Күләш АХМЕТОВА: ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНАШЫРЫ ҚАЗАҚ ҚАНА

Күләш АХМЕТОВА: ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНАШЫРЫ ҚАЗАҚ ҚАНА

Күләш АХМЕТОВА: ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНАШЫРЫ ҚАЗАҚ ҚАНА
ашық дереккөзі
1470

"Қазақты жамандама, қазақ бала!

Халық қой қазақ деген аз-ақ қана ! Мәңгiлiк Ай астында, Жер үстiнде Қазақтың жанашыры — қазақ қана!" деп жырлаған қазақтың талантты ақын қыздарының бiрi – Күләш Ахметова. Қара шаңырақтың амандығы үшiн, Қазақ деген елдiң ұлы мұраты үшiн, Ұлы Жаратылыстың үйлесiмi үшiн жыр жырлап, адамгершiлiк тақырыбын қаламына арқау еткен ақын апамен Аналардың мерекесi қарсаңында әңгiмелескен едiк. — Күләш апа, Алматыны сағынып, қайта оралып жатыр екенсiз. Сұлу шаһарды қия алмадыңыз ба? — Бiз Алматыдан кеткен жоқпыз. Он жыл болды Қайырбек екеумiз жаз айында Алматы мен ауылдың екi ортасында жүремiз. Оның бәрi денсаулығыма байланысты. Буынның ауруын медицина тiлiнде "артрит" деп атайды. Буынның жаны, дауасы – ыстық күн екен. Ыстық күн де, ыстық құм да Жамбылда бар. Содан жаз болса болды, елге кетемiз. Үйiмiз болмағаннан кейiн, ағайынды жағалайтынбыз. Былтырғы жылы облыс әкiмi Бөрiбай Жексембин жағдайымызды түсiнiп, Тараздан үй берген. Жаздай, күздей сонда тұрдық. Таластың бойында ақ боз үй тiгiп, қымыз iшiп, Қаратаудың шертпе күйiн тыңдап, қара өлең жазып, өмiр сүрсе ғой деп армандаушы ем. Ол – бiрақ қиял, ақынның арманы. Қазiр ХХI ғасыр. Бiз бәрiмiз өркениеттiң өкiлiмiз Алматы сағынуға тұратын қала. Бүкiл көшелерiнде iзiмiз сайрап жатыр. О шетi мен бұ шетiн жаяу аралап жүрiп пәтер iздеген қазақтың бiрiмiз. Барлық көшесi таныс, бейнесi ыстық. Өткенiмiздi еске салады. Оның үстiне жауһар шаһарымыз жылдан жылға жарқырап келе жатыр. Алматыда өмiр сүру ғажап қой. Десек те, бiз жаз шыға Жамбыл жаққа барамыз. Ыстық күнге қыздырынып, ыстық құмды табанымызбен басу үшiн. — Мүмкiн сiздi Алматыға жетелеген қаламгерлердiң ортасы шығар. Сiз қалай ойлайсыз, ақын қыздарда әдеби орта бола ма? — «Әдеби орта» деген ұғым қазақтың ақын қыздарында әзiр болмайды. Келер ғасырларда болатын шығар. — Елдiң арасында көп жүресiз. Бүгiнгi қазақтың мұңы, дертi неде деп ойлайсыз? — Қазақтың мұңы бiреу емес, айналайын, дертi де жалқы емес. Елдiң мұңы өзiнше, қаланың қайшылығы басқаша.. Елге барсам, баяғы қазақтарды көре алмаймын. Көз көрген аға-жеңгелердiң бұрынғы қалпын сағынам. Олар өзгерген. Жалпы, ауылдың адамдары өзгерген. Үшарал деген ауылым бар. Өте мейiрбан, қонақжай, есiктерiн iлмейтiн, есiгiне құлып салмайтын бейбiт ауыл едi. Әнқұмар, жырқұмар, күй шертетiн, кездесе қалса бiр-бiрiне қазақы қалжың айтып тұратын, шат-шадыман қауым бүгiнде томаға-тұйық. Нарықтың екпiнiне шыдай алмай шырайы кеткен сияқты. Таластың жағасына, сұлу табиғатқа шығайын десең, ол бiреудiң жерi дейдi. Ауылдағының бiреуi озық, бiреуi тозық. Халық жайбарақат. Ширақтық жетiспейдi. Тек қуанатыным, тiл тазалығы бар. Сыңғырлап тұрған қазақтың тiлi — сол жақта. Тағы бiр қуанатыным, әжелерi бөпелерiн өсiрiп, бесiктерiн тербетiп отыр. Ал қаланың қайғысына келер болсақ, келгiншi көп, жат ықпал басым. Қазақ ұлттық тамырынан ажырап бара жатыр. — "Ауылдағы қазақты нарық билей бастапты" дедiңiз. Ұлттық санамызды тұрмыстың билей бастағаны емес пе бұл?… — Ауылдың балалары қала кезiп, базар жағалап кеттi, ақша табамын деп. Қалада бiр жұмақ бар екен деп кетiп жатады. Олардың бәрiне жұмақ қайдан болсын?! Ақша тапса артылдыра алмай, өздерi қылмысқа ұрынып, жататындары да бар. Ұлдарда береке болмаған соң, қыздарға не деп кiнә артасың. Арулар ондай жiгiттерге қалай тұрмысқа шығады?! Қазақ жалпы, қызына, баласына ие болған. Қалада мейрамхана, емхана, дәрiхана, банк, дүкен, т.б мекеме көп. Сол жерлерде қазақтың тұрмысқа шықпаған қыздары еден жуып жүргенiн көргенде қабырғам қайысады. Қазақ, қызын қара жұмысқа салмаған. Мынау тұрған Түркияның өзiнде даяшы қыздарды көрмейсiң. Ондай жұмыстарды жiгiттер атқарады. Бұл да шешiмiн күтiп тұрған мәселе. Жылына пәленбай жiгiт суға ағып кетiп жатады. Машина апаты деген сұмдық бар. Бұған түрлi қылмыстарды қосыңыз. Бiзде адамды сақтау деген басты құндылық болуы керек. "Жақсы отбасы — мемлекеттiң алтын қоры" дейдi. Кеше ғана естiдiм, Оңтүстiк Кореяда екi адам бiр-бiрiне қол жұмсаса, жиырма мың доллар айыппұл төлейдi екен. Бiз, айтқан сөздi тыңдамаймыз. «Көлiк жүргiзiп келе жатып, қалтателефонмен сөйлесуге болмайды» дегендi әлi ешкiм орындап жатқан жоқ. Адамның құқығын қорғау – басты мәселе. Ал дүниеге келген жас нәрестенi аман сақтап қалуымыз одан да маңызды. Аяғы ауыр әйелге бүкiл қамқорлық жасалуы керек. Ресейдiң халқы көп. Көп болса да, жөргекпұлға он мың доллар төлейдi екен. Биылдан бастап, бiзде де көп балалы аналарға қолдау көрсету дұрыс жолға қойылып отырған сияқты. Бiрақ, халықтың санын көбейтемiз десек, бұл көмектi тым болмаса, үш-төрт есе өсiрген жөн. Қалаларымыз көркейiп жатыр, бiрақ әлеуметтiк нысандар, емханалар мен перзентханалар көп салынып жатқан жоқ. Өмiрге перзент әкелетiн ананың аяғы ауыр болған күннен бастап, оған бүкiл жағдай жасалуы керек. Қай жерге қаралам, қай жерде босанам деген мәселе алдында тұрмаса деймiн. Бұл тарапта дәрiгерлердiң кәсiби деңгейi жоғары болуына жол ашылуы қажет. Мысалы, қанша адам шет- елдерге барып, емделiп қайтып жатыр. Жас нәрестелердi шетелге емдетудi екiнiң бiрiнiң қалтасы көтермейдi. Өзiмiздiң демографиямызды жақсарта алмай отырғанда, шетелге бала сату деген тiптi ақылға сыймайтын әрекет. Бұл Үкiметтiң шешетiн шаруасы десек те, әр адамның ары мен ожданының iсi. Ақша – ардан қымбат болмаса деймiн. Адамның денсаулығына, ұзақ жасауына барлық жағдай жасалуы керек. Шыбық шаншысақ, жерiмiзге шынар өседi ғой. Өзiмiз неге соның жемiсiн жемеймiз?! Қытайдан келiп жатқан жемiс-жидек пен азық-түлiкте есеп жоқ. Оның сапасына кiм кепiл? Өзiмiзде неге өндiрiс ашпаймыз?! Ауа, киiм, тамақ, бүкiл тұтынатын бұйымдарымыз экологиялық таза болуы керек емес пе? Аурудың неше түрi осыдан шығады. — Ұрпақтың тәрбиесiне мемлекет жауапты ма, әлде отбасы жауапты ма? — Ұрпақтың тәрбиесiнде — мемлекеттiң жауапкершiлiгi қандай болса, отбасының жауапкершiлiгi де сондай болуы қажет. Әр отбасы мемлекетiне көмектессе деп ойлаймын. Қазақ балаға бесiкте жатқанынан құлағына жақсы сөздердi құйып, шiлдеханасынан бастап, өскенге дейiнгi тойының бәрiн ақ тiлеумен өткiзiп отырған ғой. Ата-ананың айтқан сөзi ғана емес, ойы мен ниетi, тiлегi мен батасы да өте маңызды көрiнедi. Ғылым солай дейдi. Қазiр баланың тойы емес, үлкеннiң тойы көбейiп кеттi. Елудiң, алпыстың, жетпiстiң, сексеннiң тойы жиi өтедi. Сол тойлардың өткiзiлуiне қарсы емеспiн. Тек тойдың қазiргi үрдiсiне, сипатына қарсымын. "Құдай тойдан айырмасын!", "Жинағаның тойда шашылсын!" деген халықпыз. Бiрақ, той дегенiмiз даңғаза болмауы қажет. Қызметiңнен, жұмысыңнан қалып, желпiлдеп тойда жүресiң. Дүйсенбiден бастап, жексенбiге дейiн той өтiп жатады. Бiреу бес жүз, бiреу мың, бiреу екi мың шақырғанына мәз. Бәрi даңғаза. Қазақтың тамадаларындай тамада қай елде бар екен? Ойлы, талантты бекзаттарын емес, қайырмасы "алып қойыңыздан" келетiн заржақтарын айтамыз. Қазақтың тойының жаңа мәдениетi қалыптаспай жатыр. Ислам ғалымдары: "Туған күнге көп кiсi жинамаңыздар, ысырап болмасын!",— дейдi. "Уақыт – ақша" деп түсiнетiн шетелдiктер айтатын көрiнедi: "Қазақтар бiр бiрiнен уақытын аямайды екен" деп. Дұрыс байқаған деп ойлаймын. — Қазақтың есiктен төрге оза алмай келе жатқан мәселесiнiң бiрi — тiл. Тiлдiң дертi сiздiң де жаныңызды ауыртатын шығар… — Ауыртқанда қандай? Қазiр үш тұғырлы тiлдi айтып жатыр ғой. Егер үш тiлдi тең қойып, жалпыға мiндеттеп жатса, әзiрше аса құптай алмаймын. Барлық адамның қабiлетi де, басқа тiлге мұқтаждығы да бiрдей емес. Ал елiмiздiң келешегiн болжай отырып, мүмкiндiгiнше, үш тiлдi үйрене бергендерiңiз абзал деп жатса, қолдаймын. Өйткенi, елiмiзге бүгiн қытай кiрiп жатыр, ертең француз, бүрсүгiнi немiс кiредi. Мұның бәрi ағылшынша сөйлейдi. Жерiмiзде өмiр сүрiп жатқан бұл жатжұрттықтардың қазақ тiлiн меңгерiп кететiнiне сенбеймiн. Өйткенi, олардың, қаласа, ертең кете қоятын отандары бар. Сондықтан, бiз олармен сөйлесе бiлуiмiз қажет, ой пиғылын бiлу үшiн де. Немесе өзiмiз шетелге барсақ, қалай сөйлеспекпiз? Жаһандану жағдайында тiл бiлгеннiң артықшылығы жоқ. Қазақ халқы – талантты, қабiлеттi, тiлге жетiк халық. Бiлiмдi жастар қазiрдiң өзiнде бiрнеше тiл бiледi, үйрену қажет болса тағы үйренедi. Менiң бiр балам үш тiл бiледi, бiр балам бес тiлде сөйлейдi. Бiрақ, қазақ тiлiн таза сөйлейдi. Сондықтан, қазақ тiлiн мiндеттеу керек. Сол үшiн ұлттық идея, ұлттық саясат болуы қажет. Қазақ тiлiнiң өлмеуi үшiн әрбiр отбасы, әр қазақ жұмыс iстеуi керек. Бiздегi диоспараның да Отанға деген адалдығы осы тұста айқын көрiнуi керек. Әрбiр ата ананың сұранысына сай келетiн қазақтiлдi балабақшалар көптеп ашылуы керек. Қазақ баласы мектепте қазақша оқыса, ол ана тiлiнен ешқашан мақұрым қалмайды. Бiз – қазақпыз! Бабамыз — қазақ! Баламыз – қазақ! Үрiм-бұтағымызға шейiн қазақ болып қалуымыздың мықты кепiлi — қазақтың тiлi. Қазақтың тiлi — ұлттығымыздың жұлыны. Рухымыздың үнi. Қазақтың тiлi — қазақтың өзi. — Сiздердiң заманыңызда зиялылардың көбi балаларын орысша оқытқан жоқ па? — Оқытты. Оның себебi де жоқ емес едi. Бес-алты қазақ отырып, бiр орыс отырса, ол "орысша сөйлеңдер" деп дiкеңдейтiн. Былай қарасаң, оның қандай қақысы бар?! "Көп қорқытады, терең батырады" дейдi. Орыстар көп болды. Олар қазақша сөйлегенiңдi көтере алмай, басып тастап отыратын. Содан кейiн, "балам орысша оқымаса, қызмет iстей алмай қалар, көптiң алдына шыға алмай қалар" деп ойлаған да шығар. Ол — өткен шақ. Ендi бiз тәуелсiзбiз, өз жерiмiзге өзiмiз иемiз. Тiлiмiзден неге айырылуымыз керек. Осы жерде бiр шумақ өлеңiмдi айта кетейiн: Сен – қазақсың! Қазақ едiң туғанда! Онда, дүние тағылымынан үлгi ал да, Ата жұрттан, Ана тiлден айырылма, Төбеңде Күн, Төменде Жер тұрғанда! — Сiз жаһандануға қарсы емессiз бе? — Жаһандану сен екеумiздiң қарсылығымызға қарамайды. Ол басталып кеткен дүние. Рухани жағынан алып қарағанда, оның қауiптi дүние екенi рас. Әрбiр күштi, бай ел өзiнiң ықпалын жасағысы келедi. Жаһанданудың кезiнде жеке ұлт, жеке мемлекет әлгi айтып жүргенiмiздей бәсекеге қабiлеттi, қуатты әрi бай болмаса, мұхиттағы қайықтай тәлтiректеп кетедi. Батып кетуi де мүмкiн. Батып кетпеу үшiн, әлемдiк қауымдастықтағы орның мызғымайтын берiк болуы үшiн басқаның сенiмен, сенiң мәдениетiңмен санасатындай жағдайың болуы керек. Жерiң, суың, байлығыңды мойындатумен бiрге тiлiңдi, дiлiңдi, дiнiңдi, дәстүрiңдi құрметтете алатындай қасарысқан рухың, қаймықтырған бiрлiгiң, қаһарман қолың, жер қайысқан саның болуы керек. — Күләш апа, имандылық, адамгершiлiк туралы да жиi айтып жүретiнiңiздi бiлемiз. Бүгiнгi қазақта иман бар деп ойлайсыз ба? — Қазақтың да қазағы бар. Адам имансыз болып тумайды. Туғанда бәрi бiрдей болып туады. Бәрiмiз бiр жердi басамыз, бәрiмiз бiр аспанды көремiз. Бiр ауадан демаламыз. Дегенмен, тәлiм тәрбиенiң орны бөлек. Тәртiп те, тән тазалығы мен жан тазалығы да – иманнан. Мүмкiн мектептерде арнайы "Ислам қағидаттары" пәнiн енгiзу қажет шығар деп ойлаймын. Ең болмаса, Алладан қорқу дегендi ұғынып өсер едi. Менiң әжем; "Алла, Алла" дегендi аузынан тастамайтын. Ол кезде мұншалықты әдiлетсiздiк пен қатыгездiк дегендi бiлмеушi едiк. Әр заманның өзiнiң әдiлетсiздiгi, қарама-қайшылығы болмай тұрмайды. Бiрақ, адамгершiлiк құндылықтар –мәңгiлiк. – "Жаратқанның кемелдiгi кiтапта. Таланттардың тереңдiгi кiтапта. …Ғарыш жақтың ғаламаты кiтапта, Адамзаттың аманаты кiтапта…" деп жазған екенсiз.. Қазiр не оқып жүрсiз? — Соңғы кезде қолыма тиген, шетiнен оқып жатқан кiтаптар Фетхуллаһ Гүленнiң "Ғаламның рақым нұры" деген кiтабы, Сауытбек Әбдiрахманов құрастырған "Поэзия антологиясы", Элен Файнштейннiң "Анна Ахматова" туралы жазған жаңа ғұмырнама кiтабы… Сондай-ақ, өткен жылы мерейтойыма келген азын-аулақ сыйлықтардың арасында Имам әл-Бұқаридың, "Жеке тұлғаның әдептерi" атты таңдаулы хадистер жинағы жүр екен. Кезiнде кiм әкелгенiн байқамай қалыппын. Кешiрiм сұрай отырып, сол адамға зор алғысымды бiлдiремiн. Әр үйде тұруға, оқылуға тиiс құнды дүние. Жас ұрпақтың бойында кiтап оқудың мәдениетiн қалыптастыру, бүгiнгi таңда аса маңызды деп ойлаймын. Кiтапханашылардың еңбегiн бағалаймын. Осы орайда Республикалық Ұлттық академиялық кiтапхана директоры Роза Бердiғалиқызының руханиятымызға көп жылдан берi жан-жүрегiмен қызмет етiп келе жатқанын атап айтқым келедi. Сол кiтапханадағы Сағира Қанахина, Нұрғайша Бейсенбаева ханымдардың да оқырман талғамын қалыптастырудағы еңбектерi ерекше. — Көп кештерде, жиындарда көрiнбейсiз… — Соған кейде мүмкiндiгiм болмай қалады. Негiзiнен шақырған жерден қалмауға тырысамын. Жуырда өткен Әзiлхан ағаның 85 жасқа толған мерейтойына ауа-райының қолайсыздығына байланысты бара алмадым. Әзiлхан Нұршайықов — Алланың берген бүкiл нығметтерiн қадiрлеп, уақытты, табиғатты, адамды шынайы әспеттей бiлетiн үлкен жүректi қаламгер. Асыл ағалар алдымызда жүре берсiн. Жастар үлкен кiсiлердi құрметтей бiлсе екен, тiптi, солардың өмiрде болғаны үшiн…Үлкендi құрметтеу – үлкен мәдениеттiлiктiң, әдептiлiктiң белгiсi. Халқымыз оған көп мән берген. Адамның өмiр жасының ұзаруы да тiкелей осыған қатысты. Қазақтың бiрiнiң көзiне бiрi күл шашуы қасiрет. Қазақты сүю — қазаққа парыз. — Қазiр бiзде қазақи, дәстүрлi сыйластықтан гөрi, рушылдық мәселесi көп айтылып жүр. Бұған сiз қалай қарайсыз? — Рулық ауруға айналып кеттi дегенге мен сенбеймiн. Топтық, лауазымдық, қызметтiк мүдделер бар деп ойлаймын. Өзiң ойлашы, үлкен компанияның басшысы болса, сол басшының сен қарындасы болсаң, сенi ала ма, жоқ төрт-бес тiлдi бiлетiн мықты экономистi немесе бiлiктi заңгердi ала ма жұмысқа? Әрине, кәсiби деңгейi жоғары iскер адамды алады. Мейлi руы түгiл, ұлты бөлек болса да… Қазiргi кездегi жанталас ақша үшiн, билiк үшiн жүрiп жатыр. Уақыт өте келе, ұлттық мүдде, мемлекеттiк мүдде алға шығады. Бiрақ, руды жоғалтпау керек. Ол қазақтың тұтастығы үшiн қажет. Тегiңдi таза ұстауға пайдасы бар. Бiздiң жерiмiз сонша кең болған соң, руға бөлген бе екен бабаларымыз, кiм бiлсiн?! Байтақ жерiмiзде тiлiмiздiң жоғалмауына оның оң әсерi тиген шығар. Солтүстiктiң қызы оңтүстiкке, батыстың қызы шығысқа ұзатылып, аралас-құралас боп жатқан. Құда-жегжат, өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты деп бiрiн-бiрi қадiрлейтiн халықтың ынтымағы мықты болған. Ал қазақтың бiрлiгi, тұтастығы — қасиеттi iс. Егер әртүрлi тiлде сөйлесе, әртүрлi мүддеге қызмет етсе, әртүрлi дiнге бөлiнсе, оның үстiне, рушылдық ауруына бой алдырса, Айдың, Күннiң аманында қазақ тұтастығынан, бiрлiгiнен айырылады деген сөз. — "Қазақтың әнiн, жырын, күйiн сағынам" дейсiз. Бүгiнгi қазақ эстрадасын тыңдап жүрсiз бе? Қазақ әндерiнiң мәтiнi көңiлiңiзден шыға ма? — Бiз ұлттық музыкамызбен, халық әндерiмен, күйлерiмен мақтана аламыз. Бiрақ қазiргi қазақ эстрадасы менiң жүрегiме жақындамайды. Қолым боста теледидардың бүкiл арналарын аралап, қазақша дүниелер iздеймiн. Елу төрт арнадан екеуi ғана қазақша сөйлеп жатады. Елу төрт арнаның елуi қазақша сөйлейтiн заман келер ме екен?! Ұлт зиялылары бәлкiм сонда ғана тыныш ұйықтай алатын шығар. Ал қазiргi әндердiң мәтiнi дегенге келсек, "апама жездем сай" дегендей. — Алдағы шығармашылығыңызда қай тақырыпта жазуды қалайсыз? — Қазiр имандылық, адамдық, адамгершiлiк туралы жазғым келедi. Адамзаттың жаратылғалы бергiсi қасиеттi кiтабымыз Құранда жазылған. Өлең деген ғарыштан, Алладан келетiн дүние ғой. Киелi мiндеттi қалай жүзеге асыра алдық деп кейде мазам кетедi. Бiз бiр идеологияға байланып қалдық. Әрi бiздi дiннен бөлек ұстады. Мемлекеттiң есiк-терезесi жабық болды. Осы жағынан алғанда, қазiргi жастарымыздың көңлi-көкжиегi өте кең. Бiз жазбағанды солар жазады. Адамзат болған жерде өлең де болады. "Өлең сөздiң патшасы" деп Абай хакiм дұрыс айтып кеттi. Одан асырып айта алмайсың. Қазақ та қатырып айтқан: "Сөздiң жаны бар" деп. Сондықтан, бiздiң сөзiмiз халықтың үнiн, жүрегiндегiсiн көркем, әрi дұрыс жеткiзе бiлуi — сын да, сынақ та. — "Мүмкiншiлiгiм жетпей жатады" дейсiз. Мүмкiншiлiгiңiз болса, ең әуелi не iстер едiңiз? — Арманымның кiшiсiн айтайын ба, үлкенiн айтайын ба? — Орташасын… — Кенеттен байып кетсем, бау-бақшалы гүлзарлы жеке үй сатып алар едiм. Туған ауылымдағы әке-шешемнiң көзiн көрген кiсiлерге көмек берер едiм. — Сiздiң "Күн шыққанда күлiп оян!" деген сөзiңiз мәтелге айналып кеттi десе де болғандай… — Бұл менiң 1996 жылы шыққан кiтабымның аты. Қазiр бұл сөздiң Қазақ радиосының хабарларында, елдiң аузында жүргенi рас. Бұл атауды алуыма себеп болған қызым Жазираның үшiншi сыныпта маған жазған құттықтауындағы сөздер едi. Қызымның: "Мама, туған күнiңмен құттықтаймын! Әр таң сайын қуанып оян!" деген сөзi қатты ұнаған едi. Сол сөздi қайталап жүрiп, "Күн шыққанда күлiп оян!" дегендi кiтабыма пайдаландым. Былтыр қолыма жапон ғалымы Кацудзо Нишидiң, "Денсаулық философиясы" атты кiтабы түстi. Сол кiтапта жазушы Татибана Акэмидiң: «Как хорошо, Когда, на рассвете проснувшись, Выглянешь в сад- И увидишь вдруг, что бутоны Превратились в цветы на вишне" деген өлеңiн келтiредi де, былай деп жазады: "Проснувшись, улыбнитесь! Улыбнитесь с благодарностью и любовью окружающему вас миру, он ответит вам тем же". Мен осы үндестiкке қуандым. Бұл ой одан бұрын да талай айтылған шығар…. Жалпы, жапон поэзиясын сүйiп оқимын. — Күләш апа, "Әйелдер күнiн" тойлауға қалай қарайсыз? — Мереке, мейрамның бәрi жақсы ғой. Мен бұл күндi аналар күнi деп атауды ұсынар едiм. Ақ жаулықты әжелер мен аяулы аналар атаулы мейрамға әбден лайық. "Құрметтесек, ананы құрметтейiк!"

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары