ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛУЫ КЕРЕК
ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛУЫ КЕРЕК
Елбасы кеше халыққа кезектi Жолдауын арнады. Осымен он бiрiншi рет өткiзiп отырған дәстүрлi шараға әдеттегiдей Үкiмет мүшелерi, Парламенттiң қос палатасының депутаттары қатысты.
Жолдауда экономикалық даму, iшкi және сыртқы саясат мәселелерi қамтылып, Үкiметке нақты тапсырмалар берiлдi. Былтыр Қазақстан экономикасы 8,5 пайызға өскен. Елбасының айтуынша, ел экономикасы 2001 жылдан берi жыл сайын 10 пайызға өсiп отырған.
Бiздiңше, Елбасы қазiргi таңда өзектi екi маңызды мәселеге дер кезiнде назар аударған. Оның бiрi — соңғы бiр-екi жылда әлеуметтiң ығырын шығарған жарық-жылу мәселесi де, екiншiсi — бiраз жылдан берi халықтың ындынын құртып отырған жер мәселесi.
— Жер тарату жүйесi ашық болуы керек. Барлық жер телiмдерi ашық аукциондар арқылы таратылуы керек. Мүмкiн, бұл белгiлi бiр жобаларды жүзеге асыру кезiнде әлеуметтiк-өндiрiстiк корпорацияларға ғана қатысы болмауы мүмкiн. Қазiр жер таратудың қалай жасалып жатқанын бәрiңiз де бiлесiздер. (Осы жерде Елбасы аз-маз үнсiз қалды). Тағы бiр жайтқа назарларыңызды аударғым келедi. Жүргiзiлген тексерулердiң арқасында Астананың маңындағы, облыс орталықтарында жерлердi кейбiр "пысық" адамдар баяғыда су тегiн бағаға сатып алған, олар қазiр ол жерлердi нарықтық бағамен сатып жатыр. Мемлекетке бiр тиын табыс әкелместен байып жатыр. Мұның бәрiн тексеру керек. Олардың iшiнде мемлекеттiк шенеунiктер де аз емес. Қайталап айтамын, аз емес! Не олар өз ерiктерiмен ол жерлердi мемлекетке қайтарады немесе құқық қорғау органдары ол жерлердiң қалай алынғанын, сатылғанын жан-жақты тексередi.
Елбасы жер туралы сөйлегенде депутаттар қайта-қайта қол шапалақтаумен болды. Былтыр ғана Тұрғын үй бағдарламасындағы жемқорлық туралы Президенттiң ашулана сөйлегенiн, одан кейiн республика бойынша жер-жерлерде тексерулер жүргiзiлгенi есiмiзде. Нәтижесiнде, кейбiр әкiмдер, лауазымды тұлғалар қызметтерiнен кеттi, заңсыз алынған пәтерлер мемлекеттiк қорға қайтарылып жатыр. Ендеше, Елбасының заңсыз таратылған жерлердi мемлекетке қайтару туралы бастамасына артар үмiтiмiз мол.
Елбасы қуатты үнемдеуге арнайы тоқталды:
— Үкiмет электр энергиясын үнемдеу және экологиялық қауiпсiздiк технологияларын қалыптастыруға күш салу керек. "Арзан энергияның уақыты өттi". Кәсiпорындар, жеке тұлғалар электр энергиясын үнемдеп пайдалануға көшуi керек. Бiзде электр энергиясы басқа мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Егер бiз үнемдеудi үйренбесек, онда қуат өндiретiн электр станцияларының жұмысын тоқтатамыз, олардағы құрал-жабдықтарды жаңартуды қоямыз. Алматы мен Астана қалаларының тұрғындары ыстық су, суық суға есептеуiш қойып, үнемдей бастаған кезде, 40 пайыз үнемге қол жеткiздiк қой. Еуропа елдерi, тiптi аса бай мемлекеттердiң өзi электр қуатын үнемдеп пайдаланады.
Президент тағы бiр стратегиялық сала — жол құрылысына да назар аударды. Биыл Шар-Өскемен темiр жол құрылысы аяқталуы керек. Үкiметке Маңғыстау-Болотино темiр жол құрылысын бастау, Мақат-Қандыағаш темiр жолын электрлендiру, басқа да бағыттардағы құрылыстарды аяғына дейiн жеткiзу туралы тапсырмалар берiлдi. Оның үстiне, республикада вагон жасау iсiн қолға алу керектiгi де айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы ең үлкен көлiк жобасы — Трансконтинентальдi Батыс Еуропа — Батыс Қытай дәлiзiн қолға алу керектiгiн де айтып өттi. Ол Қазақстанның барлық оңтүстiк облыстары арқылы өтедi де, Қызылорда, Ақтөбе арқылы Ресейге бағыт алады.
— Инфляциямен күрестi күшейте түсу керек. Ғаламдық экономикалық процестердiң әсерiмен инфляцияның қарқынды өсе түсуiн ескере отырып, Үкiмет жан-жақты ойластырылған тыңғылықты шараларды қолға алуы керек. Үкiмет пен Ұлттық банкпен бiрлесе отырып, әлемдiк экономикада болжанып отырғандай экспорттық тауарлардың бағасы арзандаған жағдайда экономиканы тұрақтандыратын жоспар жасауы керек. Бiрiншi кезекте, Үкiмет қаржы саласында жағдай жақсармайынша, барлық саладағы мемлекеттiк шығындарды қысқартуы керек. Әлеуметтiк бағдарламалардан басқасын, — дедi Елбасы.
Осы сөзден кейiн зал тағы да ду қол шапалақтады.
Жер де, мемлекет те — халықтiкi. Елбасының Жолдауы осы бұлжымас қағиданы еске салды. Әттең, осы тұжырым кейбiр мемлекеттiк шенеунiктердiң ойында неге үнемi жүрмейдi екен?..
Гүлбиғаш Омарова