"Каспийский" Банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил ЛОМТАДЗЕ: ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН СЕНIМ — БАСТЫ ҚАҒИДАМЫЗ

"Каспийский" Банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил ЛОМТАДЗЕ: ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН СЕНIМ — БАСТЫ ҚАҒИДАМЫЗ

"Каспийский" Банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил ЛОМТАДЗЕ: ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН СЕНIМ — БАСТЫ ҚАҒИДАМЫЗ
ашық дереккөзі
244

Қаржы алаңындағы қарбалас әлi аяқталған жоқ. Дағдарыстың дауылына ұшыраған елдер естерiн жинау үстiнде. Экономикалық ахуалға керi әсер еткен негiзгi мәселелер күн тәртiбiне шықты. "Түркiстанның" бүгiнгi қонағы — "Каспийский" Банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил ЛОМТАДЗЕ мырзамен өткiзiлген сұхбатқа 2008 жылғы әлемдiк қаржылық ахуал, халықаралық биржадағы көңiл-күй, отандық банктер жүргiзуi тиiс қаржылық саясат, инфляциямен күрес сияқты басқа да маңызды мәселелер арқау болды.

"БАНК САЛАСЫ ҮКIМЕТТIҢ КӨМЕГIНЕ ЗӘРУ"

– Михаил, бiрнеше айға созылған әлемдiк қаржылық дағдарыстың қазақстандық банк жүйесiне тигiзген әсерi қандай? 2008 жылы экономикалық ахуал ушыға түспей ме?

– Негiзi әлемдiк қаржылық дағдарысқа себеп болған – америкалық ипотекалық дағдарыс. Осының кесiрiнен қаржылық компаниялар орасан зор шығынға ұшырады. Morgan Stanley, Merrill Lynch, UBS, Citigroup секiлдi көптеген халықаралық деңгейдегi банктердiң басшылары қарамағындағы қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болды. Бұл дүниежүзiлiк қаржы саласындағы инвесторлар сенiмiнiң күрт төмендеуiне әсер еттi. Сенiмiнен айырылған банктер қаржы тапшылығына тап болды. Инвесторлар тарапынан көрсетiлетiн қаржылық қолдаудың шектелуi салдарынан банктер бiрiн-бiрi қаржыландыруды тоқтатты. Осындай келеңсiз жайттардың бәрi жинақтала келе бұған дейiн банк саласына бөлiнiп келген қаражаттың аяқастынан жоғалып кетуiне әкеп соқты. Бұл Қазақстанды да айналып өтпедi. Өйткенi, қазақстандық банк жүйесi ТМД елдерiнiң банк жүйесiнен белгiлi бiр деңгейде сыртқы тәуелдiлiгiмен ерекшеленедi. Халықаралық қаржылық құрылымдардан берiлетiн қаражат тоқтасымен, қаржылық қауқары әлсiреген қазақстандық банктер iшкi қарыздарды өтеуге пайдалануға мәжбүр болды. Несиелiк қоржын мен активтердiң азаюы сондықтан. Бұл бiрiншi кезекте Қазақстан экономикасына әсер еткенi сөзсiз. Себебi, активтер мен несиелiк қоржын көлемi елдiң жалпыұлттық кiрiс мөлшерiне тең. Егер банктер экономиканы қаржыландыруды тоқтатса, компаниялардың дамуы бәсеңдеп, әсiресе, экономиканың шикiзаттық емес сала өсiмi күрт төмендейдi. Осының кесiрiнен банктер несиелеу қызметiн доғарады немесе азайтады, активтерiн қысқартады, қаржыдан қағылған кәсiпорындар тоқырауға ұшырайды, яғни, экономиканың әлсiреуiне әкеп соғады. Бұған дейiн экономикалық өсiм деңгейi 10 пайызға тең болса, қазiр 7 пайыздың төңiрегiнде. Менiңше, әлемдiк қаржылық дағдарыстың салдары 2008 жылды түгел қамтиды. Тағы бiр маңызды жайт, бүгiнде сарапшылар 2008 жылы төленуi тиiс сыртқы қарыз көлемi шамамен 10-12 млрд. долларды құрайды деп бағалауда. "Каспийский" банкi осы 12 млрд. долларлық жалпы төлем секторынан 2 синдикат және евробонт бойынша, 330 млн. доллар төлеуi қажет. Яғни, бiздiң сыртқы берешектерiмiз жалпы қарыздың небары – 2,75 пайызын құрайды. Сыртқы қарыздарымыз ең төменгi көрсеткiштердiң бiрi болғандықтан, бұл бiздi – Қазақстанның ең тұрақты банктерiнiң бiрi етедi. Бiздiң банк сырттан ақша тарта алатын бiрден бiр банк екенiне мен сенiмдiмiн.

– Кейбiр сарапшылар "2008 жылдың ортасына қарай экономикалық ахуал түзеле бастайды" деген пiкiрде.

– Қаржылық дағдарыс салдары 2008 жылдың соңына дейiн созылатынына сенiмдiмiн. Өйткенi, дағдарыс тек қазақстандық банктерге ғана емес, ол әлемдiк қаржылық нарық пен экономиканың банк қаржыландырған барлық саласына қатысты. Қаражат көзi пайда болып, ахуал бiрқалыпқа түскен кезде қарызға мұқтаж компаниялар ұзын-сонар кезекке тұра бастайды. Инвесторлар бiрiншi кезекте тәуекелдiктi аса қажет етпейтiн салаларды, әсiресе, шикiзаттық саланы қаржыландыруға көшедi. Ал дамушы мемлекеттерге кезек дамыған елдерден кейiн келедi. Демек, Шығыс Еуропаға, Қазақстан секiлдi басқа да ТМД елдерiне ақша кешiгiп барып жетедi. Қиындықтан арылу кезеңi бұйыртса, үстiмiздегi жылдың соңына қарай байқалады. Қазақстан Үкiметi, Қаржы нарығын реттеу және бақылау агенттiгi (ҚНРБА) мен ҚР Ұлттық банкi мемлекеттiк деңгейде дұрыс шешiм қабылдады. Банк жүйесiне мемлекеттiк бюджеттен қаржы бөлу, олардың тұрақтылығын сақтауға жағдай жасау сияқты мәселелердi айтам.

– ҚНРБА қаңтар айының соңына дейiн екiншi деңгейдегi банктердiң барлығын қайтадан тексеруден өткiзудi қолға алмақшы…

– Талаптардың күшейтiлуi – дұрыс қадам. Жүйелi түрде жүргiзiлетiн тексерiс тиiмдi жұмыс жасауға ықпал етедi. Әлемдiк дағдарыс қаржылық құрылымдардың қауқарын сынға салды. Ал жiберген қателiктерiмен бетпе-бет келген банктер алдағы уақытта тағы да қиын жағдайға тап болмас үшiн кәсiпкерлiк тұрғысындағы саясаттарын, әсiресе, тәуекелдiк несиелеуге байланысты бағыттарын реттеуге мүдделi. Үйлестiрушi рөлiндегi Үкiмет нақты және сапалы ақпаратқа дер кезiнде ие болған кезде ғана банктерге қандай көмек бере алатынын анық бiледi. Бұған дейiн қаржы нарығында мұндай қиындықтар туындамаған едi. Оның үстiне, қазақстандық банк жүйесi ТМД аумағы бойынша үздiк саналатын.

"ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕС – ҮКIМЕТТIҢ ЕНШIСIНДЕ"

– Орталық банктер қаржылық дағдарыстың алдын алу мақсатында кез келген қадамдарға баруға мүдделi. Америкалық федералдық қор жүйесi пайыздық көрсеткiштердi екi есеге дейiн (0,25%) төмендеткелi отыр. Еуропадағы Орталық банк те (BCE) америкалықтардың қадамын құптайды. Бұл әлемдiк нарықтағы инфляция деңгейiнiң көтерiлуiне ықпал ететiнi сөзсiз. Сiздiңше, Қазақстандағы инфляциямен күрес қалай жүргiзiлуi тиiс?

– Инфляцияға қарсы күрестi дүниежүзiнiң барлық мемлекетi жүрiзуде. Бағаны ауыздықтау өте қиын. Жуырда халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында Құрама Штаттарда да, Еуропада да қымбатшылықтың кеңiнен етек алғаны жазылыпты. Үстiмiздегi жылы инфляция деңгейi өте жоғары болады деп ойлаймын. ҚР Ұлттық банкiнiң ұлттық валюта бағамын тұрақтандыруға қатысты жасап отырған саясатын құптаймын. Бiрақ бастысы – бағам айырмашылығы ұзақмерзiмдiк тепе-теңдiкке құрылуы тиiс.

– Кейбiр экономистер керiсiнше, бағаны үкiметтiк деңгейде ауыздықтауға қарсы ғой?

– Инфляцияны дер кезiнде тежеп отырмаса болмайды. Әлемдiк нарықта мұнай маңызды рөл атқарады. "Қара алтынның" құны да өте жоғары. Ал Қазақстан мұнай қоры мен мұнай шикiзатын өндiру саласында әлемде жетекшi мемлекеттер қатарында. Мұнай қоры мен мұнайдан түскен пайданың молдығы баға саясатын дұрыс жүргiзуге ықпал етедi деп ойлаймын. Жуырда ҚР Үкiметi "Қашағанға" қатысты мәселелердi ретке келтiрдi. Экономикалық кiрiстер көлемiн арттыруға мүмкiндiк бередi. Бұл да жағымды жаңалықтардың бiрi болса керек. ҚР Ұлттық банкi үстiмiздегi жылы баға саясатындағы тұрақтылықты сақтап қалуға қауқарлы деп есептеймiн. Ал жылдың соңына қарай әлемдiк нарықтағы ахуал түзелiп, қазақстандық экономикалық жағдай да бiрқалыпқа түседi.

– Сiздiңше, бiздiң Үкiмет "Қашаған" мәселесiнде ұтылып қалған жоқ па? 16,8 пайыз дегенiңiз тым аз емес пе?

– Мемлекет пен инвесторлар арасындағы бастапқы келiсiмдер болды ғой. Қазiргi таңда шетелдiк инвесторлармен қарым-қатынаста өте абай болу керек. Көп мәселе олардың пiкiрiне қатысты шешiледi. Өте қиын жағдайда келiссөздердi жемiстi жүргiзу, тым қысқа мерзiм iшiнде пайыздық үлестi көбейту, нәтижеге қол жеткiзу – үлкен жетiстiк. Шынымды айтсам, "қашағандық" мәселеде қазақстандық билiктiң жасаған жұмысына өте тәнтiмiн!

– 2007 жылы қаржылық дағдарыс дамушы елдердiң, әсiресе, азиялық мемлекеттердiң биржаларына айтарлықтай зиян тигiзген жоқ. Мұны немен түсiндiруге болады?

– Бiлесiз бе, акция капиталы, яғни, биржа мен несиелiк құрылымдар нарығында едәуiр бөлiнiстер орын алды. Былай қарағанда, биржадағы тұрақтылық сол қалпында сақталған: көптеген компанияларға тиесiлi акциялардың құны өсуде, компания акциясының бағасына айтарлықтай жағымсыз әсер байқалмайды. Қазақстандық биржа (KASE) әзiрге қалыптасу үстiнде. Акциялар көлемi шағын болғандықтан әлемдiк нарықтағы керi ықпал да онша күштi емес. Халықаралық нарыққа акцияларын шығарған компанияларға келсек, онда қазақстандық банктердiң үлесi мол. Өкiнiшке қарай, қаржылық дағдарыс қазақстандық банктерге тиесiлi акциялар құнының екi есеге төмендеп кетуiне тiкелей әсер еттi. Болашақта Қазақстандағы банктер сәл нәрседен секем алатын инвесторлардың көңiлiндегi күдiктi сейiлтуге күш салуы тиiс. Әсiресе, ақпарат алмасу мәселесiндегi белсендiлiк өте қажет. Себебi, көптеген банктердегi ахуал тұрақты, қаржылық қауiп-қатерге төтеп беруге қауқарлы.

– Қазiргi кезде дамыған елдерге қаржылық көмектi дамушы елдер көрсетуде. Жуырда америкалық ең iрi банктердiң бiрi – Morgan Stanley банкiне Қытайдың мемлекеттiк China Investment Corp. қоры қарыз бердi. Бұл әлемдiк деңгейдегi күштердiң теңесуi емес пе? Бәлкiм, дүниежүзiлiк экономиканы дамушы елдер құтқаратын шығар?

– Иә, бұл шынында да кейiнгi кездерде байқалатын қызық үрдiс. Қазiр сахнаға аты-жөнi мүлде белгiсiз жаңа инвесторлар шыға бастады. Citibank, Merrill Lynch банктерiнiң акция түрiндегi миллиардтаған позицияларын қытайлық және араб инвесторлары сатып алды. Қиын жағдайда қалған дамыған елдердiң дамушы елдердiң көмегiне зәру болуы – шынында да сирек кездесетiн құбылыс. Алайда, бұл дамушы елдердегi қаржы қорының молдығымен байланысты әрi инвестиция салушылар – мемлекеттiк құрылымдар. Сонымен бiрге қаржыландырудың астарында Сауд Аравиясы мен Қытайдың әлемдiк сахнаға алып держава ретiнде ықпал етудi көздейтiн саяси сарын жатуы мүмкiн.

– Ал, Ресей ше?

– Ұстанған позициясы жағынан алғанда, Ресейдiң акция нарығындағы жағдайы жақсы. Бiрақ ресейлiк банктердiң «аузынан ақ май ағып отыр» дей алмас едiм. Өйткенi, шетелдiк қаржылық құрылымдарға деген тәуелдiлiк деңгейi қазақстандық банктерден гөрi әлсiз болғанына қарамастан, бәрiбiр де өте тәуелдi. Несиелеу жүйесi Қазақстанмен салыстырғанда, онша салмақты да беделдi емес. Банк саласында несиелеудiң 60 пайызға жуығын СберБанк пен ВнешТоргБанк жүзеге асырады. Жекеменшiк банктер де кейбiр қазақстандық банктер сияқты несиелеу көлемiн қысқартуда, бизнестерiн өзгертуде, филиалдарын жауып, қызметкерлерiн жұмыстан шығаруда.

"ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСIМГЕ ШИКIЗАТТЫҚ НАРЫҚ ЫҚПАЛ ЕТЕДI"

– Халықаралық рейтингтiк агенттiктер Қазақстандағы банктерге тиесiлi болжамдарды төмендеткенiне қарамастан шетелдiк инвесторлардың қазақстандық нарыққа деген қызығушылығы басылар емес. Бiздiң бiрнеше банк шетелдiктерге сатылып кеттi. Елiмiздiң қаржылық құрылымдарын жатжұрттықтардың иемденуi қазақстандық экономикаға, әсiресе, банк саласына керi әсер етпей ме?

– Мен халықаралық рейтингтiк агенттiктердiң "Каспийский" банкiнiң көрсеткiшiн төмендетпегенiн атап өткiм келедi. Бiздiң банк Қазақстандағы рейтингтiк көрсеткiшi өзгермеген санаулы банктердiң қатарында. Тiптi, халықаралық рейтингтiк агенттiктер көрсеткiшiмiздi көтеруге ниет бiлдiрген. Бiрақ бiз қажет деп таппадық. Әлемдiк экономика өте күрделi әрi қиын кезеңдi бастан кешуде. Алда не күтiп тұрғандығынан бейхабармыз. Сондықтан бiзге қазiр тұрақты банктердiң бiрi ретiнде танылудың өзi жеткiлiктi. Ал сатып алу мәселесiне келсек, шетелдiк инвесторлар кейбiр банктi иемдендi, көптеген банктердiң өзiн немесе активтерiн сатып алу мақсатында келiссөздер жүргiзiлуде. Бұл процесс сатып алуға туған оңтайлы кезеңмен тығыз байланысты. Қазақстандағы банктi шетелдiк банк сатып алатын боса, Қазақстан үшiн өте тиiмдi. Қосымша қаржы бөлiнедi, банк қызметiндегi тұрақтылық қамтамасыз етiледi, дамиды, басқарушылар командасы күшейедi, тәжiрибе жинақталады.

– Ал саяси тұрғыда әсерi болмай ма?

– Менiңше, шетелдiк инвесторлардың қызығушылығы тек экономикаға қатысты, яғни, саяси астар жоқ. Қазақстан экономикасы инвесторлар үшiн әрдайым тиiмдiлiгiмен ерекшеленiп келедi, инвестиция салуға жағдай жақсы жасалған. Басқаларды былай қойғанда, сатылатын банктi алуға тiптi, бiз де қарсы емеспiз. Шетелдiк банктердiң қызығушылығы бұрыннан бар болатын. Бұған дейiн банк бағасы өте қымбат тұрды немесе қазақстандық банк акционерлерi сатқысы келмеген. Қазiр жағдай өзгердi. 2008 жылдың соңына дейiн қазақстандық бiр-екi iрi банктiң сатылғанына куә болып қалармыз.

– Мысалы, қандай банктер?

– Әңгiме алғашқы ондықта болып отыр.

– Есiңiзде ме, былтыр күзде Алматыда банкирлердiң басын қосқан Халықаралық конференция ұйымдастырылған едi. Сол жиында халықаралық рейтингтiк агенттiктер Қазақстандағы банктерге қатысты болжамды өзгерiссiз қалдыратындарын айтты. Тiптi, бiздi мақтап кеттi. Арада ай өткенде, көптеген банктердiң "тұрақты" болжамы "жағымсыз"-ға қарай сырғыды. Неге?

– Инвесторларға тән екi қасиет бар: сараңдық пен үрей. Сондықтан олар жағымды нәрселердi сөз еткенде – сараңдығы ұстайды, ал жағымсыз жайттарды қозғағанда – үрейге бой алдырады. Бiр жағынан алғанда, халықаралық рейтингтiк агенттiктер банктердiң өздерiнiң тұрақты клиентi екендiгiн ескередi. Демек, жағымсыз жайттарды көлденең тартпас бұрын банктердiң ахуалын негiзге алады.

– Сiздiңше, болжам мәселесiнде алыпсатарлыққа жол берiлген жоқ па?

– Бұл жерде басты мәселе – ақпараттық тапшылықта. Әрi рейтингтiк агенттiктер жан-жақтан жеткен хабарларға сүйене отырып болжам жасады. Тiптi, банк деңгейiнде алсақ, әртүрлi менеджерлер бiлдiрген пiкiрлердiң өзi әртүрлi. Әлемдiк қаржылық нарықтағы күрделi кезеңде болмашы нәрседен күдiк туындап, сауалдар пайда болады. Сұрақ көбейген сайын нәтиженiң жағымсыз болары белгiлi. "Әп" дегеннен-ақ, олармен тығыз қарым-қатынас жасағанда, банктердiң болжамына қатысты қиындықтарды айналып өтуге болатын едi.

– Үстiмiздегi жылдың алғашқы тоқсанында бiздiң билiк халықаралық рейтингтiк агенттiктер өкiлдерiн Қазақстанға шақырып, деректер берудi жоспарлап отыр.

– "Ештен кеш жақсы" деген. Бұл да – Үкiметтiң оң қадамдарының бiрi. Сонымен бiрге ақпарат берерде сөзге абай болған жөн. Уәденi үйiп-төгiп, кейiннен сөз бен iс сәйкес келмей жатса, ең үлкен кедергi сол болмақ әрi жағымсыз әсерi де күшейедi. Менiңше, бұл барлығымыз үшiн де өте қызық тәжiрибе. Уақыт өткен сайын, әсiресе, соңғы кездерде ақпараттық сапа жақсаруда, банктер сауатты түрде жұмыс жасауға қабiлеттi менеджерлердi жұмысқа алуда. Менеджерлердiң кәсiби бiлiктiлiгiн ұштау, бәсекелестiктi күшейту келешекте өз жемiсiн бередi деп сенемiн. Қиын да күрделi кезеңнен, сыннан сүрiнбей өту – ел үшiн де, банк жүйесi үшiн де үлкен жетiстiк. Банк жүйесi жақсарып, қызмет көрсету сапасы артады.

– 2008 жылы тауарлық нарықтың қайсысы экономикалық өсiмге айтарлықтай әсер етпек?

– Шикiзаттық нарық. Яғни, энергетикалық қорлар, мұнай шикiзаты, руда, мыс, түрлi-түстi металл т.б.

– Сiздiңше, 2008 жылы қазақстандық нарықтың қай саласының кiрiсi көп болады?

– Бұл салынған инвестиция көлемiне байланысты. Егер жыл басында шикiзаттық индустрияға қаржы көп құйылса, шикiзаттық саланың кiрiсi көп болады. Егер жылдың ортасында инвестиция банк жүйесiне бағытталса, жыл соңында банк саласына тиесiлi кiрiс жоғары болады. Өйткенi, 4-5 айдан кейiн кейбiр банктердiң құны қазiргiге қарағанда арзандайды. Осы себептi, инвестиция тұрғысынан алғанда, акцияларды қашан сатып алу керектiгiн бiлу өте маңызды. Негiзi тәуекелдiктi аса қажет етпейтiн, қауiп-қатерге онша бой ұрмайтын сала – шикiзаттық сала.

– Сырттан несие алу сiздердiң жоспарларыңызда бар ма?

– 2007 жылдың қарашасында Еуропалық қайта құру және даму банкiнен бес жылдық мерзiмге 60 миллион доллар көлемiнде несие алдық. Қиын да күрделi кезеңде еуропалықтардың бiзге сенiм бiлдiруi тегiн емес. Үстiмiздегi жылдан бастап бөлшектi бағытты дамытуға қатысты жоспарларды жүзеге асыруды жалғастыруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеу, депозиттiк базаны ұлғайту, халықаралық қаржы құрылымдарынан ұзақмерзiмдiк қаржыландыруды қамту есебiнен тұтынушылық несиелерiн дамыту т.б. 2007 жылдың соңғы 4 айында "Каспийский" банкiнiң депозиттерi мен несиелiк қоржыны 25 пайызға артты. Маусым айынан бастап депозиттер 60 миллиард теңгеден 75 миллиард теңгеге дейiн, соған сәйкес, несие көлемi де 150 млрд. теңгеден 190 млрд. теңгеге дейiн өстi. Үстiмiздегi жылы серпiндi өсудi жалғастыра отырып, инвестицияны филиалдық желiнi дамытуға саламыз және өз клиенттерiмiзге жаңа өнiмдер ұсынамыз. Олардың сенiмi – бiздiң тұрақтылығымыздың, сенiмдiлiгiмiз бен бiз таңдаған стратегияның дұрыстығын дәлелдейтiн айғақ.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Нәзия Жоямергенқызы

Айтпақшы…

"Каспийскийдiң" Қарағандыдағы филиал қызметкерлерi 2008 жылдың 12 қаңтарында "Абай" шахтасында жарылыстан қаза тапқандардың отбасыларына бiркүндiк жалақыларын (400 мың теңге) аудару туралы ұсыныс айтқан. Ұсынысты талқыға салған Банктiң бас кеңсесi қаржылай көмектi екi есеге дейiн, яғни, 800 мың теңгеге көтеруге шешiм қабылдады. Аталған көмек марқұмдардың отбасыларының жеке есепшоттарына аударылады. Бақилық болғандардың арасындағы 2 азаматтың банктен алған несиесiн "Каспийский" өз есебiнен жабатын болды.

Серіктес жаңалықтары