MERCUR AUTO ҮЗДIКТЕР ҚАТАРЫНДА
MERCUR AUTO ҮЗДIКТЕР ҚАТАРЫНДА
2006 жылмен салыстырғанда, былтыр қазақстандық автомобиль нарығының көлемi 68 пайызға артыпты. Былтыр елiмiздегi ресми делдалдардың арқасында 33 мың жаңа көлiк өз иесiн тапқан. Бұл көрсеткiштiң үштен бiрi — Mercur Auto компаниясының үлесiнде (32 пайыз).
Mercur Auto тарапынан ұсынылған көлiктер iшiнде сұранысқа ең көп ие болған — Volkswagen Touareg және Passat модельдерi. Premium тобына жататын көлiктер арасында — Rang Rover, Audi Q7, Rosche Cayenne мен Volvo ХС90.
Қазақ нарығынан өзбектер де қағыс қалмапты. Былтыр UzDaewoo маркасына тиесiлi Daewoo Nexia көлiгiн 3483 отандасымыз "ерттеген". Сауда алаңына шығарылған Ford модельдiк қатарынан Ford Mondeo мен Ford Ranger көлiктерi алда. Mitsubishi тобынан Outlander кроссоверi үздiк шықты. Ал әлемдегi ең танымал Chevrolet Niva көлiктерiн 2007 жылы 666 ҚР азаматы сатып алыпты.
Mercur Auto компаниясының бас директоры Юрий Лим: "Бiздiң басты қағидамыз — тұтынушыларымызға ашық әрi адал қызмет ету. Бұл кез келген қатынастардың негiзi болып табылады. Компанияның брендтердi қалыптастырудағы шығыны 2007 жылы 6 млн. доллардан асты. Ал 2008 жылы 7 млн. доллардан астам қаржыны инвестиция ретiнде салу көзделiп отыр" дедi. Отандық нарықта 14 жылдан берi қызмет етiп келе жатқан Mercur Auto әлемдегi ең iрi 9 автокөлiк шығарушы кәсiпорынның өкiлi болып табылады.
Қаржы нарығындағы ахуалдың ушығуынан әлемдiк деңгейде тауар өндiретiн кәсiпорындар онша зиян шеккен жоқ. Әсiресе, ұялы телефондар нарығы сауданы қыздыра түскен. Мысалы, ресми деректерге сүйенсек, Nokia Oyj компаниясының былтыр тапқан таза пайдасы 2006 жылмен салыстырғанда, 67 пайызға (7,21 млрд. доллар) артқан.
ТМД елдерiндегi Nokia өкiлдiгiнiң қоғамдық байланыс жөнiндегi менеджерi Виктория Ереминаның айтуынша, кiрiстiк көрсеткiштердiң өсуi компания тарапынан ұсынылған өнiмдерге қатысты: "Nokia көп жылдардан берi компания үлесi мен кiрiс өсiмiнiң тұрақтылығын сақтап келедi". Тұтынушылардың сатып алушылық белсендiлiгiне былтырғы қаржылық дағдарыс пен доллар бағамының төмендеуi керi әсер еткен. Бiрақ соған қарамастан, компанияның тоқсандық сатылымы 34 пайызға көтерiлген (15,72 млрд. доллар). Дүние жүзiндегi әрбiр алты адам ұялы телефонның иесi болып табылады. Мұндай көрсеткiш ұялы телефондар нарығындағы кiрiс деңгейiн тұрақтылыққа жетелейтiнi белгiлi. Nokia компаниясының сауда алаңы Таяу Шығыс, Африка, Азия мен тынықмұхиттық аймақта, Қытайда кеңейе түсiптi. Компания өкiлдерi Орта Азиядағы өнiмдердi тарату, сервистiк қызмет көрсетудi жақсарту мен фирмалық бөлшек сауданы дамытуды қолға алған.
Xerox корпорациясы өз имиджiн өзгертуге бел байлады. Компанияның Орталық Азиядағы өкiлдiгiнiң басшысы Юлиан Григоровтың айтуынша, мұндай шешiмге соңғы 40 жыл iшiнде жаңа нарықтық алаңдарды бағындыру, жаңа мүмкiндiктердi жасау, технологияның үздiксiз дамуы сияқты үлкен өзгерiстер себеп болған көрiнедi.
Xerox компаниясының президентi Урсула Бернс: "Бiздiң бренд — өте қымбат активтердiң бiрi және бiздiң компания үшiн баға жетпес құнды¬лық болып табылады. Бiздiң клиенттерiмiз, қызметкерлерiмiз бен акционерлерiмiз бәрiнен де бұрын компанияның негiзгi қағидалары саналатын сапа, инновациялар, клиентке басымдық беру мен аса бай корпоративтiк мәдениеттi жоғары бағалайды" дедi. Компания өкiлдерiнiң хабарлауынша, 18 айға созылатын ауқымды шара 2008 жылға арналған маркетингтiк-жарнамалық бюджеттiң бiр бөлiгi ретiнде қарастырылған.
Xerox компаниясы Қазақстанда 1992 жылдан берi қызмет етедi. 2007 жылы Xerox тарапынан әлемдiк нарыққа ұсынылған 30 жаңа өнiм дүние жүзi бойынша 200 жүлденi қанжығаға байлаған. Өнiмдер iшiнде WС 3119 монохромдық көпқызметтi құрылғы үлкен сұранысқа ие болыпты. Пайыздық көрсеткiшi — 59,5. Сонымен қатар Phaser 3124 және 3117 принтерлерi де тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырған. Былтыр Xerox корпорациясы АҚШ-та өнiм өндiруге қатысты 584 патентке қол жеткiзген көрiнедi.
Күн сайын ТМД елдерiнiң әуе кеңiстiгi арқылы Жер шарының түкпiр-түкпiрiне 200 рейс ұшақ бағыттайтын немiстердiң Lufthanza компаниясы жылдық жұмысын қорытындылады.
Әуе компаниясының Ресей мен ТМД елдерi жөнiндегi аймақтық директоры Волфганг Шмидттiң мәлiмдеуiнше, Тәуелсiз мемлекеттер достастығының шеңберiне тиесiлi кiрiс бүкiләлемдiк көрсеткiшке қарағанда екi есеге дейiн ұлғайған. Былтыр Lufthanza ұшақтарымен Қазақстан мен ТМД елдерiне 1,7 млн. жолаушы табан тiрептi. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда, 10 пайызға көп. Клиенттерге сапалы қызмет көрсетудi басты мiндетi деп санайтын халықаралық компания 2008-2015 жылдар аралығында 14 млрд. көлемiндегi қаржыны флотты дамытуға салмақ. Үстiмiздегi жылы Lufthanza жолаушылар тасымалынан басқа жүк тасымалдаумен, авиация саласындағы IТ қызметiмен, техникалық қызмет көрсетумен және түрлi әуе компанияларындағы ұшақтарға жөндеу жұмыстарын жасаумен айналысады. Провайдерлiк қызмет көрсету жағынан алғанда, Lufthanza Kargo — әлемдегi ең үздiк әуе кеңiстiгi арқылы жүк тасымалдайтын компания. Уақыт өткен сайын әуе кемелерiн қазiргi заманға лайықтап, жаңартып отыратын компания 2008 жылы ұшақтардың жаңа түрiн ұсынуды жоспарлап отыр.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ