ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДЕРБЕСТIК
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДЕРБЕСТIК
Үстiмiздегi жылы энергетикалық мәселелерге баса назар аударылады. Бұл туралы халыққа Жолдауында Президент мәлiмдедi. Демек, биыл энергетика саласына тартылатын инвестиция көлемiн арттыруға, Қазақстанды әлемдiк нарықты энергоқормен қамтамасыз етуге қабiлеттi ел ретiнде танытуға, тасымалдық жолдарды жан-жақты қарастыруға көбiрек көңiл бөлiнбек.
Кейiнгi кездерi "Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Өзбекстан сияқты орталықазиялық аймақтағы елдердiң әлемдiк энергетикалық салада атқаратын рөлi қандай?" деген сауалға отандық мамандар ғана емес, халықаралық сарапшылар да жиi жүгiнетiн болды. Өйткенi, сұраныс пен ұсыныстан құралатын нарық заңы осыны талап етедi.
ҚР Президентi Н.Назарбаев Жолдауының басым бөлiгiн әлеуметтiк және экономика саласына арнады. Шикiзаттық емес салаға салынатын салық көлемiн қысқартып, керiсiнше, шикiзат өндiру саласына қатысты салықты арттыру керектiгiн айтқан Н.Назарбаев: "Мұнай мен газ саласының негiзгi тармағы – мемлекеттi халықаралық мұнай және энергетикалық нарықтағы ықпалды да жауапкершiлiктi қатысушы ретiнде айқындау. Ол үшiн бiз стратегиялық тұрғыда аса маңызды саналатын энергетикалық салаға мемлекеттiк ықпалды күшейтемiз" дедi. Ұлттық құндылықтар мен мемлекеттiк мүдде тұрғысынан шешiм қабылдауға баса назар аударған қазақ билiгi әлемдiк нарықтағы ахуалды ескерiп отырғаны айқын. Былтыр венесуэлалық президент Уго Чавес "мұнай бағасы 100 долларға жетедi" деп болжағанда, оның сөзiне сенгендер кемде-кем болатын. Бiрақ баға 100 саны жазылған "көк қағазға" жеткенде, "комендантеның жан досының" болжамын ерiксiз еске түсiрдi. Венесуэланың рухани көсемi Батыс пен АҚШ-қа "көресiнi әлi көресiңдер, мұнайдың бiр баррелi 200 долларға жетедi" деп кiжiнудi ұмытпады. Бүгiнгi таңда күн тәртiбiне "әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқыны" тiркесiмен бiрге "энергоқорларды тасымалдау жолдарын диверсификациялау", "мұнай мен газ бағасы" және "көмiрсутектердiң әлемдiк саясатқа ықпалы" деген мәселелер шықты. Тегiн емес, әрине. Өйткенi, "аққу – көкке, шортан – көлгенiң" керiн келтiрген әр мемлекет өзiнiң ұлттық мүддесiн көздейдi. Халықаралық сарапшылар сөзiне сенсек, биыл "көгiлдiр отын" мен "қара алтын" сұраныс көлемiнен артық өндiрiлмейдi. Тұтынушылық сұраныс көлемiне сай шығарылмақ. Бұл мұнай мен газдың нарықтық бағасының жоғары болуына әсер ететiн көрiнедi. Басқаша айтқанда, көмiрсутектерге кiндiгi байланып қалған ғаламдық экономика неғұрлым ширыққан сайын баға саясаты да соғұрлым күрделене бередi. Сарапшылар болжамы алдағы үш-төрт жылдың көлемiнде мұнайдың бiр баррелi 90-100 доллардың ортасында болатынын айтады. Апта басында халықаралық нарықтағы "қара алтынның" бағасы тағы көтерiлiп, 93 долларға жеттi. Мұнай шикiзатының тапшылығын табиғи ресурстарға бай кейбiр орталықазиялық елдер де сезiнуде. Мысалы, апта басында Тәжiкстанда жанар-жағармайға деген тұтынушылар сұранысы толық қанағаттандырылмады. Тәжiктердi мұнаймен қамтамасыз етуге тиiс Түркiменстанның iшкi нарығындағы тапшылықтың орын алуының салдарынан. Ресми Ашхабад осы аптадан бастап жанар-жағармай бағасын өсiрдi. Бұған дейiн 400 манат тұратын бензин қазiр 1000 манатқа дейiн өстi. Ресей мен Украина арасындағы энергоқорлар дауы қайта өршитiн түрi бар. Егер Киев Мәскеуге қарызын қайтармаса. Дүйсенбi күнi кремльдiк монополист компания – Газпром егер украиндар газға тиесiлi берешегiн қайтармаса, "көгiлдiр отыннан" қағылатынын айтты. Осыдан екi жыл бұрын бағаға қатысты туындаған дауда орыстар укриандарға бағытталған құбырдың шүмегiн тас бекiтiп тастаған едi. Қыстың көзi қырауда жылу мен жарықсыз қалған Киев келеңсiздiк қайталанбас үшiн немiстердiң Deutsche Bankiнен несие алуға талпынуда. Қытай, орыс, түркiмен, әзiрбайжан мен өзбектердiң көмiрсутегiн тасымалдауда күретамырға айналғалы отырған Қазақстанда жанар-жағармай құнының шарықтауы былтыр-ақ байқалған. Көп кездесулердiң бiрiнде вице-премьер Шөкеев жанар-жағармай нарығындағы ахуалды алыпсатарлар ширықтырып отырғанын, яғни, бағаның алдын ала келiсiмдерге сәйкес өсiрiлгенiн, бiрақ "жұмыртқадан жүн қырқатын" "пысықайлардың" үкiметтiк деңгейде тезге салынатындығын мәлiмдеген. Бiрақ жанар-жағармай бұрынғы қалпына түскен жоқ. Мамандар әлемдiк нарық туралы сөз қозғағанда, алдымен дамушы елдердi, әсiресе, Қытай мен Үндiстанды басты назарға алады. Экономикалық тұрғыда ерекше қарқынмен дамып келе жатқан екi елдi энергетикалық қормен қамтамасыз ететiн – Иран. Оған африкалық елдердiң кейбiрi үлес қосады. Сондай-ақ, Парсы шығанағы да үндiлер мен қытайларды газ және мұнаймен тұрақты түрде қамтамасыз етуге қауқарлы. Ал Орталық Азия елдерi әлемдiк нарық үшiн тек баламалы энергоқор көзi ретiнде саналады. Өйткенi, әлемдiк нарыққа бастар жолда техникалық және қаржылық мүмкiндiктер шектеулi. Соңғы кездерi Еуропалық Одақтың Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстанмен дипломатиялық қарым-қатынасқа ерекше көңiл бөлуге ұмтылуының астарында мұнай мен газға деген қызығушылық жатқаны анық. Посткеңестiк елдердiң мол байлығын әлемдiк нарыққа шығаруға Еуроодақ көмектесетiн болса, қазақ, әзiрбайжан, өзбек пен түркiменнiң "көгiлдiр отыны" мен "қара алтыны" батыстық елдердi көмiрсутегiлермен қамтамсыз етудi жүйелi түрде жолға қояды. Энергоқорлар тасымалын дербестендiруге мүдделi ЕО кәрi құрлық шекарасын бетке алатын мұнай және газ құбырларының құрылысына қатысты жобаларды инвестициялауды қолға алады. Бұған дейiн ЕО-ның Набукко сияқты басқа да газ және мұнай құбырларына қатысты бастамаларын сынға алғандар көп болатын. Үмiтiнен гөрi күдiгi басым бұл жобаларды Еуропа жүзеге асыруға мүдделi әрi мәжбүр. БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiндегi Иранның ядролық бағдарламасына қатысты туындаған дау, Африканың мұнай мен газға бай елдерiндегi саяси тұрақсыздық, посткеңестiк елдердiң табиғи ресурстарын әлемдiк нарыққа өз аумағы арқылы шығарып, әлемдiк саясатқа ықпал етудi көздейтiн Кремльдiң кесiрлiгi, Түркия мен Ирактың шекарасындағы күрд содырларының ойранынан бастау алған саяси тартыстар сияқты жайттардың барлығы энергетикалық қорларды тасымалдайтын балама жолдардың неғұрлым көп болғанының тиiмдiлiгiн дәлелдейдi.
Орталық Азиядағы "қара алтынның" кенiне бай Қазақстан биыл мұнай өндiру көлемiн арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы өткен аптада энергетика министрi Сауат Мыңбаев мәлiмдедi. 2007 жылы 67,5 млн. тонна көмiрсутегiн өндiрген Қазақстан бұл көрсеткiштi үстiмiздегi жылы 69-70 млн. тоннаға дейiн жеткiзбек. Ал өңделетiн шикiзат көлемi 500 тоннадан 12,5 млн. тоннаға дейiн өсiрiледi. 2017 жылға қарай жылына 150 миллон тонна "қара алтын" өндiретiн Қазақ елi көмiрсутегiн өндiретiн елдердiң алғашқы ондығына iлiнудi жоспарлауда. Теңiз бен Қашаған кен орындарындағы мүмкiндiктi пайдалана отырып, өнiм көлемiн арттыруды көздейтiн ҚР Үкiметi соңғы кездерi ұлттық мүдделер ауқымында шешiм қабылдауға ден қойып жүр. 2008 жылдың басында бiздiң билiк қашағандық жобада мемлекеттiк үлес көлемiн 18,6 пайызға дейiн арттыруға қол жеткiзгенмен, Agip KGO консорциумының акционерлерiн кен орнында өңдеу жұмыстарын тез арада бастауға көндiре алмады. Келiсiм бойынша, өндiрiстiк жұмыстар 2011 жылы басталмақ. Есесiне, Жер шарындағы көмiрсутегiге бай мемлекеттер шикiзатты барынша молынан өндiруге жанталасуда. Былтыр Америка мұнай тасымалдаушы елдерден құралған ұйым – OPEC-тен мұнай өндiру көлемiн арттыруға қатысты өтiнiш айтқанда, аталған ұйым ұсынысты қанағаттандырмай тастаған болатын. Алайда, мұнайы мен газына өзi би, өзi қожа жекелеген мемлекеттер кен орындарын барынша молынан игерiп, содан пайда табуды көздейдi. Халықаралық сарапшылар 2008 жылы мұнай тасымалдаушы елдердiң кiрiсi барынша ұлғаятынын айтады. OPEC-ке мүше елдердiң 1998 жылы сатқан мұнайы 110 млрд. баррельмен шектелсе, бұл көрсеткiш 2006 жылы 11,7 миллиардқа жеткен. Көршiлес орыстар елi осыдан екi жыл бұрын "қара алтыннан" 300 млрд. доллар пайда түсiрсе, былтырғы кiрiсi 425 млрд. доллардан асып түскен. Халықаралық нарықтағы энергетикалық қорлардың өндiру көлемi негiзiнен Үндiстан мен Қытайдың сұранысымен өлшенедi. Мемлекеттiк саясаттың ұлттық мүдделерден құралатынын ескерсек, мұнай мен газды сырттан таситын елдердi соңғы бiр-екi жылдықта жиi толғандырып жүрген "тасымалдаудағы тұрақтылық" мәселесi биыл да бiраз әбiгерге салмақ. Табиғи ресурстарын саяси ахуалға ықпал ету құралы ретiнде пайдалануға тырысатын Иран, Ресей, Сауд Аравиясы мен Венесуэла АҚШ-тың саясатына қайшы келетiн әрекеттерге жиi барып жүр. Өткен аптада Венесуэла президентi Уго Чавес Ақ Үйдiң саясатын тағы да сынға алып, мұнайды тоқтатып тастаймын деп кiжiндi. Егер Чавес мұндай әрекетке шынымен барса, олардың "қара алтынына" зәру америкалық қоғам кәдiмгiдей қиналып қалады. Бұған дейiн Құрама Штаттарды, Жапония мен Батыс Еуропаны жылу мен жарықпен ешқандай наразылықсыз қамтамасыз етiп келген OPEC-ке мүше елдердiң кейбiрi саясаттың белдi де беделдi мүшесiне айналуға ұмтылады. Парсы шығанағындағы, Ирак пен Иран төңiрегiндегi, Америкаға наразы Венесуэладағы, соғыстан көз ашпаған африкалық елдер мен азиялық мемлекеттердiң мәселесiнде энергоқор тасымалдаушы елдер дербес әрекет етуге мүдделi. Мамандар алдағы үш-төрт жылдың көлемiнде егер әлемдiк саяси сахнада айтарлықтай өзгерiстер болмаса, мұнай мен газ тасымалдайтын құбырлардың қожайындары шаш-етектен пайдаға кенелетiнiн айтады. Ал мұнай шикiзатын тұтынуда үлкен сұранысқа ие америкалық қоғаммен бiрге Батыс Еуропа елдерi, Жапония мен Оңтүстiк Кореяда және басқа да елдерде мұнайға баламалы энергия көздерiн жасауға ден қоюда. Ұлыбритания жарықты жел диiрмендердiң көмегiмен өндiрiп жатса, Швейцарияда жарықты арнайы құрылғы арқылы вокзал, автостанса сияқты адам көп жиналатын жерлердегi адамдардан бөлiнетiн жылудан өндiруде. Кейбiр мемлекеттер бананнан жанар-жағармай жасауды ойлап тапты.
Әрине, табиғаттың бермесiн тартып алуға тырысқан пенделердiң кесiр қылығы қоршаған ортаға керi әсерiн тигiзетiнi айқын. Өткен аптада Халықаралық энергетикалық агенттiк (ХЭА) өкiлдерi табиғи ресурстарды өндiру жылдан жылға көбейтiлген сайын табиғаттың тозатынын айтып, дабыл қақты. Әсiресе, Қытай мен Үндiстанның экономикасы неғұрлым жедел дамыған сайын олардың табиғатқа келтiрер зарары да көп болмақ. Қазiргi кезде қоршаған ортаға зиян тигiзуде АҚШ алда келедi. Құрама Штаттардан кейiнгi кезекте Қытай, Ресей, Жапония мен Үндiстан тұр. Дүниежүзiлiк экономиканың мұнайға деген сұранысы күнiне 37,5 млн. баррельдiң төңiрегiнде. Ал Жер шарының ең iрi деген 230 кен орнын игеретiн компаниялар күнiне небары 25 млн. баррель "қара алтын" өндiретiн көрiнедi. Яғни, күн сайынғы мұнай тапшылығы 12,5 млн. баррельге тең. 2015 жылға қарай "әлемдегi ең лас мемлекет" атанатын аспанасты елiнiң ауаны ластайтын зиянды қалдықтары 60 пайызға дейiн артады. Арада 15 жыл өткенде қоршаған ортаның ластануы кесiрiнен Жер бетiндегi орташа температура 6 градусқа жетпек. Негiзi түрлi мiнберлерден "ғаламдық ауа райының күрт жылынып кетуi" тақырыбына баяндама жасап, дабыл қағып жүргендердiң айқайы тегiн емес. Оның үстiне, Жер шары бойынша энергетикалық қорларды тұтыну көрсеткiшiнiң шарықтап өсуi де ауа райының күрт өзгеруiне және табиғаттың бүлiнуiне әкеп соғады. Дүниежүзiлiк банктiң мәлiметтерiне сүйенсек, бүкiл әлемнiң ең лас деген 20 қаласының 16-сы – Қытайда. Аспанасты елiнiң 205 қаласында суы қарақошқылданған өзендер мен құрамында адам ағзасына өте зиянды заттар бар жауындар қалыпты жағдайға айналған. 300 миллион адамның iшкенi – улы су. Күннен күнге қатерлi iсiкке шалдыққандар саны артуда. Жердiң озон қабатын зерттеудiң арқасында Нобель сыйлығын иемденген ғалым Марио Молина қытайлық билiктi қоршаған ортаны ластауды тез арада тоқтатуға шақырады. Ресми Пекин ауаны, су мен жердi ластағандарға белгiлi бiр көлемде айыппұл салып, түрлi жазаға тартуға талпынғанмен, экономикалық көрсеткiштердi барынша өсiрудi қалайтын жергiлiктi билiк керiсiнше, неғұрлым қарқынды өнiм өндiруге мүдделi. Есесiне, табиғатты аяламақ тұрмақ, қоршаған ортаға жауапкершiлiкпен қараудың адыра қалатыны белгiлi. Соған қарамастан, сарапшылардың алдын ала жасаған болжамдарына сүйенсек, 2030 жылы әлемдiк инвесторлар қаржысының 17 пайызы – Қытайдың, 6 пайызы – Үндiстанның экономикасына салынатын көрiнедi. Демек, энергетикалық қорларды өндiруге, өңдеуге және тасымалдауға мүдделi мемлекеттер саны артпақ.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ