МӘСIМОВТIҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАМЫТЫ

МӘСIМОВТIҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАМЫТЫ

МӘСIМОВТIҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАМЫТЫ
ашық дереккөзі
142

2008 — ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА ҮШIН АУЫР ЖЫЛ БОЛУЫ МҮМКIН

Кәрiм Мәсiмовтiң командасы билiкке келгенiне де жыл он екi ай толыпты. Бұған дейiнгi Үкiметтерге қарағанда құрамдық өзгерiсi тым аз болса да, iрi саяси тұлғаларға бай команда бұл. Мәсiмовтiң атқарушы билiк басына келуiнiң өзi тосын жағдай болды.

Кәрiм Мәсiмовтiң Үкiмет басына келуi елiмiздiң кей тұстарында ағайынаралық (ұлтаралық деуге ресми негiз жоқ) кикiлжiңдердiң туындауымен есте қалды. Осы себептi де Мәсiмов мемлекеттiк идеологияны қалыптастыруға баса мән беруi керек едi.

Ақпарат және мәдениет министрлiгiнiң басында Президенттiң идеология жөнiндегi бұрынғы кеңесшiсi, бiр кездерi "билiктiң бұлбұлы" атанған Ермұхамет Ертiсбаевтың отырғанына қарамастан, әзiрше идеология саласында бәлендей iлгерiлеу байқалмайды.

Ертiсбаевтың өзi былтырғы жылы "Эра" телеарнасының тiлшiсiмен соттасуға дейiн барғанымен есте қалды.

Мәсiмовтiң командасына Марат Тажин секiлдi марқасқаның келуi оның жұмысына бiраз соны өзгерiстер әкелетiндiгi күмәнсiз едi. Десе дегендей, Тажин өзiне артылған сенiмнiң үдесiнен шығып, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуiне қол жеткiздi. Тажин мен ЕҚЫҰ ажырамас ұғымдарға айналды.

Тажиннiң мiндетi – тек осы ұйымдағы төрағалық орынтаққа қол жеткiзу ғана емес, Қазақстанның халықаралық имиджiн көтеру болатын. Былтырғы жылы шу болған Рахат Әлиевтiң үстiнен қылмыстық iс қозғалып, оған iздеу жариялануы – республика билiгiнiң халықаралық жағдайдағы беделiне нұқсан келтiруi мүмкiн едi. Тажин ЕҚЫҰ сияқты ұйымдар арқылы Қазақстанның демократияға бет түзеген, саяси тұрақтылықты ту еткен, дамудың даңғыл жолына түскен ел екендiгiмiздi дәлелдеуi қажет.

Әзiрше, Марат Тажиннiң мүдiрген жерi жоқ сияқты.

Кәрiм Мәсiмов идеология мәселелерiнен гөрi ақпараттандыру жұмысына көбiрек назар аудара ма деп қалдық. Биыл республикада екiншi рет санақ жүргiзiлмек. Осы орайда, Мәсiмов қарамағындағы министрлер мен ведомство басшыларына Үкiмет жұмысының нәтижелерi дер кезiнде есепке алып, ақпараттандыру жүйесiн жолға қоюға пәрмен бердi. 2008 жылдан бастап көптен берi айтылып жүрген "Электронды үкiмет" жобасы жүзеге аса бастайды. Кәрiм Мәсiмов айрықша мән берiп отырған түйткiлдi мәселелердiң бiрi – осы.

Мәсiмов командасындағы он екi министрi бұрынғы құрамнан қалғандар едi. Деседе, көптi көрген Наталья Коржова ханым жаңа сипатта жұмыс iстеуге бет алған Кабинетте жұмыс iстей алмады ма, әлде әрiптестерiмен тiл табыспады ма – әйтеуiр, Парламенттегi кезектi Үкiмет сағатын өткiзген соң, келесi күнi отставкаға кеттi.

Жаңа құрамада Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа қырынан танылуға бейiм. Республикадағы лауазымы бойынша екiншi адам ретiнде Тоқаев дәл қазiр өз iсiне мығым да сенiмдi көрiнедi. Заң жобаларын алғашқы електен өткiзiп, шала дайындап, шала бүлiнiп жататын Мәжiлiске қарағанда, әрине, Сенаттың жұмысы әлдеқайда тыныштау болса керек.

Бiрақ Тоқаев Сенат басшысы қызметiнде де халықаралық байланыстарынан қол үзген жоқ. Шетелдiк iссапарларға жиi шығып, шетелден келген әрiптестерiн, кейбiр лауазымды тұлғаларды өз кабинетiнде қабылдап, кездесу өткiзiп тұрады.

Мәсiмовтiң бiр сүрiнетiн жерi – экономикалық реформалар болса керек. Президент бұл Кабинетке «отыз корпоративтi көшбасшы» жобасын тыңғылықты жүзеге асыруды тапсырды. 2012 жылы бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына ену мәселесi де күн тәртiбiнен түскен жоқ. Бiрақ Мәсiмов iшкi нарықтағы жағдайды реттеуге кейде дәрменсiздiк танытып қалады. Ал бәсекеге қабiлеттi елдер тiзiмiнде Қазақстан былтыр 61-орынға түстi.

Қазақстан былтыр астықты алдыңғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп жинады, бiрақ Парламент сайлауы өте салысымен, республикада нан, қант, тұз сияқты алғашқы кезекте тұтынатын заттар қымбаттады.

Қымбатшылықты айтқанда, Кәрiм Мәсiмов былтыр Қытайда азық-түлiктiң 20 пайызға өскенiн алға тартады. Ал Еуропада (Испания, Италия, Германия) нан бағасы – 7-10 пайызға өсiптi. Бiрақ қарапайым халықты "бәлен елде нан қымбаттапты" деген алдарқату сөзбен жұбата алмайсың. Конституция бойынша Қазақстандағы "билiк көзi – халық" болса да, ол билiк тiзгiнiн Президентке, атқарушы мен заң шығарушы билiк органдарына аманаттап тапсырып қойған. Сондықтан да, қарапайым халықты Үкiмет қабылдап жатқан бағдарламалардан гөрi дүкендегi нан-сүт бағасы көбiрек толғандырады.

Былтыр республика бойынша 22,6 млн. тонна астық жиналды, жыл соңында жасалған келiсiм бойынша Қазақстанның 1,5 миллион тоннадай бидайы экспортқа жiберiлетiн болған. Кәрiм Мәсiмов: «Бидай өнеркәсiбi Қазақстан экономикасы дамуының локомотивiне айналады», деп мәлiмдедi. Осындай мәлiмдемелерден кейiн елдегi нан бағасының күрт қымбаттауына негiз бар ма?

Халықаралық нарықта мұнайдың бағасы түскен жоқ, ал Үкiмет ел iшiндегi қымбатшылықтың не себептi белең алғанын түсiндiре алмай әлек. Үкiмет мүшелерiнiң бар айтары "бағаны мұнша көтеруге негiз жоқ" дегенге ғана саяды.

Күздегi АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан кейiн Үкiмет басшысының: "Бiзде уақытша қиындық бар" дегенi – жауырды жаба тоқу емес пе деген ойға қалдырады.

Жаңа жыл басталысымен азық-түлiктiң қымбаттауы өрши түспесе, кемiген жоқ. Бiр қызығы, Үкiмет тарапынан халыққа әлi де тұщымды түсiндiрме сөз айтылмады.

Үкiмет биылдан бастап жүктi әйелдерге төленетiн бiр реттiк төлемақы мен бiр жасқа дейiн баланы күтуге байланысты төленетiн жәрдемақының өскенiн алға тартады. Бiрақ бұл шаралар, сондай-ақ бюджет қызметкерлерiнiң айлығының өсуi мен зейнетақының базалық деңгейiнiң тағы да көтерiлуi – Президенттiң халыққа былтырғы Жолдауының нәтижесi екенi есiмiзде. Ендеше, бұл орайда Үкiмет тек Президенттiң тапсырмасын орындап отыр емес пе?

Биылдан бастап әлеуметтiк төлемақы беру үшiн республикадағы өмiр сүрудiң ең төменгi деңгейi 10515 теңгеге көтерiлдi. Былтырғы көрсеткiш – 10125 теңге болатын.

Үкiметтiң экономикалық бастамалары азық-түлiк, электр энергиясының қымбаттауына байланысты халықтың әлеуметтiк ахуалы төмен бөлiгiне әлеуметтiк көмек көрсету сияқты уақытша шаралармен шектелiп отыр.

Астанада үлестiк құрылыс иелерiнiң мүддесiн қорғау мақсатында арнайы бағдарлама қолға алынды. Бұл орайда, Үкiметтiң жауапкершiлiк жүгiн өз мойнына алғаны құптарлық-ақ.

Қымбатшылықтың бiртiндеп дағдарысқа айнала бастағаны осы мәселеге Елбасының араласуынан байқалды: "Бұған дейiн сайлау кезiнде кейбiреулер Ұлттық қордағы ақшаны халыққа таратып берейiк деп ұсыныс айтты, ал бiз ол кезде қиын-қыстау кезең туады, сол кезде ол ақша керек болады дедiк. Ұлттық қордағы ақша сол күйi тұр, әлi көбейiп жатыр. Мiне, құтқару жастығы дайын…" дедi Президент.

Былтыр Ұлттық қордан мемлекеттiк бюджетке 300 млрд. теңге аударылған. Кәрiм Мәсiмов 2008 жылы Ұлттық қордың ақшасы қалай пайдаланылатындығын айтқан жоқ, бiрақ бұл қаржыны әлеуметтiк төлемдерге пайдалану дұрыс емес деп мәлiмдедi.

Халықтың қалтасын қағатын қымбатшылықты инфляциядан да көре алмай дiңкемiз құрып отыр. Былтырғы инфляция деңгейi 9 пайызға жеттi. Бұл көрсеткiш 2006 жылмен салыстырғанда, 3 пайыздай көп. Ал биылғы жылға жасаған болжауында Ұлттық банк инфляцияны 10 пайыздан асырмауға уәде еткен. Салыстыру үшiн: Еуропалық Одаққа мүше елдерде инфляция былтыр 3 пайызға жеттi, соның өзi Еуропаның Орталық банкi бекiткен нормадан жоғары.

Қазiргi таңда жүзеге асырылуы тиiс үкiметтiк 26 бағдарлама бар екен. Олардың iшiндегi ең ауқымдыларының бiрi, жоғарыда аталған – "Отыз корпоративтi көшбасшы" мемлекеттiк бағдарламасы, одан кейiн "2003-2015 жылдарға арнаған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму стратегиясы" және "2004-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы ауылдық территорияларды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы". Бiрақ бұл бағдарламалардың мынандай нәтижесi бар деп ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткiш әлi көрiнбейдi. Ал жыл басында жасаған мәлiмдемесiнде Үкiмет басшысының былтырғы экономикалық өсiм 8,7 пайызды құрады деген сөзi құрғақ санға жүгiну емес пе деген күмән келтiремiз.

Мәсiмовтiң командасы өзiнiң осал тұсы – экономика екенiн сезетiн де сияқты. Сондықтан да осы құрама мүшелерiнiң аузынан "экономиканы диверсификациялау" деген терминдi көбiрек еститiн болдық.

Статистикалық мәлiметтерге құлай сенген Кәрiм Мәсiмов қымбатшылықтың себебiн халықтың төлемақы қабiлетiнiң өскендiгiнен көредi.

Ал республикадағы орташа жалақы былтырғы жылдың соңына таман 53928 теңгеге өстi. Бұл 2006 жылғы осы уақыттағы көрсеткiшпен салыстырғанда 27 пайызға артық. Айлық көрсеткiштiң өсуi мемлекеттiк қызметкерлердiң айлығының көтерiлуiне байланысты.

Әлемдiк экономикалық форумда жасалған баяндамада 2008 жыл әлемдiк экономика үшiн ең қауiптi жыл болмақ. Оның басты себептерi ретiнде АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс, мұнай мен азық-түлiктiң қымбаттауы, ғаламдық тасымал жүйесiндегi үзiлiстер аталды. Мамандар, сондай-ақ доллар курсының төмендеп, дамыған экономикаларда дағдарыс басталуы мүмкiн дейдi.

Күздегi аз-маз дағдарыстан кейiн Үкiмет Қазақстан экономикасының әлемдiк экономикаға интеграцияланғанын алға тартты, ендеше, әлемдiк экономикадағы өзгерiстер бiздегi жағдайға әсер етуi мүмкiн. Сондықтан, Кәрiм Мәсiмовтiң Кабинетi ең әуелi экономикалық реформаларды түбегейлi жүзеге асыруды қолға алуы керек. Бұл – Мәсiмов үшiн мойынға iлiнген қамыт. Осы үмiттiң үдесiнен шықпаса, ЕҚЫҰ-дағы төрағалық та, мүлiктi заңдастыру да Кәрiм Мәсiмовтiң Кабинетiн халықтың көңлiнде жақсатты қыла алмайды.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары