КОСОВО ТӘУЕЛСIЗДIК АЛА МА?

КОСОВО ТӘУЕЛСIЗДIК АЛА МА?

КОСОВО ТӘУЕЛСIЗДIК АЛА МА?
ашық дереккөзі
497

Санаулы күндерден кейiн дербестiкке ұмтылған Косовоның тағдыры шешiлмек. Екi апта бұрын Сербиядағы президенттiк сайлауда тағы да жеңiске жеткен Борис Тадич елдi Еуропалық Одаққа қарай жетелеуге уәде берген. Бiрақ алда бiраз жылдан берi талайдың бас ауруына айналған жер дауы, яғни, Косовоның азаттығы туралы мәселе тұр.

Президенттiк таққа таласта 98,8 пайыз бюллетеннiң 50,57 пайызын иемденген Борис Тадич жеңiске жеттi. Оның радикалдық бағыттағы қарсыласы – Томислав Николич 47,71 пайызбен сайлауда жеңiлiске ұшырады. Халықаралық сарапшылар Тадичтiң жеңiсiн дауыс берушiлердiң оған бүйректерi бұрғандығымен емес, керiсiнше, Ресеймен бiрiгуге ұмтылған диктатор Николичтiң қаһарынан қорыққандығымен байланыстырады. Саяси науқандағы жарыс аяқталған секiлдi көрiнгенмен, сайыс ендi басталды. Өйткенi, Батыс сербтер елiндегi сайлау демократиялық қағидаларға сай өткiзiлген жағдайда, Сербияны Еуропалық Одақ құрамына қабылдауға қарсылық танытпайтындығын мәлiмдеген. Қарсыласын жеңген Тадич президенттiк таққа қайта отырысымен, кәрi құрлықтың байырғы тұрғындарының көңiлiн табуға кiрiстi. Ең басты талаптардың бiрi – Косовоны азат ел ретiнде тану. Басы дауға қалған Косово бүгiнде БҰҰ басқаруында. 1999 жылы АҚШ әскерилерiмен бiрге НАТО сарбаздары аймақтағы серб әскерлерiн албандықтар құқығын аяққа таптады, жауыздық әрекеттерге барды деп айыптап, Косоводан қуып шыққан едi. Ал территориясының 15 пайызы дауға қалған Белград керiсiнше, Косовоның егемендiк алуына қарсы. Сербтердiң қолтығына су бүрiккендер саны әзiрге Ресеймен шектелiп тұр. ЕО-ға төрағалық етушi ел – Словенияның премьер-министрi Янса сербтер жерiнде өткiзiлген сайлауға көңiлi толатындығын жеткiзе келе, сайлаудың демократиялық талаптарға сай болуы Сербияның Еуроодаққа мүшелiкке өтуге деген құлшынысын бiлдiретiнiн айтты. ЕО келесi жылы Албаниямен бiрге Югославияның құрамында болған Босния, Хорватия, Сербияны, сондай-ақ, Герцеговина, Македонияны одақ құрамына алуға ниеттенiп отыр. Әзiрге Белградқа ЕО тарапынан қойылып отырған басты талап: бұрынғы Югославиядағы әскери қылмыс жасады деп айыпталғандарға iздеу салуда, оларды тұтқындауда серiктес болу. Мүшелiкке өту туралы келiсiмшарт босниялық сербтер Ратко Младич пен Радован Караджич тұтқынға алынған күнi басталмақ. Әзiрге егемендiкке ұмтылған Косовоның да шекесi қызып тұрған жоқ. БҰҰ өкiлдерi аймақта жемқорлық дендегенiн, билiктiң коррупцияға қарсы тұруға дәрменсiздiгiн, сыбайлас жемқорлықты құрықтауға қатысты заңның солқылдақтығын сынға алады. Сербияның оңтүстiк бөлiгiндегi Косовода албандықтар саны басым. Санаулы күндерден кейiн егемендiгiн жариялағалы отырған Косово – бұрынғы Югославия республикасы ыдырағаннан кейiн және 1990 жылдардағы қантөгiстен соң пайда болатын жетiншi мемлекет. Сербтердiң қатты қарсыласуының негiзгi себебi, бiрiншiден, 15 пайыз жерден айырылса, екiншiден, Косовоны олар рухани отаны санайды әрi көптеген ұлттық ескерткiштерi осы аймақта орналасқан. ЕО-ға мүше елдердiң басым бөлiгi Косовоның тәуелсiздiгiн құптағанмен, Ресей қолтығына су бүрiккен Сербия аймақтың бостандық алуына қарсыласып бағуда. Еуроодақ Балқан түбегiндегi тұрақтылықты қамтамасыз етуде аса маңызды ел саналатын Сербияны егер қойылған талаптарды орындаса, мүшелiкке алуға әзiр. Ал Кремль әлемдiк саяси сахнаға ықпал етуде жақтастарын көбейту үшiн Сербияны қолдап отыр. Орыстар БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнде косоволық егемендiкке вето жариялап үлгердi. Оның үстiне, егер Косово бостандық алса, жер дауын шешудiң кезегi қазiрде қантөгiстер мен қанды қақтығыстар орын алған Шешенстанға келуi бек мүмкiн. Өткен аптада ресми Германиядағы iссапар барысында Мәскеудiң атынан сөз алған Иванов Косовоның тәуелсiздiгiне Ресейдi үзiлдi-кесiлдi қарсы екендiгiн тағы жеткiздi. Кремльмен "сәлемi түзу" Коштуница Косовоның тәуелсiздiктi жариялау туралы жоспарын жүзеге асырмаудың жолдарын қарастырып қойыпты. Кедергiлер Белград жақтан берiлетiн ауызсуды, жарықты тоқтатуға қатысты. Премьер тiптi, Косовоны егемен ел ретiнде таныған мемлекеттермен дипломатиялық қатынасты үзуден де бас тартпайтын көрiнедi. Әрине, Тадич Косовоның бөлiнуiн қолдамаса да, Коштуницаның жоспарын құптап отырған жоқ. Сарапшылар пiкiрiнше, елдегi саяси дода мәресiне жеткенмен, косоволық жер дауына қатысты саяси күрес ендi басталды. Кейбiр сарапшылар Коштуницаның радикалдармен коалициялық үкiмет құруы мүмкiн екендiгiн көлденең тартады. Егер премьер осындай қадамға барса, елдегi саяси ахуалдың ушыға түсерi айқын. Саяси күрес мамыр айындағы кезектен тыс жергiлiктi сайлауда белең алмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары