АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДI

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДI

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДI
ашық дереккөзі
258

2008 жылдың 28 ақпанында Қызылорда облысы Жалағаш ауданының маңында қайғылы оқиға болды. Облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған жалпы саны 18 адам мiнген МИ-8 тiкұшағы апатқа ұшырап, осының салдарынан 5 адам қаза тапты. Облыс әкiмi оңтүстiк аймақтағы қандастарымызды әбiгерге салған топан судың Қызылорда жұртшылығына да қауiп төндiрмеуi үшiн алдын алу шараларын қарастыру мақсатында жоғарыдан бақылау жасауды ұйғарған екен.

Өкiнiшке қарай, аспанда сыр берген әуе кемесi 50-60 метр биiктiктен құлдилай кеп құлап, ортасынан қақ бөлiнген. Орыстар дәл осындай МИ-8 тiкұшағын 9 жылдан берi қолданыстан шығарып тастаған көрiнедi. Ал Қазақстанда қолданыстан тамыз айында шығарылуы тиiс МИ-8 – 5 арысты жалмап үлгердi…

Оқиғаға байланысты ресми мәлiмдеме жасаған ҚР Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр Божко апаттың басты себептерiнiң бiрi техникалық ақауларға байланысты екендiгiн жеткiздi. Ал онымен кездескен ресейлiк әрiптесi Шойгу Ресейде МИ-8 тiкұшақтарының осыдан 9 жыл бұрын қолданыстан шығарылғанын айтты. Ал бiздiң министрлiк мұндай тiкұшақтардан үстiмiздегi жылдың тамызында бастартқалы отырған екен. Өкiнiшке қарай, тозығы жеткен әуе кемесi 5 арысты жалмады. Отандық БАҚ қайғылы оқиғадан бiрнеше адамның Жалағаш аудандық және Қызылорда облыстық ауруханаларына жеткiзiлгенiн және бiрнеше адамның ауыр халде жатқанын хабарлаған болатын. Арада апта өттi. Қызылорда жақтан бiр хабар алу мақсатында облыстық әкiмдiкке қоңырау шалдық. Бiз ең алдымен адамдардың амандығына алаңдаған едiк. Өткенде әкiмшiлiктегi қызметкерлер Мұхтар Құл-Мұхамедтiң жеңiл жарақаттанғанын және оның өз денсаулығына емес, жанында болған өзгелердiң жағдайына алаңдайтынын жеткiзген. Бiздiң сауалдарымызға жауап берген Қызылорда облыстық iшкi саясат басқармасының жетекшiсi Әлия Мұхаметжанова ханым: "Дүйсенбi күнi облыстық әкiмдiктiң селекторлық кеңесi өттi. Сонда ресми мәлiмдеме жасаған облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Жүсiпов Бейбiт Ғазизұлы облыс әкiмiнiң жағдайы жақсы екендiгiн және ауруханадан шығуға ниеттенгенiн айтты. Алайда дәрiгерлер тағы бiр апта бақылауда болуға шешiм қабылдап, рұқсат етпеген" дедi.

Қызылорда облыстық ауруханасына түскен 11 азамат өткен аптада жансақтау бөлiмiнен жалпы режимдегi палаталарға ауыстырылды. Олар да тәуiр бола бастады". Әкiмдiк қызметкерiнiң айтуынша, қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуге мүдделi халық арнайы ашылған есепшотқа ақша аударып жатқан көрiнедi. Сонымен қатар Ә.Мұхаметжанова ханым басшылық ететiн Облыстық iшкi саясат басқармасының қызметкерлерi де 1 күндiк жалақыларын қайырымдылық көмек ретiнде есепшотқа аударуға шешiм қабылдаған.

Апат болған күнi Астанадан ҚР Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiк өкiлдерiмен бiрге дәрiгерлер келiп, зардап шеккендердi тексеруден өткiзген.

Оңтүстiк өңiр халқын әбiгерге салған топан су басу қаупi Қызылорда облысының жұртына да төнiп тұр. Әсiресе, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған және Шиелi аудандарының халқының құлағы түрiк отыр. Осы мәселеге байланысты қойылған сауалға Ә.Мұхаметжанова ханым: "Барлық алдын алу шаралары мен дайындық жұмыстары атқарылу үстiнде. Облыстың қарамағындағы Жаңақорған ауданының маңындағы Көктөбе деген елдiмекенге су үстiмiздегi жылдың 6 наурызында келедi деген болжам бар. Қызылордаға 12 наурызда келедi. Қазiргi таңда Жаңақорған ауданында 10 тонна жарылғыш зат дайын тұр. Мұздың қалыңдығы — 25 сантиметр. Қажет болған жағдайда, яғни, мұз өздiгiнен ерiп кетпесе, дайын тұрған жарылғыш заттар пайдаланылады. Бүгiнде дарияға сағатына 500 текше метр су құйылуда. Дүйсенбiдегi кеңесте Бейбiт Ғазизұлы 500 текше метрдi 400 текше метрге түсiруге қатысты Үкiметпен келiсiмдер жасалынып жатқанын және Қызылорда облысының халқына судың зиян тигiзбей, өтiп кететiнiн айтты" дедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары