БАПКЕРI ЖОҚ СҰРМЕРГЕН

БАПКЕРI ЖОҚ СҰРМЕРГЕН

БАПКЕРI ЖОҚ СҰРМЕРГЕН
ашық дереккөзі
339

ЗӘУРЕШ ТАҢДАҒАН ЖОЛ

Мүлгiген тыныштық… Аумақты үлкен бөлменiң iшiндегi оншақты спортшы осынау тыныштықты бұзғылары келмегендей демдерiн iштерiне алып, тына қалған. Мына бiр жiгiт қолындағы винтовкасын безерген сұп-сұр қабырғаға кезеп, қатып қалған.

Сегiз келiге жуық салмағы бар винтовка дiр етсейшi! Қоладан құйған мүсiн дерсiң тура! Қол сағатыма үңiлдiм. Минуттар сырғып жатыр. Тiршiлiк белгiсi жоқ. Демiн iшiне тартып, қатып қалған неткен жүйке, неткен шыдам. Тағы екi-үш жiгiт алыстағы нысаналарды көздеген. Тырс еткен дыбыс жоқ, атпайды. Ауыр винтовкамен қыбыр етпей ұзақ тұрудан жарысқа түскендей. Мына жауырыны күжiрейген кiм болды екен? Белгiлi мерген Александр Беляев қой. Газет бетiндегi "сөзжұмбаққа" шүйiлiптi. Арнайы жаттығатын велосипедтi "теуiп отыр" мына бiр қыз. Жүзi таныс. Әлем чемпионы – Ольга Довгун екен. Аяқтарының бұлшық еттерiн жаттықтырып отыр. "Велосипедi" жап-жаңа, сондықтан дыбыссыз. Пневматикалық пистолетiн кезенiп, тас мүсiндей қатып қалған мына қыз елең еткiздi. Қос жанары қарақаттай. Өзiмiздiң қарындасымыз, халықаралық дәрежедегi спорт шеберi Зәуреш Байбосынова. Америкада өткен әлем Кубогында Пекин олимпиадасына жолдаманы жеңiп алған қаршығадай қайсар қыз.

Бұл жер — Қазақстан құрама командасы жаттығатын "Отан" орталық техникалық спорт клубы. Мергендер осылай жаттығады. Бұл жерден артық сөз естiмейсiз, артық қимылды көрмейсiз. Артық, орынсыз қимыл — қателесу деген сөз. Мергендердiң қағидасы — осы! Iштей ойланады, iштей қобалжуларын басады, iштей ширығып кеп айнытпай атады. Темiрдей жүйке. Жанкүйерi кеңiрдегi күйгенше айқайлайтын футбол емес, жұдырық түйiп қиқуға басатын бокс та емес. Болмысы бөлек спорт. Спорттың даңқты биiгiне қол созған спортшы, ұзақ жыл шеберлiгiмен қоса жүйкесiн де шыңдайды. Жаттығу кезiнде мерген өзiмен-өзi арпалысады. Сондықтан да олардың сөздерi шолақ. Мергендер "тiлсiз" екен деп ойлап қалмаңыз. Сапар кезiнде, жеңiстен кейiн жарқылдаған жүздерiн, жағымды әзiлдерiн де естисiз. Зәурештiң де сөздерi қысқа да нұсқа…

Алматыдағы № 19 мектептiң сегiзiншi сыныбында оқып жүрген Зәурештi мерген бол деп ешкiм де үгiттеген жоқ. "Динамо" клубына келген кiшкене қыз, осы жерге байланған да қалған. Алғашқы бапкерi Альбина Курдикованың ықыласы да еңбекқор қызға бiрден ауған едi. “Ә” дегенше физкультура институтына түстi. Әкесi Мұхамед те, анасы Мәрия да екi ұлдың ортасындағы жалғыз қыздың бетiн қайтарған жоқ. Институтта баскетбол бөлiмiне түстi. Өйткенi мергендер бөлiмi жоқ едi. Бiрақ институттағы жылдар мергендiктiң қыр-сырын үйренумен өттi.

Жалын сипатпайтын жылдар-ай! Зу етiп студенттiк өмiр де өттi. 1993 жылы Қазақстан құрама командасына қабылданды. Келесi жылы Хиросимадағы Азия ойындарына сапар шектi. Жүйрiктен жүйрiк озар жарыс. Құрлық мергендерi жиналған сайыста көптен қара үзiп, финалға шықты емес пе! Құралайды көзге атқан үркер топтың iшiнен бесiншi орынға табан тiредi, ақыры. Командалық есепте ерлер екiншi, әйелдер үшiншi орынға көтерiлдi. Ал 1997 жылы Кубада өткен әлем Кубогында күмiс медаль олжалады. "Олжалау" — оңай сөз. Жұмыр жердiң даңқты мергендерiнiң ортасынан жарып шықты. 2002 жылы Кореяның Пусан қаласында өткен Азия ойындары мен 2003 жылы Хорватияда өткен әлем Кубогының ақтық айқастарына шығып, айтулы мықтылармен тiрестi.

КӨЗIНДЕ — ҚУАНЫШ, КӨҢIЛIНДЕ — МҰҢ

Жұрт топырақ шашатын Кеңес Одағы кезiнде "ТИР" деген жазуы бар шағын бөлмелерде балалар дабырласып, тырс-тырс еткiзiп нысана атып жататын. Қазiр олардың бiрi жоқ. Кеңес Одағымен бiрге келмеске кеткендей. Сондықтан да қазiргi балалардың мергендiкке деген ықыластары жоқ. Ықылас шақыратын, жанарларына от жағатын орын да жоқ бұл күнi. Ел намысын қорғап жүрген шоғырдың iзiн басатын жастардың құлақтары ендi ғана қылтия бастады. Құраманың бұрынғы бас бапкерi Анатолий Бабушкин Сидней олимпиадасынан кейiн Ресей асты. Ресейге де тоқтамай, кенгурулар жайлаған қияндағы елге кеттi. Құр кетпей қазақтың тағы бiр сұлу да мерген қызы Дина Аспандиярованы белiнен құшақтап ала кеттi. Қазiргi бас бапкер Станислав Лапидус келгелi ғана жылуы жоқ үйдегi мергендердiң жүзiне қан жүгiрдi. Бас бапкер жастарды тәрбиелеуге көп көңiл бөлiп жүр. Жағдай да оңала түскендей. Мергендер үйiнiң түтiнi түзу ұша бастады. Оның да тағы бiр себебi бар. Қазақстан федерациясының қазiргi президентi — Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов. Сөзi мен iсiнде iзгiлiк жүретiн қала әкiмiнiң қолдауына мергендер разы. Әкiмнiң өз ортасынан қара үзген мерген екенiн де сол жерде естiдiк.

Осы бiр спорттың ызғарына тоңып, шуағына жылынып, атқанын айнымай тигiзiп мерген қарындасымыз жүр. 2007 жылы өткен Қазақстанның жекелей және командалық бiрiншiлiгiндегi Зәуреш көрсеткiшi — 388. ПП-дан ұшқан 40 оқтың қандай дәлдiкпен атылғанын ой безбенiне салыңыз. Бұл — Олимпиада чемпионы болған мергеннiң өкшесiн басып тұрған көрсеткiш. Бұл — Зәуреш арпалыспен, табанды күреспен, үлкен шеберлiкпен өткiзген жылдардың iшiндегi ең үздiк көрсеткiш. Осы көрсеткiш неге Азия ойындарында, әлем бiрiншiлiгiнде болмады екен деп те ойлайсың. Туған жердiң топырағы қуат берген шығар! Не дерсiң?! Жат жердегi айтулы жарыстарда асқан жауапкершiлiктi ерекше сезiнген асқан спортшының да жүйкесiнiң бiр талшығы дiр етуi мүмкiн-ау! Әбден мүмкiн!

Жыл сайын Алматыда өтетiн "Алтын мерген" атты халықаралық турнирде Зәуреш екi дүркiн абсолюттi чемпион болды. Ал Қазақстан бiрiншiлiгнде үздiксiз дара келiп жүр.

Алда — өмiр бойы армандаған Олимпиада. Қазақстанның бес мергенi Пекинге аттанады. Солардың бiрi — Зәуреш. Ол Пекин олимпиадасында кiшi калибрлi пистолетпен және пневматикалық пистолетпен сынға түспек. Жұмыр жердi жалт қаратқан небiр мерген демдерiн iштерiне тартып, алтын "ондықты" ғана нысана етiп, жаттығып жүр. Iргемiзде ел бiрiншiлiгiнiң мергендер сайысының өзiне 1000 адамдай қатысатын Үндiстан тұр. Аса қауiптi қарсыластар — Қытайда. Қытай мергендерi дүниенiң мергендерiн қапы қалдырып жүр.

Зәурештiң үлкен атасы Есiп батыр — айтулы мерген екен. Тегiне тартқаны да… Бiр өкiнiштiсi, белгiлi мерген қыздың дәл қазiр жеке бапкерi жоқ. Өзi жаттығып жүр. Олимпиада — иек астында. Үзеңгiсi алты қабат спорт басшылары үшiн, түйiнi шешiлетiн мәселе. Дүниенi ду еткiзген мықтыны шақыру керек. Олимпиадаға жолдаманы жеңiп алған спортшыны жеке бапкер дайындауы керек қой. Бұл қалай?!

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары