп, тiптi, көбiсi мекендеп қалуға тырысып бағуда. Өйткенi, iшкi көшi-қонды ретке келтiре алмай жатқан Үкiметтiң басқаны ысырып тастап, заңсыз мигранттарға жағдай жасап, жарылқауымен-ақ келетiнi тайға таңба басқандай.

Осыдан үш жылдай бұрын екi қолға бiр күрек iздеп келген кiрмелерге үш жыл бойы емiн-еркiн жүретiн арнайы төлқұжат жасап берген. Ендi, жақында Парламентте оларға қойылатын талап-тiлектердi бiршама жеңiлдетiп, "шекаралас өңiрден келген еңбеккер" деген ұғым енгiзiлдi. Ол аз десеңiз, еңбек мигранттарын әлеуметтiк сақтандыру шараларын да өз мойнымызға алдық. Бұл "Еңбек көшi-қоны және еңбекшi мигранттарды әлеуметтiк қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы" Заң жобасы аясында талқыға салынып, қос палата тарапынан да қолпаштауға ие болды.

Әрине, мұндай жарылқаудан кейiн кiрмелер көбеймесе, азаймас. Қазiрдiң өзiнде, яғни, қыстың қақаған аязына қарамастан еңбек етуге құлықты кiрмелер қайда жұмыс көзi бар, сол жердi паналауда. Мәселен, Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты "Алтын Орда" атты базар бар. Алматы қақпасына кiре берiстен қоныс тепкен бұл базарды "тоғыз жолдың торабы" десе болар. Өйткенi, көршi Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан елдерiнен тiкелей қатынайтын автобус пен жеңiл көлiктер осы базар арқылы тауар тасып, саудасын дөңгелетiп жүр. Бұл қара базарда "адамнан басқаның бәрi бар" деп жүргенбiз, сөйтсек, "құл базар" да алыста емес, осының маңайында екен. Әсiресе, көктем-жаз айларында, яғни, құрылыс жұмыстары қызған шақта "құл базардың" да саудасы ерекше қайнай түседi. Аптап күндерi тұрмақ, қыстың аязында таңертеңнен кешке дейiн екi қолын қалтасына салып, дiрдектеп тұрған тобырды көрмеген жан жоқ шығар. Олардың "точкасы" базардың бiр жерiнде ғана емес, әр бұрышында. Ал қара жұмысшы iздеген жұмыс берушi еш қиналмастан өздерi сан мәрте соққан "питакқа" келедi де, қанша адам қажет, соншасын көп саудаласпай-ақ әкете барады. Олар әкеңнiң құнын сұрамайды, арзан ақшаға келiсе кетедi. Неге десеңiз, өз елдерiнде мұндай да ақша жоқ. Дәл қазiр керек десеңiз, "құл базардағы" еңбек күшi базар айналасын қойып, тас жолдың жиегiне де тұратын болыпты. Тiптi, ызғарлы суыққа да қарамайтын оларды таң қылауланып ата бастағаннан осы мекен-жайдан тауып аласыз.

Сондай-ақ, оңтүстiк астанадағы Сейфуллин көшесiнiң бойында қарақұрым адамдардың сөмке асынып, жолға қарап тұратындығына қала жұртшылығының көзi де, етi де үйренген. Олардың арасынан өрiмдей жасты да, егде тартқан кiсi ағасын да кездестiресiз. Таң қараңғысынан келiп, күн батысқа ұялағанша көшеге телмiреп тұратын азаматтардың нәпақасын осы жерде тауып жүргенi айтпаса да түсiнiктi. Бiрi — ардақты жар, бiрi — аға, бiрi — бауыр, бiрi — сүйiктi ұлдың осылайша несiбесiн көшеден табамын деп жүрiп, "құлға" айналып шыға келгенiн өздерi де бiлмептi.

"Адал жолмен нанын тауып жүргендердi неге құл деймiз?" дерсiз. Расында да "Құл базары" қайдан шықты?! "Құл базары" десе, соқталдай қазақтың азаматтары арланатын да шығар. Бiрақ, айналадағы қаумалаған көпшiлiктiң бәрi оларды "құлдар" деп түсiнетiн болған. Олардың арасында, негiзiнен сырттан келген қазақтар көбiрек тұрады. Көшi-қон полициясы қаншама ауыздықтағысы келсе де, қарайған топтың ара-жiгiн ажырату бүгiн де мүмкiн болмай тұр. Жұмыс күшi қажет деп ойбайлағанымызбен, сырттан келетiндердiң көбi жұмыссыздардың қатарына тiркелген. Олардың арасында заңсыз жүргендерi қаншама. Қолында құжаты жоқ азаматты жұмысқа алу да оңай емес. Ал, көшi-қон полициясына тiркелейiн десе, көбiнiң әңгiмесi ақша жоқтыққа саяды. Содан амал жоқ, "Құл базарының" қарасын көбейтпегенде неғылсын?!

Жақында "Құл базардың" өкiлдерiмен тiлдесу үшiн "Алтын Орда" базарына жолымыз түскен. Тас жолдың бойымен жаяулатып солар тұрған жақты бетке алдық. Анадай жерден бiздi көрген жұмысшылар (арасында заңсыз жүргендерi көп әрине) тез арада жыланша жиырыла қалды. Бәлкiм, "бiздi тағы да тексерiп келе жатқан бiреу-мiреу шығар" деген болу керек, өздi-өзi сыбыр-күбiрге басты. "Қыздар, қандай жұмыстарың бар? Бәрiн де тас қыламыз" деп жапа-тармағай жамырасқан атпалдай азаматтардың пәленбай күннен берi жолдары болмағаны байқалды. Өйткенi, "мынандай аязда сонау жерден келiп, құр кететiн кездерiмiз көп" деп зар жылаған жұмысшылар "арзан төлесең де iстейiк, бiзге әйтеуiр тиын болса болды" деп тезiрек ақша табудың қаракетiне кiрiскен. "Құл базарда" бүгiн кемiнде отыз шақты адам бар екен. Аптаның сенбi, жексенбiсiнде үйiр-үйiрiмен тұратын еңбек күшiне деген сұраныс та осы күндерi қыза түсетiн көрiнедi. "Сол себептен де, жұмыстан дәл осы күнi қалмауға тырысамыз" дейтiн олар бұл кестеден еш жаңылмайтындықтарын айтады. Кейiннен бiздiң жұмыс берушi емес, тiлшi екенiмiздi аңғарған олар бағанадан берi "Қызылордадан, Шымкенттен, Ұзынағаштан келдiм" деген сөздерiнен әп-сәтте тайқып, өздерiнiң қырғыз, қарақалпақ, өзбек азаматы екендiктерiн еш қысылмастан айта бастады. "Бiз кiм келсе де, алғашқы кезде жергiлiктi жердiң азаматымыз деп айтамыз, себебi, "адамның аласы да, құласы да iшiнде" демекшi, бәзбiреулер бiздiң заңсыз жүргенiмiздi бiлiп қойса, ұстап беруден тайынбайды немесе еңбекақымызды дұрыс төлемей жеп қояды. Сол себептен де, сырымызды әркiмге жайып сала беруден тайсақтаймыз" дейдi көптi көрген әккi жiгiт. Аузынан жынды судың иiсi мүңкiп тұр. "Немене тапқан ақшаңызды iшiмдiкке жұмсайсыз ба?" деген бiздiң сұрақ қытығына тидi-ау деймiн, "Қимылдамасаң тоңасың, бiраз жылынып тұрайын деп кiшкене жұтып алып едiм" дедi жан-жағына қарап қипақтап. Ал жасы елудi алқымдаған жұмысшы Амангелдi Қарақалпақстаннан отбасымен бiрақ көшiп келген. "Өзiм қазақпын, бiрақ ата-бабам қиын-қыстау кездерi сол жаққа өтiп кеткен екен" деген ол "менде кiнә жоқ" дегендей кейiппен әңгiмесiн әрiден бастады. "Қазiр жырақтағы қазақтар Қазақстанға оралуға құлықты. Неге десеңiз, мынандай заманда жұмысты тек Алматы, Астана секiлдi қала маңайларынан ғана таба аласыз. Оның үстiне мұнда құрылыс жұмыстары жылдан-жылға қарқынды жүрiп келедi" деп Отанға оралуының басты себебiн де айтып салды. Алайда, отбасымен оралған Амангелдi аға еш жерде тiркелмеген, арнайы құжаты жоқ. Кәдуiлгi мемлекеттiк мекемеде жұмыс iстейiн десе, жасы да бiразға келген. "Бiр жерге жұмыс iздеп барсаң, түрiңе қарайды да, "Сiз бұл жұмысқа жарамайсыз, бiзге неғұрлым жастар керек" деп шығарып салады. Сонда 40-50 жастың о жоқ бұ жағындағы адам жұмысқа жарамсыз ба?! Оларды белортадан жұмыстан шығарып жiберсе, ертеңгi күнi зейнетке қалай шығады?" деп ызаға булыққан ағаның ендiгi жұмысы осы — қалталыларға құл болу ғана. "Күнi бойы екi аяқтан қақиып өткен-кеткенге жалтақтап тұрғаның сол. Кейде бiреуге керексiң, кейде пысқырып қарамайды да. Әйтеуiр, үйде екi аяқты аспанға көтерiп жатқаннан гөрi, бұл да болса жұмыс қой" — дейдi, осының өзiне шүкiршiлiк танытып. Өйткенi, бұнда тұратын еңбеккерлердiң денi осы кәсiптен тапқан ақшасына отбасын асырап әрi қала iргесiндегi елдi мекендерден пәтер жалдап күнiн көруде. Содан ба екен, Алматы қаласының орталығындағы тұрмақ, шетiндегi елдiмекендер мен ықшамаудандарда пәтерақы бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда ұшып тұр. Ал есесiне алыс-жақын шетелден ағылып жатқан лектiң (көбiне заңсыз мигранттардың) көшi толастар емес.

Ал Әзiм атты қырғыз азаматының елiмiзге келгенiне екi жыл болса да, әлi күнге "еңбек мигранты" ретiнде тiркелiп, "төлқұжатын" да алмаған. Бiрнеше қырғыз азаматымен құрылыс салуға келген ол "бәрiне бригадирiм жауап бередi" дейдi. Оның айтуынша, сенiмдi бригадирi жұмыс берушiнiң қолына тапсырады да, өзiнiң үлесiн алып отырады екен. Егер де алда-жалда нысандарды тексеруге кiрiскен милицияның құрығына түссе, оларды сол жерде-ақ ақша берiп сатып алады. Сөз жоқ, қалтасына бiрдеңе түскен көшi-қон полиция қызметкерлерi оңай жолмен келетiн ақшаға дәнiгiп алған айына бiр рет келiп өз сыбағасын алып жөнiне кете бередi. Әзiмнiң тiркелмей, тайраңдап жүргенi де сол. Оның сөзiнен өзi тұрмақ жақында отбасының да ат арытып келгенiн ұқтық. "Шамалған" елдi мекенiнен жиырма мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатырмын" деген ол келешекте "Қазақстанда қалсам…" деген ойын жасырмайды. "Әзiрге жалданып iстеймiн, күн жылынса, бiзге де жұмыс көп қой" дейдi еш қымсынбастан.

Бұл "питактан" жас та, кәрi де, тiптi кәмелетке толмаған жасөспiрiм де табылады. Бiрi осы тұрған тұрысын ар санап, "жетiскенiмнен жүрген жайым жоқ" деп iштей намыстанса, бiрi "бұл менiң адал еңбекпен тапқан наным" дейдi. "Шиеттей төрт балам мен әйелiм менiң қолыма қарайды. Кейде жұмыс болмай қалған күндерi өзiмдi жегiдей жеп, жанымды қоярға жер таппаймын. Отбасының асыраушысы — әке мiндетiн мойныма алғандықтан да, ар-ұятты бiр шетке ысырып қойып, жұмыс болса болды, iстей беремiн деген ойға келдiм" деп шырқыраған өзiмiздiң қазақты да кезiктiресiз бұл жерден. Қыдырбай заңсыз мигрант та емес, кiрме де емес, өзiмiздiң Қызылорданың қазағы. Дәлiрегiнде, iшкi миграция есебiнен қалаға ағылып жатқан лектiң бiрi. Ауыл баяғы ауыл емес, тоналды, тоз-тозы шығып, берекесi қашты. Жұмыс жоқ, бәрi бос. Жастары көше безiп, адам ағзасын улайтын арақ, есiрткi сынды өмiрiн құрдымға әкеп соқтыратын заттарға әуес. Ауылдағы жас толқын да бәрiнен де тез жұғатын жаман пиғылға бой ұрып, көргенiн iстеп жүр. Мiне, бала-шағасының ертеңгi болашағын бүгiннен ойлаған Қыдырбай "Еңбек етiп, жиған-тергенiмдi қосып, осы Алматының маңынан жер алсам деп едiм. Тым болмаса, балаларым қалада оқып, мамандық алып, мына бiз сықылды тентiреп жүрмесе екен. Сол үшiн де тәуекелге бел буып, отбасымызбен көшiп келдiк" дейдi. Бiз де жерлесiмiз Қыдырбайды жұмыссыздардың мәселесi жөнiнде әңгiмеге тарттық.

— Қазiр қай ауылды алыңыз жұмыс жоқ. Тек темiржол бойындағы iрiлi-ұсақ бекеттерде ғана тiршiлiк бар. Ал бiз тұратын ауылда жұмысың құр жүрiс, сандалыс. Әрине, әр баланың өз несiбесi бар десек те, олардың оқуына керек-жарақты заттың, киiм-кешектiң өзiн сатып алатын ақша таппай қалдық. Алғашқы кезде өзiм ғана келiп, тапқанымды екi-үш айда апарып тұратынмын. Сосын өзiң мына жақта, отбасың ауылда болғандықтан күйiң де құрып, салың суға кетiп жүредi екен. Не де болса, бар қуаныш пен жұбанышты отбасыңмен көргенге жетпейдi екен. Келген бетте "Iргелi" елдi мекенiнен екi бөлмелi "времянка" тауып, айына жиырма бес мың теңгеден жалдап отырмыз. Бәрi қымбат боп кеткеннен бе, пәтерақы да өсiп кетiптi. Ендi, мiне жұмысым таңертеңнен кешке дейiн осы жерде.

— Күнiне қанша табасыз?

— Қыстың күнi қайбiр қарық қылып табады дейсiз. Әйтеуiр, құрылыс жұмысын бастап кеп жiберген қалталы азаматтар келiп өзi қажеттi адамын таңдап әкетедi. Сонда беретiнi, ары кетсе 1,5 немесе 2 мың теңге. Оны бiз бiр сағат емес, күнi бойы iстеуiмiз мүмкiн. Оңай әрi қиындық тудырмайтын жұмыс болса, тiптен арзан. Ал ақшасы бола тұра, еңбегiмiздi жейтiндер осыны ғана берiп, шығарып салады. Кейде "Мынауың аз ғой!" деп берген ақшасын азсынып, қара терге түскен еңбегiңнiң дұрыс бағалануын талап етсең, кәдуiлгi базардағы қатындарша ұрсып шыға келедi. Сондағы айтатыны, "Осы өзбек, қырғыз, қарақалпақты әкелсең, бергенiңдi алады да кете бередi. Ал қазақтар болса, қанағат тұтпай, "бергенiң аз-маз" деп әңгiмесiн бастайды кеп" дейдi. Өзбек – өзбек, қарақалпақ – қарақалпақ, "Мен — қазақпын", өйткенi, мен олар секiлдi бөгде елге жұмыс iздеп келген жоқпын, өз елiмде, өз жерiмде еңбек етiп жүрмiн. Сол себептен де, еңбегiмнiң қаналмауын қалаймын.

— Сiз басқа жұмыс көзiн iздеп көрмедiңiз бе?

— Жұмыс бар ғой. Алмайды. Анау керек, мынау керек, ең соңында "қалалық тiркеуде тұруың керек" деп тоқтайды. Өзiм қалаға жаңадан келiп жатсам, тұрақты мекен-жайым болмаса, менде "қалалық тiркеу қағазы" қайдан болсын? Оның үстiне жасым 40-қа таяп қалды. Мамандығым – зоотехник. Менi қала қайтедi?! Әйтiп-бүйтiп күнiмiздi көремiз де осылай әркiмге құл болып. Ал құрылыс жұмыстарына барсам, ылғи басқа елдiң еңбек күшiн жинап алған. Бригадирiне барып жолықсам, "Сендер, қазақтар ақша көп сұрайсыңдар. Сол себептен де Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан, т.б. елден келген арзанқол жұмысшыларды аламыз!" деп шығарып салды. Айналайын-ау, бiз сықылды жұмыссыздары тұра, Қазақ үкiметi "Бiзге әлi 1 миллион жұмысшы жетiспейдi" дейдi ашуды келтiрiп. Теледидар тыңдап, газет беттерiн қарасам, елiмiзде 1 млн.-ға жуық жұмысшылар жұмыссыз жүр екен. Бұл ресми мәлiмет, ал ауылдан қалаға келiп жатқан жұмыссыздар қаншама?!

— Жақында Парламентте "Шетелдiк еңбекшi мигранттарды әлеуметтiк қорғау" заңы қабылданғанынан хабардарсыз ба?

— Әрине. "Еңбек мигранты", "жұмыссыздар" мәселесiн көтерiп жатса, елең етiп, тыңдаймын. Неге екенi түсiнiксiз, басқа елдерге қарағанда Қазақстан осы еңбек мигранттарына ерекше ден қойып отыр ғой. Пайдасы қайсы, зияны қайсы екенiн де айырып қарамайды. Есесiне, осы заңды қабылдауының кесiрiнен, өз елiмiздегi жұмыссыздардың саны одан әрi арта түседi де, бiзге жолы түсетiн заңсыз мигранттар бүгiнгiден де қаптайтын болады. Айналып келгенде, бiздiң жеп отырған нанымызды жеп кетедi. Олар "шекаралас өңiрден келген еңбеккер" деген атқа лайық болады да, бiз өз Отанымызда "жалдамалы жұмысшы" деген "лауазымды" қанағат етуге мәжбүрмiз бе? Ау, олардың бәрiн құрылыс саласын жетiк бiлетiн маман деп кiм айтты?

— Бұл жерде, дәлiрегiнде, тас жол жиегiнде тұрғандарыңыз үшiн көшi-қон полиция қызметкерлерi де мазаларыңызды қашыратын болар…

— Таяу күндерi ғана Алматы облысы, Қарасай аудандық Iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi арнайы рейд жүргiзген-тұғын. Осы жердегi заңсыз жүрген мигранттардың көбi ұсталса, бiршамасы қашып құтылды. Қарасаңыз, осы базардың көпшiлiгi дерлiгi, заңсыз жүргендер. Әйтеуiр "пәленбайын ұстадық" дейдi, олар көп келiп жатыр, таусылмайды да. Ал, бiзге "Бұл жерде тұруға болмайды, жолды бөгейсiңдер" деп қояды. Бiз жолға шықпасақ, жолды қалай бөгеймiз?! Бiзге де жұмыс, ақша тауып, бала-шағаны асырау керек.

"ЗАҢДАСТЫРАЙЫҚ ДЕСЕК, ҚАРЖЫМЫЗ ЖЕТПЕЙДI"

"Алтын Орданың" маңайындағы көпшiлiкпен тiл қатысу оңай екен. Тiлшi екенiңдi айтып жатудың оларға түкте қажетi жоқ. Қастарына жақындап барсаңыз болды, балға үймелеген аралар сияқты өздерi-ақ, шүпiрлеп жаныңыздан табылады. Бiздiң де күткенiмiз осы емес пе? Жан-жағымыздан қаумалағандардың бәрiнiң ойында бiр-ақ нәрсе — жұмыс. Шындығында да, қасына таяп келген жандардың бәрiнен сұрайтыны да сол. "Жұмыс бар ма?". Бiз де қарап тұрмадық. "Қандай жұмыс iстей аласыз?" деп қарсы сұрақ қойдық. "Кез келгенiн. Аула тазалау дейсiз бе, отын жару ма, әлде үйдiң сыртын әктеу керек пе?" деп, жапа-тармағай жан-жағымыздан шуылдай жөнелiстi. Ә дегеннен-ақ, алқымнан ала түскен соң, қапелiмде не айтарымызды бiлмей, дағдарып қалдық. "Негiзiнде, жұмыс iстеткелi келгенiмiз жоқ. Жәй, сiздермен жақынырақ әңгiмелесейiн деп едiк" деп, күмiлжiңкiрей сөйлеп едiм, оларда бiзге бiртүрлi таңданыспен қарады. Әрине, күткен үмiттерi ақталмаған соң, олар құрдан-құр әңгiмеден не шығады дегендей, өздерiмен өздерi күбiрлесiп кеттi. Әйтсе де, жалма-жан iшiндегi егде тартқан жiгiт ағасының қасына жақындап: "Аға, қайдан келдiңiздер?" деп сұрадым. "Тәшкенттен"деп жауап бердi.

— Келгенiңiзге көп болды ма?

— Онша көп бола қойған жоқ.

— Отбасыңыз да осында ма?

— Әрине.

— Қайда тұрып жатырсыздар?

— Жақын маңнан пәтер жалдағанбыз.

— Қаншаға?

— Айына отыз мың төлеймiн.

— Мұнда тапқаныңыз пәтерақыңызды өтеуге жете ме?

— Кейде асып жатады, кейде жетпей қалады.

— Жасыңыз нешеде?

— Елуден астым.

— Көшi-қон полициясына келгенiңiзде тiркелдiңiз бе?

— Жоқ.

— Неге?

— Тiркелу үшiн, қарындасым ақша керек. Ал, менiң ондай ақшам жоқ.

— Соншалықты көп ақша қажет пе?

— Жүгiрiсi көп қой. Ақшаң болса, тез өткiзуге болады.

— Тiркелмесеңiз, мұнда тұру қиын ғой.

— Қиыны қиын. Қашып-пысып өмiр сүрiп жатырмыз.

— Қашқаны қалай?

— Өмiр болған соң, көндiгесiң де. Полицейлердiң төбесi көрiнгеннен жапа-тармағай қаша жөнелемiз. Олар кеттi-ау дегенде қайта шығамыз. Қашпағанда не iстеймiз? Ұстап алса, бiр-екi күн бойы ананы-мынаны бiр сұрап, әуре қылады. Екi-үш күнiмiз босқа өледi. Бел ортаға келгенде тоңқалаңдап қашып жатқаныма да арланам. Амал не? Үйдегi өрiмдей бала-шаға менiң аузыма қарап отырған жоқ па?

Айналадағылар "Құл базары" деп атап кеткен бұл маңайда тұратындардың көбi мигранттар. Тұрғанда, олардың көбi пәтер жалдайды. Жаздың жөнi бөлек, қаһарлы қыста аяқтан өткен сызбен бет қарыған ызғарда ептеп ұрттап алатын көрiнедi. "Күнұзаққа тұратын болған соң, үсiп қалмау үшiн солай iстеймiз. Iшкенде де, салып ұрып мас болып жатқанымыз жоқ. Жай, елу-жүз грамнан аспайды", — дейдi Рүстем есiмдi азамат. Мұнда тұратындардың көпшiлiгi Қарақалпақстаннан келгендер. Одан қалғандары қырғыз бен өзбек ағайындар. Бәрiнiң де айтатыны әлгiндей.

Таңның атысы, күннiң батысы, бiр күндiк нәпақа үшiн жолдың бойын күзеткендерге қандай жұмыс ұсынсаңызда қарсы емес. Жол бойынан арлы-берлi жүйткiген көлiктерге жаутаңдап тұратын мигранттарға да айып таға алмайсың. Кейде күнi бойы құрдан-құр босқа арам тер боп, тiрлiксiз қайтатын күндерi де жоқ емес. Қандай жұмыс болса да, бәрiбiр, ең бастысы, жұмыс табылса болды. Бiрақ, жас ортасынан асқанда, полицилерден қашып-пысып жүрген жандардың бейкүнә жүзiн көргенде жүрегiң қан жылайды екен. "Ең құрығанда ауылға барып, күн өлтпейсiздер ме?" десеңiз, "Ауылда да тiрлiк жоқ. Оған қарағанда үлкен қаладан нәпақа табу оңайырақ емес пе?" дегендi алға тартады.

Ресми деректер

Бүгiнде Алматы қаласына қарай ағылған шетелдiктер мен азаматтығы белгiсiз жандардың саны 47 пайызға артыпты. Мәдени шаһарға арнайы шақыртумен өткен жылы 59 мың шетелдiктер келiптi. Ал жеке шақырумен 154 мың адам келген екен. Одан бөлек қалада 25 мың шет ел азаматы заңды түрде еңбек етiп жатса, оның 109 алыс шетелдiктер көрiнедi.

Негiзi елiмiзде жүрген заңсыз мигранттардың ресми санын анда-санда атойлатып өтiп тұратын рейдтерден естiп-бiлiп қаламыз. Өткен жылдың аяғында Астанада құқық пен тәртiптi қамтамасыз ету, елiмiзде заңсыз жүрген адамдарды анықтау мақсатында "Мигрант" алдын алу операциясы өткiзiлдi. Осыған байланысты ҚР көшi-қон заңнамасын бұзғаны үшiн 1218 шетелдiк елден аластатылып, 23 қылмыстық iс қозғалған. Бұл ұсталғандары ғана, әлi тайраңдап жүргендерiнiң санында есеп жоқ. Ал ақпарат көздерiне иек артсақ, елiмiзге заңсыз келiп жатқан еңбек мигранттары 1 млн.-ға жетiп жығылады екен. Ал қазақ билiгi болса, қаңырап бос қалған ауылдарды "болашағы жоқ" деп танып, оларға жағдай жасаудың қажетi шамалы деп отыр. Соның салдарынан ауыл халқы топ-тобымен Алматы, Астана қалаларына шұбыруда. Ресми мәлiмет бойынша, өткен жылдың өзiнде 295 мың адам, яғни, халықтың 2 пайызы қалаға қоныстануға құлшыныс танытқан. Ал тағы да бiр ресми дерек ауылдан қалаға ағылғандардың саны бiр миллионға жуықтап қалды десе, тек өткен жылдың өзiнде жат жұрттан лек-легiмен келген сыртқы мигранттардың қатары 2 миллионнан асып кеттi дегендi алға тартады. Соған қарағанда бiз халықтың санын кiрмелердiң есебiнен көбейтетiн болдық-ау, сiрә.

P.S. Ал, "Время" газетi мынадай бiр қызық мәлiмет таратты. Аталған газеттiң үстiмiздегi жылдың 26-қаңтарындағы санында Петр Каламыциннiң "Черная прописка" атты мақаласы жарияланды. Онда Алматыда заңсыз мигрантты заңдастыру үшiн небәрi 30-40 мың теңгенiң жетiп жатқанын айтады. Автор ол үшiн артық тер төгiп жатпаған. Тек қолға түскен мәлiметтерге көз жеткiзу үшiн өзi заңсыз мигрантқа айналып, бiр аптаның iшiнде заңдастырудың куәсi болған.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ, Гүлзина БЕКТАСОВА