ҚАШАҒАН: «ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» ҮЛЕСI АРТТЫ

ҚАШАҒАН: «ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» ҮЛЕСI АРТТЫ

ҚАШАҒАН: «ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» ҮЛЕСI АРТТЫ
ашық дереккөзі
194

Былтырғы жылдың ең даулы мәселесiне айналған Қашаған кен орнын игеру iсiне нүкте қойылды. Тараптар бұл мәселенi бiржақты етудiң мерзiмiн үнемi кейiнге қалдырумен келген едi. 2007 жылдың соңында бiр мәмiлеге келуге келiскендерiмен, Exxon компаниясының бұл келiссөздерге риза еместiгi салдарынан аталмыш келiсiмдер 2008 жылдың 15 қаңтарына шегерiлген.

Сонымен қазiргi қолдағы бар мәлiметтерге қарағанда, Қазақстан үкiметi өз дегендерiнiң барлығына қол жеткiзген сияқты. Қашағанды игерушi Agip KCO консорциумiне қатысушыларға 5 миллиард доллар көлемiнде айыппұл салынды. Бұл жобаны iске асыруды кейiнге қалдырып, жоба құнын 57 миллиард доллардан 136 миллиардқа көтерiп жiбергендерi үшiн салынған айыппұл. Жоба 2008 жылдан бастап iске аса бастайды деп есептелiнген. Алайда, олар 2010 жылға шегерген едi. Ал, соңғы мәлiметтер бойынша, Қашағаннан түсетiн мұнай ендi 2011 жылдың соңында ғана жүзеге аспақ. Бұған дейiн айыппұлдың көлемi 10 миллиардтан 7 миллиардқа дейiн түсiрiлген едi. Шетелдiк компаниялар оған келiсе қойған жоқ. 5 миллиард доллар айыппұл ұзақ келiссөздердiң нәтижесi. Бұның өзiн ресейлiк ақпарат құралдары шетелдiк компанияларға бiрiншi рет салынған қомақты айыппұл деп есептеп отыр. Энергетика және минеральды ресурстар министрi Сауат Мыңбаев: "Бұл жобаны iске асыруды кешiктiргенi үшiн төленетiн роялти бонус. Егер тараптар өтемақыны келiсiмшарт бойынша жоба жұмыс iстейтiн 2041 жылға дейiн төлеу жайында шешiм қабылдаса, нарықтағы баға өзгерiсiн есепке аламыз, онда бұл сома 20 миллиард долларға жететiн болады" дегендi айтты.

Сонымен, Қазақстан Қазмұнайгаздың Қашағандағы үлес салмағын 8,33 пайыздан 16,8 пайызға дейiн көтердi. Сөйтiп, Қашағанға қатысушы компаниялар ENI, Total, Shell және ExxonMobil-дiң үлес салмағы – «ҚазМұнайГазбен» бiрдей 16,8%-ды құрайды. Қазақстан компаниясы шетелдiк компаниялардан акцияны сатып алғаны үшiн 1,78 миллиард доллар төлейтiн болады.

Тараптардың өткен жылдың тамыз айынан берi келiспей келе жатқаны – операторлық тiзгiнде болатын. Итальяндық ENI компаниясы отператорлықтан айрылғысы келмей барын салса, американдық ExxonMobil операторлықты өз қолына алуға тырысып баққан. Алып-қашты әңгiмелердiң денi итальяндық ENI операторлықтан түседi дегенге сайып келдi. Ақыры солай болатын болды. Сауат Мыңбаевтың осы дүйсенбiдегi мәлiметi бойынша, "Қашағанды игеру жобасында жаңа оператор пайда болады. Операторлық тiзгiндi жаңа операциялық компания қолға алады. Ол жобаның барлық қатысушы өкiлдерiнен құралады. Итальяндық ENI операторлық мiндетiн Қашағанды игерудiң алғашқы кезеңiнде, тәжiрибелiк бұрғылау кезеңiнде атқаратын болады. Әрi қарай операторлықты мүмкiндiгi зор компания қолға алады" делiнген.

Әзiрге Қашағанды игерушi шетелдiк компаниялардың бұл шешiмге байланысты қандайда бiр реакция танытқаны байқалмайды. Ал, соңғы 30 жылда ең iрi мұнай қоры бар Қашаған кен орнын игеру iсiнде өз дегенiне жеткен Қазақстан тарапы ғана масайрауда. Сөйтiп, отандық компания елiмiздiң байлығын игеруге барын салып, кiрiсетiн болады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары